Темірландағы тас түпнұсқа емес!

Темірландағы тас түпнұсқа емес!

«Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 14 тамыздағы санында «Қажымұқан көтерген тас» атты мақала жарық көрді. Авторы – Ғалымжан Елшібай. Мақалада кезінде Баянауылда Қажымұқан палуан көтеріп, Субек ұстаға сыйға тартқан алып тастың Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы – Темірландағы Қ.Мұңайтпасов атындағы музейге тапсырылғаны баяндалған.


Автордың мақаланы жазу барысында тас тарихын үңіліп зерттемегенін, тек оқиғаны тасты әкеліп орнатқан Қуанышбек Әбдіғаппарұлының баяндауынан жазғанын аңғардық. Біріншіден, ол Ертіс-Баян өңіріне аты мәлім Субек ұстаның есімін Сүбек деп атап, жаңсақтық жіберіпті. Екіншіден, Темірланға жеткізілген тас Қажымұқан көтерген тастың тіпті де түпнұсқасы емес.

 

Мақаладан үзінді келтірсек: «Көп ұзамай павлодарлық шежіреші Рамазан Нұрғалиевпен әңгімелесіп, тастың көшірмесін жасатамыз деп шештік. Алайда тастың көшірмесін жасаушы ұста тастың икемге келмей, қайта-қайта сына беретінін айтты. Сондықтан тастың түпнұсқасы тұрған Қабдірашид Мәжитов деген ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, мән-жайды түсіндірдік. Ақсақал тасты Темірланға әкетуімізге рұқсатын берді. Қабдірашид қарияның айтуынша, бұл алып тас оған бала кезінен таныс. Сүбек ұстаның екі қызы тұрмысқа шығып, жәдігер қараусыз қалғаннан кейін Қабдірашид қария оны ауласына әкеліп қойыпты, – дейді Қуанышбек Әбдіғаппарұлы».


Осы тұстағы «жәдігер қараусыз қалғаннан кейін» деген сөз оқыған адамға ә дегеннен нанымсыз. Орайы келгенде, Субек ұстаның екі перзенті туралы қысқаша анықтама бере кеткеніміз жөн болады.


Ұстаның бір қызы Қазына Субекова Майра Уәлиқызының ізін басқан сырнайшы еді, 1977 жылы дүниеден озды. 1957 жылғы Мәскеу фестивалінің лауреаты. Ол кісі туралы Павлодардағы Майра музейінде аз-кем мәлімет бар.


Ал екінші қызы – Бақыт Субекова елге сыйлы ұстаз, тіл жанашыры, қоғам қайраткері болды. Кезінде Павлодар облысының әдеби-мәдени өміріне белсенді атсалысты. Ұлт тағдыры дегенде шырылдап жүретін жан өз әкесі мен Қажымұқанның арасын жалғаған жәдігерді ұмыт қалдырды деу қисынға келмейді.


... Әнші Майра Уәлиқызы Баянауылға бір келгенінде жәрмеңкеден әкеле жатқан сыйым еді деп, Субектің жары Айшаға алтындатқан нәрлен кесені ұстатып кетеді. Айша сол кесені 51 жыл сақтап, дүниеден өтерінде қызы Бақытқа тапсырыпты. Сол кесенің Бақыт апайдан қазіргі уақытта Алматыда тұратын қызы Гүлстанға қалғанын білдік. Майра әнші берген кесені пәлен жыл сақтаған Бақыт Субекқызы туған үйінің ауласындағы тарихи тасты аяқасты етті дегенге кім сенер?!

 

2015 жылғы 29 қазанда «Ана тілі» басылымында жарияланған «Ұстаз ұлағаты мақаласында (авторы – Салтанат Қажыкен) Гүлстан Қайыржанқызы Қажымұқан көтерген тас туралы әңгіме қозғаған көрінеді:


«Сол гранит тас 2003 жылы ескі ұстахана маңынан Баянауыл ауданы орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы мұражай үйінің алдына Бақыт Субекқызының өтінішімен апарылып қойылды».

 

 

Қажымұқан бабамыз – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан да әр өңірде оның есімін ұлықтап, палуандығын дәріптеушілерінің болуы заңды. Мәселен, қаламгер Жұмағали Қоғабаев талай жылдан бері Қажымұқан палуан есімімен Екібастұздың бір көшесін атау мәселесін көтеріп келеді. Ал баба даңқын дәріптеушілердің бірі – павлодарлық қоғам қайраткері Оралбек Қожанов марқұм 2006 жылы «Қажымұқан» атты кітап та шығарған.


Оралбек Қожановтың кітабынан көңілге түйген бір жайт, авторды Қажымұқан көтерген тастың салмағы қатты қызықтырған екен. Ол Баянауылдың сол кездегі әкімі Қорабай Шәкіровке барып, салмағын өлшеуге көмектесуін сұрапты. Қорабай Шәкірұлы: «Кран керек, ол ауданда жоқ», – деп жауап беріп, тасты өлшеуге құлықты болмапты. Осы оқиға жайлы Қорабай Шәкірұлымен тілдескенімізде, ол: «Иә, Оралбек Қожанов маған өкпелеңкіреді. Ал мен үшін тастың салмағы емес, тарихи құндылығы маңызды еді», - деді.


2004 жылы Оралбек Қожанов Баянауылдағы Қаныш Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражайдың директоры Серік Мусин, Павлодар облыстық мәдениет департаментінің бас маманы Гауһар Сыздықованы ертіп барып, тастың өлшемдерін алады. Осы өлшемдер негізінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Ғафур Мұқанов «Қажымұқан көтерген тас сынаға ұқсайды» деп, есеп бойынша тастың салмағы 1020 келі болды» деген қорытындыға келеді. Қажымұқан көтерген тастың салмақ өлшемін шығарып беруді Оралбек аға Павлодар университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлына да тапсырған екен, ол кісіден де жауап келіп, шамамен 1015 келі дегенді айтады. Осылайша, тастың салмағы тоннаның маңайы деген тұжырым жасалады.

 


Оралбек Қожанов өз кітабында «Кейін тас өз орнынан Қ.Сәтбаев атындағы мұражай жанына көшірілгенде, орнына басқа тас қойылды деген сөз шықты. Бірақ менде тастың суреті бар еді. Соны кітабымда жариялап отырмын, ауысты деген бекер сөз» дейді. Демек, біз сөз етіп отырған тасты түпнұсқа емес деп сан-саққа бұрмалаушылар әу бастан болған. Және тарихтың бұрмалануына тастың өз орнынан орталыққа көшірілуі себеп болған. Ал автордың «өз орны» деп отырғаны – тас әуелде Субек ұстаның үйінің жанында тұрғанда-ақ қоршалып, белгі соғылған екен. Бұл туралы Баянауыл ауданының сол жылдардағы әкімі Қорабай Шәкіров былай дейді:


– Субек ұста тұрған үйдің қазір орны ғана қалған. Қуанышбек Қасымбек атап отырған Қабдірашид Мәжитовтің үйі Субек ұста тұрған үйдің жанында болатын. Қажымұқан көтерген тасты маған көрсеткен – жазушы Қалмұқан Исабаев. Сол кісінің айтуымен айналасын қоршап, ескерткіш кейпіне келтірген едім. Жәдігер музей жанына мен қызметтен кеткен уақытта ауыстырылды.

 

 


Жалпы, Баянауылда бұл тас тарихына құмар жандар, ескі оқиғалардан хабардар азаматтар аз емес. Солардың бірі – Сағадат Сұңқарбеков мынадай бір қызық жайтты айтты:


– Тастың музей алаңына орын ауыстырғанын Диқан баба Әбілев қош көрмеген. Бір келгенінде Бақыт апамызға: «Әр жəдігер өзінің тарихи орнында болуы керек», - деп ескерткен. Өкінішке қарай, ол сөз аяқсыз қалды.


Баянауылда әкім болған азаматтардың бірі, Павлодардағы «Достық үйінің» директоры Нұрлан Күлжан да өзінің Қажымұқан тасы туралы әңгімені Қалмұқан Исабаевтың аузынан естігенін тілге тиек етті.


– Әкемнен бала күнімде тас туралы әңгімеге қанығып өстім, кейін мен Баянауыл аудандық әкімдігінде аппарат басшысы қызметінде болғанымда жазушы Қалмұқан Исабаев мені арнайы ертіп апарып, Қажымұқан көтерген тасты көрсетті. Ол – Баянауылда тұрған қазіргі тас. Негізі, өркениетті елдерде әр жәдігер өзінің тарихи орнында сақталады емес пе! - дейді Нұрлан Мұқатайұлы.


Бір қызығы, Нұрлан Мұқатайұлының әкесі – Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұқатай Күлжанов Қажымұқанды бірнеше рет көрген адам екен. Қажымұқан палуан, Майра әнші қатысқан Боқырау жәрмеңкесінде Мұқатай ақсақал бәйгеде атқа шауыпты. Бұл туралы Мұқатай марқұмның «Ғұмыр – белең» кітабында жазылған.


Тас тарихын ары қарай қазбаласақ, ол туралы кезінде жазушы Зейтін Ақышев та «Қажымұқан көтерген тас» деген деректі әңгіме жазған. Ал Зейтін Ақышев – Субек ұстаның көзін көрген адам.


«Бізге мұны айтқан Баянның байырғы тұрғыны Субек ұста еді. Субектің бар күн көрісі көрігі мен балғасы болатын. Тамағы аш, иіні жалаңаш болмаса болды, онан басқаны ойламайтын, дүниеге қызықпайтын адам еді. Өзі кәріқұлақ әңгімешіл, жайдары, ақ жүрек адам-ды.


1935-1936 жылдары мен Баянның жеті жылдық мектебінің директоры едім. Сүкеңнің Хайрулла дейтін жалғыз баласы біздің мектепте оқыды (Хайрулла Ұлы Отан соғысында қаза болды). Бір күні Сүкең баласының ұстаздары деген шығар, екі-үш мұғалімді қонаққа шақырды. Дастарқаны мол, пейілі кең Сүкең тамаққа да, әңгімеге де жарытты. Шай мен ет арасында есік алдына шықтық. Далада, үйінің бұрышынан құрық бойындай жерде бір тас тұр екен. Баянның кәдімгі қызғылт сұр граниті төрт қырлы, ағаш жәшік сияқты. Биіктігі кісі бойына таяу, жуандығына кейбіреуіміздің құшағымыз жетті, кейбіреуіміздікі жетпеді», - деп, жазушы осы тұста Қажымұқанның тасты Субек ұстаға сыйлау тарихын баяндайды (оған тоқталып жатпадық).


«Кейінірек дәм жазып Баянға бара қалдық.


– Жүр, Қажымұқанның көтерген тасын көрсетейін, - дедім мен бір күні қасымдағы Ісләм Жарылғаповқа. Тас әлі бар екен. Бірақ неге екені, кім екені белгісіз, бұрынғы орнынан қозғап, арқан бойы жерге сүйреп апарып жығып қойыпты. Зады, әңгіме соққандар отырғыш жасаған болу керек.


Таразыға салып өлшегеміз жоқ, салмағы шамамен, тоннадай барсың-ау дедік.


– Мұндай да күш болады екен! – деп тастың жанында таңданып көп тұрдық» деп аяқталады шығарма.


Жазушы Қалмұқан Исабаев өзінің 1989 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Бақытты сәттер» кітабында (26-27-беттер) сөз болып отырған тас тарихын ғана емес, өзіне палуан берген шентемірді де сөз етіпті:


«...Содан кейін шалқасынан жатып, кеудесіне қалың тас қойғызады. Енді мұны біреу батпан балғамен ұрып сындыруы керек. Кім шығады? Аз-кемнен кейін ортаға жауырыны қақпақтай, қапсағай тұлғалы, үлкен басты адам шығады. Дуанға әйгілі Субек ұста! Алақандарына түкіріп, батпан балғаны баяу көтеріп, күре тамырлары білеулене кеп ұрып қалғанда қалың шақпақ тас қақ айырылады. Жұрттың қошеметінде шек жоқ. Қажымұқанға да керегі осындай соққы еді. Балуан атып тұрады да, Субектің қолын алып, өзі «8» санына ұқсатып ораған шентемірін сыйға тартады да, өнерін тәмамдап болғаннан кейін мініп келген түйесінің бауырына кіріп кетіп, тік көтеріп алып, әлгі тасты қайта тасаланып кетеді...


Елуінші жылдардың орта кезінде Сукең зайыбы Айша шешемізден Қажымұқан сыйын сұрадым. Сукең Ұлы Отан соғысы қарсаңында дүние салған. Айша шешей ол сыйды соғыс жылдары темір-терсекке тапсырып жібергенін айтты. «Егер баға жетпес сый ұлы жеңісіміздің бір кәдесіне жараған болса, орнын тапқан екен» деген оймен кеттім мен сол жолы Сукең үйінен...


Сукең ұсталығының жанында үлкен тас жататын. Кімнен естігенімді білмеймін, әйтеуір ол тасты ана төбеден мына жерге Қажымұқан әкеп тастаған дейтін. Тылсым тыныс кезінде мен Сукеңнен осыны сұрадым.

– Баянауылға сол келген сапарында Қажымұқан біздің үйде жатты, - деді Сукең. – Тегі, менің қонақжайлығыма риза болса керек, кетерінде: «Ал, Субек, менен не қалайсың?» – деді. Мен «Қалауымды алдым ғой», - деп, мына шентемірді нұсқадым. «Дүниені көп кезген адаммын. Өзіңде жоқтың менен табылып қалуы ықтимал. Оның үстіне қазағым: «Ат аунаған жерде түк қалады», дейді. Ата!» - деп болмады. Сонда мен: «Анау тасты осы жерге әкеп тастаңызшы. Батырдың сыйы деп жүрейін», - дедім. Орындады.


Біздің ойымызша, тас тарихын бұрмалаушылардың Субек ұстаның әңгімесін өз аузынан естіген Қалмұқан Исабаев, Зейтін Ақышев сияқты жазушылардың, Қалмұқан Исабаевтың ертіп апаруымен тастың түпнұсқасын өз көзімен көрген Қорабай Шәкіров пен Нұрлан Күлжанның, Қажымұқанды көрген Мұқатай ақсақалдың естелігінен кейін айтар уәжі болмауы керек.


Қазіргі уақытта Баянауылдың орталығында тұрған Қажымұқан тасының сипаты да Зейтін Ақышев айтқан тасқа дәлме-дәл, тура келіп тұр. Байқасақ, бұл тастың басты ерекшелігі – төрт қырлылығы. Және сынаға ұқсайтындығы.


Ал Қуанышбек Әбдіғаппарұлының Темірланға апарып орнатқан тасында Зейтін Ақышев айтқандай төрт қыр жоқ, Баянауылда бертінгі жылдары белгітас ретінде қойылып жүрген көп жалпақ тастың бірі. Және «қызғылт гранит» деген сипатқа да онша келіңкіремейді. Зейтін Ақышев естелігіндегі «әңгіме соққандар отырғыш жасаған болуы керек» деген тұсқа мән берсек: Темірландағы тас адам отыруға сонша жарамды емес. «Жығып қойыпты» деген тіркеске де Баянауылда тұрған тік қойса да құламайтын тастың тұрпаты лайықты.


«Егемен Қазақстанда» және өзге де біраз басылымда «Баянауылдағы тас Темірланға әкелінді» деген хабар жарқ еткеннен кейінгі уақытта біз шежіре-тарихқа жетік біраз азаматпен тілдестік. Солардың бірі – Ертіс-Баян өңірінің тарихын түгендеп жүрген ғалым, Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы Темірланға апарылған тастың түпнұсқа болуы мүмкін еместігін кесіп айтты.


Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыздың шөбересі, тасты Темірланға апарғанда Қуанышбек Әбдіғаппарұлына еріп барған және Темірландағы таста есімі жазылған Абай Төлеубайұлы (ол кісі сол кезде Қуанышбек Қасымбектің қоластында қызмет етті) кейінгі тастың көшірме екендігін растады және түпнұсқаның анық-қанығын қазіргі күні ешкім білуі мүмкін емес деген дүдамал пікірде екенін жасырмады. Темірландағы таста есімі тұрған екінші адам – баянауылдық шежіреші, шешен Рамазан Дінісұлы «Негізі, Субек ұстаға тарту етілген тастың нақты қай тас екенін көрген адам жоқ, ешкім білмейді», - деп құтылды. Рамазан Дінісұлының бұл орайда Қалмұқан Исабаев пен Зейтін Ақышевтың естелігін есепке алмағаны несі?! Қуанышбек Әбдғаппарұлының және аталған азаматтардың есімдері тасқа «Жәдігерді тарту етушілер» деп таңбаланыпты. Былай қарағанда, сонау заманда Қажымұқан тарту еткен тасты көңілі қалаған бір адамдардың әй-шәй жоқ орнынан қозғап тарту етуі де біртүрлі. Және тарихи жәдігерлерге қатысты шаралар әдетте ресми тұлғалардың қатысуымен іске аспаушы ма еді?!


Бізді оңтүстікқазақстандық басылымдардың кейбірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Қуанышбек Қасымбектің «мәшһүртанушы» атанып жүргені де таңғалдырды. Осы күнге дейін Қуанышбек Қасымбек жазған Мәшекең жайлы бір мақала назарымызға іліксе кәні?! Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын үзіп-жұлып оқығанның бәрін мәшһүртанушы атандырғанымыз қалай?


Біз оқиға кезінде Екібастұз қаласы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы болған Қуанышбек Қасымбек көшірме тасты «түпнұсқа» деп Қажымұқан музейінің қызметкерлеріне қате ақпарат беріп, өзінің түсініксіз іс-әрекетімен бүкіл Баянауыл жұртын ыңғайсыз жағдайда қалдырды, дүйім қазақ жұртын шатастырды деп есептейміз. Қызмет бабымен жолы түскен екінің бірі лауазымын пайдаланып, көңіліне ұнаған дүниесін ала қашатындай, Баянауыл иесіз ел емес!


Жанаргүл Қадырова,

«Отарқа» газетінің редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Алтынбек Құрманов, 

шежіреші, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері,

Асыл Әбіш, 

«Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының редакторы,

Бағдат Дүйсенов, 

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері,

Айбат Ыдырысов,
Баянауыл №2 жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі,

Еламан Қабдыләшім, 

ақын, «Баянтау» газетінің редакторы,

Құралай Мұқышева, 

Торайғыров университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының PhD докторы,

Мұсабек Сейсенбекұлы, 

ақын, журналист,

Ернар Кейкин,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың аға оқытушысы,

Тілек Сейітов, 

айтыскер ақын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста