Алаш үні

Тұрар жазған бір тарих

  • Тұрар жазған бір тарих

    Тұрар жазған бір тарих

Ырысқұлұлы Тұрардың «Қазақстан» кітбындағы
«Алаш-Орда» туралы жазбасы

Ырысқұлұлы Тұрардың өлке тарихы туралы жазған «Қазақстан» атты еңбегі бар. 1927 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадағы «Қазақстан мемлекет баспасы» жағынан 3000 тиражбен басылып таралған еңбекте Қазақстан өткені мен бүгіні, жалпы шаруашылық жағдайы сипатталады. Қазақстанның халық саны мен өткен тарихынан бастап, патша үкіметінің отар саясатын өткір сынға алады. Қазан төңкерісінің алды-артындағы саяси жағдайлар мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі баяндалады.

Төменде оқырман назарына аталған еңбектің «Октябрь төңкерісі, автономиялы Қазақ Республикасының жасалуы» деген 5-ші бөліміндегі «Қазақ зиялыларының қалыптасуы» туралы жазбасын ұсынамыз.

 «Қазақстан»

  

Мазмұны:

1) Қазақстан жері мен елі;

2) Қазақстанның өткен тарихы;

3) Қазақ халқының төңкерістен бұрынғы әлеумет-шаруашылық, тұрмыс құрылыстары;

4) Патша үкіметінің отар саясаты және ол саясаттың әсері;

5) Октябрь төңкерісі, автономиялы Қазақ Республикасының жасалуы;

6) Қазақстанның қазіргі шаруашылық жәйі;

7) Қазақстанда Кеңес жұмыстары мен мәдениет жұмыстары;

8) Қазақстанда жалпы одақтық комунес партиясының құрылуы.

 

V – БӨЛІМ.
Октябрь төңкерісі, автономиялы Қазақ
Республикасының жасалуы

Оқығандардың шығуы және олардың мәнісі

Қазақ зиялылары (оқығандары) айрықша жағдайда пайда болып өркендеді. Олар Қазақстанды патша үкіметі билеп тұрған мезгілде туды, сондықтан оларды әлгі заманның жемісі деуге болады (бірақ қазақ зиялылары деген аты болмаса, ол кезде оның саны да аз, әрі бытыраңқы еді).

1900-шы жылдар шамасында, қазақтың бұрынғы ру ақсақалы билеген дәуіріне өзгеріс етіп, отар саясаты күшейіп, қазақ даласына өсімқор сауда капиталы кіре бастаған кезде, өз керегі өзінен табылатұн шаруашылық түрі қалып, оның орнына тауар-ақша шаруашылығы жүре бастаған кезде, қазақтың өз ішінен, бұрынғы байларынан, жаңадан пайда болған саудагерлерден кісі еңбегін жеушілер, арам тамақтар шыға бастайды. Қазақтың әкімдері мен дін басылары осылардан шығатұн болады. Жаңа ұлт бола бастаған елге, оның ішіндегі қанаушы бетке шығарларына ұлт зиялылары керек бола бастайды. Соны мен қазақта ұлт зиялылары шығады. Зиялылардың өзі екі түрлі тәрбие алғандардан құралады: бірі – орыс  мектептерінде оқып, орыс тәрбиесін алғандар, екіншісі – мұсылман медреселерінде оқып, мұсылманша тәрбие алғандар.

1905-ші жылдың төңкерісіне шейін әлгі рет бен қазақта екі түрлі бағыт ұстаған зиялылар болды. Уалихан ұлы Шоқан, Алтынсары ұлы Ыбырай, Уалихан ұлы Ғази сияқты оқығандар, қара бұқарадан үздік шығып орыс зиялылары мен араласты. Бұлар орыс үкіметінің көмегі мен қазақ халқын Ауропа мәдениетіне жеткізуге тырысты. Басқалар татар, башқырт тағы бөтен мұсылман медреселерінде тәрбиеленіп, қазаққа күн шығыс мұсылмандарының мәдениетін жәйіп, соны мен қазақты ел қатарына кіргізбекші болды. Мұның әуелгілері қазақ тұрмысын, оның кемшіліктерін (әсіресе Сібір мен Дала облыстарының жәйін) орыс баспа сөзі бетінде жазып шығаруға тырысады. Бірақ баспа сөз жолының тарлығы себепті, олар ұстаған бағытын өркендете алмады. Екінші жағынан, жалпы ісламшылдық жалпы түрікшілдік руқы мен, шала қазақ тілінде, түрік-ноғай тілінде жазылған кітепшелер, әңгіме қисалар қазақ арасында тарай бастайды. Онан бері келе қазақ оқығандары арасында жік, олардың екі түрлі бағыты анық көріне бастайды.

1905-ші жылдың төңкерісі жалпы күн шығыс халықтарының, қалды қазақтың ойын тербетуге себепші болады. Мәселен 1905-ші жылдың жазында (манифест) сүйеніп, қазақ даласында метнгілер жасалып, дін мен жер тақырыбы патшаға тілек арыз жазылады. Міне осы ретте де қазақ зиялылары екі түрлі бет алысы сезіледі. Ол кезде қазақтың елінде болсын, зиялыларында болсын, саясат партия жоқ еді. Тек әлеумет қызметкерлерінің түрлі жігі Ресейдің сол кездегі түрлі саясат партияларына құр тілеулес қана еді. Мәселен ең ұлтшыл зиялылар, бастығы Бөкей-хан ұлы Әлихан болып, Ресейдегі ең мықты партия болған, Кадет партиясына қосылды. Сол кадет партиясы арқылы әлгілер өз мақсатына жетпек болды. Ұлтшыл зиялылардың сол қанаты Ресейдің сатсиалшыл партияларына қосылғысы келді. Бірақ анық қосылып, ол бағытта қызмет еткені болмады.

Ол кездегі қазақ зиялыларының бағыты «Мәдениетшілдік» еді. Саясат мақсат, саясаттық жол оларда көмескі еді. Қазақ зиялыларының бір қатары Ресейдің либералшыл партияларын жақтап, бір қатары жалпы ісламшыл партияларын жақтап, қай-қайсының болса да түпкі мақсаты патша үкіметіне қарсы тартысу, қазақтың сезімін туғызу, ұлт мәдениетін күшейту еді; сүйтіп ақырында қазақ елінің ойына жетекші болып, оның тізгінін өз қолына алу еді.

Қазақ ұлт баспа сөзі (газет. Журналы) 1907-ші жылы дүниеге келді. Мәселен сол жылы «Серке», «Қазақстан» газеттері шығып, бірақ өмірі қысқа болып, тезінен жабылды. Онан кейін Троицкде «Ай-қап» журналы (айына екі шығатұн) шығып, 1915-ші жылға шейін өмір сүрді. «Ай-қап» қазақ зиалыларының жалпы ісіламшыларының журналы еді. Сондықтан ол ісламшылық бен қазақтың ұлтшылдыығын бірге алып жүрмекші болды. Жерді орыстың ауғандарынан аман алып қалу үшін, қазақ халқын мәдениетке жеткізу үшін, қазақ отырықшы болу керек деген пікір «Ай-қап» журналында ылғи жазылып келді.

Қазақтың таза ұлтшыл зиалылыры, бастығы Бөкей-хан ұлы Әлихан мен Байтұрсын ұлы Ахмет болып, әлгі бағыттағы, ісламшылдық пікірге де қарсы болды, бұлар қазақ тілінің, қазақ көшпелі тұрмысының таза сақталуын көкседі, бұларда халықшылдық пікірі болды (қазақ зиялыларының кемшіліктерін, олардың қара бұқарадан қол үзіп кеткендігін көрсетіп отырды). Осы пікірдегі зиялылар, 1913-ші жылдан бастап 1918-ші жылдың басына шейін шығып тұрған, «Қазақ» газетінің төңірегіне жиналды. Қазақ зиялалырының осы жігі қазақ көзінде беделді болып, «Ай-қапты» жеңді де, қазақтың әдебиет тілін туғызды; қазақ әдебиеті мен қазақ тілін бұралқы тілдерден тазартады. Қазақтың бетке шығарын орыстың либерел байлары мен одақ қылуға әзірлене отырып, бұлар патша үкіметінің қазақты орыс қылу саясатына, қазақтың жерін тартып алу саясатына, басқа түрлі кемшіліктеріне қарсы болды. Қазақтиың ішкі мәселелері жөнінде көбіне дәулеттілерінің пайдасын көздейді.

1913-ші жылдан 1916-шы жылға шейін қазақтың ұлтшыл оқығандарының қозғалысы едәуір күшейді, олардың қала сайын үйірмелері, ұйымадары болады. Феврал төңкерісінен кейін қазақтың осы ұлтшыл оқығандары «Алаш» атты саясат партиясын жасайды да, «Қазақ» осы «Алаш» партиясының орталық газеті болады. Осы кезде «Қазақстан» басқа да қазақ тілде газет, журналдар шыға бастайды. Мәселен Семейде «Сары арқа» газеті мен «Абай» журналы, Ташкенде «Бірлік туы» газеті (бұл «Алаш Орда»ның Түркістан бөлімінің газеті еді» мұны бастап шығарған Шоқай ұлы Мұстафа), Аштараханда «Ұран» газеті, Қызылжарда «Жас Азамат» газеті. Бұл газет, журналдырдың бәрі де «Қазақ» газетінің бағытын ұстап, соның жергілікті бөлімдері есебінде болды.

Қазақ жастары мен кейінгі дәрежелі оқығандар арасында кадетші зиалыларға (Әлихан, Ахметтердің жігіне) наразылық біліне бастайды. Бұлар өз алдына үйрімелер ашып, қатта бөлек газет шығармақшы болады, бірақ осы солшыл оқығандардың өзі де ұлтшылдық пікірінен тазармаған еді. 1917-ші жылы Ташкенде шыққан «Алаш» газеті, онан кейін (Түгес ұлы Көл-бай шығарған) «Үш жүз» газеттері «Қазақ» газетіне қарсы боп жазады. Бірақ соңғы екі газет құр солшыл ұран ұстаған мен, мақсат жағынан белгілі бағыты жоқ, құр бәсекені қолға алған еді. Басындағылар да «ауырдың асты, жеңілдің үсіт мен жүріп», оңай атақ бен оңай олжаға құмартқан, қолайсыз кісілер еді. Сүйтсе де «Қазақ» газетінің жолына жұрттың қалай қарай бастағанын көрсетуге бұл жараса керек.

«Алаш-Орда»ның Кеңес үкіметіне қарсы шығуы

1917-ші жылы феврал төңкерісінен кейін қазақтың ұлтшыл зиалылары Керенскийдің уақытша үкіметін сүйемелдеді, халыққа құрылтайдың пайдалы екенін түсіндірді, қайта-қайта жалпы қазақ сиезін шақырып, байшыл-бұқарашыл ресей мемлекетінде қазақтың автономиясының қай түрлі болуын, барлық қазақ облыстарын біріктіруді кеңесті. Қазақ жұртшылығында ол кезде ерекше белсенділік еткен қазақтың бетке шығары (байы, саудагері, әкімедері) болды. Ұлтшыл оқығандар да осылардың ыңғайы мен болып, солардың сойылын соқты. Қазақ оқығандары жалпы қазақ халқының пайдасын көздеген болып, расында әлгі бетке шығар дәулеттілердің пайдасын көздеді, қара бұқараның мұңына, мұқтажына зер салады. 1916-шы жылғы қазақтың патша үкіметіне қарсы көтерілісінде зиялылар халықтан бөлек болды. Зиялылардың бір қатары патша үкіметінің әкімшілігінде болып, қан төгіп көтерілісті басуға араласты, пікірлі ұлтшылдар, болып жатқан оқиғаға құр сырттан қарап отырды. Газет жүзінде – уақытсыз көтеріліс жасадың, әл келмейтін жұмысқа әуіреленіп әлек боласың, тұрмысыңды нашарлатасың, онанда үкіметтің бұйрығына мойынсұн – деп үгіттеді. Халықты қойдай қырып, көтерілісті басып жатқанда, патша үкіметінің шексіз қаталдығына еш бір наразылық білдірмеді.

Кадет бен меншебектерге қосылып, ұлтшылдар газет бетінде үкіметті кеңестердің қолына беруге қарсы болды, уақытша үкіметті мақтады, жеңбей тұрып соғысты тоқтатбау керек дегенді айтты, феврал төңкерісінен кейін Орынборда Торғай облысын билеуші камитет (Гражданский комитет) құрылып, мұның бастығы Бөкей-хан ұлы Әлихан болды. Міне осы камитетте де, оның шықарған облыстық сиездерінде де, жалпы қазақ сиезінде де (жалпы қазақ сиезі Орынборда 1917-ші жылы шілденің 21-26 – да болды) осы ұлтшылдар үстем болып, өз жолын, мәселен уақытша үкіметке көмек беру, құрылтай шақыру сияқтыларын өткізіп алды. 1917-ші жылғы декабрде, Орынбор қаласында, қазақ орыс атаманы Дутовтың беті мен шақырылған, жалпы қазақ сиезінде (анығын айтқанда қазақтың бетке шығарларының сиезінде) «Алаш Орда» партиясы түзеліп, «Алаш Орда үкіметі» жасалды да, Кеңес үкіметі мен күресу жолы ашық айтылды. Алаш Орда бастықтары әуелде Эес-ерлер камитетіне қосылғаны рас, бірақ соңынан жеме-жемге келгенде ақтмармен тізе қосып кетті.

«Қазақ» газеті мен «Алаш Орданың» істеген ісін, Түркістан қазағы арасында, «Бірлік туы» газеті, қазақтың Алаш Ордашыл ұлтшылдары істеп отырды. Мұның бастығы, осы күнде шетте орыс  ақтары мен бірге қашып жүрген, Шоқай ұлы Мұстафа болды. «Бірлік туы» газеті 1918-ші жылдың ортасына шейін Ташкенде шығып тұрды, мұның төңірегінде жиналған ұлтшылдар 1919-шы жылға шейін Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізу мен келді. Мәселен Кеңес үкіметінің жаңа орнаған кезінде Түркістан қаласында Түркістан қазағының жалпы сиезі болып, оған Алаш Орданың өкілдері (Дулат ұлы Міржақып) келді. Осы сиез – Алаш Орданы жасап, Кеңес үкіметіне қарсы болуға, Шоқай ұлы Мұстафа басшылық қып жүрген «Қоқанның байшыл автономиясы үкіметі» мен одақ болуға қаулы қылды. Қоқан үкіметі бір кезде жанарал Калединнің «Оңтүстік – шығыс одағына» да қосылмақшы болған еді. Соңынан Калчак шыққан кезде, Алаш Орда соған қосылады, Кеңес үкіметіне қарсы жұмысын бұрынғыдан да көрі күшейтеді. Қызылдарға қосылған қазақдарды абақтыға салады, қазақтан әскер жинап, орыс ақтарының қолына береді, қазақтан мал, азық жинайды. Сүйтіп, қысқасы, қазақ халқының мүдесін орыс ақтарына сатады. «Алаш Орда» өзінің ұлтшылдық мақсатына көмек алмақшы болады, бірақ үміті зайығы кетеді: үйткені жанарал, адмиралдар ұлтшылдарға сенбейді. Осыны көре тұрса да, ұлтшылдар балшебекке бағынудан, Калчактың қорлығында жүруді артық көреді.

Қазақ еңбекшілерінің Кеңес үкіметін жақтауы. Қазақ ішінде Кеңес үкіметін жақтаушылар да шыға бастайды. Астрахан ауданындағы қалың жұмыскерге жақынырақ болғандықтан, Бөкей қазағы Кеңес үкіметіне қосылады. Қазақстанның солтүстік губернелерінде ең алды мен Торғай облысында Кеңес үкіметі орнайды, 1918-ші жылдың басында Орынборда Торғай облысның облыстық Кеңес сиезі шақырылады. Нақ осы сол кезде Омбыдағы және Шығыс Қазақстанның көп жерлеріндегі қазақ жастары Алаш Орданың саясатына риза болмай, өз алдына төңкерісшіл үйірмелер ашып, Кеңес үкіметіне қосылуға көріне қам қылады. Қызыл әскердің мерейі үстем болып, ақтар жеңіле бастаған кезде, Алаш Орда әскері де аза байстайды (мәселен Қостанайдың қазақ полкі соғыстан бас тартады, Орал болысында әскерлікке жиналған қазақ жігеттері жанжал шығарады).

Кеңес үкіметіне қарсы көп соғысқан да, оған бәрінен соң бағынған да Алаш Орданың Орал облысындағы бөлімі болды. Мұның бастығы Досмағамбет ұлы Жианша еді, қызыл әскерден Дутов жеңіліп, Калчак да құлауға айнала бастаған кезде, Алаш Ордашылар бірінен соң бірі Кеңес үкіметі жағына шыға бастайды. Ең алды мен Кеңес үкіметіне қосылған Алаш Орданың Жаман қаладағы бөлімі, мұның бастығы Байтұрсын ұлы Ахмет еді. Мұнан соң басқалары да Кеңес үкіметіне қосылды. Ақтарға қарсы, Алаш Ордаға қарсы қазақтан құралған қызыл әскер де, қазақ балшебектері де белсеніп соғысты. Қазақстанның Түркістан бөлімінде Кеңес үкіметі октабыр төңкерісі болысы мен ақ орнады. Түркістанның басқа жерлері мен қатар, мұнда төңкеріс оқиғаларының дамуы да өзгеше болды. Сондықтан сол түстік губернелерге қарағанда (пұрсент есебі мен) мұнда қазақ коменестерінің саны да көбірек болды.

Алаш Орданың қызметі, оның орыс ақтары мен одақтасуы қазақтың ұлтшыл оқығандарының кім екенін, оның таптық бағыты қандай екенін айқын көзге көрсетті. Міне осыдан бстап қазақтың ұлтшыл оқығандарының салы суға кетеді, қазақ бұқарасының көзінде оның беделі жойылады. Қазақстанда Кеңес үкіметі орнаудан бұрынғы оқиғалардың түрі осы. Осыдан кейін Кеңес үкіметін күшейту, жаңа тұрмыс орнату дәуірі басталады.

Дайындаған: Абай Мырзағали

Abai.kz




Көрілген: 1362    Пікірлер: 0

сейсенбі, 20.04.2021, 18:28

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31