Алаш үні

«ҮНСІЗДЕР МӘЖІЛІСІ», ХАКІМ ЖӘМИ және ПРАЙМЕРИЗ

  • «ҮНСІЗДЕР МӘЖІЛІСІ», ХАКІМ ЖӘМИ және ПРАЙМЕРИЗ

    «ҮНСІЗДЕР МӘЖІЛІСІ», ХАКІМ ЖӘМИ және ПРАЙМЕРИЗ

Қазіргі кезде «интроверт» деген термин жиі естіле бастады. Интроверт – өзімен өзі болатын, сыртқы әлеммен - ісі, қоғаммен шаруасы жоқ, оқшау, тұйық, бітеу адамның мінезінің сипаттамасы. Қысқасы, осы заманның кісікиігі. Жақында әлеуметтік желіден сондай бір мешеудің: «Маған жоламаңдар, сөйлеп миымды ашытпаңдар, мен – интровертпін!» деп комментші жалпақ жұртқа жазған ескертпесін ұшыратып, ертеректе оқыған бір тәмсілді есіме алдым.

...Бағзы заманда Парсы елінде «Үнсіздер мәжілісі» деп аталатын ғұлама ғалымдар мен философ ақындардан құралған алқа болыпты. Олар белгілі уақытта арнаулы мәселе жөнінде түрақты бас қосып, үн-түнсіз сұхбат құрып, дыбыссыз ақылдасады екен.
«Үнсіздер мәжілісінің» бұлжымайтын 30 хакім мүшесі болыпты. Құрамы ереже бойынша осы 30 адамнан аспайды да кемімейді, одан бір адам артық, не кем қабылданбайды екен. Мәжілістің басты шарты – тілсіз түсінісу - үнсіз ой, дауыссыз сөз, яғни неғұрлым көбірек ойлану, аз сөйлеу, тіпті сөйлеместен, айтарын тілсіз айту болыпты.
Бұл бас қосуларда тіпті ешкім де тіс жармай, тіл қатпай, ыммен, ишарамен, қас-қабақпен, шартты белгілермен «сөйлесіп», кейде қағазға әріп не цифр таңбасын жазу арқылы бір-бірін айтқызбай үғып, сұхбаттаса береді екен.

Сол заманның аса дарынды ақыны әрі ғұлама ғалымы Әбдрахман Жәми бұл қоғам құрылған кезде жастау, әлі аты шыға қоймаған белгісіз шәкірт болып, осы мәжілістің мүшелігіне ілікпей қалған екен. Бірақ ақындық аты шығып, даңқы өрлеген тұста осы ұйымға мүше болуды іштей көксеп, көздеп жүріпті.
Күндердің күнінде «Үнсіздер мәжілісінің» бір мүшесі бақилық болып, хабарын естіген Жәми мүшелікке өткісі келіп, мәжіліс болған күні алқаны іздеп барыпты.
Қақпаның алдында тұрған күзетшіге ештеңе айтпай, бір парақ қағазға есімін жазып, өтіп жатқан мәжіліс отырысына беріп жіберіпті.
Мәжіліс мүшелері сырттан келген хаттан Әбдрахман Жәмидің есімін оқып, оның мүшелікке өткісі келетінін түсініп, бәрі де абыржып, іштей өкініп қалыпты. Өйткені, олар келіп тұрған үміткердің мәжіліске нағыз лайық инсан, ғұлама ақын екенін білгенімен, босаған орынға әлгінде ғана басқа біреуді мүшелікке қабылдап қойған еді. Мұны Жәмидің көңіліне келместей ізетпен жеткізу үшін мәжіліс төрағасы сыртқа су толтырылған кесе жібереді. Мұнысы «мәжілісімізде ешқандай орын жоқ» дегені еді.
Сұңғыла Жәми күзетшінің қолындағы кесеге қараса бетімен бет болып толған суы енді бір тамшы тамызса ернеуінен асардай мейлінше меймілдеп тұр екен. Мұны көрген ол мәжілістің босаған жалғыз орнына басқа біреуді қабылдап қойғанын түсіне қояды да, бірақ «бұртыңдап өкпелеген адамдай тұра жөнелгенім болмас» деп, бірден кетіп қалмай, аулада өсіп тұрған гүлдің бір кішілеу жапырағын жұлып алып, кеседегі судың үстіне асып-төгілмейтіндей етіп өте еппен қояды да, мәжіліске қайта жібереді.
Мәжілісте отырған ғұламалар оның мұндай тапқыр жауабына таң қалып әрі риза болып, Әбдірахман Жәмиді өз қатарларына қабылдауға бәтуа шығарады.
Мәжіліс мүдірі Жәмиді ішке шақырып, ордаға кіргізіп, ортаға отырғызып, мүшелікке алынғанын білдірген соң, оның есімін тақтадағы тізімге қосады да, 30 санының соңына тағы бір нөлді қосып, «300» деп жазады. Бұнысы «мәжілісіміздің саны мен салмағы, мәні мен маңызы Жәми сынды хакімнің келуімен он есеге артты» дегені еді.
Бұны түсінсе де өзін барынша қарапайым ұстайтын кішіпейіл Жәми 30 санының соңындағы бір нөлді өшіріп, алдына қойып, «030» деп жазады.
Сөйтіп, Жәми осылайша өзін нөлге теңеп, ол малған гүлдің жапырағы кеседегі суды төгілтпегені секілді өзінің де мәжілістің құрамын бұзғызы келмейтінін білдіреді.
Мұны көрген мәжіліс мүшелерінің бәрі ақын Әбдрахман Жәмиге деген құрметтері одан сайын арта түсіп, араларына нағыз ғұлама хакімнің келгенін сезіп, түсініп, көріп, мойындап, орталарына ерекше ықыласпен қабылдайды.
Мұның мысалы, қоғамдағы әрбір адам кеседе шүпілдеп тұрған суға малған гүлдің жапырағындай сиымды болуы тиіс.
Әркім қоғамға салмақ сала бермей, ауыртпашылықты арқаласып, өз ортасына артық жүк болмай, қоғамның жүгін көтеріскені жөн.
Әрі қоғамға санның соңына тіркелетін нөлдей он есе үлес қосып, өзінің бұл қызметіне шен-шекпен, атақ-мансап дәметпей, санның алдына жазылған нөлдей елеусіз көруі тиіс. Сөз жоқ, ғибратты тәмсіл!
Маған, кейде аузын буған өгіздей болып мелшиіп отырып, қай мәселе болсын, мейлі, ұлт мүддесіне қайшы болса да, тетік басып, мақұлдай беретін біздің «халық қалаулылары» өздерін «Үнсіздер мәжілісінің» мүшесі санамай ма екен деген ой келеді. Ал, кейде азуын Айға білеп, мән-мағынасыз көкезуленіп кететін кейбір Парламент мүшелері осы «Үнсіздер мәжілісінен» үлгі алса артық болмас еді.
Ал біз болсақ «Праймериз неге керек?» дейміз!


Ұлықбек Есдәулет

27.08.2020

Фейсбуктегі парақшасынан

 




Көрілген: 1550    Пікірлер: 0

бейсенбі, 27.08.2020, 13:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Қазан, 10:30
    Ақылдың кені
    6 Қазан, 10:30
    АЛТЫН ОРДА АҚИҚАТЫ
    1 Қазан, 10:39
    ЖҰМАТАЙДЫҢ ЛӘЙЛАСЫ
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31