Көккөлде беймәлім хайуанат болуы мүмкін

23 тамыз 2013, 13:22

Әулиеата өңірінде тылсымға толы орындар жетерлік. Солардың бірі – Көккөл көлі. Мұнда әлі күнге дейін сырын ашпаған жұмбақ жағдайлар көп. Әсіресе одан шығатын уіл-үннің сырын технология қарыштап дамыған шақта да ешкім аша алмай отыр. Жуырда сталкерлер, яғни қауіпті де құпия орындарды зерттеумен айналысатын ресейлік мамандар Роман Фадеев пен Евгений Красновский Көккөлдің құпиясын ашпаққа әрекеттенді. Олар көлдің таңғажайыбына аузын ашып, көзін жұмып таңғалуда. Олар Көккөлді зерттей келе, мұнда суасты жыртқыш ихтиозаврлар өмір сүреді деген қорытындыға келіп отыр.
Ғалымдар Шотландиядағы Лох-Несс көліндегідей мұнда да ерте заманнан бері өмір сүріп келе жатқан жыртқыш жәндіктер болуы мүмкін деп есептейді. Көк­көл Жамбыл облысындағы таулы аумақтағы Қарақыстақ алабында орналасқан. Ол еліміздегі жал­пы заңдылықтан ауытқыған өзгешелігі көп өңірге жатады. Бұл суайдын ерекше аймақтар тізімінде тұр. Әсіресе түнгі уақытта мұнда түсініксіз гүрілдер – қорылға ұқсас, ыңырсығандай, сатыр-сұтыр дыбыс­тар шығады. Бірақ ол ненің дауысы екені әлі күнге дейін жұмбақ. Жергілікті тұрғындар мұнда ғылымға әлі күнге дейін белгісіз болып келген жұмбақ жаратылыс бар деп есептейді. Ресейлік зерттеушілер: «Өлкетанушы Печерскийдің еңбектерімен танысып шыққаннан кейін Көккөлді зерттеуді жөн көрдік. Көккөл өзені әлемдегі уфологтер мен сталкерлердің ерекше назарында тұр. Зерттеу басталғалы бері біз түрлі түсініксіз жайттарға таңғалумен келеміз. Мәселен, көлдің кейбір тұстарының мүлдем түпсіз екенін анықтадық. Яғни өзеннің түбінде үңгірлер жүйесі болуы мүмкін. Осы жерлерде ихтиозаврлардың қалдықтары өмір сүруі де бек мүмкін. Түнде шығатын дыбыстар ысқырыққа да ұқсайды, қорқынышты», – дейді. Ғалымдар Көккөл сырын аша ма, ашпай ма, ол жағы мәлім емес. Олар зерттеулерін әлі де жал­ғастыруда.