Меркі жеріндегі балбалтастар

22 маусым 2013, 11:34

Қазіргі таңда ЮНЕСКО тізіміне енгізілуге үміткер болып отырған тарихи ескерткіштің бірі – Меркі түркі ғибадатханасы деп аталатын мәдени нысан. Ол еліміздегі орта ғасыр түркілерінің мәдени-ғұрыптық кешені саналады. Бұл орын Жамбыл облысындағы Меркі ауылынан оңтүстікке қарай 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Кешен биік таулы үстіртте жатыр. Қасында Меркі өзені ағып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, Аралтөбе, Қасқасу, Сандық, Ұлысай, Шайсандық ескерткіштері Меркі (Жетісу) ескерткіш-кешен тобын құрайды.

Меркі ғибадатханасы деп аталатын кешен Меркі өзенінің аңғарынан басталып, таулы қыратқа дейін көтеріледі. Оның жалпы аумағы 250 шақырымды алып жатыр. Онда тас балбалдар мен мүсіндер өте көп. Аталмыш кешенді ғалымдар түркілердің мәдени-ғұрыптық танымы бейнеленген бірегей тарихи-табиғи мұра деп бағалайды. Тұтас бір дәуірге созылған тарихымызды таразылап, оның адамзат өміріндегі маңызына үңілсек, Жетісу жерін мекен еткен түркі жұртының ғұрыптық ескерткіштерінің белгілі бір аймақта тығыз және топтасып орналасуы сол жерлердің киелілігін айғақтай түсері анық. Сондықтан жоғарыда аталған ғибадатхана кешенін біз қастерлеп, оны біздің өткен шежіремізден қалған бір мұра ретінде бағалауға әбден болады. Бұл киелі мекен орта ғасырда түркілердің ой-танымын, өмір сүру салтын, болмысын айқындай түсетіні айдан анық.
Жамбыл облысындағы Шу-Жайсаң кешені жазықта орын тепсе, Меркі-Мыңбұлақ ғибадатханасы Қырғыз Алатауының батыс қыратында тұр. Тарихи кешен Меркі өзенінің жоғары ағысында орналасқан. Ол шамамен 2700-3300 метр биіктікті көрсетеді. Тау баурайындағы жайлауда тұрған ескерткіштер бірден-ақ көзге түседі. Оған жаяу жүргінші оңай шыға алмайды. Жолы өте қиын. Көлікпен шыққанның өзінде бір-екі сағатты шығын етуіңе тура келеді. Қыстың күндері кейбір жерлеріне жету мүлдем мүмкін болмай қалады.
Мәселен, сол жерлерді зерттеген ға­лым­дар Аралтөбе, Белсаз, Сандық, Сұлу­сай, Сулысай, Шөлсай, Қарасай секілді тау қыраттарына тек қар еріп, күн жылыған жаз айларында әрең барған екен. Олар сол ау­мақтардағы тас мүсіндер­дің барлығы дер­лік аласа екенін айтады. Сондай-ақ кіндік тұсында тостақ ұстап тұрған бейнесімен айшықталады. Жалпы алғанда, Меркі түркі ғибадатханасында орын тепкен ескерткіш­терде ер адам мен әйел мүсіндерін қатар орналастыру тән көрініс болып табылады. Бірқатар дерек көздеріне сүйенсек, сол жерде барлығы 64 мүсін орналасқан. Оның 31-інде әйел бейнесі көрініс береді.
Бұл ғибадатхана кезінде көптеген ғалымдар мен жиһанкездердің қызығушы­лығын тудырған. Оны алғаш рет ғылыми негізде орыс ғалымы  И.В.Аничков зертте­ген. Бұл 1895 жылдың шамасы еді. Ол өз еңбегінде балбалдарды тексергенін жа­зады. Содан кейін Ташкентке жіберген көрінеді. Оның айтуынша, аталмыш ескерт­кіштер арқылы түркі әлемінің жан дүниесін тану қиынға соға қоймайды. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі – Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабында жан-жақты баяндап берген. Сондай-ақ ол жазбасында дәлелді дәйектерді оқырман назарына ұсынған.
Рас, көненің көзіне айналған аталған тарихи ескерткіштер жайында талай ға­лымдар мен саяхатшылар көптеген мақа­лалар жазды. Десе де, көпшілік бұл орайда А.Досымбаеваның жүргізген зерттеу жұмыстары ерекше болғанын айтады. Ол кісінің басшылығымен бірнеше археоло­гиялық жұмыстар жүргізілген. Соның нәти­жесінде бірнеше мүсінді қорған құрылыс­тары аршылған көрінеді.
Аталмыш аумақта ерлер мүсіні кескін­делген балбалтастың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстаған жігіттің бейнесі сомдалған балбал да көзге шалынады. Меркі өзенінің бойындағы табылған тас мүсіндерден көне түркі жазбаларын да байқауға әбден бола­ды. Мәселен, Ойтал өзенінің жаға­сын­дағы балбалтаста «Менің өлімім – қайғы» деп жазылған. Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мұндай жазу жазылған балбалтастардың Сібірдің оңтүстік айма­ғында да кездесетінін тілге тиек етеді. Қан­шама шақырымды алып жатқан екі аймақ­та қандай байланыс бар? Бәлкім, ерте заманда түркі жұрты сол өңірді де мекен еткен бе?
«Меркі даласы ежелгі кезеңдерде түбі бір түркі жұртының ортақ мекенінің бірі болды» дейді тарихшылар. Түрлі тарихи дүниелерде осы аумаққа қоныстанған қарлұқтар жайында көбірек айтылады. Мәселен, Қазақстан тарихында «Тараздың шығыс беткейінде қарлұқтар өмір сүрген. Олар Құлан, Меркі қалаларын қоныс етті» деп жазылған. Қазақ даласының кере­метіне тәнті болған араб тарихшысы ибн әл-Факих өзінің «Китабахбар әл-булдан» атты шығармасында «Қарлұқтар – ежелгі түріктер»  деп жазды. Қысқасы, Меркі да­ла­сы түркі жұртының қоныс еткен қасиетті мекенінің бірі болды.