Тарбағатай – Тәңір тау

Тарбағатай – Тәңір тау

Басына бұлт қондырған, бауырына жұрт қондырған Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай тауы әлі терең зерттеуді қажет етеді. Бағзыда Барқытбел деп аталған тау, кейіннен қалмақ тілінде «суырлы тау» деген мағынаға ие Тарбағатай болып аталды. Шығысында түркінің алтын бесігі Алтай тауымен ұштасатын тау әлі күнге бар құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Тарихтың қатпарына көз жіберсеңіз қазақ-жоңғар шайқастарының көп бөлігі осы өңірде өткеніне жергілікті жер-су аттары дәлел. Қазақ әскерінің орасан зор жеңіске жетуіне орай өткізілген тойда сойылған жылқының қисапсыздығы сонша, шатқалдан май өзендей болып ағыпты деседі. Сол шат «Майлышат» деп аталады. Қабанбай батырдың астындағы Қубас аттың жерленген жері «Қубас кезеңі» деген атқа ие. «Құлбабас», «Кондюрин», «Шайтан шатқал», «Толағай» сынды жер аттарының өзіндік тарихы бір кітап боларлық. Ал Тарбағатайдың ең биік шыңы Тазтау революция кезінде ақтардың соңғы қамалы болған. Сол жерден қызылдарға үлкен соққы беріп, Қытайға өтіп кеткен деген әңгіме бар. «Ақтар әскерінің Тазтауға тіккен жалауының ағашы әлі күнге сол шыңның басында тұр екен» дейді барып көргендер.
«Кондюрин» заставасы
Қытаймен арадағы шекара зас­­таваларының бірі Кондюрин деп аталады. Ашаршылық жылда­ры Қытайға босқан жұрттың Тар­бағатайдың дәл осы жерінде көпшілігінің татар дәмі бітіп, тал­қаны таусылды. Қызыл әскердің қа­нішер командирі Кондюриннің қолынан! Бүгінде Ақсүйек деп аталатын сайдың екі жағына екі пулемет құрып, босқан жұрттан адам шығармай, қырғызып отыр­ған. Ғайыптың күшімен болмаса, қанды қасаптан жан баласы құ­тыл­маған деседі. Қызыл командир Кондюриннің өзі қырылған адамдардың өлігін бір жерге жинап, соның үстіне шығып, темекі шегіп отырған дейді кө­не­көз қариялар. Адамның қаны судай аққан сол сай кейіннен Ақсүйек деп аталып кетті. Әлі күнге сол сайда қылтанақ шөп шықпайды. Кейіннен Қытайдан бергі бетке жасырынып өткен екі намысқой жігіт Кондюриннің басын кесіп, аузына темекі қыстырып, сол сайдағы үлкен бір тастың үстіне қойып кеткен деседі.
«Құлбаның басы» немесе Құлбабас
Тебіске өзенінің жағасында орын тепкен ауыл ертеде Құлбабас атанған. Осы ауылдың шетінен басталған тас қорымдар тау бөктеріне жақындағанда тіптен молая түседі. Бұлар — кезіндегі қазақ-қалмақ шайқасының белгілері. Ауылдың жоғары жағында үлкендеу келген дөң бар. Құй­мақұлақ қарттар сол төбеде қазақтың Жәні­бек деген батыры (қай Жәнібек еке­ні белгісіз) мың сарбазымен жатыр дей­ді. Қалмақ әс­керімен шайқаста мың сар­ба­зы­мен қоршауда қалып, бәрі сол жер­де қаза тапты дейді. Тебіске өзені­нен бір шақырымдай жерде тұрған төбе­нің астында қазақ ала­ман­да­рының жатқандығын көктемде тасыған өзен ғана дәлелдейтіндей. Осыдан 20-30 жыл бұрын өзен тасығанда жарлар опырылып, арғы жағынан ақсөңке сүйектерді су ағызып әкететінін талай көргенбіз дейді үлкендер. Ал ауылдың Құлбабас атанған себебі, сол жерге қалмақтың әйгілі Құл­ба атты батыры қосын тігіпті. Астына мініп жүретін өгізі шапқан атқа жеткізбей, қуса, жетіп, қашса, құ­тылып кетіп отырған. Бір шай­қас­та астындағы өгізін садақтың жебесі жаралап, әскері тас-талқан болып жеңіліпті. Жаралы өгізімен қашқан Құлбаның Тебіске өзенінің жанында қазақ әскері басын кескен. Содан ауыл Құлбабас деп аталды деседі. Қазір бұл ауыл Құмгөл деп аталады. Қанша тарихқа куә болған Құмгөл ашылмаған сыр секілді. Осыдан он жылдай бұрын археологтар келіп, бір төбені қазып, батырдың сауыт-сайманы мен жас әйелдің сүйегін тапқанын жұрт айтып жүр.
Бапанның Шағыры
Тарбағатай ауданының орталығы Ақ­суат ауылынан 25-30 шақырымдай жерде жергілікті жұрт Бапанның Шағырының мо­ла­сы деп атап кеткен жер бар. Абай «Айт­тым сәлем, Қаламқас» деп өлең шығаратын Тұр­жан сұлудың әкесі – әйгілі Тана мыр­за ауылы­ның тұсында. Бапанның Шағыры – бұл адам­ның емес, жылқының зираты. Бес мыңға жуық жылқысы болды делінетін Бапан бай, «байлық бір жұттық» дегендей, бір қыста бүкіл жылқысы қырылып, жүген ұстап қалады. Бапан бай сонда шағыр құ­лын­ды жеке киіз үйде жас баладай мә­пе­леп, қиын қыстан шығарса керек. Түбінде атын бес мың жылқысы емес, осы шағыр құлын шығаратынын сезді ме екен? Сол шағыр құлынын баптап, көктем шықса, қай жерде ас-той болады, соған апарып, шағырын бәй­геге қосады. Шағыр ат сан бәйгеден оза шауып, Бапанға бес мың жылқысының тең жарымын жинап беріпті. Бапанның Ша­ғы­ры деп атын шығарғаны – Қытайда өткен үлкен бәйге. Сол аламан бәйгеде үш жүз аттың ішінен алдына қара салмай келген Шағыр ат елдің ұранына айналды. Кейін Шағыр ат өлгеннен кейін Бапан оны адамдай ару­лап жерлеп, басына күмбез тұр­ғы­зыпты. Сол жер қазір Бапан­ның Шағы­рының мола­сы деп аталады.
Көпсүйек немесе «шайтан шатқалы»
Тарбағатай тауындағы шатқалдардың ішіндегі үрейлі естілетіні – Көпсүйек неме­се жұрт «Шайтан шатқалы» атап кеткен жер. Кезіндегі қазақ-қалмақ шай­қа­сында осы шат­қалда екі жақтан да есепсіз көп сар­баз қырылса керек. Содан қорымның көптігінен Көпсүйек ата­на­ды. Кейін ашар­­шылық жыл­дары қиналған халық Қы­тай­ды бетке алғанда, байлар көп қорымның арасына алтын-күміс, өзге де бағалы мүлкін көміп кетіпті. Адам­дардың моласы деп ойласын де­ген шығар. Ел ау­зында «сол тығылған ал­тынд­арды жын-шай­тан мекендеген» дейтін сөз бар. Әйтеуір, кім «көргені» бел­гісіз, кейіннен «Шайтан шатқалы» ата­лып, жұрт ол жермен жүр­меу­ге тыры­са­тын бо­лыпты. Жұрт арасында бұл шатқал жайлы аңызға бергісіз әңгі­ме­лер молынан жетіп-ар­тылады.
Бірде совхоз директоры ауылдағы жас шо­пырдың бірін жайлауға шопанның үйін кө­шіруге жұмсайды. Жүк машинасымен таң­ертеңнен жүріп, түске таяу жайлауға жет­кен шопыр жігіт жүкті түсіріп болып, қайтайын десе, қойшының кәрі әке-шешесі мен аяғы ауыр әйелінің киіз үйді құратын шамасы жоқ. Отағасының малын айдап қашан жететіні белгісіз. Содан қойшы, шо­пыр жігіт үйді құрып беріп, жүгін кір­гізіс­кен­ше кеш те түседі. Үлкендердің қонып кет дегеніне қарамай, жолға шыққан шо­пыр көз байлана «Шайтан шатқалына» келіп кіреді. Аз ғана жүрген соң, ма­ши­наның борты тарсылдай бастайды. «Е, жа­ңа күректі тартып байламағанмын ғой» деп ойлаған жігіт бортқа шығып қараса, кү­­регі байлаулы қалпында тұр. Қаттырақ тар­тып байлап, жүріп келе жатса, тағы да бір нәрсе тар­сыл­дайды. Машинаның жа­нын­­дағы айнасына көз қиығын тастаған жүр­гізуші өз көзіне өзі сенбейді. Кабинаға жабысып, шашы көз жеткізгісіз жерге дейін жайылып, бейтаныс әйел тұр. Жыл­дам­дық­ты үдеткен үстіне үдеткенімен, әлгі әйел шашы жайылып, жыл­жып келіп, капоттың алдына жатып алсын. Ол ол ма, біраз уа­қыттан кейін кабинаның ішіне еніп, шо­пыр­­дың қасына жайғасып алады. Есінен айырылған жүргізуші сол екпінмен келіп, бөктерде отырған көп балалы бір қой­шы­ның үйін қаға-маға тоқтайды. Үйден жү­гі­ре шыққандарға «машина» деп айтуға ша­­масы келеді. Машинаны олай қарап, бұ­лай қарағандар ештеңе таппайды. Ал шо­пыр жігіт содан кейін Көпсүйек жаққа ат­тап баспайтын болыпты дейді үлкен­дер.
Тарбағатай тауындағы тарихи жәдігер тастар қаншама! Кішкентай сәбидің ая­ғы­ның ізі бетіне кәдімгі балшыққа кіргендей, он сантиметрдей кірген үлкен сандықтас бар деседі. Былтырғы қалың түскен қар көк­темде үлкен тасқынға айналғанда, қан­ша тарихи жәдігерді қиратқаны да белгісіз. Ал Тарбағатай тәкаппар қалпында, «бар құ­пия – менде» дегендей, алыстан асқақ көз тас­тайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста