2000 жылы Қашаған кенішінің ашылу салтанаты өткен кезде Беріктің жасы жетіде еді. Ағылшын тілін жетік білетін қазақ баласы керек болғанда таңдау Берікке түскен.
Каспий теңізіндегі «Сұңқар» бұрғылау биржасында өткен салтанатты рәсім кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қашағаннан алынған алғашқы мұнайды бүлдіршін Беріктің бетіне, маңдайына, содан соң өзіне жаққан болатын. Елбасы мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның қатысуымен өткен «Болашақ» зауытының ашылу салтанатына Берік те шақырылды. Бүгінде ол Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде білім алып жатыр.
Берік УӘП, Манчестер университетінің ІІІ курс студенті:
– Әлем көз тіккен «Қашаған» мұнайын Елбасының өзі менің бетіме жаққанын тағдырдың сыйы деп білемін. Осы оқиға менің болашағымды бағдарлады, мұнай саласына бет бұруыма септігін тигізді. Қазір Англияның белді оқу орнында мұнай-газ саласының қыр-сырын меңгерудемін. Болашақта бар білімім мен жігерімді «Қашаған» кен орнының күллі қазақтың қазынасы болуына арнаймын.