Құқықтық реформа

Құқықтық реформадан күтеріміз мол!

  • Құқықтық реформадан күтеріміз мол!

    Құқықтық реформадан күтеріміз мол!

Елімізде соңғы жылдары құқықтық реформа қарқынды түрде жүргізілуде. Осы орайда «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» мемлекеттік органдарға қатысты азаматтар құқын қорғауда маңызды рөл атқаратын әкімшілік әділеттің жеке жүйесін құруды көздейді. Осыған орай бүгінгі таңда елімізде Әкімшілік рәсімдік іс жүргізу заңнамасын қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар жүріп жатыр. 


Қазақстанмен мемлекеттік басқару саласында ынтымақтастыққа қол жеткізген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (әрі қарай ЭЫДҰ) өзінің елдік бағдарламасы негізінде соңғы жылдарда мемлекеттік басқару мен сот төрелігінде жүргізіліп жатқан реформаларға шолу жасауда. Сот төрелігіне қатысты бұл бағдарлама коммерциялық және инвестициялық дауларды шешу арқылы азаматтар мен заңды тұлғалардың әділ сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейтуді мақсат етеді.

ЭЫДҰ-ның аталмыш шарасы аясында Қазақстанның Жоғарғы Соты Әділет министрлігімен бірлесіп «Қазақстанда инклюзивті дамуға бағытталған әкімшілік сот төрелігі» атты халықаралық семинар өткізді. Жиын Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесін дамытудың келешегі мен әзірленіп жатқан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасының (ӘРПК) негізгі қағидаттары төңірегінде өрбіді. Алқалы басқосу тізгінін Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева ұстады. Жиынды аша отырып, Айгүл Қуанышбайқызы тиімді әкімшілік әділет пен сот төрелігіне қолжетімділік мемлекеттік басқарудың, сенімді инвестициялық ахуал мен заң үстемдігінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылатындығын атап өтті. Оның айтуынша, әкімшілік сот төрелігі туралы заңнаманы қолдануда ұзақ жылғы тәжірибесі бар елдердің мемлекеттік басқару жүйесінде құқықтық тәртіп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қолжетімдігі, сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың шынайы жауапкершілігі тиісті деңгейде қалыптасты. Қазақстан үшін олардың осы жолдағы тәжірибесі үлгі болуы керек.



Әлем мойындаған тәжірибе қандай?

Семинар жалпы төрт сессияның шеңберінде өткен еді. Онда ЭЫДҰ директоратының мемлекеттік басқару жөніндегі аға кеңесшісі Татьяна Теплова, халықаралық сарапшы Франциско Кардона, Польшаның Жоғары әкімшілік сотының вице-президенті Яцек Хлебны, Германияның Федералдық әкімшілік сотының бұрынғы президенті Отто Моллман, Әзербайжанның сарапшысы Эльдар Мажидов баяндама жасап, әкімшілік әділеттің әлемде жаппай мойындалған модельдері, талаптары мен қағидаттары жайлы мағлұматтары және пікірлерімен бөлісті.

Жалпы әкімшілік әділет ұғымы сот орындары тарапынан әкімшілік органдар шешімдерінің заңдылығы туралы дауларды реттеу, жекелеген азаматтар мен әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғау, судьялардың әкімшілік билік органдары шешімдерін талдау және жарамсыз деп тану, сот бұйрығын шығару арқылы атқарушы билік органдарының қызметіне бақылау жасау мүмкіндігін білдіреді. Оның тетіктері шешімдерді орындату, қажет болған кезде мәжбүрлеп орындату міндеттілігімен, жекелеген құқықтарды емес барлық құқықтарды қорғайтын кешенділік сипатымен, саясатқа емес, заңға негізделуімен ерекшеленеді.

Экономикадағы жаңа қарым-қатынастар адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауда жаңа қадамдарды қажет етіп отырғаны белгілі. Әсіресе, құқықтық дауларға алып келетін жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен арақатынасының сан салалығы мен күрделілігі бұл тұрғыда тиімді шаралар қабылдауды талап етуде. Осы ретте әкімшілік әділет институтының маңызы айқын көрініп тұр. Өйткені, әкімшілік әділет билік пен азаматтарды олардың құзыреттері, құқықтары мен міндеттерінің шегінде ұстауға мүмкіндік береді. Судьяның әкімшілік орган шешімінің күшін жойып, құқыққа қарсы жағдайда оны жария түрде зардап шеккен тарапқа шығынды өтеуге міндеттеу мүмкіндігі осы қағидаттың орындалуының басты көрінісі болмақ. Бұл саясаткерлер ұмтылатын басты нәтиже.

Әкімшілік шаралар үш негізгі мақсатты көздейді. Олар: әкімшілік шешімдерді қабылдауда заңдылық пен ашықтық қағидаттарын практикалық түрде қолдану арқылы жекелеген азаматтардың, қоғамның құқықтарын қамтамасыз ету, күрделі инвестиция мен экономиканың дамуына жағдай жасау. Әкімшілік шаралары жарыспалылық және бейтараптық, істі тыңдау және ашықтық, себептерді баяндау, сәйкестілік пен негізділікті сақтау, асырасілтеушілікке, билікті пайдалануға жол бермеу, кеңес беру және әріптестік, әкімшілік органдар тарапынан өздерін бақылау, процессуалдық үнем қағидаттары бойынша жүзеге асырылады. Әкімшілік әділеттің басты талаптары сот бақылауына қолжетімділік, тәуелсіз және бейтарап сот төрелігі органы, әділ тыңдауға және сот талқылауына құқық, сот бақылауының тиімділігі болып табылады. 




Әлем елдеріндегі әкімшілік әділет

Әлемнің көптеген елдерінде әкімшілік әділет әр түрлі үлгіде жүзеге асырылады. Мәселен, Францияда соттар тұтас қоғам игілігі үшін объективті заңдылықтарды қорғайтын болса, Германияда олар жекелеген азаматтардың субъективті құқығын қорғайды екен. Сот бақылауы жүйесінің тәжірибесінде бұл үлгілер бір-бірімен үйлеседі. Судьялар жеке және жария мүдделер арасында тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бұл әсіресе Ұлыбританияның сот жүйесіне айрықша тән болып отыр. Жалпы әкімшілік әділет тиімді болу үшін судьялар сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ететін шараларды жүзеге асыруға қажет құзыреттердің барлығын иеленуі керек.

Қазақстанда әкімшілік әділет институтын дербес институт ретінде құру көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе. Жиында сөз алған Жоғарғы Сот судьясы Денис Шипптің айтуынша, өзге елдердің тәжірибесі еліміздегі әкімшілік әділет институтын құруда ескеріліп отырған сыңайлы. Мәселен, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте судьялардың істі шешу барысындағы белсенді ролі өз дәйегін тауып отыр. Айталық, олар тараптар ұсынған айғақтар жеткіліксіз болса, өз бастамасымен оларды толықтыруды талап етуге, тараптарды мәмілеге келтіруге құқылы болады. Сонымен қатар, талап арыздарда жіберілген қателерді жоюға жәрдемдесіп, азаматтардың түсініксіз талаптарын айқындап, түсіндіре алады. Осылайша судья азаматтың мемлекеттік билік аппаратына қарсы тұруына белсенді түрде көмектеседі.

Кодекс жобасында, сонымен қатар, талап арыздардың заңсыз әкімшілік актісінің күшін жою немесе әкімшілік актісінің күші жойылған деп хабарлау, әкімшілік актісін қабылдау, әрекетті жүзеге асыру, құқықтық қатынастар туралы түрлері айқындалды. Нақты талап арыз түрін таңдауға байланысты оның қаралуға жататын артықшылығы, тексерілу деңгейі белгілі болады.

Жоба бойынша сот өндірісінің қисынды мерзімі жайында талап дәйектелді. Оны әкімшілік істің құқықтық және деректік күрделілігіне орай судьяның өзі белгілейтін болады. Істі қарау үшін әртүрлі қызмет саласындағы судья заңнамалық актілерді, жасалған инвестициялық келісімдерді, қаржы және бухгалтерлік құжаттарды мұқият зерделеуі керек. Көп жағдайда сараптама жасау, өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салу қажеттігі туады. Сонымен қатар жоба бойынша сот төрағасына істі қарау мерзімін бақылау үшін қызметтік қадағалау міндеті жүктелді. Ресей, Германия, Латвия және Еуропаның өзге де елдерінде әкімшілік сот өндірісінде өзін ақтаған бұл институт Шипп мырзаның айтуынша, Қазақстанда заңдылықты нығайтып, азаматтардың конституциялық құқы мен бостандығының әділ қорғалуына тиімді ықпал ететін болады.




Бітімге келу – берекені сақтаудың кепілі

Кодексте сонымен қатар бітімге келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылды. Мәмілеге келтіру шарты ерікті түрде жүзеге асырылып, бұл өз кезегінде сот шығынын азайтып, ал қарым-қатынастарды тартыстық сипаттан арылтады деген үміт бар. Әлемдік тәжірибе бұл институттың да тиімділігін көрсетіп отыр. Әкімшілік сот өзінің шығарған сот шешімдерінің орындалуын бақылап, соған әйкес шара қолданатын құзыретке де ие болмақ. Мәселен, сот кез келген шенеунікке орындалмаған шешім үшін жедел түрде бірнеше рет әкімшілік жаза болып саналмайтын айыппұл сала алады.

Жиында баяндама жасаған Әділет министрлігі Заңнама департаментінің бастығы Думан Сүлейменовтың айтуынша, әкімшілік әділет институтын енгізу халықты мемлекеттік әкімшілендіру шараларына кеңінен тартуды қажет етеді. Сонымен қатар әкімшілік соттарға жеке тұлға мен әкімшілік орган арасында туған дауларды беру үшін алдымен әкімшілік шешімдерді қабылдауға тартылатын барлық әкімшілік аппараттың дайындығын қамтамасыз ету керек.

Тоқ етерін айтқанда аталмыш құжаттың қабылданып, әкімшілік әділет институтының толыққанды жұмыс істей бастауы құқықтық мемлекет идеясына сай билік пен қоғам арасындағы белгілі бір көпірдің орнығуына берік негіз қалайтын болады. Ал, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс Парламент Мәжілісінде 2018 жылдың тамызында қаралатын болады.


Айта кетер жайт елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаның жемісін қазірдің өзінде көріп жатырмыз. Бүгінгі күні сот саласындағы жағымды жаңалықтар мен статистика осының дәлелі.

 




Көрілген: 4096    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 02.05.2018, 13:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Қаңтар, 19:08
    Электронды сот жүйесі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30