Сотталғандарға діни ағымдардың алдын-алу жайын түсіндірді

28 шілде 2022, 19:18

Елімізде сотталғандардың түзеліп, қоғамымызға жақсы ниетпен оралуының өзі үлкен олжа. Сондықтан соңғы жылдары елімізде сотталғандардың босап шыққан соң жұмыспен қамтылуы, діни көзқарасының дұрыс болуы секілді мәселелерге аса зор көңіл бөлінуде. Осы орайда Мақтаарал ауданында да сотталғандардың өзге діни ағымның жетегінде кетпеуі басты назарда болып отыр.

Жақында ғана Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мақтаарал аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен «Деструтивті діни ағымдардың алдын-алу» тақырыбында семинар өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналға кешенді жоспарына сәйкес, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алу және олардың профилактикасы бойынша бөлінген мақсатты топтар немесе дінге сенуші азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Е.Бекбосынов, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ доценті және Алматы облысы «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Е.Матаевтың қатысумен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне, пробация қызметі есебінде тұратын азаматтарға, аудандағы маргиналды жастарға, саудагер, такси жүргізушілеріне және ДДА ұстанушыларының отбасы мүшелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Семинарға он бес сотталған азамат қатысты.
Статистика сүйенер болсақ, дінге қызығушылық білдіретін адамдардың басым бөлігі қажетті мағлұматтарды ғаламтор неме әлеуметтік желісі арқылы іздейді. Қазіргі таңда, еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламтордан ашатыны баршаға белгілі. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Сондықтан сотталғандармен жұмыста мұндай шаралардың берері зор деп айта аламыз!
Семинар барысында сөз алған «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Е.Матаев: «Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез-келген орындардан, сонымен қатар рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Сондай-ақ, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар, - деді Е.Матаев.
Заман талабына сай күн өткен сайын әртүрлі жаңашылдық елімізге еніп жатыр. Ғаламтордың адамға пайдасы зор. Бірақ, біз осы мүмкіндікті теріс әрекетке жұмсап жіберетін кездер болады.
- Қазіргі жастарымыз діни сауаттылықты мешіттерде арнайы дәріс беретін имамдардан алудың орнына, әлеуметтік желіде таратылып жүрген видороликтер мен жазбалардан алғанды жөн санайды. Кейбір сайттарда дінді дұрыс насихаттаса, енді екіншісі дінді бұрмалап теріс пікір қалдыратыны жасырын емес. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын тарататыны жасырын емес. Дінге бет бұрғысы келген жастарымыз осындай теріс ниетті діндарлардың жетегіне еріп, қатесін кеш түсініп өкініштен өзегі өртенген азаматтарымызда кездеседі, - деді Мақтаарал аудандық ПҚБ-і бастығының әділет майоры Нартай Сабаев.
Семинарға қатысқан пробация есебінде тұраттын азаматтар дінтанушы-теолог маманға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұтымды жауап алды. Сотталғандардың діни сауатын арттырып, құқықтық деңгейін көтеру жолында мұндай шаралардың маңызы зор!


Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы