Мәселе

Науқастың ізімен – ақша, дәрігердің соңынан талон ереді

  • Науқастың ізімен – ақша, дәрігердің соңынан талон ереді

    Науқастың ізімен – ақша, дәрігердің соңынан талон ереді

Жаңа жүйе бізге тиімді ме, пайдасы не, зияны қайсы? Әйтеуір осы саланың мүйізі қарағайдай мамандары бұл жүйені жатып келіп мақтайды. «Енді ақша науқастың артынан жүретін болды. Тіпті аурухананы да, дәрігерлерді де аурулардың өзі таңдайтын болды», – дейді. Шынында да солай ма? Сонда ауруханалар мен емханалар енді науқастарды қалай қабылдайды? Соншалықты не өзгерістер болды? Осыларды білу үшін біз қаладағы кейбір емханаларға соғып, ондағы бас дәрігерлермен пікірлескен едік.


Жанат ҚАСЫМЖАНОВА, Алматы қалалық №5 клиникалық аурухананың бас дәрігері:

– Жаңа жүйеге біз қаңтар айынан бастап көштік. Оған дейін барлық емханалар мен ауруханалар аккредитациядан өтті. Мұның бір жақсысы, ә дегеннен бізге республикалық бюджеттен 25 пайыз қаржы аударылды. Негізі, біздің жылдық алатын қаржымыз 480-500 миллион теңгенің көлемінде болатын. Енді оның 25 пайызын алдық. Ол үш айға жетеді. Қазір кейбіреулер «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясының мамандары ауруханаларға дәрі-дәрмек жібермей отыр» деп сынауда. Ал негізінде олар: «Біз қаңтар, ақпан айларында дәрі-дәрмек жеткізе алмаймыз, сондықтан осы бөлінген қаржыға дәрі алыңыздар», – деп түсіндірген болатын. Қазір бізде дәрі-дәрмек жетіспеу проблемасы жоқ.


Бұл жерде біз мына мәселені баса айтқымыз келеді. Кезінде сала министрлігі өкілдері «бұл жүйе бойынша енді науқас қай ауруханаға барып емделемін десе де, өзі біледі, тіпті дәрігерлерді де таңдауға құқы бар» деген болатын. Алайда... Мәселен, сіз Алматы облысында тіркеуде болып, үлкен қалада емделгіңіз келсе, жергілікті госпитализациялау бюросынан жолдама алуыңыз керек екен. Онсыз қала ауруханасына кіре алмайсыз. Бұрын да солай болған. Сонда айырмашылығы не? Науқастың өз еркімен таңдауы қайда қалды? Науқас кетсе, онымен қоса ақша да кететінін білетін жергілікті ауруханалар шамасы келгенше ауруды жібермей емдеуге тырысады. Әрине, емдей алса жақсы, емдей алмай, ауруын асқындырып алса ше? Өйткені бүгінгі таңда мамандардың біліктілігі жайлы айтылып жүрген сын аз емес. Бұл жөнінде бізге №5 клиникалық аурухананың бас дәрігері Жанат Кәкімсейітқызы былай деп түсіндіріп берді:


– Мәселен, Талдықорғанда бір адам ауырса, ол жергілікті ауруханаға барады. Егер олар емдей алмайтын болса, онда госпитализациялау бюросына науқастың толық құжаттарын жібереді. Ал олар «мынадай науқас бар, емдей аласыздар ма» деген мазмұнда бізге хат жазады. Біз науқастың ауру тарихымен, диагнозымен танысып, егер емдей алатын болсақ, мына уақытта бізге әкеліңіздер дейміз. Бірақ бұл жерде әңгіме басқада. Бұрынғы ескі жүйеде бір ауруға мемлекеттен 21-26 мың теңге аралығында қаржы бөлінетін. Осы ретте бір ауруға кететін шығынды нақты есептесек (оның дәрі-дәрмегі бар, операциясы бар, наркозы бар, протезі бар, қойылатын пластиналары бар т.б.), оған 150-200 мың теңге кетеді екен. Ал қазіргі бағдарлама бойынша бір ауруға кететін шығын ұлғайтылды. Яғни енді 21-26 мың емес, 70-80 мыңның көлемінде бөлінеді. Осы тұста облыстық дәрігерлер науқастарын сыртқа жібергісі келмейді. Өйткені егер бір адамға жолдама берсе, олар 70 мың теңге көлеміндегі ақшадан қағылады. Ал айына 10 науқас қалаға кететін болса, онда олар бір айда 700-800 мыңнан айырылды деген сөз. Ондай қаржыдан кім қағылғысы келеді? Сондықтан олар қандай жағдай болсын, өздері емдеуге тырысады. Бір жағынан, бұл жақсы. Неге дейсіз ғой? Себебі енді олар науқастарға жақсы қарауға, жаңа аппараттар сатып алуға тырысады. Мамандардың да біліктісін тартады. Бұрынғыдай таныс-тамыр емес, тек өз ісіне епті кадрларды алғысы келеді. Ал олай етпесе, ақшадан айырылады. Бұл жерде, ең бастысы, талап қойылып, бәсекелестік артады.


Жарайды дейік. Дегенмен ауылдағы науқас қалаға келіп емделгісі келсе, ауруханадан – госпитализацияға, госпитализациядан қалалық ауруханаға құжат-хаттар жинап, оны жіберемін дегенше арада біраз уақыт өтіп, ауруы асқынып кетпесіне кім кепіл?


Тағы бір мәселе. Жаңа бағдарламаны енгізуге мүдделілер: «Енді дәрігерлер науқастарды қаншалықты көп қабылдаса, олардың жалақылары соншалықты өсіп отырады», – деген болатын. Сондықтан осы жүйе қаңтарда іске қосылғанда, дәрігерлер жаппай талон (қанша науқас қабылдағанын көрсететін талон) жинауға көшкен. Алайда бұл жерде дәрігер-консультант науқасты терапевтке жіберсе, терапевт – хирургқа, ал хирург невропотологқа жіберіп, барлығы талон алуға тырысып бағады. Бұл жерде дәрігерлердің сапа емес, сан қуып кету қаупі туып жүрмей ме? Алайда қаладағы кейбір емханаларды аралағанымызда дәрігерлердің жалақысы сол күйі, бірақ есесіне жақсы жұмыс істегендерге, көзге түскендерге сыйақы берілетіндігінен хабардар болдық. «Енді оның нақты мөлшері қанша екені – коммерциялық құпия», – дейді Жанат Кәкімсейітқызы. Ал сыйақыны бас дәрігер тағайындайды екен. Сонда алғашқыдағы «егер дәрігерлер науқастарға жақсы қараса, оған емделгісі келетіндер көбейеді, ал ауру көп келсе, жалақысы да өседі, осылайша дәрігерлер арасында бәсекелестік пайда болады» деген сөздер қайда? Енді сыйақы басшының тамыр-таныстарына немесе онымен ымыраға келгендерге ғана бөлініп кетпей ме? Тіпті бұл жерде бас дәрігердің 50-50 принципімен жұмыс істемеуіне кім кепіл? (Сыйақыны басшы мен қосшының тең бөлісуіне әкеліп соқпай ма?)




Көрілген: 3731    Пікірлер: 0

жұма, 09.04.2010, 13:03

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30