Құрметті «Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Сіздерді басылымның мерейтойлық 1000-шы санының жарыққа шығуымен құттықтаймын.
«Алаш айнасы» газеті алғашқы санынан бастап-ақ ақпарат айдынында соны сүрлеу салып, мемлекеттік саясатты, ел өмірінде болып жатқан түрлі оқиғаларды бұқара халыққа жеткізуде жаңашылдықа толы тың ізденістерімен ерекшеленді.
Жедел әрі дәйекті, мазмұны бай ақпараттық-сараптамалық, танымдық дүниелерімен тез танылған ақпарат құралы ретінде газеттің Тәуелсіздікті тұғырлы етуге де атсалысқаны айқын.
Қалың оқырманның үдесінен шығуды мақсат еткен ұжымның қаламы ұшқыр, ойы жүйрік болсын деп тілеймін.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат МӘМИ
Құрметті Серік Мейрамбекұлы және «Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Алаштың үніне айналған басылымның 1000-шы нөмірі жарыққа шығатын мерейтойларыңыз құтты болсын!
Бұл бес жыл көлемінде газет қазақ баспасөзіне жаңа серпін, тың ой, айрықша жаңалықтарын ала келді. Алаш азаматының бойында елдік, мемлекетшілдік қасиеттерін нығайтатын бастамаларымен ерекшеленеді.
Еліміздің игілігі үшін аса маңызды ақпараттарды жедел түрде жеткізуімен, бәсекеге қабілеттілігімен оқырманның таңдауына ие болды.
Сіз бен ұжымды осы бір мерекелік сәтпен құттықтай отырып, өздеріңізге құт-береке, кәсіби жетістіктер, алдағы мыңдаған нөмірлерді шығаратындай шабыт және тұрақты оқырмандарыңыздың арта беруіне тілектеспін!
Қ. Н. КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары