Мәскеуде Елбасы туралы тағы бір кітап жарық көрді

16 желтоқсан 2010, 12:56

«Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігінің тарихи хабарларында». Қазақстан көшбасшысы туралы Мәскеуде жарық көрген тағы бір жаңа кітап осылай аталыпты.
Орыс тілінде «Нурсултан Назарбаев на исторической ленте РИА Новости» деген атпен басылған бұл кітапты ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі мен Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі бірлесіп әзірлеген. Жаңа басылымның аты айтып тұрғандай-ақ, ондағы материалдар­дың бәрі осы ресейлік ақпарат агенттігі­нің жаңа­лықтар таспасында жарық көр­ген хабарлардың негізінде жасалып, Президенттің баспасөз қызметінің мұра­ғатынан алынған тарихи суреттермен безендіріліпті. Ал ішкі мазмұнында Елба­сының посткеңестік кеңістіктегі ық­пал­дастықты ілгерілетудегі рөліне ай­рық­ша мән берілген. Бұл — заңдылық та. Өйт­кені Қазақстан Президенті бұрынғы кеңес­тік елдердің аумағында өзара ти­імді ық­палдастыққа құрылған өміршең идея­ларға үнемі бастамашы болып келеді. АӨСШК, ЕурАзЭҚ және бүгінгі Кедендік одақ – Елбасының сол бастамаларының нақты өмірдегі дәлелдері.