Қатонқарағай ауданында 186 гектар жерді алып жатқан Берел қорғанының қазақ үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін бергенінен берері көп.www.alashainasy.kz/wp-includes/js/tinymce/plugins/wordpress/img/trans.gif" /> Бірнеше мың жыл бойғы адам мүрдесінің сол қалпы сақталуы, тіпті өлген жылқылардың жер қойнауында мүлтіксіз сақталып келгендігі отандық ғалымдар тұрмақ, шетелдік оқымыстылардың ойын сан саққа жүгіртіп отырғаны бар. Әлем ғалымдары көз тігіп отырған қорғанда атқарылған жұмыстар мол болғанымен, атқарылу керек істер одан да асады. Қорғанда қазба жұмыстары жер жіби сала басталса, жазда нағыз қызған шағы. Археологтардың да, зерттеушілердің де жұмыстары сол кезде жанданып, олар топырақ астынан құндылықтарды шұқылап тұрып іздейді.
Жалпы, қорған туристер үшін тартымды орынға айналды. Оған жететін жол бар болғанымен, керемет деп айтуға тағы келмейді. Биылғы қыс қатынас жолдарының бәрін жарамсыз етіп тастады. Қар суы қорғанға апаратын көлік жолын шайып кетті. Енді қорған басшылығы тарапынан сол жолды жаз шыға салысымен «Жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу туралы аудандық әкімдікке ұсыныс жіберілді. Берел маңында автотұрақ және әкімшілік ғимараты құрылыстары салынып бітті. Қызметкерлерге арналған екі ғимарат нысаны да аяқталды. Алайда қорғанға қазір іргеде сарқырап ағып жатқан Бұланды (тарихи атауы – Қансу) өзені қауіп төндіріп тұр. Осыдан 15 жылдай бұрын дәл осы өзен арнасынан асып, тоғыз көпірді бір-ақ бұзып кеткені ел есінде. Биылғы қалың қар, жауын-шашын өзен суын үстемелеген. «Қар суынан еш қауіп жоқ болғанымен, осы өзеннен қорғанға қауіп төніп тұрғаны рас», – дейді тарихи орындағы қызметкерлер. Қорған ұжымының директоры Ерен Қадөшұлының айтуынша, осы жаздағы ең басты мәселе – қорғанды қоршау. Мәдениет министрлігі тарапынан сұралып отырған 101 млн теңгенің көп бөлігі де осыған жұмсалмақ. Содан кейін болашақта осы қорғанды негізге ала отырып, аймақта отандық та, шетелдік те туризмге жол ашатын ауқымды туристік кешен салу. Жай ғана емес, қазақы кешен.
Ерен ҚАДӨШҰЛЫ, «Берел қорғаны» мұражайының директоры:
– Берелдің әр тасы құнды. Бұл жерде 70-тен астам қорған жатыр. Олардың ашылмағандары көп. Сондықтан арам ойлы, сұғанақ көздерден де сақтануымыз керек. Қоршау міндетті түрде салынуы тиіс. Содан кейінгі мәселе – 50 орындық қонақүй салу. Ол Қатонның қарағайынан салынатын болады. Сұрап отырған қаржының ішіне осы құрылыс та кірмек. Бұл маңды үлкен туристік кешенге айналдырса... Қорған туристерді тартатын жер болғандықтан, осы маңда үлкен ат қора салып, атпен серуендеу дәстүрін туристерге ұсынып, сонымен қатар қазақы дәстүрлерді, қыз қуу, теңге алу ойындарын көрсетсек... Шетелдік туристерді тарту деген осы ғой. Оларға қымыз, шұбат, құрт-ірімшік сынды қазақы тағамдардың түр-түрін ұсынсақ... Егер осы ой жүзеге асса, туризмді дамыту саласында өте ірі шара жүзеге асқан болар еді.