Астрономиялық көктеммен тұспа-тұс келген тарихи оқиғалар

21 наурыз 2012, 11:43

1969 жылы әйгілі The Beatles-дің негізін қалау­шы рок музыкант, сазгер, жазушы Джон Уинстон Леннон мен суретші, әнші Йоко Ононың үйленуі дүниежүзіндегі ең айтулы оқиға болды. Жұлдыз­дардың некелесу салтанаты Гибралтардағы ағыл­шын консулдығында өтті. Леннонның «Йоко – менің әйелім емес, екеуіміз бір адамбыз» деп, өзінің Уинс­тон деген екінші атын Оно деп өзгерткені көпшілікті ойға қалдырды. Аты аңызға айналған музыкант пен оның зайыбының бал айлары бүкіл Еуропа аумағы бойынша өтті. Осыдан көп ұзамай әйгілі квартет ыдырап кетті. Ал 1980 жылы Джон Леннонды оның табынушыларының бірі атып өлтірді. Қылмыскер Марк Чепмен әлі күнге дейін жазасын өтеп жатыр.


2003 жылы АҚШ пен оның одақтастарының Иракқа тарихи басып кіруі басталды. Халықаралық коалициялық күштердің мақсаты Саддам Хусейннің билігін құлату болды. Әскери шаралардың ресми себебі деп Хусейннің дикта­торлық режимі, оның халықаралық лаңкестік ұйымдармен байланысы және жаппай қырып-жою қаруын сақтауы айтылды. Осы интер­венция салдарынан Ирак экономикасы айтарлықтай құл­дырады, елдің берекесі кетті, жаппай тәр­тіпсіздіктер өршіді. Ирак Президенті ақыры қолға түсіп, коалициялық күштердің қолынан дарға асылды. Бірақ оның лаңкестік ұйымдармен байланысы дәлелденбеді, қырып-жою қаруы да табылған жоқ. Американың әрекеті елде демократиялық ахуалды қалыптастыра алмай, керісінше, осы кезге дейін тыйылмай тұрған саяси қақтығыстарға түрткі болды.