Арқалықта отпен ойнаған балалар тұрғын үйді өртеп жіберді
Арқалық қаласында тұрғын үй өртеніп, 30 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы ТЖД Ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
«Арқалық қаласы Байтұрсынов көшесіндегі тұрғын үй өрті туралы ақпарат 9 қараша күні сағат 20:51-де келіп түсті. Көршілер 2-қабаттағы пәтерден түтін шыққанын хабарлады. Сағат 20:55-те оқиға орнына құрамында 2 арнайы өрт сөндіру техникасы, 1 АЛ-30 автосаты және жеке құрамның 11 құтқарушысы бар №4 МӨСБ өрт сөндіру жасағы жетті. 2-қабаттағы пәтерде 60 шаршы метр алаңда үй заттары мен жиһаз жанып жатқаны анықталды. Өрт салдарынан пайда болған түтін кіреберісте тез тарала бастады және жоғары қабаттағы тұрғындардың жолын бөгеді», - дейді ТЖД баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
 
 Автосаты көмегімен 5-қабаттың балкондарынан 19 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылды. Сонымен қатар, баспалдақтар арқылы 11 адам оқшау аумаққа эвакуацияланды.
 
«Газ-түтіннен қорғау қызметінің 2 буыны 21:26-да өртті ауыздықтады. Тағы 30 минут ішінде өрт сөндірушілер өз жұмыстарын жалғастырып, өртті толығымен жойды. Арқалық ауруханасына 4 адам жатқызылды, олардың бірі &ndash 2014 жылы туған бала. Дәрігерлер зардап шегушілерге улану диагнозын қойды», - дейді У.Досанов.
 
 Алдын ала болжам бойынша, өрт балалардың отпен ойнауынан болған.