Оқиға

Жолаушы жүріп бара жатқан автобустан құлап қайтыс болды

  • © Almaty.tv

    © Almaty.tv

Қайғылы оқиға Ұзынағаш ауылының тұсында орын алған. Марқұм әйелдің туыстары күннің ыстығына шыдамаған жүргізуші автобустың есігін ашып, қауіпсіздік ережесін сақтамаған дейді. Ал Жамбыл ауданының тұрғындары болса әбден ескірген, қапырық, кір автобустардан шаршағандарын айтты. Ажалы жол үстінде келген әйел туыстарын сағынып, Моңғолияның Баян-Өлгейінен қонаққа қыдырып келген екен, деп хабарлайды   Almaty.tv тілшісі.


Марқұм, 47 жастағы Жайнагүл Халық туған жерінен тарихи отанына қыдырып келсе керек. Екі күннен соң еліне қайтатын болған соң ол Алматының метросын, қаланың көрікті жерлерін аралауға шыққан. Туыстарымен бірге «Алтын Орда» базарынан автобусқа отырған ол Үмбетәлі ауылының тұсынан түсу керек екен. Бірақ Алматыны білмегендіктен межелі жерден өтіп кеткен Жайнагүл кенет автобус Ұзынағаш ауылына қарай бұрылған сәтте ашық тұрған есіктен сыртқа ұшып кеткен.


Марқұмның туыстары жолаушылап келген әйелді кеше жер қойнына тапсырды. Ағайынын аралаймын деп ажал құшқан келіншек автобустан құлағанда қасында жақындары да болған. Ет-жақындарының айтуынша, көлікті баяу жүрген, бірақ соған қарамастан Жайнагүл тас жолға басымен құлап, есін жимаған күйі кеткен.


«Жүргізуші көлікті қатты жүргізбегенін айтады. «Бұрылдым да, тоқтайын деп бара жатқанымда әлгі кісі құлап кетті» дейді. Ал автобустағы адамдардың айтуынша «Алтынордадан» бастап есік жабылмаған. Тіпті адам құлап қалғангның өзінде ол бірден тоқтай алмай, 15-20 метр жүріп барып бір-ақ тоқтаған. Соған қарағанда ол адамның құлағанын көрмеген де сияқты», – деді марқұм Ж. Халықтың інісі Мейрамбек САЙРАН.


Алматы облыстық Полиция Департаментінің ресми өкілі аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК 345 бабының 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жүріп жатқанын жариялады. Сараптамадан соң процессуалдық шешім қабылданды. Жолаушы қаза болса да автобус күнделікті бағытыда жолаушы тасуды әлі жалғастырып жатыр. Тек рөлге екінші ауысымдағы адам отырған.


«Автобуста адамдарға ешқандай жағдай жасалмаған. Баламен осындай ыстықта автобуста кетіп бара жатырмыз. Әркім өз қалтасын ойлайтын болды ғой. Ешкім ештеңе істеп жатқан жоқ», – дейді бір жолаушы.


«Әкімшілік халықтың жағдайын жасаса. Мынадай автобустар болмауы керек. Қаладағыдай жаңа автобус бөлсін. «Оңай» жүйесін орнатсын. Мұнда салқындатқыш жоқ. Ыстықта мынадай автобустарда отыру мүмкін емес. Ауа жоқ. Тазалық та сақталмайды», – дейді келесі бір жолаушы.


Қаскелең қалалық автопаркіне қарайтын автобустың зауыттан шыққанына 32 жыл болған. Ескі көлік бүгінде Алматы-Ұзынағаш-Отар бағытында жүріп, паркке күн сайын 14 мың теңге өткізеді екен. Ал Алматы-Ұзынағаш арасында қатынайтын 20 шақты автобустың барлығының тозығы жеткен.


«Автопарктің автобустары ескірген. «Қаскелең автопарк» ЖШС басшылығына осыларды айтып, хат жазғанбыз», – деді Алматы облысы Жамбыл ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Салауат ИБРАГИМОВ.


Ал абайсызда жолаушысынан айырылған жүргізуші жерлеуге жылқы апарып, көмек көрсетеміз деген желеумен марқұмның туыстарынан «кешірдік» деген қолхат та алып үлгерген. Қыдырып кеп, тарихи отанынан мәңгілік орын тапқан марқұмның артында екі ұлы қалды. Ал қыста жылуы, жазда желдеткіші жоқ ескі автобустардың қашан жаңарары белгісіз.


 




Көрілген: 426    Пікірлер: 0

сенбі, 20.07.2019, 10:35

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31