Ахметбек НҰРСИЛА: Жастар "желілік маркетингпен" айналысуды бизнес деп ұғады…

Ахметбек НҰРСИЛА: Жастар "желілік маркетингпен" айналысуды бизнес деп ұғады…

Ахметбек НҰРСИЛА, кәсіпкер, «Бизнес бастау» шеберлік сыныбының тренері: Жастар «желілік маркетингпен» айналысуды бизнес деп ұғады…
«Ахметбек Нұрсила жастарға кәсіп ашып, іс бастаудың қыр-сырын үйретеді. Барсаң өмірге деген көзқарасың өзгеріп қайтады. Жеке іс бастауды қолға аласың» деген әңгіме Алматыдағы студент жастардың біразының аузында жүр. Ахметбек Нұрсиланың аты көпшілікке «Сарыжайлау» деген атпен шыққан қымыз, шұбат, құрт, ірімшік сынды сүт өнімдерімен таныс. Мұның алдында бұл кісі жастарды Алматының іргесіндегі Көкжайлауға жаяу бастап апарып жүрген. Табиғат аясында жастарға «Сапалы қазақ» деген тренинг өткізетін. Тренинг деп тым ресмилендіріп жібердім ғой деймін. Тауға барғандарға сапалы ұлт болып қалыптасу туралы, кәсіби, заманға сай адам болу жайлы әңгімелер айтатын. Бірді-екілі танысым белсеніп барып жүрді. Мені де талай шақырған. «Барам» деп уәде беріп алып, сенбі күні ұйқымды қимай қалатынмын.
Фейсбуктегі парақшама «Бизнес бастауға үйрететін тегін мастер класқа келіңіз» деген хабарландыру келе беретін. Кәсіп ашайын деген ойым да, дайын идеям да жоқ еді. Сондықтан бармай жүрдім. Ал ғаламторда «Бизнес бастау мектебі пәлен университетте мастер класс өткізді, пәленбай студент келді» деген ақпар күн сайын жаңарып жатты. Ахметбек Нұрсиланың кеңесімен кәсіп ашып бастағандар да бар екен. Сөйтіп өткен жексенбіде Ахметбек Нұрсиланың әңгімесін мен де тыңдап көруге бекіндім. Жастарға кімнен үйреніп, неден жиренуге болатынын нақты айта ма? Менің көкейімді тескен сауал осы еді…
Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінің аудиториясында отырмын. Залда 100-ге тарта жігіт отыр. Қыздардың саны 10-ға да жетпейтін шығар. Тегін сабақтан құр қалыппын. Менің барғаным бизнес тренинг екен. Бұған дейін тегін мастер-класқа қатысқандардың ішінен бизнес бастауға ниеттілер ақылы тренингке жазылыпты. Ахметбек Нұрсила оларға 19990 теңгеге бір күн бойы бизнес әліппесін үйретті. Таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін жастарға сенделіп бос жүрмей, жеке кәсіп ашу керектігі айтылды. Бизнестің қазіргі таңдағы сұранысқа ие түрлері де талқыланды. Тренинг барысында Ахметбек Нұрсиланың тұщымды деген ойларын түртіп алған едік. Қандай мамандық таңдаймын, ертең не істеймін деп бағытын таппай жүрген жастарға ой салар, бәлкім…

Қазіргі жастардың көбі «желілік маркетинг» дегеннің соңынан кетіп жатыр. Несие алып, қарызға батқандар қаншама?! Әлдебір затты сатып алғызатын көрінеді. Оларды: «Үш-үштен топтасып, қаржы пирамидасын құрамыз, сөйтіп аз ғана уақытта түсіңе де кірмейтін ірі көлемдегі жалақы алып отырасың» деп үміттендіреді. «Бір айлықпен қашанғы жүрмексің? Сенің қабілетің осынша ақша табуға жетеді. Пәлен жылда екіқабатты үйің, астыңда керемет көлігің болады. Ол үшін мұнша доллар алып келіп, бізге тіркелесің. 3 таныс адамың сенің соңыңнан сондай ақшамен жазылсын. Ол үшеуі де адам тартсын. Сонда саған айына пәлен мың доллар өздігінен келіп тұрады» деген құрғақ қиялдары тағы бар. Адамдардың бәрінің қалталы болғысы, жақсы өмір сүргісі келеді. Содан да жаңағындай сұлу сөзге алданып қалып жатыр. Мен «желілік маркетинг» дегенді өзгенің есебінен күн көру деп түсіндірер едім. Өзіңді де, өзгені де қарызға батыру. Өркениетті елдердің бәрінде «желілік маркетингке» тыйым салынған. Бізде жастардың көбі «желілік маркетингтің» ақша табудың адал жолы емесін артынан түсінгесін ғана опынады. Бір қызығы, «желілік маркетингті» жарнамалайтындар оны бизнес деп түсіндіреді екен. Бизнес бастауға үйрететін мастер класқа шақырсам, жастардың көбі «желілік маркетингке» адам жинап жатыр деп ұғыпты. Фейсбукте де жастарға қаратып «кәсіп ашыңдар, істің көзін табыңдар» деген мағынадағы посттар жазамын. Кейбір ағайын: «Қазақтың бәрі кәсіпкер болып кетсе, малды кім бағады? Кім сантехник болады?» деген пікір жазады. Шындығында, қазір айына 1 миллионнан артық табыс табатын қазақтар өте аз. Ал 60-70 мың теңгеге күзетші болып жүрген қазақтар жетіп артылады. Мен осыған намыстанамын.
Бүгінде университеттердегі оқу ақысы – кемінде 600 000 теңге. Оқу ақысы 900 000 теңгеге жуықтайтын мамандықтарда оқитындар да бар. Оқу бітіргеннен кейін олардың көбі алғашқыда жалақысы 80 000 теңгелік жұмысқа тұрады. 100 000 теңгеден жоғары айлық беретін жұмыс тапса, қуанады. Сөйтіп аптаның бес күнінде таңнан кешке дейін кеңседе қадалып отырып, бір айлыққа жұмыс істейді. 4-5 жыл өтіп, өзінің біліктілігін дәлелдегенге дейін орташа айлықпен күн көруге мәжбүр. Орыстарда «зона комфорта» деген түсінік бар. Адам ұзақ жыл жұмыс істеген мекемесін жайлы орын ретінде сезінеді. Жайлы орнын тастағысы келмейді. Жаңа ортаға баруға қорқады, ол ортаны өзіне қолайлы болмайды деп ойлайды. Көп адамның желкесіне осындай жалқаулық мініп алған. Көңілінде өз-өзіне сенбеушілік бар. Ойланғысы келмейді. Баяғыда бір ғалым: «Ойлану өте күрделі процесс болғандықтан, көп адам ойланып, басын қатырғысы келмейді», – депті. Далақтап қаланың ана басынан мына басына такси болуға бармыз, ал басымызды істетуге ерінеміз. Қыз-жігіттердің көпшілігінің күзетші, даяшы, шопыр, жүк тасушы болып жүргенінің бір себебі де осы ойлануға, өз мүмкіндігін пайдаланып көруге ерінгеннен. Бүгінде шағын дүкен, дәмхана, шаштараз, сән салонын ашу дегендердің бәрі ұсақ бизнес болып қалды. Айына бір миллион табыс табатын бизнестің өзі ұсақ бизнес. Айлық табысы 10-20 миллионнан асса ғана ірі бизнеске жатады. Ірі бизнеспен айналысатындар өте аз.
Алматы көшелерінде самсахана ашқан қазақтар көп. Бірақ, солардың көбі жұмысты станокқа жүктемеген, техниканың озық түрлерін жолға қоя алмаған. Етті де, қамырды да қолмен турап, илейді. Егер осы жұмыстың бәрін станокқа салса, жұмыс өнімділігі артып, түсетін пайда да көбейер еді. Мен Алматыдан «Қағанатты» ашқан адамды ақылды дер едім. Дәмхананың атын елімізде брендке айналдырды да, дәмханалар желісін құра алды. Қазір «Қағанат» Астанада да, өзге қалаларда да бар. Ең бастысы, мұнда тамақ пісіру әдістері жеделдетілген.
2-3 жылда дүкенге бару деген қалады
Интернет десе, үлкендер жағы үрейленетін болды. Баласының күнұзақ интернетте уақытын бос кетіргеніне алаңдайды. Қыз-жігіттер уақытын әлеуметтік желідегі өнбейтін әңгімеге, бітпейтін дауға кетіріп жатыр. Отырып алып, фейсбук, вконтакте, инстаграм, туиттер сынды әлеуметтік желілерде сыңаржақ пікір айтқандармен алысады немесе өзі сондай пікір жазып, өзгелермен керілдеседі. Мұның бәрі әлі де интернеттің мүмкіндіктерін игере алмай жатқанымыздан. 2-3 жылда дүкен аралап сауда жасау, базарға барып киім алу деген нәрселер қалады. Интернеттегі сауда дамиды. Қазірдің өзінде көзі ашық жастар өзінің қалаған киімін, техниканы ғаламтордан тапсырыс арқылы алып жүр. Жастар сайт жасау, сайтта өз өнімін жарнамалау жағын жақсылап меңгерсе, интернеттен мол пайда табуға болады.
Кәсіп ашуға бел буатын жастар жоқтың қасы. Кәсіп ашудың маңыздылығын түсіндіретін алғашқы тегін мастер-класқа 500-дей адам келді. Басында бизнес бастауға ниетті екендерін аңғартып кетеді. Бірақ одан кейін бизнестегі бастапқы капитал, айналым жүйесін қолға алу сынды сабақтарға 500 адамның 100-і ғана жазылады. Ал 100 адамның арасында нақты шешімге келіп, іс байтайтындары 10-ақ пайыз. Мен сол 10 пайыздың болғанына да қуанамын. Кәсіп ашуға белсенділер көбіне 25-30-дың аралығындағы жастар. 25-ке дейінгілердің арасында іс бастайтындар өте сирек. Құмар Жұмахан деген 27 жастағы жігітке мастер-класта айтқандарым әсер етсе керек, қазір кәсіп ашып, автокөліктерге қазақы жабу тігіп жүр. Автожабу шығаруды жолға қойды. Серік Өтегенов деген жігіт фотостудия ашты. Алхан Сатыпалды деген жігіт электронды жайнамаз жасап, сатуды қолға алды. Осындай кәсіп бастаған бірді-екілі жастар бар. Баланы жастайынан саудаға икемдеуіміз керек. Сауда жасап көрмей, өндіріс бастаймын деу бекершілік.
Мен айналыспаған кәсіп жоқ
20 жылдай бизнеспен айналыстым. Былғары тон шығаратын фабрика аштым. Жиһаз жасайтын зауыт құрдым. Еліміздің он алты қаласында жиһаз зауытым жұмыс істеді. Шұжық өндірісімен де айналыстым. «Сарыжайлау» атты қымыз, шұбат, құрт, ірімшік сынды сүт өнімдерін өндіретін үлкен цехым болды. 1994 жылдан бері тұрақты мекемеде істеп, айлық алып көрген адам емеспін. Өз еркім өзімде болғанды қаладым. Бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданында дүниеге келгенмін.
Ол уақытта Үржарда дүрілдеп тұрған ет комбинаты бар еді. Комбинаттың директоры Бахтажаров Серікбек деген кісі болатын. «Волгамен» жүреді. Таскескен, Мақаншы, Үржар сынды үш бірдей ауданды етпен қамдайтын жалғыз сол комбинат. Баламыз ғой, комбинаттың директорын сұмдық абыройлы көретінбіз. Комбинатта құжынаған адам. Жұмыс қайнап жататын. Өзімді ет комбинатының директорының орнында көріп, көп армандайтынмын. Сол кісідей болғым келетін. Үржар ауданындағы Науалы орта мектебін 8-сыныптан тастап, 1976 жылы 15 жасымда Алматыға келдім. Оқу оқыдым, түрлі кәсіптің басын шалдым. 18 жыл өткен соң ауылымдағы ет комбинаты менің иелігімде болды. Үйде 12 ағайындымыз, көпбалалы отбасында өстім. Көпбалалы отбасындағы жағдай белгілі ғой, ата-анамыз тірнектеп жүріп жеткізді. Студент кезде үлкен қалада қиналған кездерімде «кейін менің балаларым мұндай қиындықты көрмейтін болады» деп өзіме серт бергенмін. Құдайға шүкір, балаларымды шетелде оқыттым. Ұлдарым бірнеше тілде сөйлейді.
Еуропаға ет кіргізген қазақты көрмедім
Гуанчжоуда екі жыл тұрып келдім. Адамдардың бойындағы нағыз еңбекқорлықты қытайлардан көрдім. Елге келгенде бар ойым солардың үздік тәжірибелерін пайдалану болды. Қытайдан келген соң үлкен цех ашып, қымыз бен шұбат өндірісін жолға қоймақшы болдым. Цех ашпас бұрын жарты жыл уақытым алдымен Қазақстанды, одан Моңғолияны аралаумен кетті. Қымыз ашыту әдістерін зерттедім. Германия асып, «қымызды патенттен алдық» деп жүрген немістерді де көрдім. Сөйтіп, іске кірістік. Бірақ өндірісті жолға қоя алмадым. Қымыздың құрамын, пайдасын білетін ғалымдарымыз өте көп. Қымызды зерттеген Зұлқарнай Сейітовтен бастап біраз ғалымды іздеп тауып, жұмыс істедім. Олардың бәрі қымыз ашыту әдісін теория жүзінде біледі, іс жүзінде жасап көрмеген. Сонда мен қатты қапаландым. Қымызды әлемдік рынокқа шығара алмадым. Менде дұрыс шикізат болмады. Өзім бие ұстап, сүт өз жылқыларымдікі болғанда жұмысым жолға қойылатын еді. Мыңғырған мал айдап жүрген қазақтар көп. Бірақ ет өндірісінде де біз шетелден едәуір артта қалған халықпыз. Елімізге Аргентина мен Бразилиядан 300000 тонна ет келеді екен. Бәленбай шақырым жол шығыны еттің бағасына қосылғанның өзінде олардың бағасы біздің еттен айтарлықтай арзан. Ал Қазақстанда шөп құнарлы, малдың еті сапалы. «Экологиялық жағынан таза ет» деп, Бразилияға апарып сатуға мүмкіншілігіміз бар. Бірақ соның жолын, әдісін тапқан қазақ жоқ. Бір жағынан оны жолға қою мүмкін емес те сияқты. Кез келген мемлекет өзінің халқының денсаулығын ойлайды. Қазақстаннан Еуропаға ет кіргізу – айға ұшумен бірдей шаруа. Өйткені, Кеңес өкіметінің құрамында болғанымызда біздің ел экологиялық жағымсыз аймақтың тізіміне еніп кеткен. Еуропалықтар әлі сол стереотиптен арылмаған. Сондықтан етімізді әлемдік нарыққа шығара алмаймыз. Ал Қазақстанда малмен айналысып, баюға аса мүмкіндік жоқ. Өйткені, халықтың басым көпшілігі ауылда тұрады. Ауылдағылардың барлығы дерлік мал ұстайды. Бір байқағаным, шеттен келген қазақтар кәсіп істеуге аса бейім келеді. Ал жергілікті қазақтардың арасында жеке іс бастайтындары сирек. Мен сол жастардың бойындағы жігерін оятқым келеді.
P.S. Ахметбек Нұрсиланың бизнес тренингінен кейін бір жас жігіт: «Қытайдан келген қандастарымызды саудаға епті, іс бастауға икемді деп» құр мақтай береді екен. Бірақ оларды қытайлар еңбекқорлығымен ығыстырып тастаған. Бір жаңа дүние бастайын десе, оны қытайлар әлдеқашан бастап, жолға қойған. Қандастарымыздың мүмкіндіктері елге келгеннен кейін ашылды. Мұндағы бейқам жатқан қазақтардың арасына келген соң қытайлардан көрген пысықтығын байқатпағанда қайтеді?!» – деп сөйлеп бара жатты. Не оқу оқымай, небір кәсіп үйренбей, үйінің алдында үңірейіп отырғандар көп қой бүгінде. Жаңағы жігітті де сондай еріншектің бірі деп қабылдадық.
Жазып алған Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ақ желкен», №4. 2015 жыл)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста