ОЛИМПИАДА 2012

Маринаның қайсарлығы жанкүйерлерді тәнті етті

Алты құрлықтың алыптары бас қосқан Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтынға бергісіз және бір жүлде салған қайсар қызымыз Марина Вольнова болатын. Алып Ильяның жерлесі, Астана атынан үкіленген қызылордалық Маринаның бокстағы бұл жеңісін спорттың сарапшы саңлақтарының өзі нағыз сенсацияға балаған еді.




Олимпиада тарихында Лондондағы ХХХ жазғы ойындар әйелдер арасындағы боксты тұңғыш рет енгізілгенімен ерекшеленеді. Әдетте шығыстық мінез-менталитетпен қыздарға тек нәзіктік тұрғысынан қарап үйренген біз үшін Лондон Олимпиадасы біршама жайттың бетін аңғарт­қан­дай болды. Қазақстандық үш бірдей зілтемірші қыздарымыз алтыннан алқа тағып, ерлерге бергісіз ғаламат қайсарлық танытса, қос боксшы қарлығашымыз – Саида Хасе­нова мен Марина Вольнова «қыз­дар­ға бокс қол емес» деушілердің аузына құм құйды. Әсіресе шаршы алаңның ша­ңын қа­ғып, атағы дардай қарсыластан қай­мық­паған Марина Вольнова бүкіл әл­емге бокстағы нәзік жандылардың шеберлігін танытатындай үлкен әсер қалдыр­ғаны рас.

Тұманды Альбионда топ жарған қазақ­стандық Маринаның ең басты һәм сенса­циялық жеңісі ширек финалдағы кездесуінде орын алды десек еш қателеспесіміз анық. Өйткені нәзік жандылар арасындағы болған тартыста 75 келі салмақ дәреже­сін­дегі былғары қолғаптан әлем чемпионы Саванна Маршалға қарсылас шақ келмейтініне сәуегейлік жасағандар көп болатын. Осы салмақтағы алтынның британдық бокс­шының қанжығасында кететініне кү­мән келтіргендер де аз еді. Алайда қызыл­ордалық қайсар қыздың әлем чемпионын айқын басымдықпен ұтуы әлем үшін, оның ішінде жергілікті британдықтар үшін Лондон Олимпиадасының күтпеген жаңалық­тарының біріне айналғаны белгілі.

Марина Вольнова ағылшынның алпауыт боксшы қызы, ринг қожайындарының атынан сынға түскен Саванна Маршалды 16:12 есебімен тізе бүктіріп, қазақстан­дықтар арасынан Олимпиаданың жартылай финалына тұңғыш жолдаманы иеленген еді. Бұл Қазақстан қоржынына кемінде қолаға кепіл болған жолдама-тұғын. «Қат­ты толқудамын! Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз осы Лондонның алдында әрбір жекпе-жекке ерекше да­йын­дала­мыз деп сөз байласқанбыз. Соны орын­да­ған секілдімін. Мен рингте қолым­нан кел­генін аямадым», – деді кейіннен тележурналистерге берген сұхбатында Марина.

Бұдан кейінгі кезекте жартылай финалда жерлесіміз америкалық қарсыласына есе жіберіп, қола медальды қанағат тұт­қан. Расында да, бұл қазақ қызы үшін алтыннан да салмақты медаль еді.

Марина ВОЛЬНОВА, бокстан Олимпиаданың қола жүлдегері

1989 жылы 26 шілдеде дүниеге келген Туған жері: Қызылорда облысы, Қазалы қаласы.

Бокспен 7 жасынан айналысады.

Жетістіктері: Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионы (2010), Әлем чемпионатының (2010) күміс жүлдегері.

Олимпиадаға Астана қаласының атынан аттанды.


Арман АРАЛ, жанкүйер:

– Маринаның жекпе-жегін интернеттен тамашаладым. Шынымды айтсам, мұн­дай қайсарлықты күтпеп едім. Біз ға­на емес, күллі ағылшын жанкүйер­ле­рінің сенімін арқалаған азулы Саван­наның өзі қазақстандық боксшы қыз­дан мұндай жек­пе-жекті күтпеген сыңай байқал­ды. Расында, Астана атынан Лон­донға ат­тан­ған жерлесіміздің жоға­ры жетістігі өске­лең­ге жағымды әсер етеді деп сенемін. Өзім де қызымды боксқа беруге болатынын түсіндім. Рақмет саған, Марина!




Көрілген: 2703    Пікірлер: 0

сейсенбі, 14.08.2012, 11:48

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Тамыз 2012
    Зілтемірші Зүлфия
    14 Тамыз 2012
    Мұқалмас Майя

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30