Бәукеш алған бас бәйге

11 желтоқсан 2021, 22:00

Бәукеш бүгін үлкен үмітпен оянды. Құдай қаласа кешке жақын ұланасыр болмаса да кішігірім той... Келіншегіне өзіне ұнайтын қоңыр кәстөмін үтіктетті. Қоңыр галстугын әдемілеп түйді. Кеше шаштаразға барып, шашын түзеткен еді. Таңда аса бір өсіп кетпесе де сақал-мұртын тағы бір қырған болды. Бүгін қуанышты күн. Бірақ, не қуаныш екенін келіншегіне айтқан жоқ. Алдынала айтсам қызықсыз болып қалар, онан да әбден алғаннан кейін барып айтып, қуаныштан жүрегін жарып жіберейін деп ойлаған. Қарап тұрса, отасқалы бергі он бес жылдың ішінде әйелін қуантпаған екен-ау. Уақа емес, Алла қаласа бүгін соның орны толмақ. Әл әзірге достарына да ештеңе дей қоймады. Оларды да әбден кеште таң қалдырмақ.
Иә, бүгін «Қазақ жыры» атты республикалық мүшәйраның марапаттау рәсімі. Қазірше кімнің орын алғаны, кімнің алмағаны анық емес. Оны ұйымдастырушылар бүгінгі кеште жасырын конвертті ашу арқылы анықтайды. Әгәрәки 35 нөмірлі қолжазба бірінші орынға лайық деп танылса, ұйымдастырушылар 35 нөмірлі конвертті ашады. Ол конверттің ішінде кімнің аты-жөні жазылса, сол бірінші орынның иегері болмақ.
Өмірі мүшәйраларға қатыспайтын Бәукеш осы жыр бәйгесіне қатысқан еді. Жабық бәйге ғой, таланттылардың жолын кесіп жүретіндер осы жолы ешкімнің аты-жөнін білмегендіктен орынды талантты туындыларға берер деп сенген. Және сол сенімі алдамайтынына тағы сенген. Сол сенімнің үдесімен жазу үстеліне отырған. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Бәукеш аса бір ықыласпен шабыттана кіріскен. Шығармасы өзі ойлағаннан да сәтті шықты. Шын мәнінде үлкен дүние жазылған еді. Сол үлкен дүниені үлкен үмітке қоса орап, конвертке салып, жолдаған да жіберген. Міне бүгін сол мүшәйраның қорытындысы шықпақ. Кем дегенде үшінші орын, ол болмаса ынталандыру сыйлығын алармын деген үмітпен салтанат сарайына қарай бет алды. Көп күттірмей келе қалған трамвайға отырды да жөнеп берді. Трамвайға отырарын отырып алып, "осындай салтанатты күні тарсылдатып тоқарбаға мінгенім не" деп өкінді. Таксилетіп-ақ баратын күні еді ғой. Ынталандыру алған күннің өзінде 100 мың теңге сыйақы алмай ма?. Бірақ, Бәукештің кемі үшінші орын алатыны анық. Онда тіпті керемет. Үш жыз мың теңге. Келер аялдамадан түсіп қалды да кезіге кеткен бір таксиге отыра салды. Ақшаның бетіне қарайтын күн бе бүгін, бес жүз теңгені азсынған таксишіге жеті жүз беремін деп келісіп, отыра кеткен.
Такси салып ұрып салтанат сарайының алдына келіп тоқтады. Бұл түсіп қалып, асықпай аяңдап келеді. Сарайдың алдында тұрған әріптес ақындармен арқа-жарқа болып амандасты. Олар аса көңілді екен... Бұған бажайлай қарап:
- Сен де қатысып па едің?-деп сұрады.
- Жоқ, ә. Сендерді көрмегелі біраз болды. Ел-жұртты көріп, сейілдеп қайтайын деп келдім,-деді бұл.
- Ә, бәсе, сен өмірі қатыспаушы едің ғой,-деді келесісі.
- Қатыспағандар келмейтін болғасын сұрап жатқаным ғой. Бірақ елдің бәрі сен емес, сен елдің бәрі сияқты емессің ғой,-деді олар жапырласып.
Сонымен не керек, барлығы ішке енді. Басталатын уақыт жақындап қалды. Бұлар қатысқандарын ашық айтты. Ал, Бәукештің өтірік айтатын ойы жоқ еді. Тек достарын таң қалдырғысы келген. Үшінші орын иегері Байқұтұлы Бәукеш дегенде таңданғаннан көздері тас төбелеріне шығар деп ойлаған. Әйтпесе жасырын бәйгені жасырын алып, жасырынып қашып кетейін деген ойы жоқ.
Бәукеш шын мәнінде талантты ақын. Жазғандары әдеби ортада жақсы бағаланады. Оқырмандарынан да аз-кем хат алып тұрады. Бірақ, бәйгеге қатысуға құлықты емес. Бәйгеге қатысқасын қазылар алқасында кімдердің бар екенін білу керексің. Сөзің өтетіндерге өзің айтып, сөзің өтпейтіндерге біреулерге айтқызуың керек. Ал, Бәукештің бұндай іске қыры жоқ. Жаны сүймейді. Ал, айтпасаң, айтқызбасаң орын ала алмайтының тағы анық. Орын ала алмасаң қатысудың, бекерге көңілді қорлаудың қажеті қанша. Шыны сол, бұл Бәукештің жаны тым нәзік. Егер орын ала алмай қалса біреулер құсап дарақы күлкісін жалғастырып жүре бермейді. Жаны ауырып қалады. Сол себепті де бәйге атаулыдан ат ізін аулақ салатын. Ал, бұл бәйгенің адал өтетініне сенгендіктен қатысты.
... Сонымен марапаттау рәсімі басталды да кетті. Бірінші жасырын конверттерді ашу арқылы ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Бәукештің аты аталмады. Бәукеш ух деді терең дем алып. Ынталандырудан аман өтті. Өзі өз болып бір қатысқанда ынталандыру алып қалса онша бір қуаныш болмайды да енді. Оның үстіне бәйгеге қатысқан шығарма қандай десеңші. Ынталандыру алғандардың ішінде Жолай деген құрдасы бар екен. «Төу осы да қалмайды екен...» деп ойлады іштей. Жолай десе жолай-ау, кез-келген мүшәйраңызға жолай қатысып жүре береді. Дұрыс, бұл ынталандыру сыйлығы дегеніңіз осы Жолайлардың жөні ғой. Таланты белгілі адамның не жазғанын шамалау да қиын емес қой. Қалған екі ынталандыруды алған авторларды Бәукеш танымайтын болып шықты. Шалғай ауылдардан жыр жолдаған жас авторлар болса керек. Соған қарап отырып Бәукеш бұл бәйгенің адал өтіп жатқанына сенді.
Араға бір-екі музыкалық номер салып, үшінші орын хабарланды. Хабарланар алдында Бәукеш галстугын түзеп, тамағын кенеп қойды. Өзі де шақырып қалса жұртты әурелемейін деп шеткерек отырған. Шығып кетуге ыңғайлы. Бірақ, хабарланған екі үшінші орында да бұның аты аталмады. Жүрегі бүлк ете қалды. Қуаныштан. Сонда қалай, шынымен-ақ екінші орынға ілігіп-ақ кеткені ме? Үшінші орын иеленген екі ақын да осы Алматылық ақын. Екеуі де талантты. Екеуі де қуанышты. Үшінші орын алған екі ақынның құрметіне тағы да ән орындалды.
Ән орындалып жатқанда екінші орын алған авторға берілетін ақшаның сомасын есіне түсірді. Бес жүз мың теңге! Соншалық көп ақша емес. Және сорлы да емес. Ең бастысы екінші орын деген аты ғой. Келіншегі қатты қуанатын болды. Бәукештің ақын достарының әйелдері барған жердің бәрінде күйеулерінің алған орындарын сөз етісетін. Сондай сәттерде бұның әйелі әңгімеден шеттеп қалатын. Бірақ өкпелемейтін. Өкпелесе өкпелеген де шығар-ау, бірақ ашып айтқан кезі жоқ. Жә, не де болса бүгін бір қуанатын болды.
Екінші орын алған екі ақын да хабарланды. Бәукештің аты тағы да аталмады. Бұл жолы Бәукем қорқайын деді. Үмітті күдік жеңе бастады. Сонда қалай? Шынымен-ақ, түк бұйырмай қалуы мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Шығарма анау, талант мынау. Мына екінші орын алған екі ақыныңыздан Бәукемнің таланты әлдеқайда жоғары. Бұлар кім, Бәукеш кім? Салыстыруға келмейді. Тек Бәукештің ресми мойындалмай жүргені болмаса, осы орын алып жатқандардың әрқайсысы Бәукештің алдында көп төмен. Сонда қалай, біріншіні алып-ақ кеткені ме? Солай болғаны ғой.
Арада тағы ән орындалды. Бұл жолы ән ұзақ айтылғандай, тым созылыңқырап кеткендей болды. Кім орындап жатыр, қандай ән, Бәукеш түк ұғар емес. Қуаныштан өрекпіген жүрегі ештеңені ұқтырар емес.
Бір кезде бірінші орынның иегерінің аты жазылған конвер те қырқыла бастады. Жүргізуші салтанатты дауыспен тақ бір өзі алып тұрғандай:
- Бірінші орын иегері Байқұтұлы Бәукеш,-дейді-ау қазір, бұйыртса.
Жоқ, олай болмады. Бірінші орын бәйгеден бәйге қоймай жүретін тойымсыз шалға тиесілі болып шықты. Оның аты аталғанда жұрттар «осы шалға не жетпейді» деп күбірлесіп кетті. Жақтырмағандықтары ғой, оның (бірінші орын иегерінің) байлығын, баласының қызметін жіпке тізгендер де болды. Осындай жағдайы бола тұра бала-шағамен бірге жарысып бес-он тиынға таласып жүргенінен жиіркенді.
Бәукеш оның бірін де елең қылмады. Өйткені ол бас жүлде иегері еді. Енді бас жүлдеден басқа орын да қалған жоқ. Ал, бұның орынсыз қалуы мүмкін емес. Басқа-басқа шығармаға сенеді. Шығарма енді мына орын алып жатқан шығармалардың әрқайсысының ауызын ұрып алатын-ақ дүние. Әй, осы қазыларды да кейде орынсыз жекиміз. Бұлардың да белгілі бір мөлшерде адалдығы бар екен-ау. Ар-ұятың кірген екен қазағым. Әділдікті тапқан екен зиялым.
Бас жүлдені хабарлардың алдында екі бірдей ән кетті. Неге екі ән? Бағанадан бәрі бір-ақ әннен орындалып жатпап па еді?. Ә, бұл бас жүлденің құрметіне екен ғой. Жөн, жөн. Бәукеш екі әннің де өзіне арналып орындалып жатқанын жан-жүрегімен сезді. Марқайып-ақ қалды. «Құдайым-ау, бердің-ау, бердің» деді, іштей қатты тебіреніп.
Екі ән орындалып болғанша өз қиялымен болып кетті. Бас жүлденің ақшалай сыйлығы – 1 миллион теңге. Алла-ай, аяқ-асты бұл да миллионер бола салды-ау. «Адам деген пенде екен, мүсәпір болу демде екен» деген мақалды «адам деген пенде екен, миллионер болу демде екен» деп өзгертті. Өзінің осы бір болмашы тапқырлығына мәз болып, ешкімге білдірмей бір жымиып алды. Денесі ысып, беті дуылдап-ақ тұр. «1 млн теңгенің кем дегенде 100 мың теңгесін жұмсаймын, мына отырған ақын достарға дастархан жайып, жуып беремін» деп ойлады. Осы маңда «Аққу» деген кафе бар еді, сонда ертіп барамын деп бір ойлады да, артынша айнып қалды. Бұл кафе қымбаттау. Онан да өзімнің үйім жақтағы «Гәкку» деген кафеге апарамын деп шешті. Артынша ол ойынан да айныды. Осындай қуанышты күні, осыншама жүлде алып тұрып, тарынғаным не деп өз-өзіне жыны келді. Жә, ешкімді сүйрелемей «Аққу» кафесіне-ақ бара салатын болды. Және ерген адамның ешқайсысына қал демейді. Бәрін ертіп апарады. Айтсын тілектерін. Азар болса тағы бір елу мың теңге артық шығар. Нешауа.
Ар жағындағы ақша да біраз жыртықты жамап, бірер қарыздан құтылуға жетіп жатыр. Оның сыртында ұлына белесебет, қызына қымбат ұялы телепон аламын деп ойлады. Әттең, мәгезіндер жабылып қалады. Әйтпесе сол құрығыр белесебеті мен телепонын бүгін-ақ алып барар еді. Екеуі қатты қуанар еді. Нешауа. Ертең де таң атады. Және қандай таң десеңізші.
Көп ішпеу керек. Ертең келімді-кетімді кісі бар, базар аралау керек. Ең бастысы әйеліме қымбат норка шуба аламын деп ойлады. Байғұс осы босағаны аттағалы бергі он бес жылдың ішінде бірде-бір рет қымбат киім алмаған екен-ау. Кисін, жұрттың әйелінен қай жері кем. Байғұс, мейрамханаларда болып жататын ағайын-туыс, дос-жарандардың тойларына барғанда елден бұрын барып, ешкім жоқта сырт киімін шешіп, өткізіп тастаушы еді-ау. Ұялғанынан. Енді бұлар да ел жиылған уақытты күтіп, адам қарасы көбейді-ау дегенде қол ұстасып кіріп бармақ. Әйелінің үстінде қымбат норка шуба. Жалт-жұлт етеді. Ә, Құдай қаласа ол күнге де жетті.
Өстіп өз қиялымен өзі болып отырғанда жүргізуші сахнаға шықты. Бәукеш мүлде отыра алмай кетті. Қанаттанып кеткендей ме, Құдай-ау. Жүргізуші бас жүлдегердің аты-жөні мен мекен-жайы жазылған соңғы конвертті алып, қазылар алқасының төрағасына кескізді. Ішінен шыққан қағазды ашып оқыды.
-Бас жүлденің иегері Байқұтұлы Бәукеш,-деген жоқ...
Амал жоқ. Е-е-ей, сорлы дүние-ай. Қор қылған сорлы үміт-ай. Бәукешті көтеріп, көтеріп келіп көтенімен бірақ түсірді-ау. Бәукеш есінен адасып қалды. Қатты соққы алған боксерлар онға дейін есін жимаса не болатын еді? Сол болды ғой. Он бес жиырма дегенде ме, әлде сексен, жүз дегенде ме есін бірақ жиды. Жұрт жапырласып-ақ жатыр екен. Бас жүлдегердің кім екенін білгенде жиіркеніп-ақ кетті. Кәдімгі ортаңқол талант. Оның кім екенін жұрттың бәрі біледі. Ұялса етті. Бейшара ең құрымаса екінші орын алса не етті? Қазыларыңызда да ұят жоқ екен.
Бірден кетіп қалудың ретін таппады. Екінші орын алған екеудің бірімен араластығы бар еді, сол «дастархан жаямын, бірге бол» деп, қоярда-қоймай ертіп алған. Оның үстіне іші күйіп-ақ бара жатқан. Барды. Ішті. Іші күйіп тұрып тілек айтты. Көңілсіз ішкендікі ме, тез масайып қалды.
Үйіне қалай келгенін білмейді. Кірген күйі әйеліне: - Әділет деген жоқ екен ғой, Әйкеш,-деді.
Әйелі білмегенсігенімен бәрін де сезіп жүрсе керек...
-Өйтіп бекерге күйінбе. Олар алса, орын алды. Алғандары ас болсын. Ал, Алла саған үлкен талант берді. Сол сенің бәйгең, сол сенің бас жүлдең. Жазған дүниелерің мен осыншама ықыласты оқырмандарыңнан артық саған ненің бәйгесі керек?-деді.
-Осының филология факультетін бітіргені қандай жақсы болды. Мехматты бітірген біреуді алғанымда күйіктен өлер едім-ау, мүмкін, менің мына жалған өмірден алған бас бәйгем осы әйел шығар-деді де Бәукеш қор ете қалды.

facebook.com