Рамазан айында жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдайсыз ба?

02 маусым 2014, 14:46
Бүгін – қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Еліміздегі мұсылмандардың басым көпшілігі Жаратушының ризашылығы үшін ауыз бекітіп, парыздарын өтеуге кірісті. Жыл өткен сайын ауыз бекітетін уақыт ұзарып, аптап ыстық жаз айларына дөп келуде. Бұл отбасының қамы үшін түрлі қызметтерді атқарып жүрген азаматтардың бес парызының бірі – ораза ұстауына қиындық туғызуы мүмкін. Себебі адам ағзасының физикалық күші шектеулі. Күні бойы ауыр құрылыс пен шахтада т.б. өндірістік орындарда істейтін азаматтардың жұмыс уақытын ауыз ашатын уақытқа ыңғайлау керек шығар. Бұл мәселені қолдайтындар жеткілікті. Десе де «біз зайырлы мемлекетпіз» деп, жұмыс уақытын ауыз ашатын мерзімге ыңғайлауға қарсылық танытқандар да табылды. Сонымен, сарапшыларымыздың пікіріне кезек берсек.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Иә
– Әрине, бір ай жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдаймын. Себебі біздің елде жыл өткен сайын ауыз бекітетін уақыт күннің ұзақтығына байланысты созылып барады. Араб елдерінде болып, көзбен көрген адам ретінде айтатын болсам, көптеген Араб мемлекеттерінде Рамазан айынан тыс уақытта да жұмыс уақыты таңғы 8:30-дан түскі 14:30, 15:00-ке дейін ғана болады. Бұл енді күннің ыстықтығына байланысты ма әлде өздерінің менталитеттері ме – оны анық білмедім. Содан кейін Араб елдерінің басым көпшілігі экватор сызығына жақын орналасқаннан кейін, оларда күн кеш шығып, ерте батады. Біздің елмен салыстырғанда, күннің ұзақтығы анағұрлым қысқа болып келеді. Яғни мұсылмандарға ораза ұстау парыздарын орындауға қолайлы. Сонымен қатар отыз күн оразада арнайы концерттік бағдарламалар, телеарналарда рухани бағдарламалар көптеп беріледі. Яғни ауыз бекіткен мұсылмандар ауызашардан кейін демалады.
Олардың көшеде серуендеуіне де жағдай жасалған. Кәдімгі мереке екені сезіледі. Қанша ислам мемлекеті болса да, денсаулығына байланысты ауыз бекіте алмайтындар болады ғой. Ораза ұстамағандар Рамазан айында көшеде тамақ ішіп, шылым шегіп жүре алмайды. Мұндай әдетке барғандар мұсылманның парызын өтеушілерге құрмет көрсетпегені үшін тіпті әкімшілік жазаға да тартылуы мүмкін. Бізде ораза ұстап жүргендерге құрмет ретінде жұмыс уақыты ыңғайлап берілсе, игі іс болар еді. Жыл сайын он күнге жылжып келе жатқан ораза уақыты енді бір-екі жылда шіліңгір шілдеге түседі. Тіпті еліміздегі мұсылмандар алдағы он шақты жыл бойы жаз айларында ораза ұстайды. Биыл тамыз айына дөп келіп отыр. Оның үстіне, биылғы жазда күн қатты ыси қойған жоқ. Қоңыр салқын ауа райы мұсылмандарға парызын өтеуіне жағдай жасап тұрғандай. Бірақ алдағы жылдарда жаздың ұзақ күндеріне келген уақытта қиналып қалуы мүмкін. Алланың ризашылығы үшін мұсылмандар шыдайды ғой. Бірақ адамның ағзасы өте нәзік екенін де естен шығармауымыз қажет. Сондықтан осы бастан Рамазан айында ораза тұтушылардың жағдайын ескеретін мәселелерді қолға ала беру керек шығар. Конституцияда зайырлы мемлекет екеніміз анық жазылған. Барлық жұмыс орындарының жұмыс сағаттарын жаппай қысқартуды жүзеге асыру – қиын шаруа. Дегенмен зайырлы мемлекетіміздің негізгі заңында демократиялық, адам құқығын бәрінен де жоғары қоятын ел екенімізді көрсеткенімізді де ұмытпауымыз керек. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жекелеген келісім-шарттарда еңбек уақытын ауызашарға ыңғайлай алатын баптарды қарастыру керек шығар. Азаматтардың талап-тілектері бір жерден шығып жатса, бұл мәселені де реттеуге болады деп ойлаймын. Сондықтан ораза айында жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдайтындардың қатарындамын.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:
Жоқ
– Студенттерімізге дәріс оқығанда «ең жоғарғы билік – Алла тағаланың қолында» деп түсіндіреміз. Және оған ешкім күмән келтірмейді деп ойлаймын. Біздің елдің Конституциясында «зайырлы мемлекетпіз» деп көрсетілген. Яғни дін мен мемлекет бір-бірінен ажыратылған. Менің ойымша, Қазақстан ислам мемлекеті болмағаннан кейін, оның саяси жүйесі дінмен байланыспай жұмыс істегені дұрыс. Яғни елдің экономикалық-өндірістік, саяси мүдделері бірінші кезекте тұруы тиіс. Жалпы экономикада, өндіріс ошақтарында бір айдың өзі үлкен рөл ойнайды. Өндіріс ошақтары, жекелеген компаниялар болсын – барлығы да жылдық жоспармен жұмыс істейді. Өздері алдарына қойған межелеріне жетуді мақсат етіп қояды. Осындай кезеңдерде жұмыс күші ауадай қажет. Дәл қазір – егін, жеміс-жидек теретін науқан кезеңі. Бұл үрдіс қыркүйек айына дейін жалғасады. Сонда осындай азық-түлік қорын жинайтын науқан кезінде қауырт жұмыстарды тоқтатып қойғанымыз дұрыс емес. 
Меніңше, бүкіл мемлекет халқы ораза ұстамайды. Жалпы, Рамазан айында ауыз бекіту – әркімнің өзіндік міндеті. Сондықтан жекелеген азаматтарға бола тұтас бір ел халқы ораза ұстайтын ислами мемлекеттердің тәсілін тықпалау керек емес. Арақ-шарап өндіретін зауыттарда істейтін азаматтардың арасында да ауыз бекітіп, мұсылмандық парызын орындайтындар баршылық. Бірақ олардың барлығы ораза кезінде жұмыстарынан шығып кетіп жатқан жоқ қой. Біздің мемлекетте онсыз да ауыз бекіту қолайлы деп ойлаймын. Мысалы, қыс айларында ауыз бекіту уақыты өте ұзақ емес. Адамдар жұмыс кезінде шаршап-шалдықпайды. Мұны ораза ұстап жүргендердің өзі де растайды. Ал жаз айларында күн кешкі 8-сіз батпайды. Қазір дәл сондай кезең. Сағат 18:00-де жұмыс уақыты аяқталады. Көшедегі көлік кептелісімен үйіне барғанның өзінде азаматтар сағат 20:00-де ауыздарын ашып үлгереді. Ораза уақыты алдағы жылдары тіпті ұзара бермек. Жаз айларында демалыс алатын мемлекеттік мекеме жұмысшыларына жаз кезінде ораза тұту тіпті тиімді болмақ. Себебі алдағы бір-екі жылда кешкі сағат 9-дарда ауыз ашатын күндер келеді. Яғни біздің елде оразаның жұмыс кестесіне тигізетін зияны жоқ. Бұл жерде ауызашар уақыты мен жұмыс кестесінің арасынан ешқандай да қарама-қайшылық көріп отырған жоқпын. Сондықтан жекелеген азаматтардың ораза ұстауына бола бүкіл мемлекеттік механизмдердің іске асу тетіктерін өзгертудің қажеті шамалы. Бұл идеяның қоғам арасында айтылып келе жатқанына да біраз болды. Бірақ біз шариғат негізінде жүретін ислам мемлекеті емес екенімізді тағы бір мәрте айтқым келеді. Біздің мемлекетте тұрғаннан кейін, әрбір азаматтың ел заңдарын мүлтіксіз орындауы басты шарт болып бекуі керек. Сондықтан бір ай ораза кезінде жұмыс уақытын ауызашарға ыңғайлауды қолдамаймын.

Бейтарап пікір
Дәурен Бабамұратов, республикалық «Болашақ» қозғалысының төраға орынбасары:
– Егер біз ислам мемлекеті болсақ, о баста тиісті заңдар қабылданып, бұл мәселе реттелетін еді. Бірақ біз ислами ел емеспіз. Дегенмен жыл өткен сайын мұсылмандық парызын өтеушілердің қатары көбейіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы заң керек шығар. Қазір қоғамда азаматтардың көпшілігі жеке секторда жұмыс істейді. Яғни оларға бұл мәселені шешу үшін тікелей жұмыс берушімен келісе алса жеткілікті. Мысалы, біздің елде жұмыс істеп жатқан Түркия мемлекетінің компанияларындағы қазақстандықтар ораза кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие болады.