Сабақты дұрыс түсіну үшін оразаны кейінге қалдырсам бола ма?

10 маусым 2014, 14:10

Сәлеметсіздер ме? Мен студентпін, бірақ ораза тұтқым келеді. Сабағымды дұрыс түсіну үшін, оразаның кейбір күндерін тұтпай-ақ, кейін қазасын өтесем бола ма?
Арман Медетбек, «Алаш айнасының» сайтына түскен сұрақтан.
Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл басылымы – «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы ӨМІРБЕК жауап береді:
–Ораза ұстау сабақтарыңа кедергі болмайды. Керісінше, жақсы түсінуің үшін көмекші болады. Қарын қатты тоқ болса адамның миы жақсы жұмыс істемейді. Аш адамның зеректігі ашылып, түсіну қабілеті күшейеді. Бұл тек медициналық жағы. Ал ораза тұтқанда Алла тағаланың жаудыратын рахметі, мейірімі мүлдем бөлек. Оны түсінуге ақыл жетпейді.
Рамазанның күнінде ораза ұстау үлкен ниғмет болып табылады. Бұл ниғметтен махрұм қалмау керек. Ораза ұстауды үлкен олжа деп білу керек. Хадис шәрифте былай бұйырады:
«Рамазанда бір күн ораза тұтпаған адам, оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды». Демек, Рамазаннан басқа уақыттарда өмір бойы ораза тұтатын болса да рамазанда тұтылған бір күндік оразаның сауабына қауыша алмайды. Бір хадис шәрифте былай бұйырады: «Алла разылығы үшін бір күн ораза тұтқан адамды Алла тағала бір күндік ораза себебімен жаһаннам отынан 70 жылға алыстатады».