Отбасы - ошақ қасы

Әкемді ешқашан кешірмеймін...

  • https://paramartha.ru/

    https://paramartha.ru/

Әкесі мен анасы қасында болса, бала үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Шіркін, жер бетіндегі баланың бәрі бақытты болса ғой. Мен «Алаш айнасы» оқырмандарына өзімнің балалық шағым туралы әңгімелеп бергім келіп отыр. Бұл менің мұңым да, сырым да деп қабылдаңыздар.

 

Біз отбасында үш ағайындымыз. Менің алдымда әпкем бар, өзімнен кейін інім бар. Біз кішкентай кезімізден өте тату өстік. Әкем аудан орталығында үлкен лауазымды қызметте істеді. Анам үй шаруасындағы қарапайым жан еді. Мен анамды қатты жақсы көрдім. Барлық бала анасын жақсы көреді ғой. Бірақ көпшілігіміз анамыз жанымызда жүргенде оны қадірін біле бермейміз. Мен анамның өмірден ерте кетіп қалғанына өкінем. Бағып, қағып өсірген бала шағасынының қызығын көрмей кеткені өкінішті.

 

Қазір өзім де анамын, бір қызым бар. Жасым 23-те.

 

Мен анамнан 12 жасымда айырылдым. Бір күні мектептен келсек үйдің іші толған адам, бәрі жылап сықтап сабылысып жүр. Нағашы әжем бізді көре сала бас салып, «жетімектерім-ай, құлыным сендерді қалай ғана қиып тастап кетті» деп боздап қоя берді. Інім екеуміз түкке түсінбей аңырап тұрмыз. Жан жағымыздан адам қаптап, туған-туыстарымыз жиылып, олардың сөзінен анамыздың қайтыс болғанын естідік. Мен сол күні бірден бірнеше жасқа есейіп кеткендей болдым. Менен үлкен әпкем 16 жаста болатын. Бірақ оның бала кезінен денсаулығы болмады. Туабітті дертінен құлағы естімейді және тілінің мүкістігі бар еді. Әжем және анамның әпкелерін, әкемнің туыстары бізді құшақтап зар жылап жатқанда әкем бізге жақындай алмады. Өның жүзінде өкініштен бұрын қорқыныш, қобалжу басым болған секілді. Мен сол кездегі әкемнің күйін білмеймін ғой, бірақ қазір біраз шындықты білгеннен кейін оны жек көріп кеттім.

 

Анам қайтыс болғаннан кейін бізді нағашы әжеміз бен атамыз қамқорлығына алды. Аудан орталығындағы үлкен үйімізден әжем бізді ауылға алып кетті. Әкемнің «Балаларымды өзім қараймын, ешқайда жібермеймін» дегеніне қарамастан әжем бірден шешім қабылдады. Басқалары оған тіпті қарсы келе алмаған секілді. Әкемнің неге бізді әжеме оңай бере салғанын кейін түсіндім.

 

Біз бертінге дейін әкемізбен араласып тұрдық. Ол анам қайтыс болған соң 2 жылдан кейін қайта үйленді. Бірақ бізге үнемі көмектесіп, қарасып тұрды. Ол әжемнің үйіне келмейтін, біз де бұрынғы үйімізге барған емеспіз. Ол бізге көбінесе мектепке баратын киім-кешегімізді алып беріп, ақша тастап кету үшін кіріп шығатын, кейде басқа біреулерден бізге анау-мынау беріп жібереді. Мен әжемнің әкемді жақтырмайтынын сезетінмін. Бірақ әжем бізге ешқашан әкемізді жамандап, ол туралы бір ауыз жаман сөз айтқан емес. Бірақ есейе келе көрші әйелдердің, мамамның әпкелерінің біздің сыртымыздан: «бұл жетімектердің көзі жасы жібермейді әкелерін. Оңбаған Гүлмәрияның түбіне жетіп тынды» дегенін құлағым шалып қалатын. Гүлмәрия менің марқұм анам. Кейіннен қоярда қоймай әжемнен бар шындықты сұрап алдым. Өзім тұрмысқа шығар алдында әжем маған шындықты ашты.

 

Менің анам әкемді өте қатты жақсы көріпті. Тіпті ата-анасының, туған туыстарының қарсылығына қарамастан әкеме тұрмысқа шыққан екен. Әкем өте ауқатты отбасынан шыққандықтан нағашы ата-әжем қыздарын оған тең көрмеген. Құдалары өздерін менсінбейтінін, байдың баласы қыздарының қадірін түсіне алмайтынын сезсе керек, анамның әкеме қосылуына қарсы болыпты. Алайда анам әкемнің етегінен ұстап кете барған.

 

Әжемнің айтуынша, анам мен әкем үйленгеннен кейін бірнеше жыл балалы бола алмай қиналады. Анам қанша дәрігерлерге көрініп, бақсы-балгерлерді арала да бала көтере алмайды. Амалы таусылғаннан кейін олар жетімдер үйінен бала асырап алуды ұйғарады. Сөйтіп менің әпкемді туа сала асырап алған екен. Мамам әпкемді өз баласындай бағып-қағып, оған барынша ана мейірімін төгеді. Бірақ асырап алған қыз баланың өсе келе дімкәс екенін біліп қатты қиналады. Әпкемді де қаратпаған дәрігерлері қалмапты. Сөйтіп жүргенде анам өзінің жүкті екенін біледі. Асырап алған балаға деген аналық мейірімі оянғаннан ба, өзіне де Алла нәресте сыйлайды. Отбасын құрғанына 5 жыл дегенде дүниеге мен келіппін. Сол кездегі анамның қуанышын, бақытын көз алдыма елестетемін кейде. Менен кейін көп ұзамай інім дүниеге келіпті. Біз кішкене кезімізде өте бақытты, тату отбасы болдық. Анам мен әкемнің ұрсысқанын ешқашан көрмеппіз. Анам әпкемді қолынан тастамайтын. Бізді жақсы көрсе де, ол үшін әпкемнің орны ерекше болды. Он екі жасқа келгенше мен алаңсыз бала болдым. Мектепте балалардың алды болдық. Әпкем арнайы мектепке баратын. Інім екеуміз лицейде оқыдық. Жақсы оқып, өнерімізбен де көзге түсіп белсенді болып жүретінбіз.

 

Мен анамның неге аяқ астынан қайтыс болғанын бойжетіп, ес білгенше білмедім. Бізге әжем анамды ауырып қайтыс болды деп айтатын. Кейін білгенім, анам өзіне өзі қол жұмсапты. Әжемнің айтуынша, анам әкемнің басқа әйелдермен қыдырғанынан әбден қорланған көрінеді. Әкем лауазымды қызметте болған соң жұмысбасты болды. Бізге барлық жағдайды жасайтын. Сөйтсек, әкемнің ең үлкен кемшілігі анамның көзіне шөп салатындығы екен. Біз бала болғандықтан онысын білмедік. Анам да әкеме ешқашан кейіп, ренжігенін бізге көрсетпеген.

 

Естуімше, әкем анам қайтыс болар алдында басқа әйелмен тұрып жатқан екен, ал бізге анда-санда ғана келетін. Анам бізге әкемді үнемі жұмыста деп айтатын. Күйеуінің күйігінен анам өзіне қол жұмсапты. Байғұс анам-ай, жаны қалай күйзелді десеңші. Іштен тына-тына әбден төзімі таусылған ғой. Жүйке жүйесі де сыр берді ме екен. Бір-ақ күнде бізді тастап кете барыпты. Жаны жәннатта болсын деп тілегеннен басқа қолымыздан келетін шара бар ма? Ал әкем болса өзінің отбасымен түк болмағандай өмір сүріп жатыр. Анамның обалына неге қалды екен? Мен әкемші ешқашан кешіре алмайтын шығармын...

 

 

 

Балнұр, Аягөз

alashainasy.kz




Көрілген: 3172    Пікірлер: 0

сейсенбі, 17.08.2021, 17:43

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...
    9 Қыркүйек, 01:14
    Қайынағам қырындап жүр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31