Отбасы - ошақ қасы

Әйелімнің кесірінен туған туыс босағадан аттамайтын болды

  • Әйелімнің кесірінен туған туыс босағадан аттамайтын болды

    Әйелімнің кесірінен туған туыс босағадан аттамайтын болды

Мен жасым 30-ға келгенше үйленбей, біраз уақыт бойдақтық өмір кештім. Үй-ішім үнемі «үйлен, үйлен» деп құлақ етімді жейтін. Бас құрамайын деген жоқпын, тек мен ұнатқан қыздардың біреуі үйленуге келіспесе, енді бірі қалада тұрсақ деген шарт қойды. Бірақ мен ауылдан әке-шешемнің жанынан кеткім келген жоқ. Сөйтіп, уақыт өте шықты.
Сөйтіп жүргенде жасы өзімнен үш жас үлкен қызбен таныстым. Ол да ересек адам, екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінерміз дегенмін. Алғашында шынымен де солай болды. Біз ұзақ жүрмей, бас қосуға келістік. Себебі уақытты созып алсақ, оның жасы бала туатын жастан асып кете ме деп қорықтым.

Сонымен дүрілдетіп той жасап, үйлендік. Біз әке-шешеммен бірге тұрдық. Әйелім Жансұлу өз пікірі, әдет-салты қалыптасып қалған ересек адам болғандықтан ба, анамның жол сілтегеніне көнгісі келмейтінін байқайтынмын, бәрін өз дегенімен істегісі келеді. Бірақ өз қолыңды өзің кесе алмайсың, үнсіз көніп жүрдім.

Біздің үйленгенімізге бір жыл толар-толмаста інім де шаңырақ көтерді. Ішімнен Жансұлудың сырласатын, ой бөлісетін адамы табылды-ау, енді анаммен ренжісуін азайтатын шығар деп қуандым. Бірақ, мәселе бұрынғыдан ушықпаса, жеңілдеген жоқ.

 
Жансұлудың үй шаруасына ебі жоқ екенін байқадым. Тазалыққа да мән бермейді. Бөлмемізге кіріп алады да, кешке дейін шықпайды, үй шаруасына көмектесу дегенді үйге келін түскеннен кейін мүлде қойды. Аяғы ауыр болғандықтан шығар деп жылы жауып қойдық. Бірақ анам күбірлеп «аяғы ауыр болған ауру болған деген сөз емес қой. Онысы несі?!» деп қояды. Маған қарата айтқан түрі ғой енді. Ал мен болсам, мұрнымның астынан бірдеңе міңгірлеген боламын.

Сөйтіп әке-шешем ақыры бізді бөлек шығарамыз деп шешті. Жансұлудың бар жасауын тиеп, өз үйімнен аздаған дүние-мүлік қосып, бөлек отауға шықтық.

Шашы бұйраланып, мұрны пұштиып өмірге бір қыз бала келді. Өзімнен аумайтын кейпін көріп, көзін ашпай, пысылдап ұйықтап жатқан қызыма қараймын да осындай нәресте сыйлаған Жансұлуды бұрынғыдан да жақсы көріп кетемін. Өзі босана алмай, ішін жарып алған, содан ба бұрынғысынан бетер қиналғыш болып алды.

Кішкентайымыз қырқынан шыққанша анам үйде болып, суға түсіріп, баланы сылап, баптады. Жансұлуды анам тек баланы емізетін кездерде ғана оятып, түні бойы қызыма өзі қарады. Әйтеуір түнде көрші бөлмеден баланың жылаған, анамның әлди әнін айтқан дауысын естіп қалатынмын. Одан кейінгі кездерінде баламды түндерде өзім бақтым. Жансұлуды мен де баланы емізіп берші деп оятатынмын. Мен бұл іске әбден төселіп алдым. Содан ба, қызым анасынан гөрі маған көбірек жақын болып өсті.

Қызымның жаялықтарын жуу, қосымша тамағын беру сияқты жұмыстардың бәрін атқардым. Бұған дейін әкемнің жеке трактор, комбайндарын жүргізіп, ауыл арасында жұмыс істеуші едім, бөлек шыққанда оның бәрі жайына қалды. Үйде балаға бір адам, Жансұлуға қарайтын бір адам керек сияқты. Бұрынғы жатыс жатыс па, енді мүлде орнынан қозғалмайтын болды. Бірте-бірте ас үйдің де бүкіл шаруасы менің мойныма артылды.

Әкем бірде «Балам, әбден үйкүшік болыпсың» деді. Осы сөзі маған қатты ауыр тиді. Іштей күйзелдім, бірақ қызымның тәтті қылықтарын көргенде бәрін ұмытып кетемін.

Әйтеуір жұмысқа да шықтым ғой. Бірақ жұмыстан шаршап келгенде үйдің іші шашылып, таңертеңгі төсек те жиналмай жатады. Тамақ ешқашан дайын тұрмайды. Қызым байғұстың үсті кір-қожалақ, жалбыр-жұлбыр болады да жүреді. Ас үйге кірсең, таза ыдыс таппайсың, өзің қажеттісін жуып-шайып алып барып, үстелге отыруың керек. Мен мұның бәріне үйреніп кеттім. Бірақ ата-анам, дос-жарандарым, туған-туыстарым келуді сиретті. Олардан өзім де ұяламын. Бірте-бірте мен де үйге ешкім келмесе екен деп тұратын болдым.

Жора-жолдастарымның үйіне барсам, бәрі тап-тұйнақтай, әр зат өз орнында, дастарқаны жайнап, бала-шағасы да тап-таза, сүп-сүйкімді болып жүреді. Сондайда қатты қызығамын, өзіміздің жайымызды салыстырғым да келмейді.

Үйге кісі келсе, асықпай отырып шай құйып та бере алмайды Жансұлу. Өзі ішіп алып, тұрып кете береді. Шәугім-шәйнектің құлағын маған ысыра салады да, өзі шаршап тұрғанын, басы ауырып тұрғанын, сондай себептерін айтады да үстел басынан тұрып кетеді.

Достарыммен бірге шығып кетсем, көшені басына көтеріп, айқайлайды «қайт» деп. Жерге кіріп кете жаздаймын.

Кейде жолдастарым «Әйелің үлкен болған қиын шығар, бетіне қарап сөйлеуге қорқасың, иә?» деп келемеждеп қояды. Бірақ, қанша ашуланып, ұрсайын десем де, жай айтқаным болмаса ұрса алмаймын. Оның үстіне көкбеттігінен де қорқамын, шынында. Ең ақырында «Әбден осылай қалыптасып кеткен ғой, менің айтқанымнан не өзгереді дейсің» деп ойлаймын.

Қанша шыдамды болғаныммен, әбден шаршадым. Өзімнің ер адам, бір үйдің азаматы екенімді, бір шаңырақ иесі екенімді сезіне алмай кетемін бе деп қорқамын.
Автор: Ербол, Қызылорда облысы.
 




Көрілген: 3692    Пікірлер: 0

бейсенбі, 28.01.2021, 16:03

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Сәуір, 17:15
    Өгей ана
    29 Наурыз, 12:42
    Баламның әкесі басқа
    12 Наурыз, 16:40
    Қайынағам шаршатты
    11 Наурыз, 11:01
    Мен ұмытқан сөз…
    2 Наурыз, 18:34
    Өз әйелім соттатты

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30