Отбасы - ошақ қасы

"Балалардың бар екенін айтпау - өзін-өзі алдау": Қазақстандық нумеролог төрт баламен қалай тұрмысқа шығуға болатынын айтты

  • "Балалардың бар екенін айтпау - өзін-өзі алдау": Қазақстандық нумеролог төрт баламен қалай тұрмысқа шығуға болатынын айтты

Қоғамда ажырасқан, балалары бар әйелдер тұрмысқа шыға алмайды деген жаңсақ пікір бар. Осы стереотип көптеген әйелдің сенімділігіне, нәзіктігіне, әйелдік қасиеттеріне балта шабады. Отандық танымал нумеролог Адия Хусайынова осы стереотипті бұзған қазақстандық әйелдердің бірі. Маман ажырасқан соң өзі де осындай стереотиппен бетпе-бет келгенін, алайда оған қарсы тұрғанын айтады. Адия Stan.kz тілшісімен сұхбатында әйелдің нәзіктігі, ер адам мен балалар арасындағы қарым-қатынас, нумерологияның некеге әсері жайлы айтып берді.

–  Адия, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жақтың тумасысыз, нумерологиямен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

 
–  Әкем Семей қаласының тумасы, анам Шымкенттен. 39 жастамын, екі жоғары білімім бар: KIMEP университетін, содан соң Қайнар университетін психология бағыты бойынша тәмамдадым. Өзім Шымкент қаласында дүниеге келдім, бірақ Алматыда өстім, қазір де осында тұрамын.

Нумерологиямен 2016 жылдан бастап айналысамын. Балалық шағымнан бері энергияға, адамнан да мықты күш бар екеніне,  Құдайға сенетінмін. Бұл саламен айналыспас бұрын өзім де бірнеше нумерологтан консультация алым жүрдім.

Маған өзім туралы ақпарат біліп, оны салыстырған ұнайтын, өзім үшін пайдалы болатын кеңестерді анықтап, цифрлар мен астрология арқылы өмірімдегі белгілі бір жағдайларды алдын алуға тырыстым. Ақырындап өзім де адамдарға көмек бере бастадым, сандар мен астрология арқылы адамдарға, жақындарыма көмектескім келді. Бірінші кезекте мақсатым, осы білімімді өз қажетіме пайдалану еді. Содан кейін мені қоршаған адамдарға, жақындарыма, балаларыма көмектесу еді. Шын мәнінде мұның адамдарға пайдасы бар екенін білгенде үлкен аудиторияға шықтым. 

–  Сіз әйел адамның өзін бағалауы, қабылдауы, нәзіктік жайлы жиі жазасыз. Бұл тақырып сізге не үшін жақын? Сіздің ойыңызша, нәзік әйел деген қандай әйел? Мұндай әйел болу үшін не істеу керек?

–  Мен жазып жүрген тақырыптардың көбі тікелей не жанама түрде менің жеке өміріме байланысты. Психологияны зерттеп жүргендіктен, жан-жақты саралай, талдай келе өзім үшін бірқатар қорытынды шығардым. Барлық проблеманың бастауы мынада екенін түсіндім: Адамдар сенімділіктерін өздері түсіріп алады. Себебі біз өзімізді қаз қалпымызда қабылдай алмаймыз. Міндетті түрде өз өмірімізді, балаларымызды басқалармен салыстырамыз. Бұл сенімділіктің төмен екенін білдіреді. Өз-өзімізге деген сенімділіктің жетіспейтінін көрсетеді. Басқалармен салыстыру арқылы адам өзін-өзі сынайды, кемсітеді, ұятқа қалдым деп ойлайды. Әрине, осының нәтижесі өмірімізге жақсы әсер ете қоймайды. Осылайша, адам өзін жоғалтады.

Есте сақтау керек жайт: Адам туа сала белгілі бір талантқа, өзіне тән мінезге, келбетке ие болады. Генетикалық тұрғыдан да басқалардан өзгешеленеді. Осының бәрі адамға өмірде бақытты болуы үшін, әлемге бір нәрсе қалдыру үшін, жетістікке жету үшін беріледі. 

Біз өзімізді басқалармен салыстыру кезінде Құдай бізге берген нығметтерден айырыламыз. Әрине, салыстырмау қиын. Сол үшін бойымыздағы сенімділікпен жұмыс істеу керек. Жақындар, таныстардың қалауы емес осы өмірде біз не қалаймыз соған ұмтылып, өзімізді бақытты етуге тырысу керек. Өз ресурстарымыз бен талантымызды қажетімізге пайдалану керек. Өзің бақытты болған кезде ғана өзіңді қоршаған адамдарды бақытты ете аласың. 

Ал әйелге тән нәзіктік – бұл даналық, көнгіштік, саналы болу. Қазір мен осы энергияны тану үстіндемін. Оның шеті, қыры жоқ. Нәзіктік дегенде ойымызға табиғат, жер келеді. Демек бұл табиғат сынды толысып, өнім беретін, қанықтыратын күш бола білу деген сөз. Әйелдің бойындағы төрт түрлі стихияны басқара алуы да нәзіктікке байланысты: су, от, ауа, жер – бір-бірін теңдей ұстай алуы қажет. 

–  Біздің қоғамда, егер әйел ажырасқан әрі балалы болса, онда ол “тұрмысқа шыға алмайды, ер адам таба алмайды” деген стереотип бар. Сіз осы стереотипті бұзған әйелдердің бірісіз, отбасылық үлгіңізбен шабыттандырып та жүрсіз. Отбасылық тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші. Төрт баламен қалай қайтадан тұрмысқа шығуға болады?

–  Иә, бұл біздің мәдениеттен қалып қалған стереотип сияқты. Ажырасқан соң мен де осындай стереотиппен бетпе-бет келдім. Жақындарым тарапынан “төрт баламен жалғыз қалады” дегендей ой қалыптасқанын түсіндім. Сонда әкеме: “Басқасы басқа, мені он баламен де күйеуге алады” дедім. 

Ажырасқаннан кейінгі кезеңде, әрине, іштей қорқыныш болды. “Адамдар осы сөздерді өз өмірлерінің тәжірибесіне сүйеніп айтатын шығар, маған бекер айтып жатқан жоқ” деп ойлайтынмын. Бәлкім, олардың тәжірибесінде балалы әйел әлі тұрмысқа шықпаған шығар деп жүрдім. Алайда ойымда бір сенімділік болды. Шетелдікке шықсам да, қазаққа шықсам да, тұрмысқа шыға алатынымды, балаларымды, өзімді жақсы көретін адам табылатынына сенімді болдым. Осы сенімділік қазіргі жағдайға жеткізді.

Бірінші неке жас кезеңде құрылғандықтан, саналы түрде болмаған шығар деп ойлаймын. Көп жағдайда әйелдер махаббаты құштарлықпен шатастырады. Адамның бойындағы қандай қасиет маңызды екенін дұрыс түсіне бермейді. Тәжірибе жинаған соң ғана сен үшін не маңызды екенін түсінесің.

Он екі жыл некеде тұрған соң “некеде саған не маңызды”, “қандай ер адамды көргің келеді”, “оның қай қасиеттеріне мән бересің”, “екеуіңнің отбасы құруыңды қалай елестетесің” – осының бәрін ойланасың, қай тұсқа басымдық беретініңді шешесің. Қазір жұбайым дәл мен қалағандай адам. Құдай мен қандай күйеу тілесем, дәл сондай адамды өмірлік жолымда кездестірді. Әйел өз ойындағыдай адам табу мүмкін екенін түсіну керек. Ол үшін адам өзімен жұмыс істеген дұрыс. 
–  Әйел адам ер адамға үйленгені және балалары бар екендігі туралы қашан айтуы керек?

–  Мен күйеуіме балаларым бар екенін бірден айттым. Оны мақтанышпен жеткіздім. Өйткені, мен – анамын, ал ана үшін балаларыңның болуы мақтаныш. Ал менің бір емес төрт балам бар. Оларды ажырасқаннан кейін бір жерге беріп жібермей, ештеңеге қарамастан олармен тығыз қарым-қатынаста болудың өзі бүгінгі күнде ауыз толтырып айтарлық дүние.

Менімен қысқа уақыт таныс болған кез келген ер адамға “Мен ажырасқанмын, төрт балам бар” деп ашық айтатынмын. Неге бұлай істейтінмін? Себебі уақыт мен үшін ең құнды нәрсе. Мақсатым ер адамды ұстап қалу не өзіме ғашық ету емес. Олай істегеннің өзінде ер адам кейін айнып қалуы немесе жауапкершілікті алмауы мүмкін.

Бірден шындықты айтпау –  уақыт жоғалтып, өз жүрегіңді ауырту, өз-өзіңді алдау. Екіншіден, бұл әйелдің балалы әрі ажырасқан позициясын қабылдамауын білдіреді. Не үшін оны ер адамнан, қоғамнан жасыруы қажет? Мұны керісінше, мақтанышпен айтуы керек. Кейбір әйелдер сияқты мұны ұят деп ойлау бекер. Некеде болған, балалары бар әйел –  бұл толыққанды қалыптасқан, тәжірибесі бар әйел. Мұндай әйелдер “ана болудың” жолын біледі. Тағы бір артықшылық – некеде болған әйел өзі таңдау жасайды. Бұл ер адаммен болғысы келе ме, жоқ па өзі шешеді. Ал ер адам өз кезегінде әйелдің мұндай сенімділігін сезеді. 
–  Балалар мен жұбайыңыз арасындағы қарым-қатынасты қалай құруға болады?

–  Ең басында-ақ әйел ер адамның балаларына деген қарым-қатынасын байқау керек. Өз мысалымды келтіретін болсам, бірден ажырасқан екенімді айтқандықтан менің жұбайым Ернат балаларымды бірден жақсы көріп кетті. Осы қасиетімен мені баурап алды. Балаларым арқылы менің тілімді тапты. Ал бала негізінен өзіне мейірімді, жақсы қарым-қатынас жасайтын адамдарды, олардың қаншалықты шынайы екенін сезеді. Әйелдердің көбіне-көп көзі байлаулы болады, өзін алдайды. Енді араласа бастаған кезде ер адамның балаларға деген көзқарасын көре тұра, сол кезде екі тараптың қарым-қатынасын қалай құру керектігін білуге болады. 

Мен үшін балаларым өте маңызды, құнды. Оларға қатысты ренжіту, тіл тигізу, қорлық көрсету, зомбылық әрекеттеріне жол бермеймін. Мұның бәрі екеуміздің қарым-қатынасымыз кезінде айтылды, ашық сөйлестік. Жұбайымның оларды ренжітпейтінін сол кезде-ақ түсіндім.

Балаларыммен де жеке сөйлесіп, оларды ренжітуге жол бермейтінімді айттым. Әр уақытта маған бәрін ашық айтыңдар деп ескерттім. Ернатқа да қатысты бірге тұратындықтан, отбасы құрғандықтан әлдебір нәрсені дұрыс емес деп санаса, екеуміз талқылап, балалармен де сөйлесеміз деп келістік.

Жұбайыммен үш жыл бір-бірімізді танып, араласып жүрдік. Бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға төрт жыл, жұбымыздың жазылмағанына жалпы жеті жыл болыпты. Балалар Ернатты жақсырақ тани түсті, әке деп айтады. Отбасының басшысы ретінде оны тыңдайды, құрметтейді, жақсы көреді. Туған әкесіндей көреді. Әрине, бірінші жылы балалар мен жұбайым арасында қарым-қатынас құрып, үйлесім табуға тырысу қажет болды. Уақыт өте келе балалар да өседі, көп нәрсені өздері түсінеді.

–  Сіздің ойыңызша, отбасындағы проблемалардың негізгі себебі неде? Неліктен ажырасу көбейді?

–  Отбасындағы ажырасудың негізгі себептері жұптардың бір-бірін түсінбеуі, олар эгоистік көзқарастармен бір-бірін тыңдатқысы келеді.

Некеде үйлесімділікті сақтау үшін ұрсысқан кезде әр тарап өзінде пайда болған эмоция, сезімдердің қайдан шыққанына мән беруі керек, оның астарында не жатыр назар аударған жөн. Содан соң серігімен сөйлесу, талқылау қажет. Сол сәтте әйел қандай күйді бастан өткерді? Қорқыныш, уайым болуы мүмкін. Мәселен, жұбайыңыз уәде еткен уақытында келмеді делік. Сол кезде сіз қандай эмоцияны бастан өткересіз? Эмоция мен сезімді ұялмай ашық  айту қажет. “Сен келмей қалады деп қорықтым” деп түсіндірсеңіз, серігіңіз жағдайыңызға үңіле түседі, арадағы байланыс бекиді. Үйлесімді қарым-қатынас құру үшін маңызды нәрсе ерлі-зайыптылардың рухани жақындығы, бір-біріне сезімдерін, қандай күйде болғандарын ашық білдіруі. 

Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар арасында үйлесімді қарым-қатынас болу үшін қандай қиындық болмасын, кез келген проблемамен бетпе-бет келгенде оны бірігіп шешу қажет. Кімнің пікірі маңызды екенін талқылап, жанжалдасудың орнына проблемаға тұтастай бірігу арқылы төтеп беруі тиіс. 

–  Нумеролог ретінде, қалай ойлайсыз, үйлену тойының датасы жұптың бақытты болуына, оның ұзақтығына әсер ете ме?

–  Тойдың датасы жұптың бақытты болуына тек 30 пайызға ғана әсер ете алады. Ал қарым-қатынастың ұзақтығына әсер етпейді. Бұл отбасын құрып жатқан екі адамның өзіне ғана байланысты. Нумерология арқылы арадағы түсіністік, қарым-қатынастың жаңа қырларын ашу сияқты жақтарын дамытуға, леп сыйлауға болады. Алайда бұл ешқашан 100% кепілдік бермейді. Себебі адамдар сандардың күшін пайдалана алмауы да мүмкін. Сондықтан мұнда адамдардың ішкі қалауы маңызды. Егер жұп некені, қарым-қатынасты сақтағысы келмесе нумерология да көмектеспейді.  Әрине, дегенмен, тойдың өтетін уақытын таңдай отыра нумерологиялық тербелістерді пайдалануға әбден болады. 

–  Нумерологияның қандай критерийлері отбасылық бақытқа әсер етеді?

Ең біріншіден, адамның мінезі. Матрицаны құрау кезінде ер адамның мінезі, темпераменті, отбасына қарым-қатынасы, жауапкершілігі қарастырылады. Әрбір адамның өзіне тән темпераменті болады: бірі салқын қанды, ал енді бірі қызу қанды болуы мүмкін. Кейбір әйелдер осыған қарап ер адамның басқа біреуі бар немесе маған суып қалды деп ойлауы мүмкін. Әйел ер адамнан не күте алады, ал нені күтудің қажеті жоқ екенін түсінуі керек. Осы матрица арқылы ол адамға қандай қарым-қатынас жасау керек, қалай бейімделгені дұрыс екенін анықтайды. Екі адамның бір-біріне сәйкестігін қарастыру қажет. Бұл ақпараттар өте құнды.   

 




Көрілген: 1540    Пікірлер: 0

сейсенбі, 28.09.2021, 12:59

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қараша, 15:28
    Енем жігіт тауып алды
    16 Қараша, 09:31
    Әйелімді қимаймын...
    16 Қыркүйек, 11:55
    Қайнымнан шаршадым...
    13 Қыркүйек, 14:35
    Тұрмысқа шығуға қорқам...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31