Отбасы - ошақ қасы

Жеңгемнің қылықтары қанымды қарайтады...

  • © liveinternet.ru

    © liveinternet.ru

«Жеңге дегенде қайнылары мен қайын сіңілдерін ерекше еркелетіп, олармен сырласатын, қайын жұртын құрметтейтін жанды көз алдыңа елестеткің келеді. Мен бұрын ағам үйленбей тұрғанда болашақ жеңгем сұлу, ақылды, пысық, инабатты болады деп ойлайтынмын. Өйткені менің ағам нағыз азамат. Біз оны өмір бойы өзімізге үлгі тұтып келеміз». Бұл &ndash «Алаш айнасына» хат жолдаған Айбек есімді оқырман хатынан үзінді. Айбек неге жеңгесін ағасына тең көрмейтінін жазып, сырын ақтарыпты. Ендеше оқып көрейік....

 

«Жеңгем алғаш біздің үйдің босағасын аттаған кезде мен 9-сыныпта оқитын оқушы едім. Ең үлкен ағам келін әкеледі дегенде отбасымызбен қатты қуандық. Өйткені жасы отыздан асқан Нұрбек ағамның үйленгенін бәріміз күтіп жүргенбіз. Қалада оқу оқып, жұмыс істеп, үй алып, туған-туысқа көмектесіп, өзін ғана емес, көптің қамын ойлайтын ағамда ертерек отбасын құруға уақыты да болған жоқ. Ағамнан кейінгі екі әпкем тұрмыс құрды. Сонда анам баласының үйленбей жүргеніне қатты алаңдайтын. Айтпақшы, біз отбасында 5 ағайындымыз, екі әпкемнен кейін тағы бір ағам бар, мен үйдің кенжесімін.

 

Сонымен үйміздің тұңғыш келіні түсті. Жеңгемнің көркінде сөз жоқ, сұлу, бірақ орысша тәрбиеленген, қазақша жақсы сөйлей алмайтын қаланың қызы екен. Әкем мен анам алғашқы күндері-ақ жеңгемнің тік мінезділеу, өткірлеу екенін байқаса да, «жас қой, үйреніп кетеді, қазақшасы да түзеледі» деп өзара күбірлесті де қойды. Өз басым жеңгемді бірінші күннен-ақ ұнатпадым. Қазір ойлап отырсам, сол кезде ауылда ата-әженің, әкем мен анамның қаталдау тәрбиесін көргендіктен бе, маған жеңгемнің қылықтары ерсілеу көрінген екен. Ол келін болып түскен күні ертеңінде ең болмаса ата-енесін, келімді-кетімді қонақтарды сыйлап ерте тұрудың орнына түске таман бөлмесінен әрең шықты. Ағам таңғы шайға өзі келіп: «Жаннаның аздап басы ауырып тұр екен, жата тұрайын» деді. Баласы үшін анам байғұс қайтсін «Е, жарайды, шаршаған ғой, тынығып алсын» деді де қойды. Қызықтың көкесі екі-үш күннен кейін басталды. Анам ас даярлап, дастархан жасап шауып жүреді. Ал жеңгеме бәрібір, тамағын ішеді де тұрып кетеді. Ағам бір-екі рет ескерту жасап еді, «Жаным, мен ауылдың тірлігін жасай алмаймын ғой, ауа-райы да жақпай жатыр, қолым жарылып кетті, басым ауыра береді» деп қайта ағамның мазасын алды. Жұмысынан 2-3 аптадай демалысын алып, тойын өткізіп, ауылда аунап-қунап, біраз уақыт ата-анасының, бауырларының қасында болуды жоспарлап келген ағам той өткен соң бір аптаға жетпей қалаға кететін болды. Біздің үйдегілер: «Баламыз бақытты болсын, өзі таңдап алған жары ғой» деп баталарын беріп шығарып салды.

 

Ағам үйленгенен кейін бір жылдан соң ұлды болды. Ата-анам тұңғыш немерелерін көруге асығып қалаға жиналды. Малдарын сойып, тәтті-дәмдісін артынып-тартынып баласының үйіне кетті. Алайда кеткендерінен келгендері тез болды. Олар үйге қайтып келгеннен кейін әкем мен анамнан бәріміз қаумалап: «Кішкентай інішегіміз қалай екекн, кімге ұқсайды» жапа-тармағай сұрап жатырмыз. Сонда анам: «Жақсы, аман болсын, әйтеуір Нұрбегімнің тұңғышы ғой» деп жылап жіберді. Анам қуаныштан жылады ғой деп бәріміз күліп жатырмыз. Бірақ анамның өңі біртүрлі сынық көрінді. Кейіннен білдім ғой, жеңгем әкем мен анам барғанда баласын көрсетпей, тар үйде онсыз да ауа жоқ, адам көбейіп кетті деп ренжіп, жақтырмаған көрінеді. Оны кейіннен ағам мен жеңгем ұрсысып жатқанда ағамның сөзінен ұқтым.

 

Мен 11-сыныпты бітіргеннен кейін ағам мені өз қолымда тұрып оқисың деп жатақханаға тұруға рұқсат бермеді. Мен жеңгеммен бірге тұрғым келмесе де, ағамның көңіліне қарап келістім. Олардың үйінде зорға шыдап, екінші курста жатақханаға ауысып кеттім. Өйткені мен ағам мен жеңгемнің ұрысынан әбден мезі болдым. Жеңгем ағама айтпағанды айтып, тіпті біздің әулетке тіл тигізген кездері де аз болған жоқ. Ағам кейде үндемей құтылса, кейде ашуға жеңдіріп, сабап та алатын.

 

Тілінің аштылығымен қоймай, жеңгемнің қолынан түк келмейді. Пісірген тамағы дәмсіз, үй шаңнан көрінбейді, киім-кешектері әр жерде шашылып жатады. Кейде ағам осынша салақ қызға қалай қараған деп ыза боламын. Ағам жұмыстан келгенде баланы сылтауратып не уақытында тамақ жасамайды, не оның киімдерін үтіктемейді. Ағам дүкеннен дайын тамақ ала келеді, киімдерін де өзі үтіктеп алады. Бірақ шыдамның да шегі бар ғой, кейде әйеліне «ештеңеге үлгермейсің, ең болмаса бір уақыт тамақ жасап қойсаң қайтеді» деп ұрысты да, тіпті шапалақ та салды. Бірақ ол қит етсе, шешесін шақырып, «кетемін, балаңды ешқашан көрмейсің» деп көкбеттеніп айқайлайды.

 

Бірде сабақтан үйге келсем, есіктің алдында ата-анам тұр. Ауылдан келген әке-шешемді көріп қатты қуанып кеттім. «Неге сыртта тұрсыңдар, үйге кірмедіңіздер ме» деп қоямын. «Үйде ешкім жоқ қой, «Жанна» деп дауыстап есік қақсақ та ешкім ашпады, бір жерге шығып кеткен-ау деймін», &ndash деп анам өздерінің осы жерде 2 сағаттан артық тұрғанын айтты. Сосын мен өз кілтіммен есікті ашсам, жеңгем шашы жалбырап төсектен енді тұрып келеді, шашылып жатқан үйдің ортасында баласы ойнап отыр. Сонда деймін-ау, ауылдан ата-енесінің келгенін естіп тұрып, есікті ашпай дәті шыдап жата бергенін айтсаңшы... Жеңгемнің осындай қылықтары қанымды қарайтады, бірақ амал қанша...

 

Қазір ағамның үйленгеніне 3 жылдан асты, бір қалада жүрген соң, ағамның үйіне анда-санда барып тұрамын. Ағам біртүрлі жүдеп-жадап, үнемі көңілсіз жүреді. Бұрынғы ашық-жарқын, бауырмал, елгезек Нұрбекті танымай қаламын кейде. Өзі ішімдік ішуді жиілетіпті. Түнде үйге қонбай, көп қыдыратынды шығарыпты. Қашан барсам, үйлерінде ұрыс-керіс, «Түнде қайда болдын, тағы ішіп келдің бе? Осыдан маған қолың тиетін болса, ағама айтып, көзіңе көк шыбын үймелетемін. Я не дам тебе развод» деген жеңгемнің ащы дауысы шығып жатады.

 

Ағамның өз әйелінен көңілі әбден суып қалған сиқты. Тек баласын қимағандықтан ажыраспай жүр ме деп ойлаймын. Нұрбек ашылып ештеңе айтпаса да, оның шақшадай басы шарадай болып жүргенін сеземін. Әттең, ағамның өз теңін таппағаны өкінішті...

 

Автор: Айбек, Алматы

alashainasy.kz




Көрілген: 5419    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 04.11.2020, 13:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қаңтар, 14:07
    Ойнап жүріп от бастым
    29 Желтоқсан 2020
    Құрбым қыздарға құмар...
    20 Желтоқсан 2020
    Махаббат, махаббат деп...
    10 Желтоқсан 2020
    Жігіттер сенетін 6 өтірік

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31