Отбасы - ошақ қасы

Жесірдің күні күн емес екен

  • Жесірдің күні күн емес екен

    Жесірдің күні күн емес екен

Кейде басыңдағы жағдайды кімге айтарыңды білмейсің. Досыңа айтсаң күлетін, дұшпаныңа айтсаң табалайтын секілді көрінеді. Әлде өзім тым секемшіл болып алдым ба...


Үйде үш ағайындымыз. Ата-анам өңірге сыйлы, ауқатты адамдар болды. Біздерді оқытып бар жағдайымызды жасады. 10-11 сыныпты көрші ауылдағы нағашы ағамның үйінде тұрып оқыдым. Сол ауылда ең алғашқы махаббатымды кездестірдім. Он бірінші сыныпты бітірген соң қалаға оқуға кеттім. Оқуымды аяқтап, жұмысқа тұрдым. Бес жылдан соң көрші ауылға сыныптастар ұйымдастырған кездесуге бардым. Сол кездесудің ертеңінде мені алғашқы махаббатым өз келісімім бойынша алып қашты. Айбат сұңғақ бойлы, өңді жігіт еді. Мінезі де жайлы. Армиядан келіп, отбасы жағдайына байланысты ауылда қалып қойған.

Осылайша мен Айбаттың отбасына келін болып түстім. Ауқатты отбасынан шыққан маған қарапайым жанұяға келін болып түсу оңай болған жоқ. Бірақ, Айбатты жақсы көргендіктен "жоқшылықты" мін деп қарамадым. Тіпті, туысқандар арасынан "күйеуге тиетін басқа жігіт таппадың ба" деген сөздерді де елемедім. Шынын айтсам, басында ол үйде жейтін нан, отқа жағатын отын да болмай қалатын кез болатын. Бірақ, Айбат өз тірлігін жасап, бір жағынан мен қолдап, ата-анам қол ұшын беріп тұрмысымызды тез түзеп алдық. Ата-енем қарт адамдар. Үйдің ішін толтырып, мал басын көбейтіп, бақша егіп біраз жағдайымыз жақсарды. Өзім мектепке жұмысқа тұрдым. Дүниеге екі қыз әкелдім, шаңырағымыз берекеге толды. Күйеуім екеуіміз бір-бірімізді күннен-күнге қатты жақсы көре бастадық. Өмірі бір ренжісіп, айқай-шу болған емес. Үнемі маған қол ұшын беріп, «мынау әйел жұмысы» деп бөлген емес. Достарымыз да көп болды. Айбаттың туған ағасы бар еді, есімі - Дидар. Облыс орталығының маңайында тұратын. "Ауылдан жалықтық" деп ата-енем Дидардың қолына барып тұрғылары келетінін айтты. Үлкен кісілердің сөзін қайтармай, машина жалдап бар дүниелерін салып, өздерінің бір сиыры мен азын аулақ қойын сатып, қолдарына ұстаттық. Үш айдан соң ата-енем "қайтып көшіп келеміз" деген соң Айбат барып көшіріп әкелді. Абысыным мен енем тіл табыса алмаған сыңайлы.

Сонымен бақытты өмір кешіп жаттық. Айбат барлық спорт түрінен мықты еді. Көрші ауылда спорттан жарыс болатынын естіген ол, достарымен бірге барамын деп желіге бастады. Спорт киімдерін салып, асын дайындап шығарып салдым. Қоштасып кетіп қалды да біраз уақыттан соң қимай қайтып келді. Өзім де ұқпадым. Өзі бір нәрсені алдын ала сезгендей. Ал, мен сол кезде білсемші қос құлынымның әкелерін соңғы рет көріп тұрғанымды. Кешке аяқ астынан жүрегі тоқтап қалған Айбатымның өлі денесін құшақтап қалдық. Бүкіл ауыл күңіренді. Ауылдың үлкен-кішісі де жақсы көретін, барлығымен әзілдесіп, кез келген адамға болысуға дайын тұратын. "Аллаға да жақсы адамдар керек" деп барлығы мені жұбатты. Осылайша, жан жарымнан айырылып қос қария менің қолыма қарап қалды. Енемнің денсаулығы ұлының қайғысынан соң мүлдем нашарлап кетті. Енем сусамыр ауруына шалдыққалы қашанғы ауыл дәрігеріне жүгіресің, өзім укол салып үйрендім.

Жандары жаралы жандар тұрып жаттық. Мен есімді жинап, қос қызым үшін, Айбатымды өмірге әкелген ата-аналары үшін мықты болуға тырыстым. Осы кезде өз ата-анам да бар жағынан қатты қолдау жасады. Үлкен қызым төрт жаста, кіші қызым екі жаста еді. Екеуі де ата-әжелерін қатты жақсы көреді, тіпті кіші қызым атасының қойнына жататын. Айбаттың жылдығын өткізіп, ойлана келе ата-енемнің қасында қалуды шештім. Ата-анама да өз ойымды жеткіздім, ол кісілер де қарсы болмады.

Бір күні ауылға қаладан үлкен ұлдары келді. Әке-шешесімен сыбыр-сыбыр әңгіме. Маған ештеме айтпады. Тек келесі күні ата-анам келіп, мені алып кетуге келгендерін айтты. Мен өкіріп жылап "кетпеймін" дедім. Сөйтсем, қайынағам барып ата-анама "қыздарыңызды алып кетіңіздер, мен ата-анамды алып кетемін, үйді сатамыз", - депті. Кім баласын далаға тастайды, ата-анам бірден алып-ұшып маған келген екен. Айбатқа қатым түсіріп құран оқытып, дүние-мүлікті, мал-жанды ата-енеме тастадым. Тек, төсек орынды ғана алдым. Жесірдің күнін кешіп бір-ақ күннің ішінде қаңғып қалғаным жаныма батты. Төркініме келіп бір айдан соң Қарағанды қаласында тұратын ағама көшіп келдім. Ағамның үйінде уақытша тұрып, кейіннен пәтер жалдадым, жұмысқа орналастым. Қыздарымды балабақшаға бердім. Қаншама жыл өтті, екі ботақаным үшін күні-түні еңбек еттім. Тұрмысымызды түзедім. Екі балам ешкімнен қалмасыншы деп тапқан-таянғанымды солардың үстіне жабыстырып, ауыздарына тостым, әкелерінің жоқ екенін білдірткім келмеді. Сөйтіп жүргенде бір үлкен азаматпен таныстым. Жас кезінде үйленіп ажырасқан екен. Анасымен тұрады. Осылайша бір жыл жүріп, қыздарым да бауыр басып кетті. Жігіт үйленуге ұсыныс жасады. Анасымен де таныстырды. Кейінен туған апайлары "екі баласы бар әйел керек емес" деп үйлендірмеді. "Балаларымды керек қылмаған жерде маған не қызық" деп мен де бұрылмадым. Бірден "күйеуге тиемін" деген ойымды біржолата сыздым. "Екі қызым бойжеткенше ешкімге жаутаңдатпаймын" деп шештім.

Уақыт шіркін, жеткізсін бе? Әйел емеспін бе мен де ер адам жылуын іздеймін, өзіме пана, тірек болса екен деймін. Осылайша жүріп несие арқылы екі бөлмелі пәтерге де қол жеткіздім. Мойныңда несие тұрған соң, ауырғаныңды ұмытып, таңнан кешке дейін еңбек демалысын алмай жұмыс жасаймын. Ыстық-суық мен үшін үйреншікті жағдай болып кеткелі қай заман. Айтайын дегенім, жуықта бір жақсы жігітпен таныстым. Бірақ, ол жанұясы бар азамат екен. Мені екінші әйел қылып алуға даяр екенін де айтып салды. Бірақ, көңілім қанша қалап тұрса да тағы да бас тарттым. Отбасылы ер адамды қайтемін, маған басы бос азамат кездессе екен деп армандаймын. Жолдасымнан отызға жетпей қалған мен де әйел бақытын сезінгім келеді. Кейде "қойшы, күйеуге тимей-ақ осы азаматпен кездесіп жүре берейін" десем, ұятым жіберер емес. Қыздарым да есейген, "мама, тұрмысқа шықсаңызшы" деп әзілдейді. Іштей қарсы емес сияқты. Денсаулығым да сыр бере бастағандай, соңғы кезде гинекология бөліміне жиі жатып шығамын. Дәрігерлер "тұрмысқа шығу керек" дейді. Бірақ енді мендей екі баласы бар әйелге басы бос еркек қайдан жолықсын деп қоямын. Осылайша екі оттың ортасында ойланып жүрген жайым бар. Не істесем екен...


Айбарша, Қарағанды облысы


 




Көрілген: 3135    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 01.04.2019, 09:41

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Мамыр, 12:42
    Неке неге бұзылады?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31