Шымкентте енесімен ұрсысып қалған келін үйді тонап кетті

24 қаңтар 2022, 23:49

Шымкенттік келіншек отбасындағы жанжалдан соң енесін өзінше жазаламақ болған. Осылайша, үйдегі алтын мен ақшаны қолды еткен ол бағалы заттарды сатып үлгеріпті. 34 жастағы келін көп ұзамай ұсталды, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Шымкент тұрғыны үйіндегі алтын бұйымдары мен ақшасы қолды болғанын айтып полицейлерден көмек сұраған. Күдікті ретінде өзінің келінін көрсеткен. Бұл арыз негізінде Қылмыстық кодекстің 188-бабымен (Ұрлық) іс қозғалды.

 

"Жәбірленушінің айтуынша, келіні үйде ешкім жоқтығын пайдаланып, сөреде тұрған құны 370 000 теңге болатын алтын бұйымдарын және 100 АҚШ долларын қолды еткен. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті әйел бір жарым тәулік ішінде басқармаға жеткізілді. Сұрақ-жауап кезінде ол бұл қадамға үйдегі жанжал себеп болғанын айтқан. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде , — дейді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.

 

Айта кетейік, күдікті алтын бұйымдарды сатып жіберген.