Отбасы - ошақ қасы

Туған сіңілім мен күйеуім...

  • © 1tv.ru

    © 1tv.ru

Кейде туыстардың бір-біріне сатқандық жасағаны жайлы естігенде, «қой, ол өтірік шығар, туысқан адамдар бір-біріне қалай қиянат жасайды?» деп ойлаушы едім. Ондай жағдай өз басыма түскенде, не істерге де, не айтарға да білмей дал болдым. Ең қиыны ол жайлы құрбы-құрдасқа, жақын туысқа да айтып, ішіңдегіні шығара алмайды екенсің. Айтсам, дос-дұшпанға таба болам, айтпасам, өзегімді өртеп барады. Іштегі дертті шығармасам, өзегім өртеніп, құса болып өлетін сияқтымын. Сондықтан өзегімді өртеген осы бір жағдайды «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөлісуден өзге амал таппадым.




Мен Дастанмен университетте оқып жүргенде тансытым. Ол өте пысық жігіт болатын. Оқи жүре, жұмыс та істейтін. Екеуміздің бірге қыдыруымызға да уақыт табатын. Мереке сайын сыйлық сыйлауды да ұмытпайтын. Қасымдағы қыздар бізге қатты қызығатын. Тіпті қызғанышпен қарайтындар да болды. Ол университетті меннен бір жыл бұрын бітірді. Жақсы жұмысқа орналасты. Келесі жылы мен оқуды бітірген соң шаңырақ көтердік. Дастан бір таныстары арқылы мені де қаладағы бір мекемеге жұмысқа орналастырды. Бір жылдан соң алғашқа перзентіміз дүниеге келді.




Дастан мекеме басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Мекеме қызметтік көлік берді. Несиеге үш бөлмелі пәтер алдық. Табысы да өсті. Қаржы жағынан еш тапшылық көрген жоқпыз. Сондықтан баламыз бір жасқа толған соң да мен жұмысқа шықпай, үйде бала күтімімен отырдым. Солай бақыт құшағында жүрдім. Дастан маған да, қызына да қатты көңіл бөлетін. Демалыс күндері үнемі бірге қыдырамыз. Бақыттан басым айналып жүріп, қызымның үш жасқа таяп қалғанын да сезбей қалыппын. Дастанға жұмысқа шықсам деген ойымды айттым. Ол қарсы болмады, бірақ ұл күтіп жүргенін айтты.




Мен жұмысқа шығатын болған соң қызға қарау үшін ауылдан мектеп бітірген сіңлімді шақырттық. Екеуміз де қызымызды бала күтушіге сеніп тапсырғымыз келмеді. Сіңлім келген соң мен бұрынғы жұмысыма қайта шықтым. Арадан алты ай өткенде аяғым ауыр екенін білдім. Оны естігенде Дастан қатты қуанды. Бар тілегі - ұл болса. Алла Дастанның тілегін қабыл алып, УЗИ ұл екенін анықтады. Сөйтіп уақыт сағаты жетіп, декретке шықтым. Бірақ дәрігерлер көзімнің қан қысымы жоғары екенін айтты. Сондықтан «бұл баланы кесер тілігі арқылы аламыз» деді. Негізі бала кезден көзімнің көруі нашар болатын. Сондықтан жас кезімнен тастамай көзілдірік тағып келем. Дәрігерлер бірінші баланы босанатын кезімде де «көзіңіз көрмей қалуы мүмкін, сондықтан кесіп аламыз» деген. Ол кезде де көнбегем. Құдайға шүкір, ешқандай қиындықсыз өзім босандым. Сондықтан бұл жолы да дәрігерлердің айтқанымен келіскім келмеді.




Ай-күнім жетіп, перзентханаға түстім. Дәрігерлердің «іштегі бала үлкен, кесіп аламыз» дегеніне көнбей, «өзім босанам» деп отырып алдым. Ақыры дегеніме жеттім. Бұл жолы толғақ ауыр болды. Бала жарыққа шыққанша есімді бір жоғалтып, бір жинап жаттым. Дәрігерлердің айтқанына көнбеген өзім болғандықтан, тісімді-тісіме қойып, соңына дейін шыдадым. Тәнімді ауыртып, жаныма қуаныш сыйлаған сәбиім аман-есен дүниеге келді. Алайда, дәрігерлердің күдігі расталды. Менің денсаулығым сыр берді. Дәлірек айтқанда, босанған соң көзімнің көруі мүлде төмендеп кетті. Табан астынан әріні көре алмай қалдым. Көзілдірік те көмектеспеді.




Бала қырқынан шыққаннан кейін көз дәрігеріне көріндім. Дәрігер Ресейге, мүмкіндік болса, Германияға барып ота жасатуға кеңес берді. Мен жаңа ғана босанғанымды, қазірше осында емделе тұруыма тура келетінін айттым. Сөйтіп, ұлым жасына толғанша, өзімізде емделіп жүрдім. Кейде көзімнің көруі сәл жақсарғандай болады, сосын қайта қабырға жағалап қаламын. Тіпті кейде табан асты бұлдырап әзер көрінеді. Сонымен не керек, ұлым жасына толған соң Дастан қасыма тіл білетін, маған көмекші болатын бір кісіні қосып, Германияға аттандырды.




Неміс дәрігерлері толықтай тексеріп, сосын 10 күндей ем жасады. Тағы үш-төрт күн қайта тексеруге кетті. Одан кейін отаға жатқызды. Неміс дәрігерлерінің айтуынша, ота сәтті болған. Бір ай шамасында көзім бұрынғы қалпына келетін болады. Тағы 10 күндей ем алып, елге оралдым. Сәл де болса өзгерісті сезем. Үш-төрт метр жердегі адам бұлдырап көрінеді. Ешкімнің көмегінсіз үй ішінде өздігімнен жүріп-тұра алатын болдым. Дәл күнбе-күн келетіндей, неміс дәрігерлері айтқан бір айды күн санап күтіп жүрдім. 20 күн болғанда бөлменің мына басында отырып, ана басында отырған адамды бұлдырап болса да көретін жағдайға жеттім. Бірақ бұл маған қуаныштан гөрі, қасірет әкелгендей болды. Сол бір жағдайды көргенде, «мұны көргенше, көр болып қалғаным дұрыс еді ғой» деп ойладым.




Бір күні Дастан жұмыстан кештеу келді. Ол кезде балалар ұйықтап қалған. Сіңлім жүгіріп барып есік ашты. Бірақ Дастан бірден мен отырған төр бөлмеге кірмей, шамалы бөгелді. Қандай да бір күдік сезім мені орнымнан тұрғызып, есікке беттедім. Ақырын басып, есіктен шығып қарсам, сіңлім Дастанның мойнына асылып тұрған сияқты көрінді. Алғашында көзім бұлдырап, солай көрінген болар деп ойладым. Бірақ ішіме бір күдік кірді. Олар да менің дәлізге шыққанымды байқап, сіңлім ас бөлмеге кетті де Дастан әдетінше, келіп бетімнен сүйіп, жағдайымды сұрады. Сіңлім дастархан жасап болғанға дейін оны-мұны әңгімелесіп отырдық.




Ас дайын болған соң, әдеттегідей, сіңлім ас бөлмеде Дастанға тамақ берді. Бұған дейін, ондай кезде, Дастан тамақ ішіп келгенше мен теледидар қарап төр бөлмеде отыратынмын. Сол күні бір күш ас бөлмеге қарай итермеледі. Барар- бармасымды білмей шамалы уақыт екі ойлы болып отырдым. Сәлден соң орнымнан көтеріліп, ақырын басып ас бөлмеге беттедім. Ас бөлмеге жетіп, есіктен қарағанда, өз көзіме өзім сенбедім. Дастан сіңліммен сүйісіп отыр. Тіпті, менің келгенімді де байқамады. Не істерге білмей, есік алдында тұрып қалдым. Олар менің келгенімді сезер емес. Қайта төр бөлмеге келіп, сұлқ отырдым.




Көргенімді Дастанға да, сіңліме де айтпадым. Содан беріде біраз уақыт өтті. Қазір Құдайға шүкір, біріншіден бір Алланың арқасы, екінші неміс дәрігерлерінің алтын қолдарының арқасында менің көз жанарым бұрынғы қалпына қайта келді. Күніге 2 сағаттай компьютер алдында отырам. Өткенде осы оқиға қайта есіме түсіп, «ең дұрысы балаларға күтуші жалдап, сіңлімді ауылға қайтарып жіберейін» деп ойладым. Ертеңінде ол ойымды Дастанға айттым. Ол себебін сұрады. «Оның да өз өмірі болуы керек қой, оқу оқып, мамандық алсын, қатар-құрбыларымен жүргені дұрыс емес пе?» дедім. Дастан «дұрыс екен, бірақ осындай тұрып, оқи берсін. Балалар да Гүлзатқа үйреніп қалған, қазір бала күтушіге сеніп болмайды. Әрі саған үй шаруасына көмектесетін де адам керек қой» деді. Қимай тұрғаны сезіледі. Ішім алай дүлей боп кетті. Бұлардың қатынасы тым тереңдеп кетпеді ме деп қауіптендім. Бірақ сол сәтте оған табан астында не деп айтарымды білмей, «жарайды» дегенімді өзім де сезбей қалдым. Енді не істеу керек?! Анама «қызыңды алып кет» деп айтайын десем, ол да неге деп сұрары анық. Оған шындықты қалай айтам? Мына әңгіме дос-дұшпанның құлағына тисе не болмақ? Қандай шешім қабылдағаным дұрыс? Не істеуім керек?




Айзат


alashainasy.kz/ 




Көрілген: 9037    Пікірлер: 0

жексенбі, 10.11.2019, 12:02

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Желтоқсан, 12:24
    Тоқал алу сән болды
    13 Қазан, 10:43
    Күйеуім бола тұра...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31