Дат!

Абай мен Шәкәрімнің жантану іліміне не Батыстың, не Шығыстың ақындары көтеріле алған жоқ

  • Абай мен Шәкәрімнің жантану іліміне не Батыстың, не Шығыстың ақындары көтеріле алған жоқ

    Абай мен Шәкәрімнің жантану іліміне не Батыстың, не Шығыстың ақындары көтеріле алған жоқ

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор:


– Кеңес Одағы кезінде ғылымға бет бұрғаныңыз белгілі. Талай ғылыми еңбектің авторысыз. Талай шәкірт тәрбиеледіңіз. Осы саланың бел ортасында жүрген ғалым ретінде бұрынғы мен бүгінгі ғылымның ара жігіне қандай баға бересіз? Салыстыруға келе ме? Бүгінгі ғылым саласына көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толмайды. Бұрынғы Кеңес Ода­ғында бір жылдық табыстың 3 пайызы ғы­лымға бөлінетін. Бүгінде Ресей ішкі табыс­тың 2 пайызын бөледі. Ал біздің елі­міз­де енді ғана бір пайыз қаржы бөліне бастады. Бұған дейін 0,24 пайыз бөлініп келген. Қазіргі күнде ең сорлап жүргендер – білімді профессорлар. Орта мек­тепті бітірген бала корпорацияға сек­ретарь-референт болып жұмысқа тұрса, 100-150 мың теңгеден жалақы алады, ал дардай атағы бар профессорыңыздікі 60-80 мың теңгеден аспайды. Бүгінде ғы­лым­ға жастар, әсіресе ерлер келмей жатыр. Неге келмейді? Оның түпкі мәнісіне үңіліп көрдік пе? Оны жастар іштей біліп отыр. Әдебиет саласында ылғи нәзікжандылар. Олардан басқа ер адамдар бірен-саран ғана. Өйткені олар магистратурасын бітіре­ді, докторантурасын бітіреді. «Уһ» деп бі­лім-ғылымның шегіне жеттім деп келгенде алатыны 50 мың теңге ғана. Одан гөрі жоғары оқу орнына түспей-ақ адам тасып таксилететіндер одан үш-төрт есе жоғары табыс табады. Оқу оқымай-ақ, басын қатырмай-ақ. Осындай себептерден кейін жастар ғылымнан қашып жатыр. Ғылым қартайып бара жатыр бүгін­де. Ал қашанғы біреуден ұрлап ала береміз? Қашанға дейін біреудің өнертабысын пайдалана береміз? Өзіміз ойлап табатын­дай, өзіміз жасап шығаратындай әлеуетіміз бар бізде. Тек соны жолға қою керек. Бұ­рын­­дары страте­гия­лық жағдайы бар, бүкіл материалдық игілікті өндіретін шешуші күш жұмысшы табы деп қарайтын. Енді ол күш кетті. Оның орнына технология келді. Ғылым келді. Мың, миллиондаған адамның орнын тех­ника басты. Сонша адамның жұмысын бір техника атқарады. Өндіруші күш ғылымға келді. Ғылымды меңгермеген мемелекет артта қалып қояды. Құр айқай­лап, бізде бәрі керемет деп ұрандата бергеннен еш­теңе өнбейді. Ғылымды дамы­туға шындап кірісу керек. Оны біз өндір­гіш күшке айналдыруымыз керек. Осы талап бүгін де қойылып отыр. Ал біздің халіміз мынау... Сонда бұған қалай риза боласың? Біздің мемлекетіміз солқылдап өсіп келе жатқан бәйтерек. Бірақ өзегіне құрт түсті. Ол – жемқорлық деген жұлын­құрт. Осы құртты жандандырмай тазалау керек. Сонда бәй­терек мықты болып өседі. Әйтпе­се өзегін кеулей берсе, бір күні бәйтерек құлайды. Мемлекетті құртатын ол – жемқорлық. Осы сыбайлас жемқорлыққа әліміз келмей жатыр. Былай етеді, олай етеді, бірақ жем­қорлық жойылмай жатыр. Турасын айтқан­да, «былай тартсаң өгіз өле­ді, былай тартсаң арба сынадының» кері. Түбірімен өзгеретін ештеңе жоқ. Бірақ жем­қорлықтың емі табылмай жатыр. Тетігі табылса жаншып, жоюға болады ғой. Бі­рақ... Біздегі таза басшыларды білмеймін. Әйтеуір қыз­метке тұрып жатқандар байып шыға келеді. Ол әкесінен қалған мұра емес. Халықтың малынан байып отыр. Мемлекет­тік қызмет­те жүрген көп кісілермен сөйле­семін. Сонда байқайтыным – оларда халық­қа қалай қыз­мет етемін дегеннен гөрі, қалай алып қала­мын, қалай қарпып қаламын деген ой басымдау. Себебі біз баяғы Мағжанның айтқан жолына түстік. Мағжан «Еуропаны қараңғылық қаптаған, жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған... Қарын деген сөзді ғана жаттаған» дейді. Қазір біз қарын деген сөзді ұрандатып жатырмыз. Бизнес бизнес деп жатқанымыз – сол қарын деген сөз. Қарын да керек, онсыз өмір болмайды. Екеуін үйлестіріп ұстау керек қой. Капи­тализм жолына түстік. Капитализм деп бая­ғы батыстың классиктері жазған сұмдық­тардың бәрін бүгін көріп жатырмыз.

– Аралас мектеп туралы көп жаздыңыз. Бүгінде содан бір нәтиже шықты ма?

– Аралас мектеп мәселесі айтыла-айтыла ақжем болған тақырыпқа  айналды. Нәти­же шықпады. Өзбекстанда аралас мектеп құрып жатыр. Тәжікстанда, Түрік­менстанда бәрін жауып тастады. Бізде қайта көбейтіп жатыр. Мен осы мәселені көтер­генде еліміз бойынша аралас мектептің саны 2068 еді. Бүгінгі статистика 2097 деп көрсетіп тұр. Жойылудың орнына қайта көбейіп барады. Аралас мектеп көбейген жерде тіл өледі деген сөз. Мұндай мектепте шешуші тіл – орыс тілі болып қалады. Оған жабысып жатқан біздің шала қазақтар. Кезінде Бір­ғаным Әйтімова білім және ғылым министрі болып тұрған кезінде Та­раз­ға келген болатын. Кредитті оқу саласы жайлы бүкіл мәселені тақылдап баяндап берді. Содан бізге қайта-қайта сұрақ қойыңдар деді. Ал бізге бастықтар сұрақ қоймаңдар деп тап­сыр­ма берген. Алдында отыр едім, ақырын­да шыдай алмай аралас мектеп туралы сұрақ қойдым. Сөйтіп ем, министріміз төпе­леп отырып біраз нәрсені баяндады, бірақ айдалаға лағып кетті. Мен тоқтатып қойдым да, «Жамбыл облысында­ғы аралас мектеп­тердің жайын айтып беріңізші», – дедім. Оған «ол жағын мен әлі білмеймін» деді. Сонда ол өзінің алдында бағып отырған қойын да білмегені ғой. Міне, біздің министрлері­міз­дің жағдайы осындай. Жалпы, елімізде қоғамдық ғылымдардың рельсін өзгерту керек дегенді де айттым. Себебі біз бұрынғы еуроцентрис­тік рельспен келдік. Әлі сол жолмен ұрып келеміз. Ол жақсы­лық­қа апармайды. Сол себепті рельсті өзгерту керек те, ұлттық шығыстық рельске салуы­мыз керек. Сонда ғана аяғымызға нық тұра аламыз. Әйтпесе құлдық сана бұғауынан босау қиын... Аралас мектептен бұл ХХI ғасырда да құтылатын түріміз жоқ. Себебі саясат тіл мәселесінде айқын білінеді. Мүның еш қиындығы жоқ. Орыстар орыс мектебінде, қазақ қазақ мектебінде оқы­сын. Бітті ғой. Бар болғаны сол ғана. Кей­біреулердің пайымынша, бұлай бол­мауы керек екен. Бірігіп оқуы керек екен. Мұның астарында Ресей патшалығы мен ком­партияның дәс­түрлі орыстандыру сая­са­ты жатыр. Алтын­сарин де соған еріксіз қызмет етті. Бірақ ол кісі орыстандыру сая­сатын сезе білді. Бірақ қолынан не келеді. Шамасы келгенше қазақтарды орысша оқытты. Ол заман басқа, бұл заман басқа. Ресейде бес жылда орысша үйрене алмасаң, азамат­тығын ала алмайсың. Бұны заңмен бекіткен. Ашық талап қойып отыр. Неге біз осындай талап қоя алмаймыз? Тілді үйрету оп-оңай. Қазақ тілін қажеттілікке айналды­рып жіберсе, шала қазақтарың бір жылдың ішінде сайрап шыға келетін болады. Орыс тілін жақсы көрген соң үйренді дейсің бе, кезінде қызметке тұру керек болды, өмір сүру керек болды, сосын амалсыз үйренуге мәжбүр болдық. Одан басқа амал жоқ болатын. «Қазақ тілін білмесең қызмет жоқ» десең бітті, алдымен шала қазақтарың өздері-ақ жүгіреді. Жан керек болса, қызмет керек болса, амалсыздан үйренеді. Қазақ тілін үйретудің кілті – осында. Оған бола мил­лиондаған қаржы шашқанша, кілтті осылай бұрасаң өзінен-өзі шешіледі. Үкіметтің күші заңда. Олигархтың күші ақшасында. Біздің күшіміз халықта. Біз халыққа сөзімізді өткізе алсақ, онда Үкімет бізбен санасады... Газет халықтың көзі һәм құлағы ғой. Осы арқылы ақпарат алып, көп нәрсені біліп отырамыз. Жаңалықтарды, жаңа идеяларды, пісіп жетіл­ген қоғамдық ойларды соның ұшын көрсетіп қойса ар жағын түсініп отыра бере­міз. Біздің ұлттық дертті тек қазақ газеттері жазады. Басқа тілдегі БАҚ атаулының бірі де былқ етуге мүдделі емес... Бірақ олар қазақтілді журналистерге қарағанда қаламақыны да көп алады, бар жағдайы жасалған. Олар мемлекет қаржысынан 70 пайыз алса, халық саны 70 пайызға таяған қазақтар бөлінген қаржының 30 пайызын ғана алады. Теңсіздік қой? Тәжікс­танда, Түрікменстанда, Өзбекстанда тіл мә­се­лесі жоқ... Жапондар баласы 12-ге толғанша басқа тілді араластырмай, тек қана ана тілін тереңдетіп үйретеді. Ойлау механизмін әбден қалыптастырады. Сол кезде ғана басқа тілдерге бет бұра бастай­ды. Басқа тілдерді тек 12 жастан асқан соң ғана үйре­нуіне жол ашық. Бірақ шешуші тіл өздерінің ана тілі болып мәңгіге қала бере­ді. Біз көптілділікті балабақшадан бастап жатыр­мыз. Бұл дегенің – баланың миын су қылу деген сөз. Миына күш түсіп, ертең ауыт­қу болса, ертең оған жауапты кім бер­мек? Ең бастысы, олар ана тілінің уызына жарымай өседі. Бүкіл дүниежүзі қабылдап мойында­ған шындықты «біздің даныш­пан­дар» қа­был­дай алмай отыр... Кеңес Одағы кезінде бізді мәңгүрттендіру саясатын ұстанды. Оған дәлел – Голощекиннің Сталин­ге жазған хаты бар. Сонда бес түрлі талап қояды. Біріншісі әрі ең сұмдығы – «қазақ­тың зиялыларын бір-біріне айдап салып, көздерін түгел жою керек» деп жазылған. Екіншісі – «келер ұрпақты тарихи жадынан адастыру және мың жылдан астам уақыт бойы қолданып келген араб жазуынан қол үздіру үшін жазуын екі рет ауыстырып, мәңгүрттендіру» сияқты саяси мақсатын ашық қойды. Бұл өзінің жемісін еселеп бер­ді. Мәселен, мен өзім қып-қы­зыл мәңгүрт болып өстім. Кейін ғана көзім ашыла баста­ды. 10-сыныпта жүргенде пар­тияға өттім. Дінді де, басқаны да лақтырып, лағып кеттік. Кейіннен қызметке тұрғаннан соң, өмірді көргеннен кейін біздің бұл саясаты­мыздың жалған екенді­гіне көзім анық жетті. Себебі қағазда бәрі жақсы, өмірде мүлде басқаша. Қайда барсаң да ұлы тілде сөй­лей­­тіндер. Орталық қол астындағы барлық республиканың ішкі сырын біліп отыру үшін өзінің адамдарын барлық жерге екінші басшылыққа отыр­ғызып қойды. Екінші секретарь кімнің не істеп жатқанын, не қойып жатқанын бәрін орталыққа баяндап отырды. Ал бізді орта­лыққа жолатпады. Мағжан ақынның айт­қанынддай «Орал өзені екі елдің шекарасы, ар жағы түн, бер жағы күн баласы. Ар жағы үймелеген жын ұясы, бер жағы Ер Түріктің сар даласы». Сол Оралдан ары қарай түгел ауыр индустрия гүлденсе, Түрік халық­та­рының жерінде машина жасау, тіпті мотор жасау зауытын салуға тыйым салды. Орта­лықтағы зауыт, фабрикаларға шикізат түрік халықтарының сардаласынан тасылып жатты. Қазақтар қалада тұруға 10 пайыздан аспауы шарт болды. Осындай жасырын саясат ұстануы себепті Ресей империясы өзін де сорлатты және қол астындағы 47 түрік халықтарын да сорлатты. Ресей патшалығы жаулаған Түрік тілді 47 ұлттың кеңес билігі құлар алдында 27-сі тұтас орыстанып, тілі өлі тілге айналып орысқа сіңісіп кетті. Қалған 20 түрік халқының 5-еуі өз тәуелсіздігін жария­лап мемлекетін құрды. Қалған 15-і ресейдің қол астында. Олардың кейбірі тіпті дінін де өзгертті, атын да, тегін де орыстандырып алды. Жетіліп кетсе, солар жетісер еді, бірақ сорлап отыр. Біз, қазақтар, орталықтың ерек­ше қысы­мында болып, солардың тая­ғын көп жеген халықпыз. Сондықтан ерте мәңгүрттеніп, тарихи, рухани жадымыздан көз жазып қалдық. Сондықтан мәңгүрттен­ген халықы­мызды ұлттық идеология арқы­лы қайтадан тәрбиелеп, бастапқы табиғи қалпына кел­тіру мақсаты алдымызға зор тарихи міндет ретінде қойылып отыр.

– Қоғамның жанына батқан ащы ақиқатты айтып та, жазып та жүрсіз. Қысым көріп жүрген жоқсыз ба?

–Жоқ, мен жұмсақтау етіп айтып жүр­мін. Фактімен сөйлеймін. Ол шындық болғаннан кейін оған ештеңе дей алмайды. Өздерінің осал жерлерін ашық айтып отыр­ғаннан кейін не десін. «Ғылымға еңбек сіңір­ген қайраткер» деген атақ бар. Соған мені Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетіндегілер ұсынған болатын. Берілмеді. Ұсталықпен жасалған айлалы қысым арқасында одан шеттетіліп, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік уни­верситетінің қазақ әдебиеті кафедрасына меңгеруші болып келдім. «Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер» атағына 70 жасқа то­луы­ма және Жамбыл облысының құрметті азаматы болуыма орай тағы да ұсынылдым. Тағы да берілмеді. 80 жасқа толған шағым­да Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры ретінде абайтану саласында жазған ғылыми еңбектерімді ескере оты­рып, Абай атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті ұсынды. Сонда мен «әй, мен ұсынудан кен­де болып жатқан жоқпын. Беруі қиын-ау, екі рет ұсынды ғой» дегенімде де қоймай тағы да ұсынды. Мені жақтайтындар да, жақтамайтындар да бар. Бір шындықтың бетін ашайын. Қазақ әдебиетіндегі акаде­мик­тердің халықтың мүддесіне ащынып, шы­рылдап тұрып мақала жазғанын көрдің­дер ме? Ешқайсысында жоқ. Неге жазбай­ды?.. Мен өзімнің еңбегіме ғана сенемін. Осындағылардан сұраңыздар. Мен бір адам­нан пара алған емеспін. Не студенттен, не басқадан. Кейбір жетекшілер шәкірттерін ақжем етіп, ығырын шығарады. Ал мен әскеттік жолмен кеттім, енді солай қалатын шығармын.

– Абайды терең зерттеген жандардың бірісіз. Көп қазақ түсінбейтін, түсіне алмайтын Абайды толық тани алдыңыз ба?

– Абай мүлде табиғаты бөлек ақын ғой. Ойлауы тіптен басқаша. Сондықтан біз Абай­­ды танымайынша, қазақты тани ал­май­мыз. Байтұрсынов босқа айтпаған «әрбір исі қазақ Абайды білуі керек, біл­ген­де де тануы керек. Абайды алғаш оқыған кезде кібіртіктеп, оқи алмап едім. Кейін келе түсіндім», – дейді. Оның ішіндегі сөздерді бір адам түсіндіріп айтып бермесе, оны мың рет оқысаң да түсінбейсің. Сол себеп­тен «Абай лұғаты» деген кітап жазып жа­тыр­­мын. Абайда 180-дей сөз бар. Сол шы­ғыс­­тық термин сөздердің Абай қолдан­ған мән-мағынасын ғылыми тұрғыдан ашып түсіндіруіміз керек. Жаза салу оңай емес. Мағынасын жан-жақты түсініп барып ашып жеткізу оңай шаруа емес. «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде: «Ақылмен хауас барлығын, білмейдур, жүрек сезедур. Мүт­такаламин, мантикин, бекер босқа езедур» дейді. Демек, осы термин сөздерді білме­сең, мағынасына тісің батпайды. Өзім талай мәрте қайталап оқып, жаттап алсам да түсіне алмай қойғанмын. Жаңағыларды зерделеп, ізденіп, зерттеп тапқаннан кейін барып көзім ашылды. Көп нәрсе шығаратын едім. Бір жерде отырып іздене алмай, қыз­мет бабымен ауысып, тұрақтай алмадым. Таразға келгеннен кейін біраз шаруалармен жүріп қол тимей кетті...Абай жаратушы түп иені танып-білуге бар күшін сала ұмтылды. Жантану ілімінің негізін салды. Абайдан соң ол ілімді ақын шәкірті Шәкәрім ары қарай дамытты. Бұл салаға Мағжан мен Махмұт та атсалысты. Әсіресе табиғат лирикасы, көңіл күй лирикасы, саяси-әлеуметтік ли­ри­ка, пәлсапалық лирика ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы ояну дәуірін­дегі қазақ қоғамында өте биікке көтерілді. Қазір Абай мен Шәкәрімнің жантану іліміне не батыстың, не шығыстың ақындары көтеріле алған жоқ. Әлі биік деңгейде тұр. Олар жантану ілімінің негізін қалады. Ал біздің философтар психологияны жантану деп шатасып жүр. Бұл – қате пікір. Өйткені логика деген ғылым бар. Ол ойлану заңдары туралы ғылым. Психология біздің бойымыздағы психикалық құбылыстарды, қорқу, қуану, күлу, жылау т.б. құбылыстарды зерттейді. Бұл жан емес, психикалық құбы­лыс. Соны зерттейтін ғы­лым – психология. Жан деп ТӘҢІРІ жақтан келетін тылсым құбылысты айтамыз. Біздің философтар батыстың материалистік мектебімен қалып­тасқан. Соның моделінен айналшықтап шыға алмайды. Кішкентай кірпіш құю үшін моделін жасаймыз ғой. Сол модель негізін­де құйылған кірпіш атаулы бірінен-бірі айнымай, бәрі бірдей болып шығып жата­ды. Оны өзгерту үшін алдымен модельді өзгертпек керек.. Біздің философ­та­рымыз­дың бәрі еуропа-орыс философта­рының жолымен жүріп келеді. Ол шығыстың фило­со­фиялық моделіне келіңкіремейді. Абай – негізінен шығыстық моделдің өкілі. Абайды кім шығыстың моделін меңгерсе, сол ғана ашып бере алады. Одан аздап хабарым бар. Сондықтан біраз нәрсесін айттым Абайдың. Философтар бұған қарсы келе алмас. Қайта менің терминдерімді алып, керегіне жаратып жүрген сияқты. М.Әуезовтің кезінде Абайдан жазып қойған терминдері болды. Бірақ қысым болған­дық­тан заманында айта алмады. Соны біз айта бастадық. Жан құмары, тән құмары дегеннің бәрін ашқан кезде Еуропа­ңызға мүлде жоламайды. Сол себептен кейбіреу­лер Абайдан докторлық қорғаған кезде оның дүниетанымын толық ашып бере алмады. Абайды оқытқан кезде Әуе­зов­тің жолымен жүре алмадық. М. Әуезов 1934 жылы өзіндік концепциясын қалыптас­тырды. Абайдың дүниетанымы, қалыптасуы өзінің туған елінің мәдениеті, шығыстың рухани қазынасы, батыстың әдебиеті негізінде қалыптасқаны туралы баса айтты. Осы танымды рет-ретімен жүйелеп оқыту керек еді. Оны керісінше теріс дедік. 1949 жылғы космополитизм туралы қаулыға сүйе­ніп, Абайдың шығысын сөйлетуге қа­таң тыйым салдық. Тек қана орыс әдебиеті мен батысты негізге алдық. Абай мұрасын зерттеу арқылы түгелдей осы салаға бет бұрды. Докторлық, кандидаттық дис­сертациялық еңбектердің бәрі де орыс әдебиетімен бай­ла­ныста қорғалып шықты. Дүниетанымы  атеист, материалист деген жасанды та­ным­ға арқа тіредік. Ал шынды­ғына келсек, Абай  исламдық шығысты, оның пәлса­палық ой-танымын керемет білген. Шығыс­ты білгенде тек діни жағын емес, рухани жағынан, тереңдеп білген. Соны бұздық та, тек қана біржақты сарынға кет­тік. Ендігі мақсат – Әуезов ұсынған табиғи танымға қайта оралып, орнына келтіру болып тұр. Туған елі мәдениеті мен шығыс­тық рухани қазына қорында Абай жасаған толық адам ілімі жатыр. Қазіргі рухани жағы­нан құлдыраған Батыстан небір бүлдіргі нәпсіқұмарлыққа ұмтылған жат мінез-құлықтар ағыны тоқ­таусыз келіп жатыр ғой. Осыған қарсы тұру үшін бірден-бір тосқауыл – Абайдың «Толық адам ілімін» жастар санасына сіңдірсек, жастар соны шын жүрегімен қабылдаса, онда басқа зиянды жат мінезді қылықтар жола­майтын болады. Парақор­лық, сыбай­лас­тық, дүниеқоңыздың, тоғышар­лық, шектен асқан нәпсіқұмарлық  дертіне шалдығу тәрізді жат құбылыстың бәріне басқаша қарайтын азамат ретінде қалыпта­сар еді. Сонда ғана таза ұлттық, шығыстық тұрғыда қалыптас­қан тұлғаны тәрбиелей алмақпыз. Болмаса біз батыстың ұсқынсыз көлеңкесіне айнала­мыз. Жас буынды кітап оқуға қалай қызық­тырамыз деп Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқытатын «Абай әліппесі» деп аталатын кітапты сөйлететін қалам ой­лап ендірдік. Ол туралы баспасөзде кезінде талай рет жазылды да. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашыл­ды. Сонда жаңа бағыттағы елеулі ғылыми-зерттеу жұмыста­ры жүргі­зілуде.



Алашқа айтар датым...

Тілді үйрету оп-оңай. Қазақ тілін қажеттілікке айналдырып жіберсе, шала қазақтарың бір жылдың ішінде сайрап шыға келетін болады. Орыс тілін жақсы көрген соң үйренді дейсің бе, кезінде қызметке тұру керек болды, өмір сүру керек болды, сосын амалсыз үйренуге мәжбүр болдық. Одан басқа амал жоқ болатын. «Қазақ тілін білмесең қызмет жоқ» десең бітті, алдымен шала қазақтардың өздері-ақ жүгіреді. Жан керек болса, қызмет керек болса, амалсыздан үйренеді. Қазақ тілін үйретудің кілті – осында. Оған бола мил­лион­даған қаржы шашқанша, кілтті осылай бұрасаң, өзінен-өзі шешіле­ді. Үкіметтің күші – заңда. Олигархтың күші – ақшасында. Біздің күшіміз – халықта. Біз халыққа сөзімізді өткізе алсақ, онда Үкімет бізбен санасады... Газет халықтың көзі һәм құлағы ғой. Осы арқылы ақпарат алып, көп нәрсені біліп отырамыз. Жаңалықтарды, жаңа идеяларды, пісіп-жетілген қоғамдық ойлардың ұшын көрсетіп қойса, ар жағын түсініп отыра береміз. Біздің ұлттық дертті тек қазақ газеттері жазады. Басқа тілдегі БАҚ атаулының бірі де былқ етуге мүдделі емес. Бірақ олар қазақтілді журналистерге қарағанда, қаламақыны да көп алады, бар жағдайы жасалған.





Көрілген: 2510    Пікірлер: 0

бейсенбі, 08.08.2013, 12:18

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31