Дат!

Арнайы базаның жоқтығынан бәсекелестерімізге барып, солардың көз алдарында дайындаламыз...

  • Арнайы базаның жоқтығынан бәсекелестерімізге барып, солардың көз алдарында дайындаламыз...

    Арнайы базаның жоқтығынан бәсекелестерімізге барып, солардың көз алдарында дайындаламыз...

Юрий МЕЛЬНИЧЕНКО, Атланта Олимпиадасының чемпионы:


– Юрий Васильевич, жақында жаңа қызметке тағайындалғаныңызды біле­міз. Оқырмандарымыз атынан лауа­зымды қызметке бекітілуіңізбен құт­тықтаймыз. Жаңа қызметте сіздің мін­детіңіз қандай, немен айналысатын боласыз?

– Әртүрлі спорттық жобалардың басын қосқан жаңа мультифункционалды клубқа, яғни «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубына қызметке келдім. Бұл жобаның басты мақсаты – спорттық клубтар бағыты арқылы Қазақстанның, астанамыздың мәр­тебесін өсіре беру. «Астана» Прези­денттік кәсіби спорт клубының құрметті президенті Елбасының өзі екенін білесіздер. Мен бұл клубқа спорт жөніндегі атқарушы директор болып бекітілдім. Осы клубтың президенті болып табылатын Бақтияр Артаевқа көмек­тесетін боламын. Қызметіме кіріскеніме бір айдай болып қалды. Енді ғана кірісіп, өзімнің тікелей міндетімнің байыбына ба­рып, меңгеріп жатырмын. Жоспар көп, ой-пікір, ұсыныс көп. Қазақстан спорты іс жү­зінде қазіргі заман талабына сай жетіле түсуі үшін шетелдік мамандардың да ақыл-кеңестеріне жүгініп жатырмыз. Жақында әлемдегі әйгілі менеджердің бірі Майкл Пэйн бастаған беделді сарапшылар келіп кетті. Олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша біздің президенттік клубтың мүмкіндіктерін зерделеуде, енді оның даму стратегиясын жазатын болады. Болашақта біздің клуб тек демеушіге арқа сүйемей, өзін-өзі қаржыландыруға көшіп, одан соң тіпті пайда табуға көшеді деген сенімдеміз. Тек қаржы сала бермей, оның да жемісін жеуді көздеудеміз.

Жаңа айтып өттім ғой, жоспар көп деп. Соның бірі – «Қазақстан Барысы» жобасын одан әрі жетілдіре түсу. Бұл – біздің елдегі теңдессіз бірегей жоба. Біріншіден – дәс­түрді, яғни ұлттық күресіміз қазақ күресін жан­дандыру. Екіншіден – «Қазақстан Ба­рысы» белдесулерін осындай жоғары дең­гейге көтердік. Үшіншіден – осы жобаның басшылары мен жетекшілері қазақ күресін орта мектептердің бағдар­ламасына енгізіліп, ұл балаларға арнайы пән ретінде оқытылу мәселесімен айналысуда. Мұндай тәжірибе шетелдерде бар. АҚШ-та, басқа елдерде де спортты дамыту осылай жүзеге асырылады. Мен бұл бастаманы бәрі қолдайды деп ойлаймын. Болашақта қазақ күресінің барлық белдесу өнері түрлерінің (еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо және т.б.), сондай-ақ басқа да спорт түрлерінің түпнұсқасы болуы ықтимал. Ұл балалардың барлығы спорттағы алғашқы қадамдарын қазақ күресімен ашса, жаман болмас еді. Егер жас бала басқа спорт түрін таңдаса да, ол оған біршама дайын болып барады. Физикалық тұрғыда күш-қуаты жетіле бастаған, тәртіпті, патриоттық сезімі оянған, тағысын тағы. Яғни жеткіншек спорттық ойындар түрін таңдаса да, қазақ күресінен үйренгені оған тек көмектесіп, кәдеге асады.

Өз басым осы жұмыстардың бәрін бірте-бірте игеріп, Президенттік спорт клубына, елімізге өз пайдамды тигізіп, ел спортының дамуына өз үлесімді қоссам деймін.

– Жақында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Біздің балуандар бүкіләлемдік біріншіліктен алтынсыз қайтты. Сол кезде сізді еске алдық. Сіз Атланта Олимпиадасында саф алтынды өңіріңізде жарқыратып қана қоймай, екі дүркін әлем чемпионы атандыңыз, екі мәрте күміспен күптелдіңіз. Жалпы, боз кілемде ешқандай арманыңыз қалмаған шығар?

– Боз кілемде өзім белдескен турнир-чемпионаттардың барлығында жеңіске жету бақыты бұйырды. Біреуінде ерте, енді біреуінде кеш болсын, мақсатыма жетіп, жеңімпаз атандым. Жасөспірімдер арасын­дағы да, жастар арасындағы да, ересектер арасындағы да әлем чемпионаттарында топ жардым. Олимпиада чемпионы да атандым. Әрине, тағдырыма ризамын. Былайша айтқанда, жүзеге аспай қалған арманым жоқ. Спортшы ретінде барлық белесті бағындыра алдым. Бірақ бапкер ретінде өкініштен өзегім өртенген сәттерім болды. Әсіресе Афины Олим­пиадасының фи­налында Георгий Цурцумияның түсініксіз жағдайда ұтылып, қолда тұрған алтынынан айырылып қалғаны жаныма батты. Егер ол сол жолы жеңіске жетіп, Олимпиада чем­пионы атанғанда, онда бапкерлік қызметте де ерен жетістікке қол жеткізген жат­тықтырушы болар едім. Әрине, Цурцумия менің төл шәкіртім емес. Қазақстанға келгеніне дейін оны басқа бапкерлер дайындаған. Нақтырақ айтқанда, Грузия күресінің мектебінде тәрбиеленген. Десек те, «оны жасөспірімдер қатарынан ере­сектер арасына шыңдап қосқан – біз, Қазақстан бапкерлеріміз» деп санаймын. Мен мұны сол кезде Қазақстан ұлттық құ­рамасын жаттықтырған бапкерлер құра­мының жалпы жетістігі деп білемін. Өкінішке қарай, сол кезде біз орасан зор жетістікке сәл ғана жетпей, өте жақын бардық.

Одан кейін республикалық олимпиа­дашылар даярлау орталығында қызмет еттім. Мұндағы жұмысым да аса жоғары деңгейде, жемісті болды деп айта аламын. Көп-көрім нәтиже көрсеттік. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында шәкірттеріміз жүлдеге ілікті. Жәнібек Қандыбаев чемпион атанып, Ақан Бай­мағамбетов қола жүлдеге ие болды. Біздің бұл орталықтан әлем чемпиондары да шықты. Атап айтқанда, Владимир Куд­рин, Елхан Асадов, Мейрамбек Айнағұлов және Екатерина Ларионова сынды жас таланттар біздің осы орталықтан түлеп ұшты. Дарынды ізбасарлар тәрбиелеп шығардық деп айта аламын.

Сіз сұрағыңызды әлем чемпионатымен ұштастырып отырсыз ғой. Осы жастардың ішінде ерекше көзге түсіп жүргені – Катя Ларионова. Ол жаңағы сіз айтқан, Венгрия боз кілемінде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ол – әлі Олим­пиадашылар даярлау орталығының құра­мында, небәрі 19 жаста. Катя жасөс­пірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Енді міне, ересектер арасын­дағы әлем чемпионатына қатысып, бірден қола жүлде олжалап қайтты. Әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз жалғыз жүлдемен оралып, оны біздің бойжеткен қызымыз жеңіп алды.

Нұрмахан Тынәлиев те осы орталықта шеберлігін ұштап, осыдан үш жыл бұрын ғана қанат қаққан. Ал қазір қараңыз, әлем­нің үш дүркін жүлдегері. Азиядан қаншама жүлде әкелді? Алмат Кебісбаев та біздің түлегіміз. Будапешттегі әлем чемпионатында жүлдеге жарты қадам, тіпті сынық сүйем жетпей сүрінді. Жолы болмады. Қола жүлде үшін белдесіп, жеңіп жатқан. Бірақ келеңсіз жағдайдың кесірінен жеңісті уысынан шығарып алды. Өзбекстан намысын қор­ғаған балуан қолынан қапсыра ұстап алып, бір әрекетінде бірнеше ұпай (6-8 балл) еншілеп, жеңісті қақшып кетті. Мұндай болмас үшін ережеге өзгеріс енгізу де қажет шығар.

Бүгінде Олимпиадашылар даярлау орталығында барлық жұмыстар дұрыс жолға қойылып келеді. Әрине, барлық мәселелер дер кезінде шешіліп отыр деп айта алмаймын. Әйтсе де, мен бұл орталық алдағы уақытта да дәл осылай табысты еңбек етіп, ұлттық құрамаға әлеуеті мол жастарды дайындап беріп отырады деп сенемін.

Жалпы, Қазақстан күресінің, қазіргі замандағы спорттық күресінің шежіресі мол. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлы­ханов, Бақтияр Байсейітов сынды үлгі тұтар ағаларымыз бар. Күрес залына келген жет­кіншектердің бәрі осындай даңқты ағаларына еліктеп өседі. Мен осы дәстүр сақталып, ізімізді басып келе жатқан буын бізден де асып түссе екен деп тілеймін. Ал олардан кейінгі буын біздің ізбасар­лары­мыздан асып түссін деймін. Сөйтіп, Қазақ­стан спорты асқақтай берсін!

– Жалпы, сіз кімсіз, балуан ба, бапкер ме, әлде спорт қайраткері ме? Қайсысы табиғатыңызға жақын? Қайсысында өз қабілетіңізді іркілмей жүзеге асыра аласыз?

– Менің өмірге деген көзқарасым спортшы болып жүрген кезімде қалыптасты деп ойлаймын. Ал спортшыдан бапкерлікке, бапкерліктен қоғам қайраткеріне дейінгі аралық алыс емес. Тек әр қызметте өз мін­детіңді сапалы орындауың керек. Спортшы болған соң барлық баспалдақтан өтесің. Балалар спортынан бастап, үлкен спорттағы ерен жетістіктерге дейінгі ғұмырыңда бәрін өз көзіңмен көресің, басыңнан толықтай кешіресің. Бапкер немесе спорт қайраткері болғанда, спортшының да, жаттықтыру­шының да барлық мәселелері мен қажет­тіліктерін түсіне аласың.

Мен – әмбебап «өніммін». Балуанмын да, бапкермін де, спорт қайраткерімін де. Ең бастысы, қысқаша айтқанда, мен  күрес маманымын. Сайып келгенде, бәрі де күрес емес пе? Бәрі де – соның құраушылары. Бәрі де күреске патриоттық сезіммен қарауды қажет етеді.

Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстан спортының инфрақұрылымдық жүйесі көп қиындықты басынан өткерді. Өйткені олимпиадалық орталықтар, балуандарды дайындайтын арнайы базалар болған жоқ. Сондықтан Қазақстан спортшыларына әртүрлі жағдайларда жаттығып, қолда бар мүмкіндіктермен шектелуге тура келді. Мәселен, пионерлер лагерінде. Өйткені пионерлер лагері таулы жерлерде, спорт­шы­ларға қолайлы табиғат аясында орна­ласқан. Әлі күнге дейін біздің спортшылар «Тау самалында» жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Әрине, ондай жерлерде спортшылардың жаттығуына арналған арнайы залдар жоқ. Бірақ климаттық жағ­дайлары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қолайлы. Санаторий­лерге де кілем төселіп, спортшылар дайын­далып жүрді. Соған қарамай, Қазақстан спортшылары тұщымды нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Мен болашақта бұл мәселенің бәрі шешімін тауып, жазғы спорт түрлеріне арналған Олимпиада қалашығы бой көтеріп, біздің спортшылар сонда алаңсыз дайындала алады деп сенемін. Барлық спорт түрлеріндегі ұлттық құрамалары­мыздың өздерінің арнайы базалары болады деп үміттенемін. Сонда үйдегі дайындық­тары аса жоғары деңгейде өтіп, өзіндік қыр-сырлары болады. Сөйтіп, бұған дейінгі халықаралық аренадағы жетістіктерімізге жаңа серпін қосып, спортымызды жаңа дең­гейде жетілдіре түсетін боламыз. Спортшыларымыздың шеберліктерін осындай арнайы базаларда мейлінше шыңдай түсетін боламыз. Өйткені қазір біздің спортшылар, әсіресе балуандарымыз Венгрияда, Беларусьте, Түркияда, Ресейде, Иранда және т.б. елдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мәжбүр болып жүр. Яғни өзіміздің тікелей бәсекелестерімізге барып, солардың көз алдарында жаттығып жүр. Ал олар біздің спортшылардың қалай жаттығып жатқандықтарын өз көздерімен көріп, бәрін бастан-аяқ саралап, келесі турнирлерде біздің балуандардың қандай әрекет қолданатындықтарын бағамдап отырады деуге де болады.

– Кешіріңіз, сонда біз бәрін өзіміз жайып салып жүрміз ғой?

– Солай болып жүр. Өйткені біздің балуандар оларға қонаққа барып, солардың көз алдарында жаттығуда. Олардың мамандары біздің кейбір жігіттерімізді өздерінің балуандарының басты бәсекелесі санаса, онда қай бұрыштан «сығаласа» да, сырттай бақылап жүреді ғой. Осал тұсын аңдып, зерделеп отырады. Егер біздің өзімізде жаттығу жиынын өткізетін базалар болса, онда өзіміздің тактикалық дайын­дығымыз көшілгері болар еді.

– Сіз алдағы уақытта біздің де он шақты кілемді, қазіргі заман талабына сай тамаша базамыз болады деп сенесіз бе?

– Міндетті түрде 10 кілемді емес, үш-төрт кілемді болса да жетіп жатыр. Тек ол бәріне, атап айтқанда, балуандарға, бап­керлерге қолайлы жерде орналасқан болса. Табиғаты да спортшылардың алаң­сыз дайын­далуына ыңғайлы болғаны абзал. Өз кезегінде бұл ноу-хау емес қой. Бұл әлемде, барлық жерде бар. Қазақстанда осындай спортшыларды дайындайтын орталықтар жетіспейді. Тек балуандар ғана емес, басқа да спорт түрлерінің өкілдері осындай қиындықтарды бастарынан кешіруде. Тек боксшыларымыздың жағдай­лары ғана түзеліп келеді. Былғары қолғап шеберлеріне арналған академия енді ашылады.

Жалпы, бұл шектен тыс өзекті мәселе емес. Бірақ ел спортындағы басты кем­шілігіміздің бірі – осы. Бірақ мұны шешуге болады. Әрі қолға алынып жатыр. Тіпті база­лар салынып та жатыр. Астананың жанынан шығыс жекпе-жектері түрлеріне арналған спорт сарайы салынуда. Қаскелең­нің іргесінде олимпиада қалашығы бой көтеріп келеді. Тек солар тезірек салынып бітіп, біздің спортшылар сол жерлерде дайындық жұмыстарына кіріссе деймін.

– Сіз боз кілем көрігін қыздырып жүрген кезде Дәулет Тұрлыханов ұлттық құрамаға Ресейден Геннадий Сапуновты шықыртқан болатын. Соның пайдасы болған да сияқты. Мүмкін, қазір де бізге шетелден білікті маман шақырту керек шығар?

– Дәл сол кезде жүлдені үйіп-төгіп алдық деп айта алмаймын. Мысалы, қазіргі бал­уандарымыздың ішіндегі ең әйгілісі Нұр­махан Тынәлиевті біздің, өзіміздің қазақ­стандық бапкерлер дайындап шығарды. Таза қазақстандық «өнім». Мұрат Қасым­ханов, Марат Тұрлыханов сынды бапкерлер тәрбиеледі. Әрине, Дәулет Тұрлыханов ағамыздың да ықпалы аз болған жоқ. Әсет Иманбаев, Нұрбақыт Теңізбаев сынды бал­уандарымызды да өз бапкерлеріміз тәр­биелеп шығарды. Өзіміздің күрес мекте­бімізден шығып жатқан таланттар аз емес. Мен үнемі өзіміздің ұлттық кадрларға, отан­дық мамандарға көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Балуандар да, бапкерлер де келіп, келісімшартпен жұмыс жасап, содан соң кетіп қалатындар болмауы керек. Бұл күнде қазақстандық күрес мектебі мен отандық бапкерлер біршама жетіліп, тамы­рын тереңге тартып, аяғына нық тұрған. Сондықтан ұзақ мерзімге шетелден маман шақыртудың қажеті бар деп ойла­маймын. Тек тәжірибе алмасу үшін болмаса. Семи­нарлар өткізіп, тәжірибе алмасып, жаттық­тырушыларымыздың біліктіліктерін арттыра түсу жолдарын ғана қарастыру керек. Әсілі, өзіміздің бапкер­лерге мүмкіндік беріп, жаңа бапкерлер «цехын» дайындаған жөн.

Әлгіндей семинарларда, шетелдерден келген қонақтарды ғана тыңдап қоймай, өзіміздегі бапкерлердің бәрінің басын қосып, тәжірибе алмасу жағын ойластыру керек. Өйткені Қазақстан ұлан-байтақ. Бапкерлердің бәрінің басын біріктіріп, екі-үш күнде күрестің қыр-сырына қанығу мүмкіндігі әсте туа бермейді. Өз бапкер­леріміздің пікір алмасып, білгендерін ортаға салып, ақылдасып-кеңесіп отыру­ларына жағдай жасасақ, көтерер «жүгіміз» жеңіл болар еді. Әрине, бір кездесуде, бір жылда барлық мәселені шешіп тастау немесе бәрін қамту мүмкін емес. Алайда бір олим­пиадалық циклде (төртжылдықта) бәрін де саралап шығуға, нақты қорытындылар шығаруға болар еді. Жалпы, өз маман­дарымызды бағалай білуіміз керек. Ал бізде білікті бапкерлер аз емес. КСРО құрамасын жаттықтырған Вадим Псарёв бастаған сыралғы бапкерлер жетерлік.

– Жанымызды күйзелтетін бір сұрағым бар. Олимпиада ойындарында, әсіресе осы төрт жылда бір өтетін дүбірлі доданың финалдарында, сырттан келген легионерлеріміздің Ресей балуандарынан ұтылып жатқандарын көргенде, қанымыз басымызға шап­шиды. Сондайда сізді еске алатындар аз емес. Сіз қазақ халқына Олимпиада алтынын сыйлап қана қоймай, адал еңбек етіп жүрсіз...

– Не айтқыңыз келіп тұрғанын түсіндім. Бізде мынандай бір дәйексіз пікір барын да білемін: «Егер бізге Ресейден келген балуан Олимпиада ойындарында өзінің тарихи отан­дасымен кездессе, онда жеңіле са­лады». Енді қанша адам болса, сонша пікір бар ғой. Мен олар әдейі ұтыла ма, жоқ па, оған төрелік айтқым келмейді. Бірін­шіден, неге Ресейден балуан шақыртаты­нымызға келейік. Ресейдің күрес түрлері мектебі – шынымен де, әлемдегі ең үздік мектеп. Ал Ресей бізге өздерінң ұлттық құрама­ларын­дағы бірінші-екінші нөмірлі балуандарын бермейді. Тіпті үшінші нөмірлі балуандарын да жібермейді. Бізге келетіндері – төртінші-бесінші нөмірлі бал­уандары. Олар бізге кеткен балуан­дарының өздерінде қалған үздіктерін жеңе алмайтындығына сенімді болған­дықтан ғана жібереді. Олардың мектептерінің күштілігі сол, олардың төр­тінші-бесінші нөмірлі балуандары басқа елдерде көшбасшы бола алады. Тіпті халықаралық аренада үздіктермен иық қағыстыра алады. Бұл тек күресте ғана емес. Есіңізге биат­лоншы Елена Хрусталеваны түсіріңізші. Ол Ванкувер Олимпиадасында біздің елдің қоржынына күміс медаль сал­ғанда, ресей­ліктер жүлделі орындарға маңайлай алмады. Мұның сыры – Қазақ­стан сырттан спортшы шақыртқанда, оның өсіп-жетілуіне мүмкіндік беріп, жағдай жасайтындығында. Ал Ресейде – «кон­вейерлік» жүйе. Ешкіммен жеке-жеке айна­лыспайды. Ешкімді әлпештеп отырмайды. Ал Қазақстанда оған мүлде басқаша қа­райды. Бағалайды, мәпелейді. Сондықтан Ресейде төртінші болған спортшылар Қазақ­станда ғана емес, әлемде де бірінші нөмірлі спортшы бола алады. Егер сол спорт­шыларымыз қандай да бір додада Ресей саңлағынан ұтылып қалса, оның себебін тереңнен іздеу керек. «Келісіп алған, содан соң жеңіле салды» деп бай­ба­лам салудың қажеті жоқ. Енді бір көңіл ау­дарарлығы, тек қана ұтылыстары айтылады. Мысалы, біздің Теймураз Ти­гиевті алайық. Ол Ресей балуандарын ұтып та жүрді. Ал бізде оның тек Ресей балуандарынан ұтылып қалған кездері ғана айтылады. Жалпы, мен «әдейі ұтылды», «келісіп алған» деген пікірлерді құптамай­мын. Қайталап айтамын, нақты бұл мәселеге төрелік етуден аулақпын.

Менің түсінігімше, қандай спортшы болмасын, бір елден екіншісіне ауысқанда, Ресейден болсын, басқа елден болсын, басқа бір мемлекетке ойысқанда өздерінің асқақ армандарын жүзеге асыруды ой­лайды. Сол армандарын жүзеге асыру үшін, яғни Олимпиада чемпионы болу үшін осындай қадамға барады. Осындай арман­мен келген спортшы Олимпиада ойын­дарының финалында жеңісті бостан-бос бере сала ма?! Бұл жерде мәселе – мате­риалды мүддеде емес, спорттық жетістікте!

Егер менің өмірім басқа біреулерге үлгі боларлықтай болса, ерен жетістікке қол жеткізген спортшы өзін осындай биікке, шыңға шығуға жағдай жасаған ортаны сыйлауы және құрметтеуі керек. Былайша айтқанда, қайтарымы болуы керек. Мысалы, Жапонияда Олимпиада чемпионы болған дзюдошылар үлкен спорттан кеткілері келсе, онда ол төрт жыл ізбасарлар арасында еңбек етіп, өз тәжірибесімен бөлісуге міндетті. Бұл оларда жазылған заң ба, жоқ әлде, солай қалыптасқан саналы борыш па, білмеймін. Әйтеуір солай. Біз де солай жасауымыз керек. Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері бірер жыл еңбек етіп, өз білгендерін жастарға үйретіп, мол тәжірибесін ізбасарларға сіңіруі керек. Мысалы, мен кілеммен қоштасқан соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып, еліміздің маңдайалды балуандары­мен жұмыс жасадым. Бірақ мен балалармен де, жеткіншектермен де айналысар едім. Содан соң тек Астана мен Алматы емес, келісімшарт негізінде бірер жылға басқа да аймақтарға жіберу керек. Мәселен, Мкхи­тар Манукянды – Батыс Қазақстан облы­сына, ал Юрий Мельниченконы – Солтүстік Қазақстан облысына. Біз борышымызды орындап қайтар едік. Келісімшартымыз біт­кенше сол жақтың күресін көтеруге көмек­тесіп, жергілікті балуандармен тәжі­рибе бөлісіп, мерзіміміз біткен соң Ал­матыға қайтып келер едік. Содан соң басшы боласың ба, бизнеспен айналысасың ба, өз еркің дегендей. Біз әлемде бар осын­дай ізгі тәжірибелерді таңдап алып, өзімізге сіңіре беруіміз керек. Мемлекетіміз әлі жас. Бола­шақта осының бәрі ескеріледі деп ойлай­мын.




Көрілген: 2010    Пікірлер: 0

сенбі, 19.10.2013, 12:24

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30