Дат!

Біріккен экономикалық кеңістік құрмастан бұрын біз алдымен өзіндік, қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруымыз керек

  • Біріккен экономикалық кеңістік құрмастан бұрын біз алдымен өзіндік, қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруымыз керек

    Біріккен экономикалық кеңістік құрмастан бұрын біз алдымен өзіндік, қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруымыз керек

Уәлихан Төлешов, философ, Халықаралық бизнес академиясының профессоры:


– Халықаралық сарапшылар «дағ­дарыс­тың келесі толқыны 2013-2017 жылдарды шарпып, ұзаққа созылып, оның зардабы алдыңғысынан да қатты болады» деген болжамымен ел үрейін алып жүр. Бұл болжам шындыққа айна­лып келеді деп айтуға бола ма? Ондай жағдайда ол, ең алдымен, эко­но­миканың қай секторын құрсауға алуы мүмкін?

– Дағдарыстың келесі толқыны туралы айтылып жүрген халықаралық болжам мен долбарлар жаңсақтық деп ойлаймын. Өйт­кені дағдарыс табиғатынан циклдік ке­зең­дерді қамтымайды. Керісінше, дағ­дарыс­тан соң мемлекеттер эконо­микалық да­му­дың жаңа сатысына көтеріледі. Жақсы мен жаман бір-бірін алмастырып тұратын өмір заңдылығы бұл арада да ешқандай өзгеріссіз жүріп отырады. Ал дамудың жа­ңа кезеңі өмірімізге Интернет, ІТ тех­нология жетістіктерінің дендеп ене бастауы­мен ғана емес, сонымен қатар бұл логистикалық транспорт инфрақұрылым­дарының дамуы, экономикалық процес­тердегі жаңа ғылыми көзқарастардың пайда болуы, биотехноло­гия, нанотехно­логия сынды ғылыми клас­тердің, робототехника, ғарыш технология­сы­ның өркендеуімен де тығыз байланыста сипатталады. Мұның барлығы адамның аса әмбебап болуын қамтамасыз етуге бағытталып жатыр. Қатты дамыған елдер оның негіздемесімен шұғылдануды әлде­қа­шан бастап кеткен. Осы жағынан алған­да, дамыған елдер өткен дағдарыстың сал­дарын ауыздықтап бітті деп айтсақ та болады. Мәселен, Португалия мен Греция­да жұмыссыздық өсімі кілт тоқтап, оны жою жұмыстары қолға алынған. Еуропалық одақ­тың басқа мемлекеттерінде бюджет тапшылығы жойылған. Мұнда үлкен құры­лымдық өзгерістер жүргізілді: Бірың­ғай ор­та­лық банк құрылды, енді бірыңғай са­лық басқармасын құру сөз етіліп жатыр. Осы­лайша, бірыңғай мемлекет болуға бағытталған ортақ ойын тәртіптерін құруда Еуропалық одақ дағдарыс салдарын жою­дың кілтін тапты. АҚШ-та экономикалық өсім жоғарылай бастады, биыл ол 2,4 пайыз­ды құрады, жұмыссыздық деңгейі қысқарып жатыр. Мұндағы экономикалық өсім қарқыны, меніңше, бес жыл бойына сақталады. Одан кейін АҚШ-та тағы да тежелу болады. Алайда мұны үлкен секіріс алдындағы артқа шегініс деп айтқан дұрыс шығар. Өйткені осы кезеңде барлық жағы­нан үнемдеген мол ақшаны, қорды амери­калық билік тек ғылымға жұмсап, жаңа тех­нологиялық қалыпқа көшуді күйттейді. Ғылым мен білімге ғаламат инвестиция ағылған соң, осы салада көптеп жұмыс орындары ашылады.

Жалпы, Америкаға мигранттар ұдайы ағылып отырады, ал бұл өз кезегінде еңбек нарығының барлық саласында бәсекелестік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Сон­дықтан жергілікті билік те келімсектердің бетін қақпайды, керісінше оларға тез әрі жылдам жұмыс орнын ашып беруге мүд­делі. Одан кейін, әрине америкалық қоғам өте динамикалық, белсенді болып келеді, ал саяси циклі қысқа. Әр президент төрт жыл­дың ішінде өз-өзін көрсету үшін бар­лық потенциалын жұмсайды. Міне, осын­дай жылдам қарқын мұндағы экономикаға да, саяси өмірге де қатты ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, америкалық демо­кра­тияны мен жылдам демократия деп атар едім. Қазір олардың мақсаты – Еуропалық одақ пен АҚШ-тың ортақ нарығын қалып­тастыру, мысалы, Кеден одағы секілді. Бұл ортақ нарықтың көлемі 850 миллион адам­ды құрайды. Мұндай ауқымдағы на­рықты қалыптастыру үшін белгілі бір күш, мол инвестиция, уақыт қажет екені сөзсіз. Әрине, мұндай жағдайда Еуропалық одақтың да, АҚШ-тың да бәсекеге қабілет­тілігі арта түседі. Өз кезегінде бұл мемле­кеттердің дамуына жаңа серпін береді. Сондықтан 2009-2011 жылдарғы дағ­дарыс ары қарай жалғастығын табады де­ген бос сөз. Ол дағдарыс аяқталды. Егер дағдарыс болатын болса, ол басқаша сипат­та орын алады. Дағдарыстан кейін дамуды байқасақ, бұл экономикалық қауіп-қатер бойынша, дағдарыс туын­датқан басты мәсе­лелерді еңсердік дегенді білдіреді. Сондықтан да өсім болады. Өсім болғаннан кейін ол экономикалық ортаны өзгертеді, яғни экономика дамылсыз жаңалана береді, тағы да өндіріс көлемі тым артып, сауда қарым-қатынасында тепе-теңдік бұзылғанға дейін.

Дағдарыс әлем бойынша емес, жекелей мемлекеттерде орын алуы әбден ықтимал. Мәселен, егер біз экономикалық дамудың жаңа өлшемдеріне көшпесек, экономиканы әртараптандырмасақ халықаралық нарықта мұнай бағасы құлдырағанда бізде міндетті түрде дағдарыс болады. Сон­дықтан Үкімет алдын ала теріс ықпалдарды бажайлап, оларды айналып өтудің амал-тәсілдерімен қаруланып отыруы керек. Сол секілді көші-қон процесін дұрыс бағалай алмасақ та осындай кері құбылыс орын алуы ықтимал. Бір мезетте миллионға жуық гастарбайтер елімізге енсе, ол да құлдырауға әкеліп соғады, өйткені арзан жұмысшы қолы жергілікті халықтың жұмысын иемдене бастайды. Осы секілді дағдарыстың көптеген себебі мен салдары бар. Сол себепті Үкімет экономикалық қауіп-қатермен үнемі жұмыс істеп отыруы тиіс. Мемлекет, Үкімет, зиялы қауым болуы ықтимал қауіп-қатерді алдын ала бажай­лап, қоғамда дер уақытында мәселе көте­ріп отырса, одан оңай құтылуға бо­лады.

ТЕҢГЕ ҚАТТЫ ҚҰНСЫЗДАНБАЙДЫ

– Демек, әлемдік экономикада барлығы дұрыс болғандықтан ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауы сыртқы факторға қатысты емес деп айтуға бола ма?

– Меніңше, бұл арада Үкімет пен Ұлт­тық банк ақылмен шешім қабылдап отыр. Мұны девальвация деп айтуға да болмай­тын шығар. Мәселен, ашық, тікелей де­валь­вация деген болады: қоғам бір фор­мациядан екіншісіне ауысып, алма­ғайып заман орнап, ақша да өзгеріп жатқан қиын-қыстау жағдайда. Эконо­миканың жаппай түрін өзгерткенде, ақша құнсыз­данып, инфляция қарқын алады. Бұл – заңдылық. Жалпы, ішкі нарықпен байла­нысты инфляция және халықаралық на­рық­пен қатысты инфляция деген бо­лады. Қазір Қазақстан шикізатын жақсы өткізіп жатыр. Жұмыссыздық деңгейі де қалыпты жағдайда. Тек металл сауда-сат­тығында тепе-теңдік бұзылып тұр. Өйткені әлем бойынша металға деген сұраныс төмендеп кетті. Металл өтпей жатқандықтан да металлургтарымыз қобалжи бастады. Қажетті көлемде экономикамыз долларды алмағандықтан, біздегі жұмысшылардың еңбегі де арзан­дай бастайды. Сондықтан Ұлттық банк осындай қадамға, жұмсақ, жасырын девальвация жүргізуге барып отыр. Мәселен, біз шикізатты долларға сатамыз, ол бізге келіп теңгеге алмасады. Айыр­мадағы 3-5 теңге арқылы біз арадағы теңсіздікті қалыптауға тырысып жатырмыз. Бұл дұрыс саясат деп ойлаймын. Ал аталған нарықтағы теңсіздік 2013 жылдың аяғы, 2014 жылдың басына қарай жойылуы керек.

– Сонымен қатар бір бірлестіктің астында болғандықтан теңге ықпа­лының әлсіреуіне жағдайы мәз емес рубльдің де әсер етіп жатқан жайы бар көрінеді. Осы себепті де тарқата отыр­саңыз...

– Мұны себеп емес, фактор деп айтсақ болады. Өйткені біз Бірыңғай экономи­калық кеңістік аясында Ресей Федера­ция­сымен біте қайнасып жатырмыз. Расында, Ресейдің жағдайы бізге қарағанда қиын­дау. Қазір олардың экономикасында құры­лымдық қайта құру жүріп жатыр, салдары­нан экономикалық өсімі де аса мәз емес. Сол секілді мұнай мен газ сатылымы көлемі де күрт азайды. Егер біз металымызды жақсылап өткізе алмай жатсақ, олар мұнай мен газын өткізуде белгілі бір кедергілерге тап келіп отыр. Салдарынан олардың да сауда-саттығында үлкен теңсіздік орын алуда. Әрине, Ресей де жасырын де­валь­вация жүргізгісі келеді. Бірақ бұл олардың қолынан келе ме? Ол – үлкен мәселе. Себебі Ресейдің әлеуметтік бағдар­ламасы ауқымды: мемлекеттік бюджеттен азықтанатын жұмыссыздық, әскерилер, әлеуметтік салалар, ана капиталы және т.б. мол қаржыны талап етеді. Сондықтан қаласа да, қаламаса да бұл арада міндетті түрде рубль девальвацияға ұшырайды. Меніңше, ол өткен жағдайларындағыдай масштабты көлемде болады. Алдында мұнда рубль 20-25 пайызға құнсызданған, ал бізде бұл көлем бұрын 10-15 пайызды құраған. Егер біздің теңге бұл жолы 3-5 пайызға әлсіресе, рубльдің құнсыздануы 10 пайызға барып қалады деп ойлаймын.

Әрине, біз тікелей рубльге тәуелді емес­піз. Бірақ Ресей жоспарлаған, қажетті та­бысты шетелден ала алмай жатыр, онымен санасуымыз керек, яғни Батыстан түспеген пайданы олар жақын елдерден қарастыра бастауы мүмкін. Сауда ағымын бізге қарай бағыттауы ықтимал. Сөйтіп, біздің нарыққа өз қызметтерін, тауарларын көптеп тық­палай бастайды. Әрине, біздің экономика оның барлығын бірден қабылдай алмайды. Адам баласы да сырттан келген энергияны қабылдамастан бұрын, алдын ала жинақта­лып, барлығын ой елегінен өткізіп алады ғой. Бұл арада сол секілді. Егер адам аз тамақтанса, жүдей бастайды. Қазір біздер­дің экономикамыз сондай күйді бастан кешіп жатыр. Азырақ шығынданып, жұ­мыс­шы күшін арзандатып дегендей...

КЕДЕН ОДАҒЫ – АҚЫРЫНДАП КЕТІСУДІҢ ФОРМАСЫ

– Рубль 10 пайызға құнсызданады дедіңіз. Осы көлем теңге девальвация­сынан да орын алуы мүмкін бе?

– Жоқ. Біз дер уақытында құрылымдық реформаларды жүргізіп алдық. Қазір де экономикамызды қарқынды түрде құры­лымдап жатырмыз. Оны иннова­циялық, индустриялық етуде шикізат табысынан тәуелсіз етуді көздеудеміз. Дағдарыстың үш жылы барысында бірқатар өндірістік салаларды қалыптас­тырдық: автомобиль құрастыру өндірісі, ұшақ және тікұшақ жасау кәсіпорыны, вагонқұрылысы, локо­мотивқұрылысы және т.б. Сол секілді Ас­танада дөңгелек жасайтын зауыт салы­нып жатыр. Осылайша, елімізде көптеген индустриялық сала бой көтеруде. Бастысы – жаңа өнеркәсіп ошақтары пайда болды әрі олардың дамуына жағдай жасалып жатыр. Бұл біздің еліміз үшін өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, біз дер уақытында қар­манып үлгердік, енді сол жолмен ақы­рын­дап алға жылжудамыз. Ал ресейліктер әлі мықтап қарманып үлгерген жоқ. Көбіне олар қаржыны имидждік құрылымдарға бағыттап, уақытын жоғалтып алды. Шы­ғыста АТЭС саммитін өткізді, Қазан қаласында универсиада болды, бүгіндері Сочидегі олимпиадаға дайындалып жатыр. Мұның барлығы мол инвестицияны қажет етеді. Ал елде девальвация орын алмақшы. Осы жағынан алғанда, рубль қатты құнсызданады. Тура сол жағдай бізде қайталанады деп айта алмаймын. Өйткені бірге өмір сүрген кеңестік кезеңнен кейін біз бір-бірімізден кәдімгідей алшақтап кеттік. Әлі де ажырауымызды жалғастыру үстіндеміз. Біреулер Кеден одағын бірігу деп қате түсініп жүр, ал мен оны ақырындап кетісудің формасы дер едім. Себебі әр мемлекет ең алдымен тәуелсіз болу деген қатаң қағидаға жүгінеді. Демек, екі немесе үш тәуелсіздік қағидасы кездейсоқ біте қай­насып кете алмайды. Кез келген на­рықты алыңыз, барлығы бойынша біз бәсекелеспіз. Бұл арада бәсекелестікті сынаймыз, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтамыз, тауар мен қызмет сапасы күшімен жарысамыз. Мұны бірігу деп қалай айтамыз?.. Сол секілді осы интег­рация арқылы саяси платформаны, қауіпсіздікті нығайттық. ҰҚШҰ, ШЫҰ – бір-бірімізді жаудан бірге қорғауды мақсат ететін саяси әрі әскери платформалар. Мұндай форматқа бас қосушылар тұтқиылдан бір-біріне баса көктеп кіре алмайды. Себебі біз іргемізді халықаралық келісімшартпен бекіткен әріптестерміз. Әрине, Ресейдің потенциалы ұлан-ғайыр. Бірақ олар өз мүмкіндігін өте баяу пайдалануда. Дегенмен бұл Ресей экономикалық қарқынын жоғалтып алады деген сөз емес. Олардың экономикасы мықты болады, оған барлық мүмкіндік бар, бірақ дәл қазір олар уақытша қиыншылыққа тап келіп отыр...

– Кеден одағындағы бәсекелестік жарысынан жеңіліп қалу қаупі жоқ па?

– Бәсеке жарысынан жеңілмес үшін билік міндетті түрде отандық тауар өндіру­шілердің, бизнестің құқығы тапталып, сағы сынатын жағдайдың орын алмауын қада­ғалауы тиіс. Ол үшін Ресей мен Беларуспен біріккен экономикалық кеңістік құрмастан бұрын біздің адамдар өз бизнесін еркін ұйымдастырып, жүргізе алатындай өзіндік, қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруымыз тиіс. Қазір ол бізде жоқ. Бірақ Елбасымыз бұл мәселені ұдайы көтеріп келеді. Мемлекет пен бизнестің үзеңгілес әріптес болуы туралы жиі айтып жүр. Тек шенді-шекпен­ділер осыны дұрыс түсініп, бизнестің, ең алдымен, өз елімізде еш­қан­дай кедергісіз дамуына ықпал ететін тетік­терді құруы керек, соған мүмкіндік, жағдай жасауы тиіс. Ал еркін экономикалық кеңіс­тік ұлттың сапалы дамуына ғаламат серпін беретін фактор. Бұл қазіргі қоғамдағыдай таңдаулылар емес, халықты сортқа бөлу емес, мұндай жағдайда барлық қоғам бірқалыпты үйлесімде дамиды.

САЯСИ ЭЛИТАНЫҢ МҮДДЕСІ МЕМЛЕКЕТТІКІМЕН ТОҚАЙЛАССА ҒАНА АЛҒА ЖЫЛЖУ БОЛАДЫ

– Еліміздің алдында «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу туралы міндет бар. Жалпы, бұл жоба Қазақ еліне не береді?..

– Аталған халықаралық көрменің атауы жаңартылған, балама энергетика көздері туралы екені белгілі. Біз экономикамызды жаңартылған энергия көздерімен дамы­туы­мыз қажет. Бұған әлемнің барлық елі бет алған. Сондықтан ЕХРО халық­аралық көрмесін өткізетін уақыт 2017 жылға дейін мемлекеттік шенеуніктерден бастап биз­несте, жалпы қоғамда «біз табиғи ресурс­тарға байланбай, инновациялық, индус­триялық өмір сүруіміз керек» деген идея әбден қалыптасып, санаға терең сіңуі тиіс. Бұл үрдісті қалыптастыру үшін қарапайым адамдарға ерік-жігер беру керек. Өкінішке қарай, бізде бұл процесс орталықтан басқарылады. Ал орталықтан басқару әрдайым тиімді бола бермейді. Әсіресе, бизнес үшін.

Мемлекет қандай да бір мәселеге қа­тысты шешім қабылдағанша, бізде қарапайым азаматтардың экономикалық бастамасы, идеясы әкімшілік жүйемен тұншықтырыла береді. Бізде плюреализм бар дейміз, бірақ ойдың, сөздің, баста­маның еркіндігін көрмейміз. Мәселен, заңды атқарушы билік әзірлейді, қабыл­дайтындары да өздері, депутаттар тек оны дауысымен қолдайды. Негізінен, билік тармақтары бір-бірін жіті қадағалап, бақы­лай бастағанда нағыз демократия көрініс табады. Қазақстан осы жолға бет алды, ізденіс үстінде. Кез келген адамның ойы, идеясы, бастамасы Парламентке оп-оңай жетуі үшін, ал Парламент атқарушы билікті бақылауына алуы үшін саяси саланы жетіл­діруіміз тиіс. Әзірге бұл үрдіс бізде байқалмайды. Мысалы, елдің әр түкпірінде гептилге қарсы, Байқоңыр жұртына екінші сортты адамдар ретіндегі көзқарасты өзгертуге байланысты, арадағы келісімшарт стратегиясын қайта қарастыруға шақыра­тын ойлардың көтеріліп жатқанына үш-төрт айдың көлемі болды. Бірақ қоғам әлі күнге дейін Байқоңырдағы апатты жағ­дайға қатысты мемлекеттің пікірін білмейді. Халық қалаулылары да үнсіз, тып-тыныш отыр. Бұл – нонсенс!

– Демек, ЕХРО көрмесін өткізу үшін елімізге бірқатар реформа қажет дегіңіз келе ме?

– Елімізге халықаралық көрмені өткізу үшін де, Бірыңғай экономикалық кеңістікте бәсекеге қабілетті болу үшін де, алға қой­ған даму бойынша мемлекеттік мақсат­тарды игеру үшін де бізге жан-жақты ре­форма қажет. Әсіресе, бизнес аяғына тұсау болып отырған орталықтан басқару­дан бас тарту керек. Ол үшін шенді-шекпенділер, саясаткерлер өзінің даму жоспарынан бас тартуы тиіс. Бізде шағын кәсіпкерлікті қорғайтын мықты заң жоқ, барлығы жоғарыдан бақыланып, реттеледі. Сондықтан экономикалық орта да қалып­таспайды, демек, даму да тежеледі. Адам­дар дотацияға бой үйретіп алады, бұрынғы ескі экономикадағыдай. Бәсекелестік орта қалыптаспаған соң даму туралы қалай сөз етуге болады? Адамдар бір-бірімен бәсеке­леспесе, алға жылжу болмайды. Меніңше, қолданыстағы бар­лық бағдарламаның орнына мемлекеттің экономикаға ықпалы аз, нағыз либерал­дығын құру қажет. Саяси мақсатты көздеуді қою керек, мемлекет экономика мен бизнестің серіктесіне ай­налуы тиіс. Ал экономиканың дамуы үшін еркіндік керек. Адамдарды мәжбүрлеу, оларды міндеттеу дұрыс емес. Қазір адам­дар өзіне не керек екенін, не істеу қажеттігін жақсы біледі. Бізде көзі ашық, тәжірибелі азаматтық қоғам бар. Адам­дарға эконо­микалық тұрғыда еркін қимылдауға, әлеу­меттік шығарма­шылығына шабыт беру керек.

Жалпы, мемлекет пен қоғамның мүд­десі үнемі тоқайласып отыруы керек. Ал бізде керісінше, қарама-қайшылық көп. Сондықтан осының барлығын бізге ой елегінен өткізіп, біржақты шешім қабыл­дайтын уақыт жетті. Адамдарға өз мәселе­сін шешуге мүмкіндік беру қажет. Одан мемлекет еш ұтылмайды. Қоғам өз функ­циясын қалтқысыз орындап жатса, оның несі әбестік.

Әр адамның өзінің даму жобасы бола­ды. Одан кейін оны мемлекеттің, қо­ғам­ның даму жолымен байланыстырады. Сон­дық­тан бұл арада біздің элита өзінің даму жобасынан бас тарту міндеті тұр. Біз­де сыбайластық жемқорлық көрсеткіші неге жоғары? Халықаралық рейтингіде неге біз 133-орында тұрмыз? Бұл біздегі элитаның өзінің даму жобасын мемлекет­тен, қоғамнан жоғары қоятынын білдіреді. Біздің элита – тоғышар, пайдакүнем. Олар тек өзінің қарақан басын ғана ойлайды. Тіпті, алдын ала елден қашудың жоспарын түзіп, шетелде шалқып өмір сүрудің жағ­дайын жасап қояды. Міне, біз осындай күйге жеттік. Біздің ел саяси элитасының мүд­десі мемлекеттікімен түйісіп жатқан жағдайда ғана алға жылжи алады. Сон­дықтан бұл мәселеге жіті назар аударып, мемлекет шұғыл шешім қабылдауы керек деп ойлаймын. Онсыз да Қазақстан қазір осындай шешімнің алдына келіп, тіреліп тұр.

– Ел дамуына мультипликативтік әсер беретін серпіліс деп нені атар едіңіз?

– Қайталап айтайын, алдымен нақты нәтиже беретін саяси реформа жүргізіп алуымыз керек. Онсыз болмайды. Одан кейін ғылыммен қаруланған өндірістерге басымдық беру қажет, соның ішінде ядро­лық технология көмегімен энергия өн­дірісін өрістетуді. Ядролық технологиясыз Қазақстан – 2050 жылы әлемдегі дамыған 50 елдің қатарынан көріне алмайды. Біз міндетті түрде атом электр стансысын салуымыз керек, әрі бірнешеуін. Әлемде ядролық қару көп сыналған, одан қатты зардап шеккен бірден-бір мемлекет – Қазақстан. Сондықтан соның өтеуі ретінде атомды бейбіт мақсатта ел игілігіне жұмыс істету азаматтық борышымыз, парызымыз деп білемін. Ал ядролық технология ел экономикасының дамуына мульти­пли­кативтік әсер береді. Ядролық технология өндіріс ошақтарындағы құрал-жабдық­тарды жаңартады, қуатты энергиямен жұмыс істейтін жаңа салалар пайда бола­ды. Мұның барлығы нақты ғылымның қа­рыштауына үлкен ықпал етеді. Білікті техниктер, инженерлер көптеп оқытылады. Мұндай жағдайда отандық білім және ғылым саласы өзінше реформалануға мәжбүр болады. Мектептің базалық бағ­дарламасын Батыстағыдай ете бастаймыз. Мәселен, Германияның мектеп түлегі бірден «Мерседес-бенстің» зауытына жұмысқа тұрып, 5000 евро көлемінде жалақы алу­ға қабілетті. Өйткені мектептегі білім осыған мүмкіндік береді. Ал біздегі білім мұндай мүмкіндікті бере алады ма?.. Жоқ. Демек, жаңа технологиялар өзімен білім мен ғылым саласына да жаңашылдық ала келеді. Жастарымыз да, экономикамыз да бәсекеге қабілетті бола бастайды.

Сол секілді ғарыш технологиясын мең­геру­ді мықтап қолға алуымыз керек. Байқоңыр – ғарышты игерудің төл туын­дысы. Сондықтан бұл саланы дамы­ту да қазақтың борышы. Оны бүгіннен бас­тауымыз керек. Орыстармен бірігіп «Бәйтерек» зымыран кешенін құ­рып, өз зымыран тех­нологиямызды, өз телекоммуникациялық бағдарламамызды жасауымыз қажет. Ға­рышқа қатысты біз ешкімге тәуелді, жалтақ болмауымыз керек. Байқоңырда халықаралық ғарыш кластерін құруды басты мақсат етуіміз тиіс. Жалға алу мерзімі өткен соң ол ара­да университет салсақ, ғарышпен айна­лысқысы келетіндердің барлығы сол арада бас қосып, бізбен әріптес­тікте ха­лық­аралық бағдарлама аясында жұмыс істеп жатса қандай жақсы. Ол Дубна мен Франциядағыдай халықаралық орталық айналса тіптен керемет. Қазірдің өзінде ғарыш саласы бойынша бізбен әріптестікте жұмыс істегісі келетіндер жетерлік. Бай­қоңыр қолымызда тұр. Демек, бұл ойларды істе жүзеге асыруға әбден болады. Сонда атомды бейбіт мақсатқа жұмсап, ғарыш айлағымызды өзіміз игеріп жатсақ, бізбен әлемнің барлық елі санасатын болады, Қазақстан міндетті түрде қарыштап дамиды.

– Тұщымды әңгімеңізге рақмет!




Көрілген: 2266    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.08.2013, 12:39

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31