Дат!

Біз пәтердің бағасын өзіндік құны есебінен емес, әрбір шаршы метрді оңтайлы пайдалану есебінен түсіру жөнінде шешім қабылдадық

  • Біз пәтердің бағасын өзіндік құны есебінен емес, әрбір шаршы метрді оңтайлы пайдалану есебінен түсіру жөнінде шешім қабылдадық

    Біз пәтердің бағасын өзіндік құны есебінен емес, әрбір шаршы метрді оңтайлы пайдалану есебінен түсіру жөнінде шешім қабылдадық

Болат Палымбетов, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқармасының төрағасы:


– Болат Әбілқасымұлы, «Қолже­тімді баспана – 2020» бағдарламасы  Президент Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында қабылданған болатын.  Осы бағдарлама бүгінде қалай жүзеге асырылуда?

– Ең алдымен, қазіргі уақытта «Қолже­тімді баспана – 2020» бағдарламасы  аясындағы жобаларды жүзеге асыру барысында біз Үкімет пен әкімдіктер тарапынан көрсетілген қолдауларға сай өз шешімдерін табатын  күрделі мәселелерге кездесіп отырғанымызды айта кетейін. 

Біріншіден, бұл – жобалар бойынша құрылыс жүргізушілер ұсынған жобалық-сметалық құжаттамалар сапасының төмен­дігі. Жобаларды қарастыру барысында ұсы­нылған жобалық-сметалық құжаттама­ларды пысықтауға және  мемлекеттік са­рап­тама қорытындысын қайта алуға көп уақыт  кетеді. Мұның өзі тұрғын үй құрылы­сының жобаларын қарастыру және тиісті келісімшарттарды жасау мерзімдеріне елеулі әсерін тигізеді.

Екіншіден, жобалардың инженерлік инфрақұрылымының, яғни магистральдық желілердің  қамтамасыз етілмеуі. Жобалан­ған нысандарды инженерлік желілерге қосатын техникалық жағдайлардың бол­мауы,  нысан бойынша толық жобалық-сметалық құжаттамалардың әзірлемесін аяқтауда және тұрғын үй жайларының бір шаршы метрінің ақырғы құнын белгілеуде көп қиындықтар келтіреді. 

Сондықтан бағдарламаға тиісті ұсыныс­тар әзірленді және уәкілетті мемлекеттік органның қарауына  енгізілді.

– Әрине, Жылжымайтын мүлік қорының нендей мақсатпен құрыл­ғаны белгілі.  Негізгі міндет – «өз үйі, өлең төсегі» жоқ  жан­дар­ды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер оған күмәнмен қарайды. Сіздіңше, бағдарлама қаншалықты тиімді? Жалпы, осы бағдарлама қордың жылжымай­тын мүлік желісі арқылы қалай іске асырылып жатыр?

– «Қолжетімді баспана – 2020» мемле­кеттік бағдарламасы табыс деңгейі әртүрлі, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналғанын атап айтқан жөн. Мұның өзі тұрғын үй құрылысына мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерінің бірқатарын іске асыру арқасында жүзеге асырылып отыр. Мәсе­лен,  олар – мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж, кезекте тұрған азамат­тарға арналған жергілікті атқарушы орган­дардың тұрғын үйі, Тұрғын үй құрылыс­жи­нақбанкі және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ тұрғын үйлері, Жылжы­май­тын мүлік қорының үйлері.

Біздің қордың бағдарламасы табыс деңгейі 100 мың теңгеден асатын, еңбекке қабілетті халыққа арналған. 2011 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіштер қазіргі уақытта, шағын және орта бизнесті есептемегенде, жарты мил­лион адамды құрайды. Осы орайда бағ­дар­ламаға қатысу ережесін тағы да бір еске сала кетейін. Сату және сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерге ие болғысы келетін кез келген азамат еліміздің қалаларында салынатын тұрғын үйлерден өзі қалаған пәтерді таңдай алады. Ол үшін аталмыш қалада оның атында жылжымай­тын мүлік болмауы шарт және пәтердің жалдау ақысын ай сайын төлей алатындай жағдайда болуы қажет. Тағы бір айта кете­тіні, үміткер пәтер алғысы келетін қалада кем дегенде бір жыл тұрып, жұмыс істеген болуы тиіс.

Бағдарлама аясында салынған тұрғын үйдің құны, әрине, қазіргі нарық бағасынан төмен болады. Мұның өзі тұрғын үй жағда­йын жақсартқысы келетін көптеген азамат­тар үшін  қолайлы баға. Сонымен бірге пәтерді кейіннен сатып алу арқылы жалға беру механизмі де тұрғындардың  арасын­да қызығушылық туғызып отыр. Өйткені ол бойынша жалдау мерзімі аяқталғанда, пәтер жалға алушының меншігіне біржола беріледі.

«Қолжетімді баспана – 2020» мемле­кет­тік бағдарламасы   шеңберіндегі Жыл­жы­майтын мүлік қорының негізгі міндеттері – нарықта қолжетімді тұрғын үй ұсыныста­рын ұлғайту, тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуді ынталандыру, тұрғын үй сапасын жақсарту және нарық­тағы жылжымайтын мүлік бағасын  тұрақтандыру.

- Жылжымайтын мүлік қоры арқылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша қанша шаршы метр салынуы тиіс?  Алғашқы тапсырыстарды қабылдау мерзімі қашан басталады?

– «Қолжетімді баспана – 2020» бағдар­ламасына сәйкес, 2013 жылдың аяғына дейін Жылжымайтын мүлік қоры  120 мың шаршы метрді пайдалануға береді. Оның ішінде 60 мың шаршы метр – кейіннен сатып алынатын жалдамалы пәтерлер.

Бағдарлама ережеге сай іске асырыла­ды. Құрылыс аяқталардан  екі-үш ай бұрын өтінімдер қабылдана бастайды. Бұл шаруа­ны 2013 жылдың  соңына қарай бастауды жоспарлап отырмыз.

– Болат Әбілқасымұлы, алдағы уақытта Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен салынатын нысандар қай қала, қай облыста бой көтереді деп жоспарланған?

– Өткен жылы біз Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен бағдарламаның негізгі ережелерін, жобаға қойылатын талаптарын, сонымен қатар болуы мүмкін ынтымақтастық нысандары мен меха­низм­­дерін түсіндіру үшін  Қазақстан Респуб­ли­ка­сы  аумағындағы инвестор­лармен, жер­гілікті атқару органдарының басшы­ла­ры­мен, қоғамдық бірлестік­тер­мен және  қауымдастықтармен бірқатар кездесулер өткіздік.  Соның нәтижесінде Жылжымайтын мүлік қорының мекенжа­йы­на құрылыс жүргізушілер мен  жеке ин­вес­торлардан тұрғын үй құрылысы аясын­дағы жобаларды  бірлесіп жүзеге асыру  жөнінде 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. 

Бүгінгі күні бағдарлама шеңберінде құрылысты жүргізушілермен Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалалары мен Алма­ты облысында, Алматы қала маңы аумағында тұрғын үй объектілері құры­лысына арналған жеті келісімшарт жасастық. Тұрғын үйлердің аумағы – 412 мың шаршы метр, бұл – 7464 пәтер.  Со­ның ішінде Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйлері  – 315,5 мың шаршы метр. Бұл – 5756 пәтер деген сөз.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Жылжы­майтын мүлік қоры Астана, Көкшетау, Өскемен, Тараз, Қарағанды, Шымкент, Ақ­тө­бе қалаларындағы 16 тұрғын үй құрылы­сы­ның жобасын қарастыруда.

– Ресми ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылы Жылжымайтын мүлік қоры «Қолжетімді баспа­на-2020» бағдарламасы бойынша 162 053 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспар­лап отыр. Осы орайда, бағдарлама шеңберінде дәл қазір салынып жатқан тұрғын үйлерге тоқтала кетсеңіз.

– Таяуда «Самұрық-Қазына» жылжы­майтын мүлік қоры» АҚ «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберін­де Алматы қаласында «Современный» көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысын бастады. Тоғызқабатты «Современный» тұрғын үй кешені қаланың Әуезов ауда­нында, Жұбанов көшесінен оңтүстікке қарай, Саин көшесінен батысқа қарай орналасатын болады. Кешеннің жалпы ауданы – 18 512.4 шаршы метр, 243 пәтерден тұрады. Соның ішінде қордың үлесі жалпы ауданы 14 787 шаршы метрді құрайтын 194 пәтер деп белгіленген. Бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы  2014 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр.

Салынып жатқан пәтерлер  жақсарты­лып, таза әрленген, жайлылық деңгейі бойынша III класқа (ҚР ҚНмЕ 3.02-43-2007) сәйкес болады. Жобада «Современ­ный» тұрғын үй кешенінде жалпы ауданы  51,7 шаршы метрден 102,9 шаршы метрге дейін бір бөлмелі 81 пәтер, екі бөлмелі 81 пәтер және үш бөлмелі 81 пәтер көзделген.

Қазіргі уақытта бұл нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр: қазаншұңқырлар қазылды, іргетасына бетон дайындалды, іргетас тақтасын арматуралау жұмыстары аяқталды. Ғимараттың сейсмикалық беріктігін арттыру мақсатында іргетасы мен қабырғаларын салу кезінде жеткілікті деңгейде салмақ түсіруге қабілетті тұтас темірбетон қолдану жоспарланған.  Сырт­қы әрлеуі қасбет сылағынан және қыш тақтайшаларынан тұрады.

Тағы бір «Асыл Арман» деп аталған тұрғын үй кешені Алматы облысының Қарасай ауданында Іргелі ауылынан батысқа қарай тұрғызылып жатыр.

Кешеннің  алғашқы кезегінің құрылысын аяқтау екі кезеңге жоспарланған: 2013 жылдың аяғына дейін – 1225 пәтер және 2014 жылдың аяғына дейін  1151 пәтер пайдалануға берілмек.

«Асыл Арман» тұрғын үй кешені екінші кезегінің құрылысын аяқтау 2014 жылдың соңына жоспарланған. Үйлердің конструк­циясы мен қабаттылығы бірінші кезекте­гідей болады. Жоба бойынша тұрғын үй ауданы – 14 3207,61 шаршы метр. 

Еліміздің басқа қалалары мен өңірлеріне келсек, Жылжымайтын мүлік қоры мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қазіргі уақытта Астана, Ақтөбе және Тараз қалаларындағы тұрғын үй кешендері құрылысын қаржыландырып отыр.

Астана қаласындағы «Шығыс» тұрғын үй кешені Сығанақ көшесі бойында Есіл өзенінің сол жағалауында орналасатын болады. Бұл жерде барлығы 1256 пәтер пайдалануға беріледі. Соның ішінде инвестициялық келісімшарт бойынша 768 пәтер Жылжымайтын мүлік қорына тиесілі. Бұл үйлер 2013-2014 жылдар ішінде пайдалануға беріледі.

Қор Тараз қаласындағы Маяковский көшесінде 25 пәтерлі екі үй құрылысын қаржыландырады. Құрылысты аяқтау мерзімі 2014 жылға жоспарланған.

Ақтөбе қаласында қордың желісі бойынша «Юнис Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Пайдалануға берілетін күні 2013 жылғы 31 желтоқсанға белгіленген. Сонымен қатар бұл жерде жайлылығы III класс (эконом) 560 пәтер салынатын болады.

- Дұрыс екен. Сонда осы жобалар қалай қаралады, қалай іріктеледі?

– Аталған жобалардың барлығы дерлік жеке құрылыс салушылардың, яғни инвесторлардың инвестициялық өтінімдері бойынша қаралды. Олардың ұсыныстарын қарау кезінде қор мәлімделген жобалар­дың әрқайсысымен жұмыс жүргізетінін  атап өту қажет. Біз қаралып жатқан жоба­лардың ешқайсысынан да бас тартқан жоқпыз. Жобалар бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда анықталған кемшіліктер көрсетіліп, құрылыс салушы­ларға кемшіліктерді жою үшін пысықтауға жіберіліп отырды.

Сонымен қатар қазіргі уақытта бағ­дарламаның екінші тетігі шеңберінде қор әкімдіктер ұсынған, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерінде, негізгі өркендеу орталықтарында жеке­леген шағын аудандар салу бойынша ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарас­тыруда.

Мәселен, бүгінде Астана қаласының әкімдігі Жылжымайтын мүлік қорына Астана қаласында тұрғын үй салуға арнайы 38 гектар жер телімін бөліп берді. Ақтау қаласында да әкімдік жер телімін беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алдағы уақытта біз осы аталған жер телімдерінде нысандардың құрылысын өз күшімізбен бастауға дайынбыз.

– Құрылысы аяқталған тұрғын үйді өткізу жайына тоқтала кетсеңіз. Сондай-ақ оның бағасы қандай болмақ?

–  Тұрғын үйді өткізудің екі нұсқасы қарастырылып отыр. Біріншісі – тікелей сату, екіншісі – кейіннен сатып алу арқылы жалға беру.  Егер тұрғын үйді тікелей сатып алсаңыз, онда тұрғын үйдің жалпы аума­ғының бір шаршы метрінің бағасы алғашқы өткізілетін жылы 180 мың теңгеден артық болмайды. Бұл баға Астана, Алматы, Аты­рау, Ақтау  және осы қалалардың маңайын­да тұрғызылған үйлерге арналған. Еліміздің басқа аймақтарында пәтер бағасы 144 мың теңгеден аспайды. Кейінгі жылдардағы тікелей сату бағасы құрылыс, инфляция және басқа факторлардың өзгерістеріне байланысты нақтыланатын болады.

Пәтерді кейіннен сатып алу арқылы жалға беруге тоқталсақ, қазақстандықтар 15 жылға дейінгі мерзімге келісімшарт жасай алады. Мұның өзі осы тұрғын үй бағдарламасына әлеуетті қатысушылардың санын арттыратыны сөзсіз. Алматы, Астана, Атырау және Ақтау қалаларында бағдар­ламаны іске асыратын алғашқы жылы мұндай пәтерге ай сайын төленетін ақы көлемі бір шаршы метрге шамамен 1600 теңге деп есептелген. Ал басқа аймақтарда 1300 теңгеден аспайды. Қорға несие қара­жатын төлеу мерзімдері мен талаптарына қарай кейіннен сатып алу арқылы жалдау мерзімін азайтуға болады. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем жоғары болуы мүмкін.

Алайда тұрғын үйді сатып алудың  мұн­дай тәсілі қаладан қалаға көшіп,  бөтен біреудің пәтеріне жалдау ақысын төлеуге мәжбүр болып жүрген көптеген адамдар үшін аса қолайлы. «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры бағдарламасы­ның шарттарына сай,  жалға алушы тұрғын үйді жалдау шартының талаптарын толық орындағаннан кейін сол  тұрғын үй олар­дың жекеменшігіне беріледі.

Біз пәтердің бағасын өзіндік құны есе­бінен  емес, әрбір шаршы метрді оңтайлы пайдалану есебінен түсіру жөнінде шешім  қабылдадық.  Яғни  үлкен пәтерлер  емес, шағын  пәтерлер салу. Сапалық ерекшелік­теріне келсек, біз электр қуатын үнемдейтін терезелерді, видеобақылау жүйелерін, жақсы жабдықталған ойын алаңдарын, еденге жоғары класты ламинат төселуін, дыбыссыз лифтілер және домофон байла­нысы болуын талап етеміз. Бұл – біздің ең төменгі талаптарымыз. Біз баспанаға қол жеткізген адамдардың қосымша жөндеу жұмыстарына шығынданбағанын қалай­мыз.

– Болат Әбілқасымұлы,  соңғы сауал. Биыл көктемде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберінде салынатын тұрғын үйлерге өтінімді интернет арқылы теруге болады деп хабарланды. Осы жөнінде толығырақ мағлұмат берсеңіз.

– Халыққа пәтер өткізу жолдарын қарастыру кезінде Жылжымайтын мүлік қоры осы мәселедегі халықаралық тәжіри­белерді көп зерттеді. Бүгінде өтінімдерді өңдеудің ең тиімді жолдарының бірі интер­нет технологияларды пайдалану екені сөзсіз. Интернет арқылы жалға берілетін пәтерге кезекке тұру қандай да бір тұрғын үй пайдалануға берілуге үш ай қалған кезде мүмкін болады. Ол үшін қордың Fnsk.kz мекенжайындағы ресми сайтына кіріп, арнайы бөлімде өтінімді толтыру қажет. Кезекке тұрған адамдардың тізімі барлық сайтқа кірушілерге көрініп тұратындықтан, мұнда ешқандай бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беріл­мейді. Сондай-ақ бір қаладан бір пәтер алған адам бұл бағдар­ламаға екінші рет қатыса алмайды.




Көрілген: 2311    Пікірлер: 0

бейсенбі, 19.09.2013, 12:15

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31