Дат!

Ендігі мақсат – шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит беру мәселесін жолға қою

  • Ендігі мақсат – шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит беру мәселесін жолға қою

    Ендігі мақсат – шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит беру мәселесін жолға қою

Ғалым ӘМІРЕЕВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:


– Ғалым Махмұтбайұлы, соңғы кездері Сыр өңірінде индустрия­лық-инновациялық даму бағы­тын­да оң өзгерістер байқалып отыр. Бұрынғы кезеңде, негізінен, аграрлық өндіріске арқа сүйеген аймақ ендігі кезекте сан алуан өндіріс ошақтарының тұсауын кеспекші. Олардың арасында шыны зауытының құрылысы жұртшылық қызығушылығын туғызып отыр. Бұл орайда қандай жұмыстар жасалуда?

– Біздің облыста өндірістің өрісін кеңейтуге барлық мүмкіндік бар. Оған шикізат қоры да мол. Сондықтан өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуына үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы оң ықпалын тигізіп келеді. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысымен біздің облыстың индус­трияландыру картасына жалпы құны 138,4 млрд теңгені құрайтын 23 жоба енгі­зілген. Оның ішінде республикалық картада 1, аймақтық картада 22 жоба бар.

Оның ішінде бұрынғы төрт жобаны алып тастап, оның орнына жаңадан екі жоба қостық. Жалпылай алғанда, индус­трияландыру картасындағы жобалардың саны өзгерген жоқ. Республикалық картаға биылғы жарты жылдықта құны 125 млн АҚШ долларын құрайтын шыны зауыты­ның жобасы кірді. Ол жайында кеңінен айтып кетсек, бұл жоба бойынша сәуір айында тиісті инвестициялық келісімшарт­қа қол қойылды. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Аталмыш жоба бойынша Қазақстан жағынан «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС  жұмыс істейді. Қытайдан Qinhuangdao Yaohua Glass Machine Manufacture Co. Ltd қытай компаниясы жобаны жүзеге асыруға ниет танытып отыр. Жарғылық қордағы үлес салмағын айтар болсақ, «Самұрық-Қазына инвест» – 49, қытайлық инвестор­лар 51 пайызды еншілейді. Құзырлы орындарға техникалық-экономикалық негіздеме бойынша негізгі мәліметтерді жібердік. Қытайлар бұл бойынша өз жұмыстарын жасап жатыр. Олар тамыздың аяғына дейін біздің өңірге келуі тиіс. Біз шыны зауытының құрылысын бастап кету­ге дайынбыз. Жоба индустриялық аймақ­тың ішінде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігінің қолдауымен инфрақұрылым мәселесін толықтай шешуге көңіл бөліп отырмыз. Бұл жұмыстар осыдан екі жыл­дай бұрын қолға алынған. Біршама жұ­мыс­тар аяқталған. Атап айтқанда, телефон желісі тартылған, су құбыры  жеткізілген, жолдың да біршама бөлігі жасалған. Әлі де атқарылатын жұмыстар баршылық. Мәселен, электр қуатын тартуда біршама тірліктер атқарылған. Құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген. Оларды қазір шекара­дан өткізу жұмысы күтіп тұр. Бұл дүниелер бір-екі айдың беделінде жеткізіледі деп күтілуде. Құрылысты бастау үшін біз уақыт­ша электр желісін тартып, жұмысты бас­тауға дайындалып отырмыз. Қазақстан Үкіметі де аталмыш жобаны басты назарда ұстап отыр. Біз шыны зауытының құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме толықтай аяқталып, инвесторлар өз жұмысын бастауын күтіп отырған жағ­да­йымыз бар. Қытайлық инвесторлар та­мыз айының ортасына дейін біздің өңірге келетіні жөнінде уәдесін берді.

– Елімізде құрылыс саласын­дағы қарқын ерекше екпін алып тұр. Сондықтан оған қажетті шикізат түрлеріне сұраныс артып тұрған жайы бар. Осы орайда біздің өңірдегі ерекше жобаның бірі – цемент зауытының құрылы­сына байланысты қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?

– Цемент өндірісі де іргелі жобаның бірі саналады. Айта кетелік, аталмыш жоба негізінде де инвестициялық келісімшартқа қол қойылған. Бастапқыда оның құны 85 млн АҚШ доллары шамасында бағаланған еді. Қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға лайықталды. Оған біздің еліміздің атынан «Мелиоратор» ЖШС серіктес болып сана­лады. Оны жүзеге асыруға қытайлық ком­пания ниет білдірді. Инвесторлар мүм­кіндік барысын таразылап, өнім шығару қуаттылығын екі есе арттыруға құлық та­ны­тып отыр. Осыған орай техникалық-экономикалық негіздемеге бірқатар өзге­рістер жасалу үстінде. Қытайлық компания өкілдері жоба құнын тағы да 15 млн АҚШ долларына көтеруге ұсыныс жасады. Ендігі кезекте жобаның құны 100 млн АҚШ долларына жетіп отыр. Бұл жұмыс әлі де нақтыланып жатыр. Аталмыш өндіріс ошағы Жаңақорған кентінің қасынан іргесін көтермек. Онда инфрақұрылым мәселесі біршама шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, оның дәл қасынан Шалқия кен байыту орнына баратын теміржол өтіп тұр. Ол жерге жаңадан подстансы орна­туға көңіл бөлмекпіз. Бұл мақсатта қаржы келесі жылы бөлінеді. Цемент зауытына байланысты жұмыстың барлығы шешілді деп айтуға толық негіз бар. Біздің жоспа­рымыз бойынша бұл өндіріс орнының құрылысы тамыз-қыркүйек айларында басталуы тиіс. Инвесторлар өздерінің толықтай дайын екенін мәлім етті.

– Көп жағдайда іргелі өндіріс орындары облыс орталығынан ашылып жатады. Жобалық құны қымбат жобаның ауданнан салынуына не себеп болды?

– Рас, алғашқыда цемент зауыты Қызылорда қаласынан салынады деген жоспар болған. Дегенмен шикізат қоры Жаңақорған ауданының аумағында молы­нан кездеседі. Мәселен, известняк, доло­мит сияқты дүниелер цемент өндіруге пай­даланылады. Сол себепті өндіріс ошағын Жаңақорғанның өзінен салуды көздедік.

– Жергілікті жұрт осыдан бір-екі жылдай бұрын аталмыш ауданнан құс фабрикасын сала­тыны жөнінде естіген еді. Қазіргі күні ол жайында көп айтыла бермейтін болды? Оған не себеп?

– Оныңыз рас. Бұдан бұрын Жаңа­қорғанда құс фабрикасын ашу жоспар­лан­ған еді. Алайда жобаны жасау бары­сында қателіктерге жол берілген. Алдымен оған кететін шығын көлемін толықтай есептеп алу қажет еді. Сосын қаржы жара­туға көңіл бөлінуі тиіс болатын. Оған көп ақша керек. Шамамен 2 млрд теңгедей. Бюджет тапшылығына байла­ныс­ты 1 жо­баға мұндай қаржы шығара ал­маймыз. Облыс орталығындағы индуст­риялық ай­мақ­тың өзіне сондай соманы жұмсаймыз. Осыған байланысты жобаны қайтадан қарап жатырмыз. Таяу уақытта бұл бойын­ша да нақты шешімге келу жос­парда бар.

Жаңақорған ауданы аумағында орна­ласқан «Шалқия-цинк» өндіріс ошағына да байланысты бірқатар жұмыстар қолға алынды. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының төра­ғасы Өмірзақ Шөкеев келіп кетті. Сол сапары барысында ол кісі облыс әкімімен кездесіп, аталмыш мәселені жан-жақты таразылаған еді. Қазіргі таңда олардың жобаға кіруге байланысты өз шешімі бар. «Самұрық-Қазына» өндіріс ошағының бұрынғы құрылтайшысынан оны сатып алуға ниетті екенін білдірді. Оның құны жобамен белгіленіп отыр. Бұл жөнінде қыркүйек айына дейін шешім шығады деп күтіп отырмыз. «Самұрық – Қазынаға» 600 млн АҚШ доллары шама­сында инвестиция тартылады. Одан кейін бағалау, дайындау жұмыстары болады, жаңадан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді. Қысқаша айтқанда, бұл жоба­ның негізгі жұмыстары келер жылы баста­лады. Биыл сол мақсатта ше­шім қабылдау­ды мақсат етіп отырмыз.

– Индустрияландыру карта­сындағы «жоспарлы қуаттылық» көрсеткішінің орындалу барысы қалай жүргізілуде?

– Бүгінгі күні өңірлік картадағы 23 жо­баның іске қосылған 18 жобасы бойынша мониторинг жасалуда. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айындағы қорытынды бо­йынша олардың «жоспарлық қуаттылық» көрсеткіші төмендегіше қалыптасты. Атап айтқанда, сегіз жоба толықтай жоғары қуаттылықта жұмыс істесе, жеті жоба 50-100 пайыз аралығындағы «жоспарлы қуат­тылыққа» көтерілген. Ал «Тату-Агро» және «Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырған жобалар бойынша «жоспарлы қуаттылық» көрсет­кіші үстіміздегі жылдың соңғы тоқсанына белгіленген. Сол себепті олардың меңгеру пайызына әзірге есеп жүргізілген жоқ. Бүгінгі таңда жобаларды өз деңгейіне көтеру мақсатында қала, аудан әкімдіктері мен тиісті басқармалар біріге отырып, нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Сондай-ақ өңірлік индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған жобалар инновациялық көрсеткіштердің жоғары­лауына өз септігін тигізіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша, облыстағы иннова­циялық белсенділік деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға ар­тып, аталмыш көрсеткіш 12,3 пайызды шамалап отыр. Инновациялық белсенді кәсіпорындар саны 2011 жылдан үш есеге артып, олардың саны 68 бірлікті құрады. Биылғы жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 126,4 млрд  теңгені маңайлап, өткен жылдың дәл осын­дай кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе­ге ұлғайды.

– Облыс аудандарында индус­т­рияландыру картасы бекітілген бе? Бұл бағытта қандай іс-шара­лар қолға алынып жатыр?

– Иә, қазір Қызылорда қаласында жаңа технологиялар орталығын құруды мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта шетелдік серік­тес компаниямен меморандум жасал­ды. Қазір оны құру мақсатында Қазақстан-Чехия технология орталығымен келісімге келу үстіндеміз. Үстіміздегі жылдың мау­сым айында Шиелі ауданында «Қызылорда облысының кәсіпорындары және «Қаз­атомпром» арасындағы сұхбат» атауымен біздің аймақтағы тауар өндірушілердің көрмесі өткізілді. Онда «Қазатомпром» ҰК» АҚ-қа қарасты кәсіпорындардың назарына жергілікті тауарлар мен өнімдер ұсынылды. Осының нәтижесінде облыс әкімдігі мен «Қазатомпром» ҰК» АҚ ара­сында меморандумға қол қойылды. Соны­мен қатар Байқоңыр қаласындағы бос тұрған мемлекеттік нысандарды ин­вес­тициялық алаң ретінде пайдаланып, онда өндірістер ұйымдастырып, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі тара­зыланып жатыр.

Үстіміздегі жылдың маусым айында Астана қаласында өткізілген экономикалық форум аясында «Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбы негізінде арнайы іс-шара ұйымдасты­рыл­ды. Онда Сыр өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен насихатталды. Сондай-ақ форум аясында «Қамыстыбас көлінде демалыс орнын ұйымдастыру» және «Ірі торапты электр батырмалы қон­ды­рғыларды жинақтау өндірісін ұйымдас­тыру» жобаларының тұсаукесері жасалды. Биылғы жылдың маусым айында біздің өңір­ге дипломатиялық корпустың делегат­тары келіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен туризм саласындағы нысандармен жете танысты. Мәртебелі меймандар ай­мақ­тың инвестиция тартуға қолайлы мүмкіндігіне де зер салды.      

– Сыр өңірінің қарт Қаратау қойнауында ванадий өндірісі өркендеп келеді. Бұл химиялық элемент дүниежүзінде сирек кездесетіні белгілі. Бұл өндіріс ошағының өрісін кеңейту бағы­тында қандай жұмыстарды қолға алу көзделуде?

– Оныңыз рас. Шиелі ауданының аумағында орын тепкен «Бала сауысқан­дық» кен орнында қара тақта тасты авток­лавты өңдеу жобасының екінші кезеңі басталып кетті. Кәсіпорын басшылары, негізінде, бұл жұмысты біраздан бері қолға алған. Инвесторлар жоба бойынша толық бірінші кезеңнен өтті. Бүгінгі күнге дейін онда зерттеу жұмыстары жасалған. Сынақ түрінде өңдейтін өндіріс орны да ашылған. Әзірге олар үлкен көлемде өнім шығара алмайды. Бүгінгі күнге дейін одан алты тоннадай сынама алынды. Жұмыстың бұл сатысы жүзеге асқаннан кейін одан көлемі үлкен өндіріс бағыты ретінде ферро­ванадий өндіруді қолға алады деп күтіп отырмыз.

– Облыста бұрын-соңды қолға алына қоймаған басқа да жаңа­шыл жобалар баршылық. Олар­дың арасынан қандай жобаларды ерекше айта кетуге болады?

– Әрбір қолға алынған істің аймақ өмірінде өз маңызы бар. Біздің өңірде мия өсімдігі молынан кездеседі. Осыған қара­мастан, бүгінгі күнге дейін оны өңдеу мәсе­­лесіне ешқандай мән берілмей кел­ген. Енді бұл олқылықтың орнын толты­руды «БИС» ЖШС алдына мақсат етіп отыр­ған жайы бар. Олар жақын уақытта халыққа қажетті өнімдерді шығара бастай­ды. Жалағаш ауданында орын тепкен өндіріс орны осылайша мия тамырынан дәрі шығаруға мән беріп отыр.

Бұрынғы жылдары тұрғындар мияны рұқсатсыз жинап келген. Қазір сол мақсат­та атқарылатын іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуге көңіл бөліп отырмыз. Бү­гін­гі таңда құқық қорғау органдары көмегі­мен мия тамырын рұқсатсыз жинауға тыйым салынды. Бұл жобаны бастаған адамдарға арнайы рұқсат беріледі. Тиім­ділігі – жиналған шикізат толықтай өңдеу­ден өткізіледі. Соның нәтижесінде экстракт, фармацевтикалық өнімдер шығарылады. Оның ішінде түрлері көп. Негізгісі, экстракт, глицерин секілді халыққа қажетті дүниелер жасалады. Жобаның инвестициялық құны – 12 млн АҚШ доллары. Аталмыш жоба­ның алғашқы кезеңі биылғы желтоқсан айында мәресіне жетеді.

Қызылорда қаласында химиялық реагенттер дайындайтын кәсіпорынды іске қосу ойластырылуда. Одан бөлек,  темір­жол саласы бойынша екі инвес­тициялық жобаны қолға алсақ деп отыр­мыз. Облыс орталығында орын тепкен вагон жөндеу депосы негізінде өндіріс орнын іске қоссақ деген ойымыз бар. Әзірге оған чех және поляк инвесторлары қызығушылық біл­діруде.

Жалпы алғанда, бізде инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар көп. Оны жергілікті кәсіпкерлер ұзақ уақыт бойы да­йындаған. Жер және инфрақұрылым мәселелері көтерілген. Олардың көпшілігі үш-төрт жылға дейін созылып, соңына дейін жетпеген. Биыл соларды да қолға алу үстіндеміз. Алдағы уақытта бұл мәсе­лелерді шешуге облыс әкімдігі тарапынан барлық жұмыстар жасалып жатыр. Сол жо­баларды тезірек іске қосуға ниет білдіріп отырмыз.

Алдымен аймақтың экономикалық құрылымына тоқтала кетелік. Бізде барлы­ғы бар. Сыр бойында тау-кен өндірі­сінің экономикадағы үлес салмағы 96 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсібі қалған бөлігін еншілейді. Сондықтан өңдеу саласын өрге бастыруымыз керек. Оның экономикадағы үлес салмағын кем деген­де 10 пайызға дейін көтерсек, мұндай жағдайда біздің экономикамыз тұрақты болады. Биылғы алғашқы жартыжылдық­тың қорытындысы бойынша, оның көлемі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 1,7 пайызға төмендеп отыр. Оның себебі мұнай саласында өнім өндіру екі пайызға дейін кемуіне байланысты осындай олқылық орын алды. Дегенмен өңдеу өнеркәсібі бойынша былтырғыға қарағанда 18 пайызға өсім байқалған.

– Ендігі әңгіме ауанын аймақ­тың кәсіпкерлік саласының дамуына бұрсақ дейміз. Шын­ды­ғын айтқанда, бұл сала бойынша күрделі мәселелер жетіп-артыла­ды. Жалпы алғанда, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге қандай түйткілдер кедергі жасап отыр? Осыған тоқтала кетсеңіз...

– Рас, кәсіпкерлердің саны, өнім шыға­руы мен өндіріске қатысуы жөнінен проб­ле­малар бар. Осыған орай жыл басынан бері екі үлкен игілікті шара өткіздік. Үсті­міз­дегі жылдың наурыз айының басында «Байқоңыр» инвестициялық форумы өткізілді. Сондай-ақ мамыр айының соңы­на таман өңірлік бизнес-форум болды. Бұл шараларға көптеген шетелдік және жергі­лікті инвесторларды тарттық. Қаржы тарту жағынан әңгімелер қозғалды. Олар кәсіп­кер­лікті қалай дамыту жөнінде өз ұсыныс­тарын айтты. Аймаққа «Даму» қо­ры­ның төрағасы келіп кетті. Біздің өңірде елімізде төртінші болып аймақтық қызмет көрсету орталығы ашылды. Оның жанынан «қабыр­ғасыз кеңсе» деп аталатын арнайы орынның тұсауын кестік. Оған кез келген кәсіпкер келіп, өзіне қажетті ақпараты мен мәліметін жаһандық желіден алуына мүмкіндігі бар. Ол өте қолайлы орын бо­лып сана­ла­ды. Бұл мекеме Халыққа қыз­мет көрсету орталы­ғының бірінші қаба­тында орналас­қан. Қысқасы, біздің ойымыз – кәсіпкер­лікті дамыту үшін микрокредит беру мәселесін жолға қою болып табыла­ды. Бұл орайда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масы және «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау» қоры негізінде несие беру­ге ден қойып отырмыз. Осы бойынша бір адамға 3 млн теңгеге дейін несие бері­леді. Бұл қаржыға ауылдық жердегі кәсіп­кер­лер­ге біраз жұмыс жасауға болады. Атал­мыш жұмыстар кәсіпкерлік деңгейін көте­руге өз септігін тигізеді деген ойдамыз.

Алдағы жылдан бастап облыстың әрбір ауданында өңірлік индустриялық аймақтар құруды жоспарлап отырмыз. Оған кететін қаржы көлемі есептеліп, Өңірлік даму министрлігіне ұсыныс берілді. Министрлік ол ұсынысты қолдап отыр. Осының нәтижесінде барлық аудан индустриялық аймақпен қамтылатын болады. Бұл игілікті іс жергілікті жерде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орнын ашуға, шетелдік инвесторларды тартуға оң септігін тигізеді. Шетелдік инвесторларды тарту оңай емес. Оларды жаңа жобаларды жүзеге асыруға шақыру үшін дайын инфақұрылым болуы талап етіледі.

Біздің өңірде кәсіпкерлік саланы дамытуға көп жағдайда ақпарат жетіспей жатады. Қазір сырттан келетін импорттық өнімдер саны басым. Жергілікті кәсіпкерлер сауда-саттық пен қызмет көрсету саласы­нан әріге аса алмай жүр. Сондықтан кәсіп­керлерді оқытуымыз керек. Жоғарыда ай­тылған қызмет көрсету орталығы сол мақсатта ашылып отыр. Сондай-ақ өз ісін жүргіземін деген азаматтарға қолжетімді несие беру және басқа да іс-шараларды түсіндіргеніміз артықтық етпейді. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер ол жайында біле бермейді. Бұл саладағы азаматтардың 80-90 пайызға жуығы өз ісін қалада жүргізіп келеді.

Облыс әкімінің қолдауымен жыл басында «Торғай Петролеум» компаниясы 60 млн теңге бөлуінің нәтижесінде үш ау­данда пилоттық түрдегі арнайы жобаны жү­зеге асыру қолға алынды. Облыс орта­лығына жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарында «Ақ­ниет» бағдарламасы негізінде кәсіпкер­лерге қайтарымсыз негізде несие беру ісіне мән берілуде. Бұл аудандарда кәсіп­керліктің деңгейі төмен болып келген. Бағ­дарлама негізінде өте көп жоба ұсынылды. Оларды сараптан өткізген мамандар 100-ге дейінгі жобаны қаржыландыру жөнінде шешім шығарды. Әрине, ауылдық жерде 1-1,5 млн теңгемен шағын кәсіпкерлікті бастап кетуге әбден болады. Бұл да тұр­ғындарға аз көмек емес. Өз кәсібін бастай­мын деген адамдарға осының өзі үлкен жәрдем деп ойлаймын. Игі бастаманы ендігі жылы облыстың барлық ауданында қолға алсақ деген жоспарымыз бар.




Көрілген: 2314    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 21.08.2013, 12:27

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31