Дат!

Қазақтың дертін жеңілдету үшін қазақтың тілінде жазылатын медициналық оқулықтардың көбейгені дұрыс

  • Қазақтың дертін жеңілдету үшін қазақтың тілінде жазылатын медициналық оқулықтардың көбейгені дұрыс

    Қазақтың дертін жеңілдету үшін қазақтың тілінде жазылатын медициналық оқулықтардың көбейгені дұрыс

Қайыржан ӘБИСӘТОВ, Қазақстан-Ресей медицина университетінің онкология, маммология, сәулелік ем кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор:


– Қайыржан ӘБИСӘТҰЛЫ, қазіргі уақытта дүниежүзінің халқына қорқы­ныш тудырып отырған дерт – қатерлі ісік ауруы. Бүгінде әлем осы дертті ауыз­дықтау мақсатында түрлі шара­ларды қолға алуда. Осы ретте сұрайын деге­нім, біздің отандық медицинаның қа­тер­лі ісік дертіне қарсы жүргізіп отыр­ған инновациялық, технология­лық, кәсіптік деңгейін маман ретінде қалай бағалайсыз?

– Қазірде осы мәселені ойдағыдай жү­зе­ге асыру үшін елімізде күрделі иннова­ция­лық бағдарлама жасалды. Бағдарлама мынадай төрт бағытта жұмыс істейді: оның біріншісі, қатерлі дерттің пайда болуына септігін тигізетін ішкі және сыртқы себеп­тер­ді анықтап, ісікті болдырмау үшін жүргі­зілетін алдын алу шараларын пәрменді түрде ұйымдастыру. Осы бірінші бағытты жүзеге асыруға қатысты еліміздің ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері қа­тер­лі ісік көрсеткіші жоғары Павлодар, Шы­ғыс Қазақстан және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарында жұмыс жасайтын он­ко­логтармен бірлесе отырып қатерлі ісіктің пайда бо­луына тікелей және жанама әсер­лерін тигі­зетін бірқатар факторлардың бе­тін ашты. Аталмыш бағдарламадағы екінші бағыт қатерлі ісіктің 95 пайызында әртүрлі ісік­алды науқастар болады. Оларды уақ­тылы анықтап, науқастарды диспансерлік бақы­лауға алып, кешенді тексеруден өткі­зіп, тиіс­ті ем шараларын қолдану үшін жал­пы емдеу шебіндегі дәрігерлер мен онко­лог­тар арасында тығыз байланыс орнату жұмыс­тары іске асырылуда. Осы арқылы ісікалды аурулардың қатерлі ісікке айна­лып кетуін тежеуге болады. Үшінші бағыт ар­қылы елі­міздің онкологтары ісікті заман талабына сай анықтау, шипалылығы жоға­ры ем тәсіл­дерін шетел мамандарымен бі­рі­гіп күн­де­лікті тәжірибеге енгізіп жатыр. Алыс-жақын шетелдердегі озық тәжірибеге сүйене оты­рып қатерлі ісіктің 50 түрін анық­тау және емдеудің түрлерін жаңартып, күнделікті тәжі­рибедегі жұмыстарға кең түр­де қолда­нуда. Бағдарламаның төртінші бағытын жүзеге асыруда қатерлі ісікке қар­сы жүргізі­летін іс-шараларды бұлжытпай іс­ке асыру жоғары медициналық оқу орын­да­рында оқитын болашақ дәрігерлердің, жалпы, ем­деу шебінде жұмыс жасайтын дә­рі­гер ма­мандардың халықты ісіктік нау­қастан сақ­тандыру, ерте анықтау, шипалы ем тәсілде­рін қолдана білу жөніндегі білік­тілігімен тығыз байланысты. Ол үшін дәрі­герлер үне­мі жаһандық және отандық он­ко­логия сала­сы бойынша озық ғылыми әде­биеттер­ден хабардар болуы керек.

Өкінішке қарай, қазірде шашыраңқы әде­биеттерде жарияланған тәжірибелік жұ­мыстармен шәкірттер, әртүрлі маман­дық­тағы дәрігерлер толық таныс емес. Сон­дық­тан онкология саласына қатысты ғылы­ми-тәжірибелік материалдарды қам­титын мо­но­графиялар, оқулықтар, қазақ­ша дә­ріс­тер жазу керек. Жалпы, Тәуелсіздік алғаннан кейін біраз алыс шетелдегі қан­дас­тарымыз елімізге ат басын бұрып, қо­ныстанып жа­тыр. Олардың бірқатарының ба­лалары ме­ди­циналық жоғары оқу ор­ындарында оқи­ды. Ауылдық мектепті қа­зақ тілінде бітір­гендер мен елге оралған қан­дастарымыздың балалары орыс тіліне шорқақ екенін ескер­сек, оларға қазақ ті­лін­де жазылған оқулық­тар саусақпен са­нарлық. Ал электрондық нұсқада жазылған дәрістер мүлдем жоқ. Осы­ жайтты ескере отырып, өз басым «осы қатерлі дертті қа­ра­көз қазақ баласының терең түсінуі үшін қазақ тілінде оқу дәрісте­рін жазу керек» деп ойладым. Сөйтіп, ғылы­ми-тәжірибелік оқу-ағарту саласында ат­қар­ған қызметте­рімді негізге ала отырып, биыл қазақ ті­лінде «Клиникалық онколо­гиядан дәрістер цик­лы» деген оқулық жа­зып шығардым. Бір ескеретіні, бұл оқулық республикамыз­да алғаш рет электрондық нұсқада жарық кө­ріп отыр. Оқулықта 27 та­қырыптан ар­на­йы дәрістер жазылған. Жал­пы, мұндай оқулық­тар тек қана медицина­лық оқу ор­ындарының студенттеріне ғана емес, кез келген емхананың емдеу шебінде жұмыс жасайтын әртүрлі мамандықтағы дәрігер­ле­рінде болса, біздің осы дертті ауыздық­тау­дағы сауаттылығымыз, кәсіби біліктілігі­міз жетіле түсер еді. Сондықтан егер біз ұл­ты­мыздың денсаулығын көтеруді, қазақ­тың баласын түрлі дерттен сақтанды­руды ойласақ, алдымен осы мәселені шешіп ал­ға­нымыз жөн. Қазақтың дертін жеңілдету үшін қазақтың тілінде жазылатын медици­налық оқулықтардың көбейгені дұрыс. Ол оқулықтарды кез келген қазақ баласы ашып оқи алатындай халыққа қолжетімді, бұқа­раның санасына сіңімді болса, халық­тың қатерлі ісік жайында ақпараты да мол бо­ла­ды. Осыдан барып халықтың бұл дерт­пен күресудегі бағыттары сауатты бола түседі. Бұлай етпесек, қазірде қазақ баласы қатерлі ісік дерті дегенді естісе, ажал үкімін естіген­дей шошиды. Жылма-жыл бір мәрте меди­циналық тексеруден өтіп тұруға халқымыз­дың мүлде құлқы жоқ. Қатерлі ісікті ал­ғаш­қы даму сатысында анықтаса, науқасқа шипа­лы ем қолдану арқылы толық 100 па­йызға жазып жібе­ру­ге болатыны – анықтал­ған жайт. Ал екінші даму сатысында анық­тал­са, науқастардың 75-80 пайызы бес жыл­дан артық өмір сүре ала­ды. Үшінші  сатысында дертті адамдардың 15-20 пайы­зында өмі­рін бес жылға ұзарту мүмкіншілігі бар. Сон­дықтан қатерлі ісікал­ды аурулары бар адам­дар диспансерлік ба­қылауға толық­тай алы­нып, мезгілімен тек­се­ріліп тұрса, ісігі ерте анық­талатын адам­дардың саны айтар­лық­тай жоға­рылайды.

– Жалпы, бүгінде қатерлі ісікті ерте анықтау әдісіне көптеген елдер баса на­зар аударып отыр. Осы дертті ерте анықтау әдісін жетілдіруде біз қандай пайыздық межені бағындырып отыр­мыз?

– ... Бұған қатысты айтарым, мысалы, ас­қазан мен өңеш қатерлі ісігі Жапон елі мен Корей мемлекетінде жиі таралған. Бұл екі мемлекет осыған байланысты 80-ші жыл­дардан бастап азаматтарына 40 жасқа тола салысымен тегін эндоскопиялық тек­се­ру жүргізіп, ағзасында қатерлі ісік пайда бола бастаған науқастар болса, оларды ес­епке алып ем-дом жүргізеді. Жапония ел­ін­де өңеш, асқазан қатерлі ісігін ерте анық­тау үрдісі 40 пайыздық межеге жеткен. Бұл – әлем бойынша кезікпеген көрсеткіш. Ерте сатысында анықталса, дертті 100 пайызға емдеп жазып жіберуге болатынын жапон­дар толықтай дәлелдеді. Бұл әдіс 2000-шы жыл­дары Еуропа елдеріне ене бас­тады. Еуропаның қайсыбір мемлекеттерін­де, әсі­ресе Израильде қатерлі ісікті ерте анық­тау әдісі 10 пайыздық межені бағын­ды­рып отыр. Өкініштісі, сол бір ғана өңеш-ас­қазан қатерлі ісігі жайында біздің елде та­тымды деректер жарияланбаған. Негізін­де, елі­мізде қазірде қатерлі ісік бойынша Павло­дар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақстан облысы, Қостанай облыстары жоға­ры көр­сеткіш көрсетуде. Орташа көрсеткіштер Ор­талық Қазақстанда орын алса, төменгі көрсеткіштер Қызылорда, Оң­түстік Қазақ­стан, Жамбыл облысы, Алма­ты облыста­рын­да тіркеліп отыр. Жал­пы, дертті емдеуде алға басушылық бар. Егер біз болашақта жа­пондар тәрізді ск­ринг­тік тәсілмен анық­тауды жүзеге асы­рып, 40 жасқа толған азаматтарымызды мәж­бүрлеп тексеруден өткізіп отырсақ, дерт­ті емдеу одан әрі жетіле түспек. Осы тәсіл арқылы біз ісікті ерте анықтау үрдісіне қол жеткізе аламыз. Ол үш­ін, біріншіден, дәрігерлермен бірге жер­гі­лікті әкімшілік­тер­ді осы іске жұмылдырып, әкімшіліктер арқылы 40-тан асқан азамат­тардың тізімін алуға болады. Бұдан соң шал­ғай ауылдарға арнайы жылжымалы медициналық құрал­дар­мен жабдықталған жылжымалы көлік­тер апару жағын ойлас­тырған жөн. Сол жыл­жымалы медициналық көліктерді ен­гі­зу барысында шалғайдағы ауыл-ай­мақ­тарға барып, олардың тұрғын­дарын да тек­серуден өткізуге тиіспіз. Жуыр­да Елбасы­мыз өз Жолдауында медициналық жыл­жы­ма­лы көліктердің санын 50-ге дейін жет­кізу жөнінде ой қозғады. Егер иннова­ция­лық бағдарлама аясында 50 жылжы­ма­лы көлікке қолымыз жетсе, онда біз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жет­кізе алар едік. Осы арқылы қай аймақта қатерлі ісіктің қандай түрі барын ерте анық­тауға болатын еді. Егер біз екі-үш жылдық аралықта Еуропа елдері тәрізді қа­терлі ісікті ерте анықтау әдісін 10 пайыз­дық межеге жеткізе алсақ, бұл да – көңіл толтырарлықтай көрсеткіш. Ол үшін әрине күрделі ізденіс, еңбектену қажет...

– Жоғарыда сіз, қазақты «дертіне көн­біс халық» деп қалдыңыз. Мүмкін, бұл көнбістік емес, халықтың медици­на­ға деген күмәнінен туындап отырған дүние шығар...

– ... Дәрігерлер тарапынан жіберілетін қателіктердің себептері әртүрлі болып ке­ле­ді. Дененің кез келген мүшелерінде кез­де­сетін қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін жете білмеушілік, тактикалық қателіктер, қолда бар тексеру әдістерін толық пайда­лан­ба­ғандықтан сырқат адамға қате диаг­ноз қо­йып, көбіне «үйреншікті созыл­малы қабыну үрдісі» деп есептеп, оларға ұзақ мер­зім бо­йынша тиімсіз ем шарала­рын қолдану ар­қылы ісікті ұлғайтып алу, нем­құрайдылыққа са­лынып, ауруды асқын­дырып алу – өте қауіпті жайт. Онкологиялық сақ­тық­ты біле­тін және оны есінен шығар­май­тын дәрігер емханаға келген әр адамға зер сала қарап отырса, қателікке ұрынбайды. Мы­са­лы, дененің көзге көрініп, қолмен ұстап қарау­ға болатын сыртқы аумақтарындағы ісік­тер­ді ерте анық­тауға толық мүмкіншілік бар. Мысалы, деректерге жүгінсек, тері (96,1 пайыз), сүт және қалқанша бездері (70 пайыз), жатыр мойнында (78,4 пайыз) кездесетін қатерлі ісіктер І-ІІ сатысында ер­те анықталады. Ал өңеш (32,8 пайыз), ас­қа­зан (23 пайыз), тоқ ішек (31,4 пайыз) қа­терлі ісіктері пайда бола бастаған кезде ешқандай белгі бер­мейді. Олардың қай кезде ісікке айналғанын анықтау қиын. Сон­дықтан мұндай науқас­тар­ды клиника­лық топтағы диспансерлік бақылауға алып, жылына екі рет, тіпті бол­маса, бір рет эндо­ско­пиялық тексеруден өт­кізіп, қадалап тұру керек. Жалпы, бізде ха­лыққа қатерлі ісік дертінің соншалықты қор­қынышты ем­ес­тігін, ерте анықталған саты­сында оны ем­деудің нәтижесі 100 пайыз болатынын тү­сін­діру жұмыстары кемшін түсіп жатады. Тіп­ті бұл дерт турасын­да «ха­лық­қа терең ақпарат беру мақсатында арнайы орталық­тар ашу керек» деген пікір­лер де айтылып қа­лып жүр. Бұған қатысты мен өзімнің із­басарларыма мұны жиі айтып отырамын. «Ертең біз бастап кеткен істің бар­лығы сен­дерге қалады. Сондықтан ха­лықпен түсін­ді­ру жұмыстарын жүргізуді осы бастан үйреніңдер» деп үнемі ескертіп оты­рамын.

– Өзіңіз білесіз, қазір бізде меди­ци­нада инновациялық жобаларды орын­дау мақсатында шеттен келетін көшпе­лі технологияға, шетелдік мамандар­дың тәжірибесіне жүгіну жағы басым. Қалай ойлайсыз, шетелдік технология қазақтың медициналық инновациялық әлеуетін көтеруге бейім бе?

– Шетелдік технологияға жүгіну – әл­ем­дік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де сырт­тан келетін технологияның көлеңкелі жақтары барын да ескеруіміз керек. Ше­тел­дік техно­ло­гияға жүгіну – технология­лық бодандық­қа түсіруі мүмкін. Бұл жерде тағы бір еске­ретін дүние – бірде-бір өрке­ниетті, дамыған мемлекет табысты ғылыми жетістіктерін, беткеұстар жаңа технология­сын ешуақытта ешкімге сатпайды. Мысалы, шетелдіктер бес жыл бойы кәдесіне жарап, пайдаланған технологиясын бес жылдан ке­йін жарамсыз санап, сол техниканың жаңа үлгісін құрап шыға­рады. Шетелдік ком­паниялардың ба­сым бөлігі бізге жа­рамсызын қайта жөндеу­ден өткізіп, сы­лап-сипап, сәндеп өткізіп жі­бе­руге тырысады. Сон­дықтан сырттан келе­тін көшпелі техно­логияның көмегіне жүгіне беруден сақтан­ған абзал. Бұл үрдіске иек арта берсек, біз күні ертең бұрын қолданыс­та болған тех­но­логиялардың мұражайына айналып, өзгелердің соңынан еріп қана оты­руымыз мүмкін. Қазір біздің қоғамда «ғылыми-зерт­теу жұмыстарымен айналы­сып, жаңа технологияны жасауға қаржы шы­ғарудың қажеті қанша? Оның орнына шетелдік да­йын технологияны сатып алып, өндіріс ор­ындарын құрмаймыз ба?» деген керітарт­па пікірлер де бар. Ақиқатында мұн­дай таяз пікірлерге қазір өмірдің өзі жауап бере бастады. Шетелден бәленбай миллиард сомаға сатып алған технология­лардың ті­лін білетін мамандардың жоқты­ғы­нан кей­бір мекемелерде сол техноло­гия­лар пай­да­ланылмай да тұр. Егер бұл көрі­ністің ке­лешекте молынан орын алуы мүм­кін екенін түсінсек, біз Қазақстан ғылымы­ның аяғына тұсау болып, адымын аштырмай тұрған бірнеше кедергіден үзілді-кесілді арылуы­мыз қажет. Ол үшін өз елімізде тех­но­логия­ларды құрастыратын, оларды жа­ңартатын конструкторлық бюролар құруы­мыз керек. Қандай да бір зауыттың қасынан мұндай бюролар ашылса, біріншіден, ма­мандары­мыз өздері құрастырған техноло­гияның тілін өздері нақты білетін болады. Екін­ші­ден, сол жабдықтар бұзылса, оны өзі­мізде жөндеуге мүмкіндік ашылады. Себебі қа­зір­де шеттен әкелінген техника бұзылса, оны жөндетуге қайыра шетелге жіберіп, артынан ол құрал-жабдықтар жөнделіп, ел­ге қайтып келгенше бірнеше ай күтуге тура келеді. Сондықтан медицина саласын­да инновациялық жобаларды толыққанды жүзеге асырғымыз келсе, алдымен осы мәселені шешіп алғанымыз абзал. Техно­ло­гия отандық болуы керек, оның тілін білетін жастарымызда да отандық позиция мығым болғаны жөн. Бұған қатысты бір ескеретін дүние: бізде бір ғана «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша гранттар легі кө­бей­тіліп жатыр. Бірақ сол «Болашақ» бағ­дар­лама­сымен оқып, білім алып келген жастардың дені басқару жүйесіне орны­ғуда. Меніңше, біз «Болашақ» бағдарлама­сы­мен оқып кел­ген жастарды басқару ор­ындарына емес, тәжірибесін көрсететін, ше­телден үйренге­нін ортаға салатын ар­найы жұмыс орында­рына жіберген тиімді. Өйткені оларға ше­телде теорияны емес, практиканы көп оқы­та­ды, үйретеді. Сондай база қалыптас­қанда ғана шетелге жіберген жастарымыздың пай­дасын көретін бола­мыз. Бұған қоса айта кететін тағы бір дүние – бізге өз елімізде жоғары деңгейлі, білімі халықаралық дәре­жемен тең келетін оқу орындарын ашу үр­ді­сін қолға алу керек. Егер мұндай әрекет­ті қол­ға алатын болсақ, онда біз шетелге ба­рып білім алуға қай­ра­ты бар, бірақ қолында қаражаты жоқ жас­тарға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – қа­зақы болмысын бұзбаған, қазақы атмос­фераға бейімделген отандық қазақтық по­зициясы мықты «өз өнімімізді» даярлап шығарар едік.

– Бастысы, дайындалған «МИ» өзі­міздікі, яғни «отандық МИ» болар еді дейсіз ғой...

– ... Айтайын деп отырғаным да осы ғой... Өте жақсы болар еді. Әйтпесе біз «оқ­ың­дар» деп шетелге жастарымызды жібе­реміз. Олардың басым бөлігінің сана­сына шетелдіктер өз позицияларын енгізіп жібе­реді. Тіпті білім алған сол бір-екі жыл­дың ішінде елге келіп, қазақы ортаны жат­сынып, жат қылық көрсетіп жататын жас­тар­ды да көріп жүрміз. Егер біз өз елімізде халық­ара­лық дәрежедегі оқу орындарын көптеп ашу­ды ойластырсақ, материалдық база­мызды кеңітеміз. Бұл – бір. Екінші бір дүние – қазақы болмыс-бітімі бұзылмаған маман дайындаймыз. Үшінші – ол ма­ман­ның се­нім­ді ақтарына кепілдік те мол бо­ла­ды. Жалпы, елді дамыту үшін алдымен біз шетел­дің экспанциясына емес, отандық дүниеге мән беруіміз керек. Бір сөзбен айт­қанда, елде «отандық МИ-ды» дамытатын орталықтар көп болуы қажет. Сонда ғана білікті мамандардың легі толығады. Осы ретте бір ғана өз салама қатысты бір жайт­ты сөз етсем, мысалы, онкологиялық ауру­лар­ға қолданылған күрделі емнен кейін ағзада әртүрлі дәрежеде кемтарлық бо­лады. Оларды сауықтыру шараларында дәрігерлік әдепнама деген бар. Дүние­жүзілік денсау­лық сақтау ұйымының са­рап­шыларының мә­лі­метіне жүгінсек, қа­тер­лі ісікпен емдел­ген науқастардың 25-30 пайызы сауықтыру шараларына мұқтаж болады. Оларды іске асыру үшін науқас адамның емнен кейінгі көңіл-күйі, жаңа пай­да болған ағзалардағы кемтарлығы, жасы, жынысы, ісіктің даму са­ты­сы, емдеу тәсілінің ерекшеліктері еске­ріледі. Мұндай дертте науқас тек қана ем қабылдаушы болмай, дәрігермен қоян-қолтық арала­сып, ойлаған мақсатына жету­ге тырысуы ке­рек. Міне, осы кезде дәрігер­дің әдепна­ма­ны терең меңгеруі, өз ісінің білгірі болуы өте маңызды. Науқастанған адамның бұ­рын­ғы жұмысын атқаруға мүм­кіншілігі бар екенін, егер болса, қандай жұмысты атқара алатынын анықтау керек. Қатерлі ісігі бар науқастармен жұмыс істе­генде, этикалық және әдепнамалық қағида­ларды қатаң ұстану керек. Бұл салада дәрі­гер жоғары кәсіби дайындығы болуымен қатар, науқас адаммен еппен қарым-қаты­нас орнатып әңгімелесуге қабілетті болуы тиіс. Бұл бір­лік бұзылса, оның әсері науқасты өте қасі­рет­ті тағдырға соқтыруы мүмкін. Көрдіңіз бе, бір ғана онкология саласындағы кәсіби біліктіліктің маңызы қаншалықты екенін?! Ал енді сол салада бір нәрсе мүлт кетіп, ақ­сап жатса, қаншама тағдырға ақау түседі?! Сол тәрізді әрбір салада білікті, біл­гір, бә­се­кеге қабілетті мамандар жасақтауға күш салғанымыз жөн. Сонда ғана қазақ ба­ла­сы бәсекеге қабілетті, мәртебесі жоғары бол­мақ. Бәсекеге қабілетті болу әр кезде алғы шептен көріну екенін ескерсек, қазір бізге жетіспей тұрғаны – осы. Демек, шоқ­ты­ғы­мыз артсын десек, әр салада біліктілік, бі­лімді­лік, оны санаға сіңіріп, қазақтың пай­да­сына жарату жайын арттырғанымыз жөн.



Алашқа айтар датым...

Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар легі көбейтіліп жатыр. Бірақ сол «Болашақ» бағдарламасымен оқып, білім алып келген жастардың дені басқару жүйесіне орнығуда. Меніңше, біз «Болашақ» бағдар­ламасымен оқып келген жастарды басқару орындарына емес, тәжірибе­сін көрсететін, шетелден үйренгенін ортаға салатын арнайы жұмыс ор­ынд­арына жіберген тиімді. Өйткені оларға шетелде теорияны емес, практиканы көп оқытады, үйретеді. Сондай база қалыптасқанда ғана шетелге жіберген жастарымыздың пайдасын көретін боламыз. Бұған қоса айта кететін тағы бір дүние – бізге өз елімізде жоғары деңгейлі, білімі халықаралық дәрежемен тең келетін оқу орындарын ашу үрдісін қолға алу керек. Егер мұндай әрекетті қолға алатын болсақ, онда біз шетелге барып білім алу­ға қайраты бар, бірақ қолында қаражаты жоқ жастарға мүмкіндік береміз. Ең бастысы – қазақы болмысын бұзбаған, қазақы атмосфераға бейімделген отандық позициясы мықты «өз өнімімізді» даярлап шығарар едік.





Көрілген: 2271    Пікірлер: 0

жұма, 27.09.2013, 12:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30