Дат!

Көптеген жастарымыз кәсіпкерліктің қыр-сырын ұқтыратын ақпараттың тапшылығынан өз істерін бастауға талпынбайды

  • Көптеген жастарымыз кәсіпкерліктің қыр-сырын ұқтыратын ақпараттың тапшылығынан өз істерін бастауға талпынбайды

    Көптеген жастарымыз кәсіпкерліктің қыр-сырын ұқтыратын ақпараттың тапшылығынан өз істерін бастауға талпынбайды

Ғабит ЛЕСБЕКОВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры:


– Ғабит Әбдімүтәліпұлы, өзіңіз бас­қарып отырған қор 2007 жылдан бері ел кәсіпкерлерін бизнестің қыр-сыры­на үйретіп, оқыту, кеңес беру жұмыс­тарын тұрақты түрде іске асыруда. Ал соңғы екі жылда қолға алынған «Биз­нес-кеңесші» бағдар­ламасы белсенді жұмыс істеп тұрған жобалардың қата­рында. Бұл бағдар­ламаның мақсаты қандай?

– Қандай да бір кәсіпті бастамас бұ­рын, ең әуелі қаржы керек. Бұл – түсінікті. Әйтсе де, қолына түскен қыруар қаржы­ны ұқса­тып, кәсібін бірден дөңге­летіп әкететіндер некен-саяқ. Бизнесті жүргізуге де еп керек екенін, оның қыр-сырын меңгеру қажеттігін біздің адамдар түсіне бастады. Ендігі кезекте оларға бағыт-бағдар сілтеу керек. Осы орайда «Бизнес-кеңесші» жобасын кәсіпкерлік жолына түскісі келетіндерге жол көр­сететін бағдаршам десек те болады.

– Сонда бұл бағдарлама кәсібін жаңадан бастағандарға қандай көмек бере алады?

– Ең алдымен, адамдар қысқа мер­зімді (екі күндік) теориялық білім алады. Мұнда бизнесті бастау үшін қандай құжаттар жинау керек, маркетингтік зерт­теулерді қалай жүргізуге болады, түрлі бизнес салалары бойынша типтік бизнес-жоспар­ларды қалай құрады деген сауалдарға жауап беріледі. Осы бағдарлама бойынша аудан орталық­тарына шығамыз. Айта кету керек, бүгінгі күні 209 аудан орталығын қамтыдық. Онда кәсіпкерлікке бұрыннан бері ден қойған бизнесмендер мен осы салаға белсенді түрде атсалысып жүрген халықтан алдын ала өтінімдер қабыл­данады. Мәселен, 2009 жылы осы оқуға кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін 69 мыңнан астам тыңдаушы қатысты. Тіпті кәсібін жолға қойғандар да қызығу­шылық білдірді. Нәтижесінде, тыңдау­шылардың 8 пайызы өздерінің бинес-жобасын енгізсе, аяғынан тік тұрған кәсіпкерлердің 20 пайызы өз бизнес­терінің сапасын жақ­сартуға мүмкіндік алды. Біздің ойымызша, бұл – жақсы нәтиже.

Міне, осындай тәжірибенің нәти­жесінде біз білімсіз, жүйесіз басталған кәсіптің кері кететіндігін дәлелдедік.

– Дегенмен бұл көрсеткіштер елі­міздегі шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан жәрдемнің жалпы, көлеміне әсерін тигізбейтін шығар. Өйткені адам капиталына көрсетілген көмектің нәтижесін ұзақ күтуге тура келеді ғой.

– Шынында да, солай. Біздің ойы­мызша, оқыту бағдарламасы бойынша жүргізілген мониторингтің қорытын­дысын оқу бағдарламасы аяқтала салысымен емес, ең кемі үш жыл өткеннен кейін ғана нақты айтуға болады. Қазір мемлекеттік органдар да, тәуелсіз қоғамдық қауым­дастықтар да аталған бағдарламаның тиімділігіне күмән келтіруде. Бірақ олар адам капиталына көрсетілген көмектің нәтижесін қысқа мерзімде емес, ұзақ уақыттан кейін ғана көруге болатынын ескермей, асығыс пікір айтып жүр.

Кәсіпкер болу оңай емес. Біреулер кәсі­бін жүргізуге қажетті құралдардан тапшы­лық көрсе, енді біреулері түрлі психоло­гиялық кедергілерді жеңе алмай азапқа түседі. Үйреншікті жұмысын тастап, кәсіпкерлікпен айналысу, пайда табамын деп, шығынға ұшырауы мүмкін екендігін біле тұра, тәуекелге бел буу қиын-ақ.

Еліміздің экономикалық саясатында соңғы жылдары шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуға айрықша маңыз беріле бастағаны бекер емес. Қазақстанның индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуы туралы айтқан кезде, біз ірі бизнесті орта кәсіпсіз, орта кәсіпті шағын бизнестің қалыптасқан базасынсыз дамыту мүмкін еместігін естен шығармауымыз керек. Демек, шағын кәсіпкерлік – бұл бизнес негіздерінің іргетасы.

– Кез келген бағдарламаны жү­зеге асыруға, әлбетте, қаржы қажет. «Биз­нес-кеңесші» бағдар­ламасын «Даму» қоры өзі қар­жыландыра ма?

– 2009 және 2010 жылдарға арналған бағдарламаны «Даму» қоры өзі қаржы­ландырған болатын. Бірақ сол кездегі Экономикалық даму және сауда министр­лігі қайта сараптама жасап, 2011 жылдан бері бұл бағдарламаны мемлекет бюджеті есебінен, яғни «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржылан­дыра бастады. Сол кезде бұл бағдарлама жаңа жоба ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Кәсіпкер­лердің әлеуеттілігін арттыру» жөніндегі төртінші бағытына сәйкес кәсібін жаңа бастағандарды оқыта бастаған болатын.

2011 жылы «Бизнес-кеңесші» жоба­сына «Назарбаев университеті» АБҰ база­сында шағын және орта бизнесті топ-менеджментке оқыту ісі енгізілді. Бұл бағдарлама қалыптасқан кәсіпорындар мен олардың басшыларына, эконо­миканың басым секторларында жұмыс істеп жүрген­дерге арналған. «Назарбаев университеті» америкалық халықаралық дәрежедегі оқу орны Fuqua Business School of Duke University Жоғары бизнес мек­тебімен серіктесіп жұмыс істейді.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорын басшы­ларының өндіріс процесін ұзақ уақытқа қараусыз қалдыра алмайтыны белгілі. Сол себепті кәсіпкерлер екі апта бойы универ­ситет базасында басқару технологиясын оқиды, сосын вибинар түріндегі тағы екі апталық консультативтік курстан өтеді. Мәселен, 2011-2012 жылдары аталған бағдарлама бойынша 420 адам білім алды. Биыл жыл басынан бері тағы 371 адам оқытылды. Курстан өткен кәсіпорын басшыларының оқудың келесі «Іскерлік байланыс» сатысына өтуге мүмкіндіктері бар.

– Демек, «Іскерлік байланыс» жо­басы әбден қалыптасқан, дайындықтан өткен кәсіпкерлерге арналған ғой. Оның ерекшелігі қандай?

– Бұл жобаның ерекшелігі – сол, оған қатысушылар аяғынан тік тұрған, мақсаты айқын кәсіпкерлер. Бағдарла­маның бірінші кезеңі бойынша олар Қазақстан аумағында арнайы оқудан өтеді. Бұл оқу олардың бизнес-идеяларын туындатуға негізделген. Идея ешкімдікін қайта­ла­майтын және шетел­дік басқару тәжірибесін һәм алдыңғы қатардағы технологияларды өзіне тартатындай болуы шарт. Бірінші кезең аяқталған соң, біз шетелдік серік­тестеріміз ЮСАИД және GIZ, Германия халықаралық серіктестік қоғамымен бірлесіп, болашағы бар деген жобаларды таңдап алып, олардың басшыларын шетел­­дерде тәжірибеден өтуге жібереміз.

Екінші кезеңнен өткен кәсіпкерлер міндетті түрде белгілі бір нәтижеге қол жеткізуі, алдыңғы қатардағы технология­ларды өндіріске сәтті енгізуі, өндірісті модернизациялауы, болмаса, кем дегенде шетелдік әріптестерімен технология жеткізу жөніндегі ортақ келісімшартқа отыруы керек. Шетел­дермен бұрыннан байланысы бар кәсіпкерлер үшін бұл аса қиындық туғыза қоймайды. Ал басқаларына мұндай байланыс орнату үшін біраз уақыт қажет. Қандай жағдай болмасын, «Даму» қоры кәсіпкерлеріміздің әр қадамын жіті бақы­лап, келісімшартқа отырған күнінен бастап, оны жүзеге асырғанға дейінгі бар­лық процесті саралап, мониторинг жүр­гізеді.

Жоба қолға алынғалы бері 58 қазақ­стандық кәсіпкер АҚШ-та тәжірибеден өтті. 64 қазақстандық кәсіпкер Гер­манияға жіберілді. 400 мың евроның қондыр­ғыларын жеткізу туралы келісімшарттар жасалды.

– Сіздіңше, бүгінгі күні кәсіп­керліктің қандай құқықтық формасы тиімді және нәтижелі болмақ?

– Біз кәсіпкерліктің түрлі құқықтық формаларына әлеуметтік-экономикалық талдау жасадық. Елімізде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың 95 пайызы – шағын және орта бизнесте десек, оның ішінде 92 пайызы – шағын бизнестің үлесінде. 2-3 пайызы ғана орта бизнесте. Өйткені бізде шағын кәсіпкерліктің дәре­жесін иелену тиімдірек. Бұл салада жүрген кәсіпкерге бизнесін жүргізу жеңіл. Әсіресе ол салық төлемдері жағынан бір­шама жеңілдіктерге ие. Салық жеңілдігінен айы­рыл­ғысы келмейтін кәсіпкер түрлі қулыққа барады. Мәселен, бірнеше шағын кәсіп­орын құруға мәжбүр.

Бірақ шағын кәсіпорындарды ірілендіру керек. Бұл бүкіл экономиканы өркендету үшін қажет. Сондықтан ендігі кезде шағын кәсіпкерлерді орта және ірі кәсіпкерлікке өтуге ынталандыру тетіктерін ойластыру міндеті тұр. Заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін кәсіп­кер­ліктің тиімділігі жеке кәсіпкерлікке қарағанда ондаған есе артық. Өйткені оларда жұмыс орны көп, еңбек өнімділігі де артық, тауарды да молынан шығарады. Өз кезегінде бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне тікелей септігін тигізеді. Ал екі-үш адамнан ғана құралған жеке кәсіпкерлік қазақстандық кәсіп­керліктің құрылымдық негізімен бай­ланысты. Бүгінгі күні Қазақстанда 1 млн 300 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның 600 мыңы – жеке кәсіпкер, 300 мыңы – шаруа және фер­мерлік шаруашылықтар. Жалпы, кәсіп­керлік салада белсенді әрі ең көп тарағаны – жауапкершілігі шектеулі серік­­тестер екенін мақтанышпен айтуға болады. Елі­міздегі ЖШС саны 150 мыңның айна­ласында.

Айта кету керек, «Іскерлік байланыс» курсына жиі қатысатындар да осылар. Алайда консалтингтік қызмет ақысын төлеуге ЖШС-дың басым бөлігінің шама­лары жетпейді. Сондықтан сервистік көмекке жүгінеді.

Өкінішке қарай, бүгінгі қолданыстағы салық заңнамасы шағын және орта бизнестегілерді ынталандыра алмай отыр. Жеке кәсіпкерлікте жұмыс істей­тіндердің салық ауыртпалығы қарапайым салық режимінде жұмыс істейтіндерге қарағанда төмен. Заңды тұлға ретінде тіркелген кәсіпорын алым-салықты аз төлеу үшін бизнесін тарылтуға мәжбүр. Сондықтан біз заңды тіркелген кәсіпкерлердің салықтарын жеңілдету туралы мәселе көтермекпіз.

Кәсіпкерлерді түсінуге болады. Елімізде шағын бизнес үшін қарапайым салық декларациясы енгізілген. Ол бойынша жеке кәсіпкер табысының 3 пайызын ғана мемлекетке төлейді. Мұндай жеңілдіктен айырылғысы келмейтін кәсіпкер орта кәсіпорынға айналуға асықпайды. Сон­дық­тан орта бизнеске салынатын салық көлемі шағын бизнестегі деңгейге шамалас болғаны дұрыс. Бұл шағын кәсіпорындарды дамытуға итермелейтіні сөзсіз.

– Әлбетте. Осы бизнеске қатысты мынадай бір түйткілді айтпай кетуге болмас. Біздіңше, қалада кәсіпкерлік­пен айналысу ауылға қара­ғанда оңайға түседі. Осы орайда аудан орталықтары мен ірі іскерлік орта­лықтардан шалғай жатқан аймақ­тардағы шағын кәсіпкерлерге қандай көмек қарастырылған?

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасының төртінші бағытына сәйкес, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге «Сер­вистік көмек» беру көзделген. Бұл жоба аймақтардағы кәсіпкерлер арасында кеңінен қолданылып келеді. Осының арқасында консалтингтік қызмет нарығы дами бастады. Рас, облыс орталық­тарын­дағы орта кәсіпкерлеріміз қандай да бір консалтингтік қызмет ақысын төлей ал­ғаны­мен, аудан орталықтарындағы шағын кәсіпкерлер бұл қызметтің ақысы төлеуге шамасы жетпейді. Мәселен, олар өздерінің сайттарын ашуға немесе мемлекеттік сатып алуға қажетті құжаттарды әзірлеу ақысын төлей алмайды. Өйткені бұл біріншіден, тым қымбат, екіншіден, аймақтарда атал­ған қызметтерді көрсететін компа­ния­лардың саны аз.

Мемлекет жергілікті атқарушы билікке қаржы бөледі, өз кезегінде консалтингтік компаниялар арасында келесі лоттарға (бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, кедендік қызметтер, кеңес беру және толық менеджментті енгізу, заңдық қызмет, мар­кетингтік сұрақтар бойынша қызмет, IT саласы кеңесі, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компанияларға байланысты сатып алулар қызметі) тендер өткізеді.

Бұл бағыт 2011 жылы енгізілген бола­тын. Бастапқыда мемлекеттік сатып алу­дағы тараптардың қызмет сапасын анық­тауға қатысты біраз түйткілдер туындады. Кейбір аймақтардың әкім­діктері тендерді жыл соңында өткізіп, бөлінген қаржы игерілмей қалды. Кәсіпкерлеріміз сервистік көмекке қол жеткізе алмады. Осы конкурс­тарға қатысты істер сотта қаралды.

Жақында «Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасын құру туралы» Заңға қол қойыл­ды. «Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы» координаторлық қызметті атқаратын болды. Яғни кәсіпкерлерге тиісті қара­жаттар енді жергілікті орган­дарға емес, аталған Ұлттық палатаға бөлінеді. Палата өз кезегінде ком­мерциялық істерге конкурс жариялайды.

– «Даму» қоры мен «Центр­кре­дит»Банкі ортақ www.startme.kz сайт ашқанын білеміз. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қаржылай көмек беруде «Даму» қоры үлкен тәуекелге барып отыр. Банк алдын­дағы борыштардың 70 пайызына дейін кепілдік береді екенсіздер. Мұндай тәуекелге баруға не түрткі болды?

– Бұл сауалға жауап алу үшін өткенді біраз еске түсірсек. 2007 жылғы қаржы дағдарысы, әсіресе кәсіпкерлікпен айна­лысып жүргендерге оңай соққы болған жоқ. Банк институттары бизнесмендерге несие беруді күрт тоқтатты. Көптеген бола­шағы зор шағын және орта кәсіпорын­дар қаржы тапшылығынан тұралап қалды. Оның жаңғырығы әлі күнге дейін сезілуде. Себебі көптеген банктер кәсіпкерлерге несие беруге құлықсыз. Есесіне, жеке тұлғалармен жұмыс істеуге ынталы.

Біріншіден, мұндай старт-жобаларды несиелендірудің тәуекелі басым. Екіншіден, ол ұсақ жобалар және оларға талдау жасауда шығын көп кетеді. Ал банктерден басқа старт-жобаларға несие беретін қаржы институттары атымен жоқ. Әдетте, кәсіпкерлер несиені шағын несие беретін мекемелерден алады. Әйтсе де олардың үстемесі өте жоғары болғандықтан, бұл кәсібін жаңа бастағандар үшін тиімсіз.

Мұндай несие беруге «Центркредит» банкі ғана келісім беріп отыр. Біз аталған банкпен бірлескен бағдарлама қабылдап, ортақ сайт аштық. «Даму» қоры борыш сомасының 70 пайызына дейін кепілдікті өз мойнына алып, батыл қадамға барып отыр. Демек, жоба бойынша, біз кәсіпкер банкротқа ұшыраған жағдайда банкке берген уәде бойынша борыш сомасының 70 пайызына дейін төлейміз. Есесіне, бүгін старт-бастамалар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие кепілдіктерін алғысы келетін, кәсібін жаңа бастағандардың арасында ерекше қарқын алуда. Бірақ кепілдікке қол жеткізу үшін немесе серіктес-банктен кредит алу үшін старт-жобаға қатысуға ниет білдіргендер арнайы оқудан өтулері тиіс. Себебі бүгінде бұл қаржылай көмектен де маңызды.

– Өткен жылы «Даму» қоры Шым­кентте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша «Жас кәсіпкерлер мектебі» пилоттық жобасын қолға алды. Шымкент қаласын таңдау­ларыңызға не себеп?

– Екі жылдан бері біз «Кәсіпкерліктің глобалдық аптасы» халықаралық қозғалы­сымен бірге аймақтардағы жастар ұйым­дарымен жұмыс істеп келеміз. Соның ішін­де Шымкент пи­лоттық жобаға енді. Өйткені дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысында белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорын көп. Сондай-ақ бұл өңірде халық ең көп шоғырланған және аймақтың әлеуметтік салмағы да басым.

Жоба аясында біз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен бірлесіп оқу­лар ұйымдастырдық. Оған 400 жас кәсіп­кер, университеттің болашақ түлектері қатысты. Сол секілді, интернет-технология­лардың тілін түсінетін жастар кәсіпкерліктің жедел-курстарынан өтті. Биылғы жылы дәл осы жұмыстарды өзге де аймақтар мен университеттерде өткізсек деген ниетіміз бар.

«Даму» қоры кәсіпкерлікке ден қойып, оны дамытумен айналысып жүрген жастардың қатысуымен, дөңгелек үстелдер өткізіп, идеялар-жәрмеңкесін ұйымдас­тыруды көздеп отыр.

– Қазір Бизнес-кеңесші бағдар­ла­масы жемісті жүзеге асып жатыр деп сеніммен айта аласыз ба?

– Әлбетте. Оқыту курсына қатыс­қандар арасында жүргізілген сауалнама көрсет­кендей, бағдарлама жемісті жүзеге асты деп сеніммен айтуға болады. Ол халыққа, шын мәнінде, қажет. Жұрттың сұранысын ескергендіктен, оның аясы да кеңейтілді. Мәселен, жеке­леген мәселелер бойынша тақырыптық тренингтер өткізу қарастырыл­ған.



Оймақтай ой

Бүгінде көптеген жастарымыз кәсіпкерліктің қыр-сырын ұқтыратын ақпараттың тапшы­лығынан өз істерін бастауға талпынбайды. Көпшілігі мемлекеттік қызметке тұруды құп көреді. Өйткені олар бизнес саласында жетістікке жеткендердің тарихы жайлы естімеген, көрмеген. Алайда ондайлар арамызда бар, тек бұл туралы аз ғана адамдар біледі. Сондықтан, бұл тұрғыдағы насихатты күшейткеніміз дұрыс.





Көрілген: 2620    Пікірлер: 0

бейсенбі, 05.09.2013, 12:17

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31