Миллионер қала атануға Шымкенттің мүмкіндігі мол

Миллионер қала атануға Шымкенттің мүмкіндігі мол

Бақытжан Әшірбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:

Қазақ елінің ең ірі қалалары десе әуелі еске Астана мен Алатаудың етегіндегі алып Алматы түсетіні белгілі. Дегенмен сол қалалардың ізін баса кәсібі өркендеп, жан саны артып, алып ғимараттар көптеп салынып жатқан күнгейде бір қала бар. Ол – Шымкент. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның орталықтары өз олқылықтарын түзеп, жаңа тұрпатта жаңғыруда. Республикадағы үшінші қала Шымкент те, оның аудандары да дәулетіне қарай сәулетін арттыруда. Ке­меңгерлерінің кесенесін, естілерінің ес­керт­кішін елден ұялмайтындай етіп епті­лік­пен жасап жатыр. Қалаларын жасыл же­лек­пен көмкеріп, тал-теректі тербелтіп қой­ды. Оған Шымкенттегі саябақтарда қас­қайып тұрған мүсіндер куә. Осындай ірі өзгерістердің жүзеге асуына жобалық қа­лып­тасуына атсалысып отырған Оңтүстік Қа­зақстан облыстық сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасының басшысы Бақыт­жан Әшірбаевпен әңгімелесіп, күнгей ай­мақтағы Шым шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Елбасының өзі «Шымкент еліміз­дегі үшінші ірі қала атануға лайық» деп айтқан еді. Бақытжан Құдайбергенұлы облыстың бас сәулетшісі ретінде Шым­шаһардың бас жоспары туралы мәлі­мет беріп өтсеңіз.
– Иә, шаһардың аумағы да халқы да артып келеді. Шымкент қаласының 2004 жылы қабылданған бас жоспары заман талабына сай өз қажеттілігінен айырылды. Уақыт көші шымшаһардың да аумағының кеңейіп, дамуына алып келгені рас. Ауыл­дан қалаға үдере көшіп, қала халқының санына сан қосып жатқан халықтың да есе­бі бар. 2015 жылға дейін 600 мың тұрғын­ды қамтуы тиіс 2004 жылғы бас жоспар өз міндетін атқара алған жоқ. Өйткені белгі­ленген межедегі халықтың саны ойдағыдан да асып түскен болатын. Шымкент қала­сы­ның бас жоспары Үкіметте біраздан бері қаралып, мерзімінде тиісті инстанциялар­дың келісімін алып, бекітіліп отыр. Осы сәт­ті көптен күткен жергілікті билік Шымкент­тің жаңа тынысын ресми түрде таныстырды. Егер бұрынғы бас жоспар 40 мың гектар аумақты құраса, жаңа жоба бойынша енді қаланың аумағы 117 мың гектарға жеткі­зі­ліп отыр. Бұл бойынша қалаға іргелес жат­қан үш аудан – Сайрам, Төлеби, Орда­басы аудандарының бірқатар аумақтары енгізіліп, жұмыс тиісінше екі кезеңде жүзе­ге асырылады. Бірінші кезең бойынша Сай­рам ауданынан 29 елді мекен, екінші кезеңде Төлеби ауданынан – 5, Ордабасы ауданынан екі елді мекен Шымкентке қосы­лады. Бас жоспар бойынша 2015 жылы қа­ла халқы 1 млн тұрғынмен қамтылса, ек­ін­ші кезеңде 2025 жылы 1.200 млн адам­ды құрайды деп болжанған. Демек, елі­мізде ірі мегаполистердің бірі деуге тұрар­лық Шымкентті осы бағытта дамыту қажет­тіліктен туындап отыр. Сондай-ақ бас жос­парда бірінші кезекте қаланың инфрақұры­лымын дамытуға басымдық берілген. Бү­гінгі Шымкенттің жылу, коммуникация жү­йелерінде ақаулардың жиі орын ала­ты­нын ескерген мамандар бұл мәселеге те­реңірек шұқшиыпты. Бүгінгі қаланың кәріз, су, жылу жүйелерінің ескіргені негізге алы­нып, ұсыныстар негізінде канализация ор­та­лықтарына жақын аумақтың көлемін үл­кейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ қуат­ты подстанция, автономды жылу қазанды­ғын орнату мәселесі шет қалған жоқ. Бас жос­пар бойынша жол-көлік бағыттарын жоспарлау ісі де тиімді қарастырылыпты. Ха­лықаралық жолдар саналатын солтүстік және оңтүстік бағытындағы Батыс Европа Батыс Қытай және Ташкент тасжолы бо­йында көлік-инфрақұрылым, әлеуметтік тұр­ғын үйлер, өндіріс және теміржол бағы­тын салу жоспарланған. Сондай-ақ бұл жер­де халықаралық дәрежедегі автовок­зал қызмет көрсетеді. Орталықтағы Қонаев гүлзары қаланы қақ бөліп тұратын көше бол­мақ. Егер Шымкенттің жасыл қала еке­нін ескерсек, жобадан бұл нәрсе де ұмыт қал­мапты. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қа­ла аумағының 40 мың гектар жеріне жасыл белдеу жасалатын болады. Нәтижесінде, қа­ланың аумағы шаңнан, аңызақ ыстықтан қорғалып, қаланың экологиялық жағдайы қолайлы болуына мүмкіндік береді. Енді бекітілген бас жоспар бойынша сөзден іске көшетін уақыт келді. Жергілікті билік жұмыстың бүгіннен бастап тиімді түрде жүргізілетінін жеткізді.
– Бас жоспарға сай бой көтеретін жаңа әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы керемет. Оның алғашқыла­рының құрылысы аяқталып келеді. Ке­ремет құрылыспен Оңтүстікке сапары барысында Елбасы Н.Назарбаев таны­сып, оң бағасын берді. Ендеше, үшінші ірі меганың жалпы жоспары жөнінде айтып берсеңіз.
– Әрине, қала сәулетімен көрікті бола бермек. Облыста президенттің тапсырмасы бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі – Шымкент қаласын­дағы жаңа әкімшілік іскерлік орталығы. Қа­зір көпшіліктің аузына жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы мега жобалар ілі­гетін болды. Шынында, шаһардың даму ба­ғыты осы маңға қарай ойысты. Орталық­тағы ілкімді жобалар жайында айтар сөз көп. Келешегі сән-сәулеті жарасқан ғима­рат­тар, демалыс орындары, ағарту нысан­дары тұрғындардың қуанышына айнал­мақ. Әкімшілік басқару жүйесі толықтай осы орталықта қоныс тебетін болады. Біре­гей жобаның жалпы ауданы – 364 гектар. Облыстық әкімдік, мәслихат пен басқарма­лар, рекреациялық аймақтар, жаңа көпқа­батты тұрғын үйлер, сондай-ақ 1200 оқу­шы­ға арналған төрт мектеп осында орна­ла­сады. Бәрі-бәрі сіз бен біздің игілігіміз үшін. Орыс драма театры, облыстық кон­гресс-холл, ха­лықтық шаруашылық жетіс­тік­тер көрме­сі, ғылыми әмбебап кітапхана­сы және 5 мың орындық мешіт шымкенттік­тердің ру­хани көкжиегін байытпақ. Об­лыс­тық сот ғимараты мен 500-орындық емхана да бой көтермек. Әлия Жүсіпова атындағы көр­кем гимнастика мектебі де келешегі жауһар орталыққа айналмақ. Осы нысан­дардың ішінен ғылыми-әмбе­бап кітапхана және халықтық шаруашылық жетістіктері көрмесі ғимараттарының құ­ры­лысы таяуда аяқталып, пайдалануға беріл­ді. Ал облыс әкімдігінің және оған қарасты құрылымдық мекемелер ғимара­ты, облыс­тық конгресс-холл және 500 ор­ын­дық орыс драма теат­рының құрылысы қарқын алған. Құрылыс­ты аяқтау келесі жыл­дың еншісінде. Соны­мен қатар 49 ипо­текалық көпқабатты тұр­ғын үй құры­лысы баспана іздеп бас ауыр­тып жүрген­дер­дің жүгін жеңілдетердей. Осындай біре­гей әле­ует­ті жобалар Шым­кент­ті одан әрі шырай­ландыра түспек. Бұл жерде бі­рін­ші кезең бойынша 364 гектар жерге, екінші кезең қосылғанда барлығы 1,5 мың гектар жерге жаңа құрылыс са­лын­бақшы. Онда бүгінгі таңда бес нысан облыстық бюд­жет есебі­нен салынып жа­тыр. Олар: әкімшілік ғима­ра­ты, орталық кі­тапхана, көрме орталы­ғы, конгресс-холл және драма театр. Оның екеуінің құрылысы аяқталып, осы айдың аяғында тапсырыла­ды. Басқа­ла­рын келесі жылы тапсырамыз деген жос­пар бар. Бас­қа да осы әкімшілік іс­керлік орта­лы­ғы ма­ңында салынатын нысандарға тоқтала кетейін. Балалар үйі­нің тәрбие­лену­ші­леріне, яғни жетім ба­лаларды бас­панамен қамтамасыз ету мақ­сатында тоғыз қабатты тұрғын үй салына­тын бола­ды. Соны­мен қа­тар инвесторлар­дың есе­бінен 14 қабат­ты үш үйдің құры­лысы басталады. Жеке кәсіпкер 5-6 мың ор­ындық мешіт салуды қолға алатын бол­ды. Келешекте аумағы 900 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер бой көтереді. Тағы бір жобаны айта кетейін. Қаладағы ипподром­ның алдынан «Наурыз» алаңы салынып, халықтың пай­да­ла­нуына берілді. Қазақ­станның ешқан­дай жерінде жоқ үл­гі­дегі алаңда Наурыз мерекесін тойлауға, басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдас­ты­руға қолайлы, барлық жағдай жасалған алаң болайын деп тұр. Алаң жайылған кілем сияқты ерекше ою-өрнекпен көмке­ріл­ген болады. Халықтың демалуына да барлық мүмкін­діктер қарастырылып отыр. Бұл алаңның жанынан 42 гектар жерге үл­кен этносаябақ ашылады. Сондай-ақ об­лыстық мұражай мен этномұражайдың құ­рылысы салына­тын болады. Бұл маңай­дың өзі үлкен дема­лыс орнына айна­лайын деп тұр. Ипподром­ның алдында «Ауылым – алтын бесігім» д­ген үлкен пано болады. Бұлардан бөлек, қала кө­ше­леріне ұлттық салт-дәс­түрі­мізден ха­бар беретін, қыз қуу, ауда­рыспақ тағы бас­қа осы сияқты түрлі бейне мүсіндер ор­натылып жатыр. Бұлар да өздерінше қала­ға сән беріп тұр.
– Шымкент қаласының қақ ортасын жарып, ағып жатқан өзендер аз емес. Мәселен, Қошқар ата өзені мен Бадам өзені – соның бірі. Ендеше, әсем Астана­мызға бой түзей отырып, сол өзендер­дің маңайын көріктендіруді, демалыс орындарына айналдыру мәселесін об­лыс әкімі қолға алған болатын. Тіпті Ба­дам өзенінің біраз аумағын абаттан­дыру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Бұл туралы не дейсіз? Қаланың сәулет құры­лыстарын қандай мекемелер жүргізу­де?
 – Иә, қаладағы Бадам өзені маңайында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көктем кездерінде өзен тасып, жағалауында орна­ласқан нысандарға зияны тиіп жатады. Осыны реттеу үшін арнайы жасаған жо­ба­мыздың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Мұны облыс әкімі өзі қатаң бақылауында ұстап отыр. Өзен жағалауын көріктендіру мақса­тында газондар егіп, алма, өрік, терек ағаш­тарын отырғызуды жоспарлап отыр­мыз. Бұл алдағы уақытта қалаға ерекше көрік беретін, жұрт серуендеп демалатын тамаша орынға айналатын болады. Негізі, Бадам өзені бойын көріктендіру жұмысы бүгін-ертең біте салмайды. Жұмысын жал­ғастыра беретін боламыз. Биыл үш шақы­рымды жасасақ, келесі жылы алты шақы­рымын еңсермекпіз. Бұдан бөлек, қаланың қақ ортасынан ағып жатқан Қошқар ата өзе­нінің бойында да үлкен жұмыстар басталып кетті. Бұл өзеннің бойынан адам жүре алмайтын жағдайда еді. Су шығып жатқан басынан бастап, алдымен тазалап, өзенге өте жақын заңсыз орналасқан жеке үйлер мен қора-қопсылардан да босаттық. Мұның да бірінші кезеңін жасап жатырмыз. Ең басынан бастап, қаланың Ордабасы алаңына дейін 2,5 шақырым бойлай абат­тандыру, көріктендіру жұмыстарын бастап кеттік. Жобаның келесі кезеңінде Ордабасы алаңынан бастап, аяғына дейін жеткізуді жобалап отырмыз. Оның бәрін шетелдік сәулетшілер жасады десек қателесеміз. Өзі­міздің жергілікті сәулетшілердің шебер­лігі қашанда алдыңғы орында тұрады. Иә, кейбір ғимараттарға шетелдік сәулетшілер араласады. Бірақ өзіміздің мамандар мін­детті түрде басы-қасында болады. Қазір Rixos қонақүй салынып жатыр. Ол жерде Қазақстан мен Түркияның сәулетшілері бірі­гіп жұмыс істеп жатыр. Өйткені түріктер біздің жердің жағдайын өзіміздің сәулетші­леріміздей білмейді.
– Сәулетшінің еңбегі ерен. Олай дейтініміз, тарихта сәулет құрылысы­мен аты шыққан елдер экономикасын осы ежелгі сәулеттік құндылықтардан тауып отыр. Мамандығыңызға деген сұранысты қалай бағалайсыз? Елімізде сәулетші мамандардың жетіспеушілігі бар ма? Шаһарымыздағы жоғары оқу орындарында сәулетші мамандарды дайындайтын факультеттер бар ма?
– Иә, өзің жобалаған құрылыстың ел мақтауына айналып, жұрттың игілігі үшін қызмет өткендігінен артық бақыт болмас. Дегенмен сәулет өнері саласында, шынын айтқанда, бұрынғыдай маман көп емес. Сәулет өнері деген тек сызбасын жасап отыра беретіндер емес. Ертең құрылыстың сапасына, оның өміршеңдігіне де жауап береді. Инженер, конструктор мамандық­та­ры өте қажет. Мұндай мамандар кеңес кезінде өте көп еді. Қазір тіпті азайып бара жатыр. Маман жетіспеушілігін енді сезіп жатырмыз. Жаңадан сәулет бюросын аш­тық. Оған Астана, Алматы сияқты қалалар­да арнайы білім алған жастарды таңдап алып келдік. Қазір 18 адамның басын қо­сып тәрбиелеп жатырмыз. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының қолдауымен осын­дай шаралар ұйымдастырып, маман тап­шы­лығын шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Ал Шымкент қаласындағы жо­ға­ры оқу орындарында бұл мамандық бар болғанымен, оларды оқытатын білікті ма­мандардың өзі жетіспейді. Олардың кәсіби деңгейлері төмен. Басқа амал жоқ. Астана, Алматы қалаларынан таңдауға тура келеді. Болашақта үшінші ірі қалаға айналған жағ­дайда жоғары оқу орындарының қата­ры көбейсе, шетелде білім алып жатқан Бола­шақ түлектері елге оралса, бұл қиындық та шешіледі деп есептеймін.
– Елбасы жаңа әкімшілік іскерлік орталығына атбасын тірегендігін ай­тып өттік. Жалпы, жобаға, жүріп жат­қан құ­рылысқа қалай баға берді?
– Негізі, бұл жобаның бастамашысы –Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Осыдан 3-4 жыл бұрын келген­де тікұшақпен қарап келе жатып, «Шым­кент­ті неге бір ретке кел­тір­мейсіңдер, бір орталық неге салмай­сыңдар?», – деген еді. Маған «өзің сәу­лет­шісің неге осыны қолға алмай жүрсіңдер?» деді. Ол кісі Астанаға қайта кетіп қалды, соңынан үш-төрт күннен кейін бірден жаңа орталық салыңдар деген тапсырма келді. Содан әкім бәрімізді жұ­мыл­дырып, үш-төрт айдың ішінде жобасын жасап шыққан болатынбыз. Содан кейін қа­ланың қай жағынан саламыз деген сұрақ туындады. Қаланың барлық аудандарын саралап, жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Нұрсәт» шағынауданына тоқталдық. Сол жобамыз­ды өткенде келіп көрді. Ризашы­лығын да білдірді, ескертуін де айтты. Пре­зидент бастамасы жүйелі іске асуда.
 – Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста