Тәуелсіздікті мәңгілік қылатын – тек қазақ халқының өз бірлігі ғана

Тәуелсіздікті мәңгілік қылатын – тек қазақ халқының өз бірлігі ғана

Жабайхан ӘБДІЛДИН, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:

– Жабайхан Мүбәракұлы, 1991 жылдың 16 желтоқсаны қазақ халқы үшін жаңа атқан күн секілді болғаны рас қой. Тарих жолымен осынау күннен алыстаған сайын Тәуелсіздіктің құндылы­ғы да арта түсері сөзсіз. Жалпы, Сіз үшін «Тәуелсіз­дік» ұғымы, Тәуелсіздіктің құндылығы деген не?
– Әлбетте, ең алдымен Тәуелсіздік деген ұғымды түсінуге тиіспіз. Менің түсінігімше, Тәуелсіздіктен ас­қан мереке де, бұдан үлкен той да, бұдан үлкен қуа­ныш та болмайды. Бұл қуанышты ешқандай да басқа қуанышпен салыстыруға келмейді. Мен осы жайында «Тәуелсіздікті атқан таңмен, шыққан күнмен ғана са­лыс­тыруға болады» деп бір сұхбатымда айтқан едім. Сырттай ұғымды алып қарағанның өзінде «тәуелді» мен «тәуелсіз» сөзінің айырмашылығы жер мен көк­тей. Тәуелді адам мен еркін адамды, сол секілді тәуелсіз мемлекет пен тәуелді мемлекетті бір-бірімен салыстыруға болмайды. Тәуелсіз емес мемлекетте болған адам тәуелсіздік дегеннің не екенін жақсы түсінер еді. Бодан болу, құл болу, тәуелді болу дегеннің ең сорақысы – ондай адам өзіне сеніңкіремейді. «Біреу не айтады екен?» деп өзгенің бұйрығын ғана күтеді. Сонымен бірге, тәуелсіздік ұғымын тек сөздің мағынасымен түсініп қана қоюға да болмайды. Оның ұғымы терең. Әр ұғымды түсіну үшін оны сөз жүзінде біліп қоймай, оның ішкі сырына да мән беру керек. Сондықтан да, біз Тәуелсіздіктің жарияланған күнін ерекше сезіммен қарсы алдық, сол кездегі зиялы қауымды былай қойғанда, төбесінің түйсігі бар әрбір адам өзін бақытты санады. Біздің толқынның бақытты болуына тағы бір себеп – алдымызда осы күнді аңсап өткен арыстай азаматтарымыз өткен еді. 250 жыл бойы қазақ халқының ойлағаны тек тәуелсіздік болды. Осыған талай-талай ұмтылыс болды, осы жолда жандарын қиған азаматтар қаншама. Кешегі Абылай ханнан бастап, Кенесары ханның да, Исатай, Махам­беттің де, Амангелді Иманұлының да көтерілісі осын­дай ұлы сезімнен туды. Бертін келе алаш көсемдерінің көтерген мәселесі де осы – Тәуелсіздік. Ең ақыры «Тә­уелсіз елдің азаматы» деген мәртебелі атаққа Әуезов те, Сәтбаев та, Мүсірепов те жете алмады. Бірақ олар да осы күнді аңсап өткен еді. Ендеше, бізге Тәуелсіздік бұйырғандықтан да, шын мәнінде бақыттымыз.
Сондықтан да, Тәуелсіздік бір сөзбен аша салатын дүние емес. Бұл желтоқсан айында ғана ойлана бас­тайтын мәселе емес, күн сайын дәлелдеуді қажет ете­тін дүние. Ендігі күні ақындардың да, жазушылар­дың да, философтардың да таусылмайтын тақырыбы, сая­саткерлердің талмайтын күресі – осы Тәуелсіздік.
– Қазақ елі үшін Тәуелсіздікті аңсау, нақты Тәуелсіздік үшін күрес идеясы қай заманнан бас­талды дер едіңіз?
– Бодандық қамыты киілген – 1730 жылдан бас­тап қазақ жұртының ұлт қайраткерлері азаттық үшін алысты. Абылай хан саясатын текшеп ұстады, елдікті сақтап тұру үшін тәуелсіздіктің дипломатиясын әккі пайдаланды. Кенесары да қол бастады, күресті. Пат­ша­ға қасқайып қарсы шығып, қарсы төнген тажалдан қаймықпады. Сосын әркімнің күресі әртүрлі болды. Одан бертін, Абай, Ыбырай мен Шоқан заманындағы тәуелсіздік идеясы да әлем елдерімен тең болу идея­сымен ұштасады. «Қазақ мешеу қалып барады?» деп Ыбырай алаңдады. «Орыстың тілін біл, сонда ғана оны­мен тең сөйлесе аласың, қатар боласың, одан кем болмайсың» дегенді Абай алға тартты. Сөйтіп, ХІХ ға­сырда Абай, Шоқан, Ыбырай тәуелсіздік мәселесін тіке қоймағанымен, білім мен ғылым арқылы жұрттың көзінің ашық болғанын қалады. Бодандықтың бұға­уын­да кете беруге болмайтынын жұрт арасына септі. Бұл халық үшін тіпті жаңа идея еді. Бұдан кейінгі идея Алаш арыстарына тиесілі. Олар «Қазақ халқы Тәуелсіз­дік арқылы ғана ұлттық мұратына жете алады» деді. Бұл – Абай, Шоқан, Ыбырай идеясынан бөлек мәселе. Өйткені, Алаш арыстары «қазақ өзінің орнын табуы үшін, бақытты болуы үшін оқуы мен білімі аздық етеді. Ол үшін қазақ тәуелсіз елдің азаматы болуы керек!» деді. Түптеп келгенде, Алаш идеясы оқу менен білімді өз алдына қарастырып, «ғасырлар бойғы саясат сіңір­ген мешеулік проблемаларынан арылу үшін тәуелсіз мемлекеттің азаматы болуы керексің» дегенді бірінші мәселе ретінде көтере алды. Сөз жүзінде көте­ріп қана қоймай, іске асыруға ұмтылды. Тәуелсіз­дік­ті уағыздай­тын газет ашты. Газет ашып қана қойған жоқ, осы мә­селемен күресетін партия құрды. Ұйым­дас­ты­ратын, күресетін, халықты үгіттейтін партия құ­рып қана қой­ған жоқ, дербес мемлекет құруға ұмтыл­ды. Сөйтіп, Алаш орда мемлекетін құрды. Әрине, Алаш орда аз ғана уақыт өмір сүрді. Бір жағынан Кеңес үкіметі, екінші жағынан жеке мемлекет болуға жағ­дайдың қиын-қыстауда тұрып, еш күрмеуге келмеуі таршыл­дық етті. Осылайша, Алаш ардақтыла­рының Тә­уел­сіздікке ұмтылысының бәрі қырып-жоюмен, қу­да­лаумен, атумен, асумен аяқталды. Азаттық аңсаған қаншама Алаш қайраткерлері ажал құшты.
Одан кейінгі жылдары Кеңес Одағы салтанат құрды. Сол тұстары тәуелсіз болуға ұмтылыс бұлқынып іште қайнады. Алаштың көзін көргендер, соның сөзін сезгендер арамызда болғанының өзі бақыт еді. Дегенмен Кеңес Одағында тәуелсіз ел болу жөнінде әңгіме айту былай тұрсын, партияға қарсы пікір айту сондай сорақы мәселе ретінде қаралды. Алайда дәл сол «сорақылықтың» еш сөкеттігі жоқтығын Желтоқсан көтерілісі ашып берді.
– Тәуелсіздікті айтқанда Желтоқсан көтерілісін айналып өту де мүмкін емес қой...
– Қазақ жастарының көтерілісі бүкіл кеңестік кеңістікке қозғау салғанымен құнды. Әр елдің өз басшысы болуы тиістігін алға тартқан жастардың осы үшін қатты таяқ жегенін, сол ұмтылысы үшін сотталып, атылғанын бәріміз білеміз. Алайда қазақ жастарының толқуы Кеңес үкіметіне қарсы бір идеяны дүниеге кел­тірді. Мысалы, Кеңес Одағын алып аждаһаға теңеуге болады. Аждаһаның алдында жұрт қорқыныштан, үрейден аузын да аша алмайтын. Бөтен сөз айтуға сес­кенетін. Дегенмен Желтоқсан жастары қырылып, түрмеге тоғытылғанымен, басқа жұртқа үлгі болып, идея тастап кетті. Несімен? «Аждаһадан қорқуға бол­май­ды екен». Бұл аждаһаға қарсы бас көтерсең, ол сені біржолата жұтып қоймайды екен, көп болса, жүздеген шейіттер болады екен, алайда аждаһаға қарсы да айла қолдануға болады екен. Желтоқсан жастары тудырған осы идеяның салқыны кейіннен Грузияны шарпыды, сосын Балтық жағалауындағы елдер көтерілді.
– Азаттық үшін болған түрлі күрестің шарық­тау шегі 1991 жылғы 16 желтоқсан ғой. Ал бұл оңай болды ма? Өйткені жұрт арасында қазақ­тың өз Тәуелсіздігін өзгелердің ең соңынан жа­рия­лағанын айтып мінейтіндер басқаны қойып, өз ішімізден де шығып қалады ғой...
– Бұл шындығында да оңай емес еді. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жалпақ жұртқа жариялаған тұста мемлекет құрушы ұлт саналатын қазақтардың респуб­ли­кадағы саны 40 пайыз ғана болды. Қалған басқа ұлттар 60 пайызды құраса, соның ішінде орыстардың өзі 42 пайыз еді. Басқасын айтпалық, осы «40» пен «42» пайыздың арасындағы айырмашылық­тың өзі біраз дүниені аңғартады емес пе? Оның сыртындағы басқа да факторларды есепке алайық. Сондықтан да Тәуелсіздік алу үдерісі бір қарағанда шапшаң, екінші жағынан қарағанда асықпай жүрді. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдеріне өз ниетімізді ұғындыру, Тәуелсіздік идеясын солардың алдында қолмен қойғандай бұлтартпай дәлелдеу бізге оңайға тиген жоқ. «Қазақ мемлекеті тәуелсіз мемлекет бола алады» деуді осы Қазақстанда отырып мойындату бізге үлкен жігерді талап етті. Ең бастысы, Тәуелсіздік үшін депутат­тар дауыс беруі тиіс болатын. Ал дауыс беру бары­сында біздің дауысымыз жетпей қалса ше? Депутаттың көбі басқа ұлт өкілдері еді. Сөйтіп, «тәуел­сіздік мәсе­лесін дауысқа салсақ, біз жеңе аламыз ба» деген үміт­пен қосақталған күдік те болды.
Алайда біздің бағымыз бар екенін сол кездегі сай­ланған халық депутаттарының қатарынан-ақ көру­ге болатын еді. Тәуелсіздік жарияланар тұстағы халық сайлаған депутаттық корпусты басқа ешқандай ке­зеңмен салыстыруға келмейтін. Өйткені қазақта қан­дай зиялы болса, қазақта сөз айтатын қандай тұлға бол­са, қазақта қолынан іс келетін қандай тұлға болса, ол сол тұста депутаттық мандат ұстады. Олардың ара­сында академиктер де, профессорлар да, жазушылар да, қысқасы, аузынан шыққан сөзімен басқаны илан­дыра алатын ұлт қайраткерлерінің басым бөлігі де­путаттықта еді. Сондай кесек-кесек тұлғалар болмай, олардың орнында біліксіз біреулер отырса, біздің күніміз мүлдем басқа арнаға бұрылып кетуі ғажап емес еді. Күн тәртібіне Тәуелсіздік мәселесі көтеріле бас­таған тұста қарсы шыққандарға өз сөзін өткізе білгендер де солар еді. Біздің жазушыларымыз да, зиялыларымыз да басқа ұлт өкілдері алдында дәлелді уәж айтты, басқа ұлт өкілдерінен құралған депутаттар­ды өз қатарымызға тарта да білдік.
Екіншіден, басқа ұлт өкілдерінен де қазақты қол­дағандар болды. Әлбетте, орыс ұлтынан қарсы шық­қандар толып жатты, дегенмен азамат­тық танытып, біздің ұлтымызға шын жаны ашығандардың есімін ұмытуға да тиіс емеспіз деп ойлай­мын. Соның ішінде сөзі біз үшін дұрыс шыққан азаматтар ретінде Дмитрий Снегинді, Александр Княгининді ер­екше атап өтпеске болмас. Сол Кня­гини­ніңіз «біз қазақтың тәуелсіздігіне түсіністікпен қарауымыз керек» десе, енді бірде мемлекеттік тіл тағдыры қыл үстінде тұрғанда «қазақтың тілі тек осы Қазақ­станда ғана дамиды, басқа жерде ол тіл өшеді» деп батыл қолдау білдірді. Біз дәл осы адам­гершілігі үшін Княгининді «русский сын казахского народа» деп атап кеткен де едік. Осындай беделді азаматтардың арқа­сында Тәуелсіздік тиді бізге.
Тәуелсіздік таңы атып, егемендігіміз ақиқатқа ай­налған тұста бәрі бірден ізге түсіп, даңғыл жол салына қалған да жоқ. «Қазақ қандай мемлекет болады?» деген мәселе көлденеңдеді. Біз ең алдымен ұлттық мемлекет болады деп жаздық, екіншіден унитарлы деген ұғымды алдық. Дәл осы ұғымды базбіреулер түсінбейтін де тәрізді. Асылы елдікті сақтауда осы ұғым­ға тең келетін нәрсе де жоқ. Өйткені «унитарлы» дегеннің өзі, қысқаша айтқанда, Қазақстанда тек бір ғана ұлт тұрады, ол қазақ дегенді білдіреді. Ал басқа ұлттардың қазақтармен құқы теңдей, ешкім кем емес, алайда, ешқандай да бір ұлттың, этностың өкілі Қа­зақстаннан автономия сұрауға, автономдық аудан сұрауға да, үкіметтік немесе мемлекеттік құрылым дәметуге құқылы емес дегенді білдіреді.
– Тәуелсіздікті жариялау бағытында күрескен азаматтардың қатарында кімдерді атар едіңіз?
– Әлбетте, Тәуелсіздікті жариялауда да, содан соң Қазақ мемлекеттігінің негізін қалауда да Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың рөлі өте зор болды. Мем­лекеттің саяси бағыты, ұстанымы, экономикасын – бәрін-бәрін қалыптастыру үшін Президенттің жақтас­тары барынша қажет еді. Сол тұстағы біздің ұтқанымыз да зиялылардың, қайраткерлердің басым бөлігі дерлік Нұрсұлтан Әбішұлының айналасынан табыла білді. Елбасының өзі де білгір саясат ұстанды. Елдігімізді айқындағанда «алдымен экономика, сонан соң сая­сат» қағидаты қаперде болды. Экономикада – нарық­ты экономика, саяси жүйеде – социалды-демократия­лық мемлекет идеясына ден қойдық. Ал экономиканы дөңгелетіп әкетіп, құлдыраудан құтқаратын бір ғана жол – инвестиция. Тура сол тұста ел экономикасына қан жүгіртетін инвестиция туралы заң да қабылданды. «Заң қабылданды» демекші, халық депутаттары тарап, қайта сайлау жасақтамас бұрын біз тәуелсіздік, мем­лекеттік негіздерінің үдерістерін тоқтатпау, керісінше, тездету үшін Тұңғыш Президентке құқық бердік. Ол кісінің заң күшіндегі Жарлық қабылдауға құқы болды. Осындай құқық аясында 140 заң қабылданды. Осы­ның бәрі біз айқындаған нарықтық экономикаға икем­делді. Елдің тұтастай зиялылары, сүт-қаймақтары Елбасының командасы болып қызметке кірісіп, «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас» шығардық. Ал нақты сұ­рақ­қа келетін болсақ, Тәуелсіздік үшін күрескен азамат­тардың ішінде бірінші тұлға Елбасы болса, оның қатарында академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Серікболсын Әб­ділдин, Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов, Өмірбек Бәй­гелді секілді басқа да азаматтарды атауымыз керек. Сол тұстағы қайраткерлердің бәрі де Президент­пен бірге қайраткерлік көрсетіп, Тәуелсіздігіміздің игі­лікті болуы, оның іргетасының сапалы қалануы бо­йынша тер төкті. Бұл азаматтарды ешуақытта ұмытуға бол­май­ды.
– Тәуелсіздіктің баянды болуы неге байланыс­ты?
– Кез келген ел азаматының көкірегінде тәуелсіз­дік­ке құштарлық болмай, ондай құштарлықты сезін­бей, тәуелсіздік тұғырлы болмайды. Тәуелсіздік мәңгі болуы үшін халықтың көкейіндегі дүниелер мығым болуы шарт. Тәуелсіздікті құртатын, мемлекетті тозды­ра­тын дүниелерден аулақ болғанымыз жөн. Қашан да билік содан бойын таза ұстаса, шама келгенше сондай дүниелерден тазарынса, жолымыз даңғыл болмақ.
– Мемлекетті құртатын дүниелерге нені жат­қызасыз сонда?
– Ондай құбылыстарды әшкерелеп, дер уағында тезге салып отырған ләзім. Мәселен, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық деген бізде өршіп тұр. Қазақ халқын сырт көз сынағанда ежелден елімізді жақсы мінезімен жайлы жұрт ретінде айтушы еді. «Ұры, жемқор» деген ат бізге жат еді. Әсілі, жемқорлық Кеңес Одағының тұсында да болған. Кеңес Одағының кеңістігінде кейбір халықтарды бетіне баспаса да, сыртынан «ұрлыққа жақын» деп айтып отыратын. Ондай халықтар шындығында бай секілді де көрінетін. Тек қазаққа бұл жат құбылыс еді. Егемендік алып, етек-жеңімізді түзей жүрген бізге осы бәле жұғысты. Жемқорлықтан біреудің абыройы төгіліп, енді біреуі сотталып жатыр, соған қарап жатқан жұрт жоқ қазір. Ілгіреді бір адам сотталса, сол ауылдың төңірегінде трагедия орнайтын. Ал қазір басқаша. Бәрі шама келгенше асап қалсам дейтін тәрізді. Бұл не сонда? Бұл  – өзекке түскен құрт.
– Әлбетте жемқорда патриоттық сезім деген болмайды ғой...
– Ондай адамда сезім тұрмақ, Отан да болмайды. Өйткені ол Қазақстанда жүріп миллиондап жұтса, кейіннен сол миллиондарымен Қазақстаннан да тыныш өмір іздеп шетке кете береді. Қолында қара­жаты мол болса, оған Отанның құны көк тиын. «Ер – ту­ған жеріне, ит – тойған жеріне». Түптеп келгенде, жем­қорға Қазақстанда тұрдың не, Швейцарияда тұрдың не, бәрібір? Сондықтан да, баюды өмірімнің мәні деп ойлайтын азаматтар үшін егемендік те, қазақ халқы да құн емес. Оның ойлайтыны қарынның тоқтығы, уа­йым­ның жоқтығы. Содан барып сатқындық шығады. Әлем ғұламаларының бәрі де, Абай да осы мәселені мемлекеттілік үшін ең бірінші жау санаған.
Екінші мәселе – тарихтан сабақ алу. Жер жүзіне атағы шығып, күллі Еуропаны жаулаған Римнің құлды­рауы мен құлауын жете зерттеген Монтескье де мем­лекетті мығымды ету тұрғысынан көп жазып кетті. Сол айтпақшы: «Рим азаматтары кезінде қандай еді?». Темір тәртіп пен патриоттық оларда ең бірінші орында еді. Кейіннен, жемқорлық, ұрлық, өтірік, қара басын ғана ойлау олардың өмір салтына да дендеп ене бастады, ал бұл ел ішін ірітті. Бір кездері атағы дүркі­реген даңқты азаматтардың қасиеттері осылайша жойыла түсті. Ақша мен билікті ойлайтындар көбейіп, мемлекет үшін жанын беретін адам Римде қалмады. Сосын Рим құлады. Мінеки, ақша мен билікті ғана ойлайтын адамдар ел үшін ешуақытта кеудесін оққа төсей алмайтынын осыдан-ақ көруге болады. Үшінші мәселе – демократиялық даму жағын күшейту. Бұл бағытта билікті бөлу қағидаттары, биліктің үш тарма­ғы­ның бір-бірінен тәуелсіздігі мемлекет мығымдығы үшін аса өзекті деп санар едім.
– Қазақстандық даму жолы туралы жиі айты­лады ғой. «Қазақстан-2050» стратегиясы арқылы Мәңгілік ел болу, Тәуелсіз даму даңғылын айқын­дадық. Осы тұрғысынан пікір білдірсеңіз?
– Қазақстан құр мақтанға бой алдыратын мем­лекет емес. Біз өркениетті Еуропа халықтарының дең­гейіне көтерілуді мақсат етіп отырмыз. Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуды межеге бай­ладық. Ал ол отыз озықтың ішіне ену экономикамен ғана өлшенбейді. Мұнда саясат та, әлеумет ісі де, білімің мен ғылымың да жатыр. Аллаға шүкір, жері­міздің асты-үсті байлықтан кенде емес. Бізге соның бәрін сатумен айналысумен бірге, әлемдік қауым­дастық алдында «мынаны қазақ жасаған», «мынау Қазақстанда істелген», «мынау қазақ ғалымының жаңа­лығы» деп сүйіне айтатындай жетіс­тіктерге жету­ді мақсат қылған жөн. Егер сондай табыс-тарымыз, мақтанарлық ғалымдарымыз болса, оларды халыққа таныту, насихаттау жағын үйренуіміз керек. Бұл жас­тар үшін, жастардың, жеткіншектеріміз­дің өзі­міз­дің мықты ғалымдарымызды танып-біліп, соларға еліктеп өсуі үшін қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан әлемнің озық отыз елі­нің қатарына кіруге ұмтылып отырған тұста, «бізде мұ­най да, газ да бар, ендеше бәрі оп-оңай бола береді екен» деп ойлау мүлдем қателік. Осы ойдан аулақ бол­ғанымыз абзал. Сосын Тәуелсіздік қазақтың маң­да­йына жазылып қойды, бітті осымен кете береміз де­ген түсінік те жарға жығады. Түйіндей айтсам, егер біз Елбасы айқындаған әлемнің озық отыз елінің қатарына жетсек, біздің халықтың ұлы дүние жасағаны. Ондай болса, біздің мемлекетіміздің іргесі де шайқалмақ емес. Өйткені, алдыңғы қатарлы ел тек экономикамен ғана емес, саясатымен де, әлеуметімен де, елінің бір­лігімен де, білімділігімен де озады деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Айтайын дегенім:
Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның атом қаруынан бас тарту туралы бастамасын шетелдік алпауыт елдердің барлығы дерлік қолдады. Алайда біздің ішімізде «егер біз атомды өткізсек, ертең Тәуелсіздігімізді, елдігімізді қалай қорғаймыз?» дегенге саятын пікірлер де айтылып қалып жатты. Мұндай пікірлер шетелдік беделді сарапшылардың құлағына да жеткен болатын. Сонда сырттан келген делегация басшыларының айтқаны есімде қалыпты. «Тәуелсіздік мәселесінде әлбетте сырттан көмек те, қолдау да керек болуы мүмкін. Егер қазаққа агрессорлық пиғылдағылар болса, біз оларды тап басып айтармыз, қорған болуға жарармыз. Алайда қазақ халқы тәуелсіздігі үшін өзі күресуі керек. Тек қана халықтың өзі тәуелсіздік үшін күрессе, тәуелсіздігі жоқ жерде өмір сүре алмайтынын сезінсе ғана ешкімнен жеңілмейді, тәуелсіздігі де мәңгілік болады. Әйтпесе, қолымда атом бар деп, тәуелсіздігімді сол атоммен қорғаймын деу – бекершілік». Міне, бұл аса дұрыс пікір еді. Яғни Тәуелсіздікпен күресте де, Тәуелсіздікті қорғау мен оны баянды етуде де халықтың санасы мен сезімі ең күшті рөл атқарады. Атомнан да күшті рөлді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста