Дат!

Тілді әсіреқызыл саясаттың жалаң құралына айналдырмау керек

  • Тілді әсіреқызыл саясаттың жалаң құралына айналдырмау керек

    Тілді әсіреқызыл саясаттың жалаң құралына айналдырмау керек

Нұрлан НОҒАЕВ, Батыс Қазақстан облысының әкімі:


– Нұрлан Асқарұлы, ауыл шаруашы­лығы еңбеккерлері күзгі жиын-терімді бастап кетті. Алғашқы нәтижелері қан­дай?

– Биыл қолайлы ауа райы қалыптасты. Агротехникалық шаралар толық көлемде қол­данылды. Осының нәтижесінде кейбір шаруа қожалықтарында едәуір өнім жи­на­лу үстінде. Күздік дәнді дақылдарды жинау аяқ­талды, өнімділігі 7 ц/га болып, 55,7 мың тонна бидай бастырылды, осы көлем­нен 10,7 мың тонна күздік дән алу жоспар­лануда. Сондай-ақ облыста жаздық дәнді дақылдарды жинау басталды, 172,0 мың гек­тар шабылды, өнімділік гектарына 6,6 цент­нерді құрауда. Жыл санап картоп егісі­нің алаңы ұлғайып келеді, өнімділікті ұл­ғай­ту мақсатында биыл 311 гектар ал­аң­да тамшылатып суару тәсілі қолданылды. Сы­йымдылығы 4,8 мың тонна көкөніс қой­масы салынып жатыр, онда тамшыла­тып суару технологиясы бойынша 120 гек­тар­дан жиналған өнім сақталатын болады. Жылдың басынан бастап «Сыбаға» бағ­дар­ламасы бойынша 61 шаруа қожалығы­на 492,0 млн теңге бөлінді.

– Соңғы кездері бюджет қаражаты­ның тапшылығы, салық түсімінің ой­дағыдай еместігі жер-жерде айтылып қалып жүр. Осыған байланысты не ай­тар едіңіз?

– Жалпы, бюджет тапшылығы әр жерде бар. Кез келген атқарушы не басқа мемле­кет­тік орган өзіне жүктелген жұмыстарды ат­қару барысында қаржы жетіспеушілігін сезініп отырады. Сол себепті өз жұмысын жоспарлап, нақтылап, қазақша айтқанда, «көр­пеге қарай көсіліп» бюджет қабыл­дай­ды. Бюджет кодексіне, бюджеттің қа­был­дау шарттарына байланысты шығыстар мен түсімдер тең болуы керек. Біз әр дең­гейдегі депутаттардың, халықтың ұсыныс­та­рын ескере отырып, жылдық бюджетті қа­былдағанда тапшылықты болдырмау мәселесін шешіп отырдық. Қазіргі таңда бұл шартты түрдегі мәселе ғана. Қолдағы бар қаражатқа Елбасымыздың облысты да­мы­ту жөніндегі берген тапсырмаларын бір сатыға төмен түсірмей, бір қадам артқа жыл­жытпай орындап келе жатырмыз. Әри­не, жергілікті атқарушы органдардың мін­де­ті  – салық базасын ұлғайту, нығайту. Се­бе­бі – түсімге орай шығыстар жоспарла­нады.

– Жайық өзенінің экологиялық жағ­дайы күрделі болып тұрғандығын бі­ле­сіз. Алдағы уақытта осы мақсатта қан­дай шаралар атқарылмақ?

– Жайық өзені тек қана Жайық жұртшы­лығын немесе Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарын толғанды­ра­тын мәселе емес. Бұл – Ресей Федера­ция­сына, көршілес Атырау облысына да қа­тыс­ты ортақ мәселе. Экологиялық проб­ле­маға ауысып, судың деңгейі төмендеп, Жа­йықтың арнасы тартылып бара жатыр. Оған бір жағынан климаттағы өзгерістер: қыста қардың, жазда жауын-шашынның азаюы әсер етсе, екінші жағынан техноген­дік фактордың ықпалын жоққа шығара ал­маймыз. Жайық өзені жөнінде РФ мен Қазақстан Үкіметтерінің өкілдері бірлескен шешім қабылдауға қатысты мәселені қа­рас­тырып жатыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев және РФ Президенті Владимир Путин екеуінің қолдауымен Жа­йық өзенін қорғауға қаржы жинайтын қор құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Кезінде Арал теңізін сақтап қалу үшін қор құрылды, Кіші Аралды аман алып қалдық. Аман алып қалғаннан кейін Кіші Аралда балық өсіру жолға қойылып, өндірістік дәрежеге жетті. Сол секілді Жайық өзенін де сақтап қалуға болады. Ол үшін Ресеймен бірлесіп, өзен бойындағы тоғандарды, басқа да кедергілерді жойып, ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалануымыз керек. Әри­не, тұрғындардың алаңдаушылығын біле­міз, түсінеміз. Уақытында арнасына сыйма­ған, жүзіп өтудің өзі қиынға түсетін Жайық­тың тартылуы бәрімізді алаңдатады.

– Ауылдардың әлеуметтік жағда­йы­на, бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтал­сақ.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен Үкімет ауылды көтеруге қатысты бір­не­ше бағдарлама қабылдады. Олардың барлығы халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруді көздейді. Қыруар қаражат бөлі­нуде. Ауызсу жеткізу, судың сапасын арт­тыруды мысалға алайық. Жоғарыда айтқа­нымдай, табиғаттағы өзгерістердің, жерас­ты суларының азаюы әсерінен бір кездері тым жақсы тұщы су пайдаланып отырған ауылдарда су ашып кеткен. Осыны ескеріп, су тазалайтын қондырғыларды орнатып, тұщы суды сол елді мекендерге жеткізуде­міз. Алты аудан орталығына қатқыл табан­ды жол жоқ. Дегенмен жыл сайын респуб­ли­калық бюджеттен бөлінген қаржыға Ақ­сай-Шыңғырлау, Сырым-Қаратөбе, Ча­па­ев-Жалпақтал бағыттарында жолдар са­лы­нып және жөнделіп жатыр. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, кезінде ол жолдар да болмады. Рас, өмірдің талабы, тұрмыстың жақсаруы адамның да сұранысын күшей­теді. Жақсы жолмен жүргіміз келеді, сапа­лы тауар алсақ дейміз. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.

Биылғы оқу жылында Ақжайық ауда­ны­ның Сайқұдық ауылында, Жәнібек ауда­ны­ның Қамысты ауылында, Орал қаласы­ның Жаңаорда шағын ауданында жаңа мектеп ғимараттары балалар үшін есігін ай­қара ашады. Орал қаласы Зашаған кен­тін­де балабақша құрылысы жүруде. 14 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізуге 808,0 млн теңге, со­нымен қатар, жергілікті бюджеттен сегіз бі­лім беру нысанына 337,5 млн теңге бө­лін­ді. Жер қойнауын пайдаланушылар­дың есебінен Орал қаласы, Самал көшесінде 350 орын­дық балабақша ғимараты жаңа­дан салы­нып, іске қосылды. Республикалық бюд­жет есебінен 30 жалпы білім беретін мек­теп­тердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 122,9 млн теңге және 10 тех­ни­калық және кәсіптік білім беру ұй­ымда­ры­ның шеберханаларына құрал-жаб­дық­тар алуға 250,0 млн теңге қарас­ты­рылып отыр. 380 (92%) мектепте ыстық та­мақ ұй­ым­дастырылды, жалпы оқушылар са­ны­ның 75,7%-ын қамтыды. 3-6 жас ара­лығын­дағы балалардың 95,3%-ы (рес­пуб­лика­лық көрсеткіш – 70,2%) мек­тепке де­йінгі тәрбие және білім берумен қамтыл­ған.

– Облыстың шалғай ауылдарын газ­дан­дыру мәселесінде үлкен шаруа­лар қолға алынғандығын білеміз. Алайда осы жұмыстарды қолға алған жекеле­ген мердігерлердің міндеттемелерін уа­қытында орындамауы немесе мүлде орындамауы қынжылтып отыр. Мыса­лы, «НұрБерСырымСтрой» ЖШС Ақжа­йық ауданының Қарауылтөбе, Базар­тө­бе, Базаршолан ауылдарына газ тар­туға міндеттенді. Бірақ жұмыстары мәз емес. Қарауылтөбе ауылында жағдай тіпті қиын. Осы мәселеге орай түсінік берсеңіз.

– Ауылішілік газ желісін айтып отырсыз ғой. Ауылішілік желі тартатын серіктестікті тұрғындардың өздері таңдайды. Мемле­кет­тік органдардың міндеті – газды ауыл­дың іргесіне дейін жеткізіп беру. Өкінішке қарай, мұндай түйткілді мәселелер бар. Бұ­рын да болған. Мәселен, Ақжайық ауы­лында 180-нен аса адам бір фирмаға се­нім білдірген, ол фирма тұрғындардың 22 млн теңге қаржысын қалтаға басып алып тайып тұрған. Оқиға қысқа салым уақыт­та болғандықтан, біз кәсіпкерлерге қолқа салдық. Олар өз қаржысына газ тартып бер­ді. Ақжайықтың жағдайында тұрғын­дар барлық құрал-жабдығы бар фирманың газ өткізуге сұраған 220 мың теңгесін ауыр­сынып, 180 мыңға өткізіп береміз де­ген алаяқ фирмаға желінді. Менің тұрғын­дар­ға айтарым: таңдау жасағанда айрық­ша мұқият болу керек. Әрине, жағдай аудан әкімдігінің бақылауында, біз ақысын төлеген тұрғындардың газсыз қалуына жол бермейміз. Қысқа дейін газ кіреді.

– Оралда жаңадан облыстық кітап­хана ғимаратын және Қадыр ақынға арналған орталықты салу жоспарлан­ға­нын білеміз. Осы жобалар қашан нақ­ты жүзеге асырылады?

– Бұл – халықты толғандырып жүрген өзекті мәселе. Қадыр ақынға арналған орталыққа қажет қаражат бөлініп, қазір құрылыс-монтаж жұмысы жүруде. Келесі жылы тамыз-қыркүйек айларында, мүмкін, одан да ертерек пайдалануға беріледі деген ойдамыз. Қадыр орталығының ішін­де өзіміздің Ақ Жайық өңірінен шыққан белгілі ақын-жазушылардың мұражайы бо­ла­ды. Қолданған жәдігерлері, киген ки­ім­дері қойылады. Кітапхана жөнінде де айтар болсам, бүгінгі кітапханада кітап қорын сақ­тау қиын, қолайсыздық туып тұр. Сол се­бепті халықтан түскен өтінішті еске­ріп, жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құ­жат­тамасын әзірлеп жатырмыз. «Орал» сау­да орталығының артынан биыл жер бө­лінді. Үлгерсек, алдағы жылы құрылысын бастаймыз.

– Ауыл-аймақта жүн-жұрқа, тері өнімдері көптеп жиналып, рәсуа болып жатыр. Осы шикізатты тиімді пайда­лану арқылы облыста жеңіл өнеркәсіпті қайта жандандыруға арналған қандай жоба-жоспарлар бар?

– Мал бағу – біздің халықтың ата кәсібі. Әрине, бұрынғы жылдарға қарағанда күні бүгін мал басы салыстырмалы түрде біраз азайды. Кезінде жүн-тері, тұяқ, мүйіз, құй­рық – барлығын алатын, өңдейтін дайын­дау пункттері болатын. Қазір олар жабыл­ды. Бұл – ауыл тұрғындарын толғантатын үлкен мәселе. Біз өз тарапымыздан Түркия­дан, басқа да елдерден осы мәселемен шұ­ғыл­данатын кәсіпорындар ашу үшін жұмыста­нып жатырмыз. Алайда әзірге оң нәтиже жоқ. Дегенмен мал басының өсуін ескер­генде ол шешілуі тиіс. Бірақ ауылдағы жүн­ді, теріні ұқсата алатын ісмер, іскер азамат­тар қарап отырмай, тірліктерін жа­сап жатыр.

– Бірқатар елдерде индустриялық алаңдар ашылып, мемлекет тарапынан оған инфрақұрылым жеткізілуде. Біз­дің облыста осындай алаң ашып, кә­сіпкерлердің құлашын кең жаюына мүм­кіндік беріле ме?

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасын қабылдады. Бағдарламаның бір бағыты – бизнеске инфрақұрылым тар­тып беру. Облыстағы көптеген кәсіпорын­дар мемлекеттің көмегімен электр, газ, су желілерін тартып алды, жол салды. Нәти­жесінде, олар өндіретін өнім көлемі ұлғай­ды. Алдағы жоспарда Белес ауылында ар­найы индустриялық аймақ ашу мәселесі тұр. Ол жерде инфрақұрылым бар, темір-жол қасында.

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС күш трансформаторын шығаруды қолға алуда. «Стекло Сервис» ЖШС-мен қызуға төзімділігі күшейтілген әйнек және әйнек­тен жасалған көпқабатты оқшауланған бұйым өндірісі ұйымдастырылды, «Строй­ком­бинат» АҚ-да керамзит өндіретін цех қайта жаңғыртылды. «СВ-плюс» ЖШС жә­не «Болашақ-Т» ЖШС базаларында жылы­на қуаттылығы сәйкесінше 70 және 50 мың текше метр тұрғын үй комбинаттарын іске қосады деп күтілуде. Тек биылғы жылдың өзінде индустрияландыру картасы аясында 1750-ге жуық жұмыс орнын құрумен 257,2 млрд теңгеге 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Көне Жайық қалашығының тағ­ды­рына қатысты әңгіме көп. Қалашық­ты аспанасты музейіне айналдыру жө­нінде мәселе көтерілді. Әрі қарай қалай болмақ?

– Жайық қалашығының ашылуы Батыс Қазақстан облысында ескі қала мәдение­тінің болғандығын дәлелдейді. Орасан зор қазба, басқа да ғылыми жұмыстар атқа­рыл­ды. Аспанасты музейін ашу туралы жос­парларымыз бар. Бірақ оған 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаражат керек. Бұл қаражатты республикалық бюджеттен алу мәселесін қарастырудамыз. Қазіргі таңда қалашықтың орнын атмосфералық жауын-шашыннан, желден, топырақ эро­зия­сынан, басқа да табиғаттың құбылыста­ры­нан сақтау үшін уақытша көміп қойдық. Болашақта оны ашып, туристер келетін маңызды бір нысанға айналдыру жоспарда тұр. Туристердің келуі бюджет түсімін кө­бей­теді.

– Облыста спорт нысандарын салу кезінде белгілі бір спорт түріне басым­дық беру керек пе?

– Жалпы, халықпен, БАҚ өкілдерімен кездесуде маған мынадай сұрақ қойылады: «Сіз спорттың қай түріне басымдық бере­сіз, айрықша назар аударасыз?». Ел­ба­сы­мыздың тапсырмасы бойынша халық­тың әл-ауқатын арттыруға, бұқара­лық спортты дамытуға, сол арқылы азамат­тар­дың ден­сау­лығын нығайтуға, өмір жасын ұзартуға күш салу – бізге тікелей жүк­телген міндет. Сондықтан спорттың бір түрі біз үшін ма­ңызды, екінші түрінің маңы­зы ша­ма­лы де­мейміз. Қай түрін де қатар дамы­туға күш салудамыз. Аудандарда са­лы­нып жатыр­ған спорт кешендері, алаң­дар, түрлі спорт­тық шаралар – сөзіме дәлел. Орал қала­сы туралы айтсам, халық­аралық стан­дарттар­ға сай келетін теннис корты салы­нуда. Кей­бір әңгімелерді де естиміз. «Бізге сол корт не керек, басқа шаруалар бар емес пе?» дей­ді. Дегенмен бұл қажетті нысан деп есептеймін. «Тек қалтасы қалың санаулы ғана адам тенниспен айналысады» деген әңгіме еш шындыққа жанаспайды. Біздің жас өрендеріміз спорттың қай түріне де икемді. Оны облыстық, республикалық, ха­лықаралық жарыстардың нәтижесі көр­сетіп отыр.

– Елбасы «2025 жылға қарай қазақ­стандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс» деген талап қойды. Осы та­лап­тың Жайық өңірінде орындалуы қалай?

– Мемлекеттік тілді алдымен қазақтың барлығы білуі керек. Сосын елімізде тұра­тын өзге ұлт пен ұлыстан қысылмай талап ете аламыз. «Шүкір» деп айтайық, ешкім қазір «қазақ тілін меңгермейміз» деп ат-тонын ала қашып жатқан жоқ. Ынта-ықы­лас жақсы, талпыныс бар, нәтиже де жа­ман емес. Бұған Елбасының сарабдал сая­саты өз ықпалын тигізгендігі еш күмән ту­дырмайды. Сөзімнің бір дәлелі ретінде айта кетсем, Батыс Қазақстан облысы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту тұрғысы­нан республикада үшінші орында. Әрине, қазағы қалыңдау Қызылорда мен Атырау­дан сәл қалып келеміз. Дегенмен 100-ден аса этнос тұратын Жайық өңірі үшін бұл жақ­сы көрсеткіш деп есептеймін.

Ана тілі бар құдіреттің бастауы ғой. Ана­ның әлдиімен өскен бала ата-бабасы­ның бар жақсы қасиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңіреді. Кеңестік за­манда баламыз орысша оқымаса, қатардан қалып қояды деген қорқыныш, алаңдау­шылық үстемдік етті. Қоғам санасын әбден биледі. Тәуелсіз Қазақстанда, керісінше, «Қа­зақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік сенім, ертеңгі күнге жарқын үміт түбегейлі орныққан. Осы қуантады. Облыстағы қазақ балабақшаларында тәр­биеленетін өзге ұлт өкілдерінің құрамы 13 пайызға жеткен. Іс-қағаздарының 99,6 па­йызы – мемлекеттік тілде.

Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дә­ре­жесін нығайту және оның әлеуметтік-ком­муникативтік міндеттерін кеңейту – сая­сат­тың басты стратегиялық басымдығы. Ол солай бола береді. Мемлекеттік тілді да­мы­ту бағытында Қазақстан халқының тіл­дері күні мерекесіне орай, облыстық тіл айлығын өткізу дәстүрге айналды.

Айлық аясында қатысушылар 65 ата­лым бойынша марапатталды, 72 байқау өтіп, оған әртүрлі сала қызметкерлері, сту­дент­тер, мектеп оқушылары – барлығы 3 мың­нан аса үміткер қатысты, 120 мыңға жуық көрермен тамашалады. Бұл – нау­қан­дық шара емес, жоспарлы жұмыс. Со­ны­мен қатар, Жайық өңірінде тұсауы кесіл­ген «Әде­би әлем» (www.adebiet.kz) порта­лы құнды 150 материал жариялады.

Елбасымыз: «Тілді дамыту жолында біз қолымыздан келетін нәрсенің бәрін істеп бақтық, заңдық тұрғыдан негізделді», – деген еді. Қазіргі қоғамдағы өзгерістерді тек «түйені көрмейтіндер» ғана көрмеуі мүм­кін. Бір ғана мысал, Тәуелсіздік алғанға дейін Оралда қазақ тілінде оқытатын бір ғана мектеп болған екен. Қазір аралас білім беретін мектептерді қоспағанда, ол­ар­дың саны 18-ге жетті. Егер егемендіктің алғашқы жылдары қазақ балабақшасы мүлде болмаса, қазір 24 бөбекжай жұмыс істеп тұр.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Орал қаласы тұрғындарының 7-8 пайызы ғана қазақ болды. Ал былтырғы есепке көз сал­сақ, қала қазақтарының үлес салмағы 60,52 пайызға жеткенін көреміз. Халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанған­дай, өлгені тірілгендей болып, ортамызға қайта оралған көше, жер-су, елді мекен атаулары қаншама!

Әрине, тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол – ғылым. Ұдайы дамиды, айнала­сын­да ғылыми айтыс-тартыс, керек десе­ңіз, қып-қызыл дау да жүруі мүмкін. Бірақ тілді әсіреқызыл саясаттың жалаң құралына айналдырмау керек. Берекелі ел болса, ба­сымызда – баянды бағымыз, қоғамымызда  тұрақты тірлігіміз тұрса, бәрін де бірігіп атқаруға болатындығына елдің көзі әбден жетті.



Алашқа айтар датым...

Ең алдымен елге керегі – бірлік. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бәрі демеймін, бірақ жекелеген басылымдар істің байыбына бармай байбалам салуға құмар боп кетті. Тіпті «облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары тым жас» дейді. Қазақ «Болар елдің баласы 15-інде баспын дер, Болмас елдің баласы 30-ында жаспын дер» деген мақалды тегін айтпаған болар. Ел басқару үшін міндетті түрде 50-60 жасқа келу керек дегенге келіспеймін. Бұл азаматтардың қай-қайсысының да білім-білігі жеткілікті, өз орындарына лайықты.





Көрілген: 2380    Пікірлер: 0

сейсенбі, 03.09.2013, 12:49

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30