Өзбекстанда бес адам президент болудан үміткер

22 қазан 2021, 09:08

Өзбекстанда маңызды саяси науқанның басталуына 3 күн қалды. Жексенбіде ала шапанды ағайын өз президенттерін таңдайды. Ел тізгінін қолына алуға 5 кандидат үмітті. Олар өзбек халқына не ұсынып отыр? Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалауға келген байқаушылар не дейді?

5 кандидаттың қайсысы алдағы 5 жылда Өзбекстан елін басқаратындығын өзбектер осы жексенбіде шешеді. Барлығы бірдей өз халқының тұрмысын түзіп, елдің дамуын ойлағанымен үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары сан алуан. Қазіргі саяси жарысқа либералды-демократиялық партия атынан қатысып жатқан Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиёев 2027 жылға қарай кедейшілік деңгейін 2 есеге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Тағы цифрлық экономиканы ілгерілетіп, жалпы ішкі өнім көлемін өсуріді уәде етті.

Өзін Мирзиёевтің басты қарсыласымын деген кандидат Алишер Кодиров болды. Өзінің сайлауалды бағдарламасында жырақта жүріп нәпақа тауып жүрген мигранттарға салық төлеуді міндеттеймін деді. Тағы білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді түбегейлі шешуді көздеп отыр.

Социал-демократтар болса, Өзбекстандағы жемқорлықпен мықтап күресуді қолға алмақ.

Айта кету керек, ала шапанды ағайындаларда парақорлықпен күресетін агенттік бірнеше жыл бұрын ғана құрылған болатын. Енді Бахром Абдухалимов сайлауда жеңіске жететін болса, осы бағыттағы жұмыстың жемісін көруді мақсат етіп отыр.

Айта кету керек, Өзбекстан тарихында екінші мәрте Президенттік сайлауға әйел кандидат қатысқалы отыр. Тәжірибелі дәрігер Максуда Ворисованы халықтық-демократиялық партия ұсынған болатын. Саяси ұйымның негізгі электораты қарапайым халық болғандықтан Максуда Ворисова президент атана қалса әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөліп, байларға қосымша салық салмақ ойда. Өзбекстанда қазір экология мәселесі де мәз болмай тұр. Бұл бағыттағы жұмысты экопартия атынана бәйгеге қатысып отырған Нарзулла Обломурадов жандандырмақ. Ол елдегі экологиялық заңнаманы жетілдіруді жоспарлап отыр.

Бахтияр Эргашев, «MA`NO» зерттеу бастамалары орталығының директоры: - Өзбекстанның қазіргі заңнамасында өзін өзі ұсыну деген түсінік жоқ. Менің ойымша, бұл дұрыс бағыт. Өйткені саяси ұйымдар арасында ірі бәсекелестік болады. Олардың да жауапкершілік арта түседі. Осы бағытта біраз жұмыс істеу керек.

Бұл сайлау көптеген халықаралық байқаушылардың қызығушылығын тудырды. Ташкентке келген сарапшылар күн сайын орталық сайлау комиссиясы мүшелерімен кездесу өткізіп, қазіргі науқан жайлы өз пікірлерін білдіруде.

Сергей Лебедев, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы: - Сайлаудың сәнін бұзатын қара PR, компроматтар жинау сынды мәселелер жоқ. Көп жағдайда кандидаттар белгілі бір саланы дамыту бойынша өз бағдарламасын белгілеудің орнына кенеттен бір-біріне шүйлігіп, жеке басына қол сұғып, жамандай бастайды.

Сушил Чандра, Үндістан орталық сайлау комиссиясының төрағасы: - Өзбек тарапы бізді алаңдатқан барлық сұрақтарға жауап берді. Барынша ашықтық бар. Бірақ бұл сайлауды коронавирус пандемиясы қиындатып отыр. Оны атап өту керек. Сондықтан барлық санитарлық талаптардың сақталғандығы маңызды.

Жалпы Өзбекстандағы президенттік сайлаудың таза өтуін 1 мыңға жуық байқаушы қадағалайтын болады. Оның ішінде 162 адам ТМД миссиясынан келгендер. Олар алдағы күндері өңір-өңірлерді аралап, дауыс беру науқанының әділ өтуін қырағы көздерімен қадағалайтын болады.

24.kz