Саяси сахна

Ресейге санкцияның күшеюі Қазақстанның мүмкіндігін шектей ме?

  • Ресейге санкцияның күшеюі Қазақстанның мүмкіндігін шектей ме?

    Ресейге санкцияның күшеюі Қазақстанның мүмкіндігін шектей ме?

Украинадағы соңғы шиеленісті жағдайлар АҚШ пен Еуропалық одақтың Ресейге қарсы өте қатаң жаза қолдануына түрткі болмақ. Бұл туралы өткен апта соңында АҚШ президенті Барак Обама мәлімдеді. Ендігі Ресейге қарсы қолданылмақшы санкция энергетика және банк секторына бағытталмақшы екен. Мұндай жағдайда шикізат табысына тәуелді Қазақстанның жайы қалай болады? «Алаш айнасы» басылымы осы сауалға мамандардан жауап алуға тырысып көрді...

Таяуда Донецк облысының Горловка қаласында ЕҚЫҰ миссиясы өкілдерін кепілге алғаны үшін Ресейді айыптаған АҚШ президенті Қызыл Кремльден Украина территориясындағы сепаратистерін қайтарып алуға шақырды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, егер мамыр айының соңындағы Украинадағы сайлауға Ресей кедергі келтіретін болса, онда АҚШ ресейлік экономиканың жекелей секторларына қарсы жаңадан қатаң санкция қолданбақшы. Аталған ақпарат агенттігінің таратқан мәліметі бойынша, келесі нысанға алынатын салалар энергетика және банк секторы болмақ.

Қалай дегенмен де бүгіндері санкциялардан Ресейге орасан шығын мен зиян келіп жатқаны шындық. Украинадағы мүддеден бас тартпаған Ресейге қарсы санкция ендігіде күшеймесе азаймасы анық. Ал бұл жайт Кеден одағында кіндіктес мемлекеттердің, соның ішінде біздің еліміздің, әсіресе экспорттық мүмкіндігін шектеуі ықтимал ма?..

Ресейдің қазір экономикалық соғыс жағдайында екенін, ал соғыстың шығыннан басқа пайда әкелмейтінін мойындау керектігін айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов алдағы еліміздің экономикалық өсімінде белгілі бір тежелістің болатындығын растайды.

Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Кеден одағы елдері ішінде экономикалық құрылымы жағынан Ресей мен Қазақстан ұқсас келеді. Сондықтан Ресей экономикасында пайда болған келеңсіздіктер бізге тез әсерін беріп отырады. Сорымызға қарай, сыртқы әлемнен оқшауланған Ресеймен біз бірге боламыз. Одан ажырап, өз алдымызға бөлек кете алмаймыз.

Статистикаға жүгінсек, Кеден одағы аясында біз Ресейге 1 доллардың тауарын беріп, 4 доллардың тауарын сатып аламыз. Ал қиыншылық кезеңде Ресей, ең алдымен, өзінің ішкі сұранысын қанағаттандыра бастайды. Ондайда импорт ақырындап құрып, баға құнсызданып, инфляция өседі. Ол үшін Ресейді айыптауға болмайды. Өйткені ол бүгін тарихи қиын жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.

Сондай-ақ ғалым кез келген интеграцияның шарттары тарихи жағдайларға байланысты қайтадан қаралып отыруы заңдылық екенін, сондықтан Ресейде боп жатқан соңғы оқиғаларды ілік ете отырып, біз, ең алдымен «Еуразиялық интеграциялардың негіздері туралы келісімшартты» бекітіп алуымыз керектігін айтады.

– Онда интеграцияның негізгі және базалық ережелері анықталуы тиіс. Мәселен, бұл ретте АСЕАН сынды интеграциялық қауымдастықтың мынандай басты қағидаттарын негізге алу керек:

1. ҚҰРАМЫНА ЕНЕТІН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЕГЕМЕНДІГІН МОЙЫНДАУ.

2. ҚҰРАМЫНА ЕНЕТІН МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ІШКІ ІСІНЕ АРАЛАСПАУ.

3. МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ТЕҢ ЕТУ.

4. ҚАУЫМДАСТЫҚҚА ЕНЕТІН МЕМЛЕКЕТТЕР ТЕРРИТОРИЯСЫНЫҢ БҮТІНДІГІН МОЙЫНДАУ.

5. МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ШИЕЛЕНІСТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШУ.


Болашақтың негізі бүгін қаланады, ал бүгіндері әлем жылдам өзгеріп тұр, Украинадағы жағдайдан-ақ әлемдік жаңа тәртіптің бекітіліп жатқанын байқауға болады. Сондықтан, ең алдымен, бізге «Еуразиялық интеграциялардың негізі туралы келісімшарт» жобасын әзірлеп алу керек. Содан кейін барып оны мақұлдау үшін үстел басына жиналуға болады. Сонда біз, тағы бір жағынан өзімізді бүгіндері Ресейге бағытталып жатқан санкциялардан белгілі бір деңгейде қорғай аламыз, – дейді Тоқтар Есіркепов.

Ал саясаттанушы Уәлихан Төлешов бұл арада санкциядан гөрі, онымен байланысты Ресей саясатының беймәлімдігі қорқынышты екенін айтады.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Ресей қор нарығы апталап құлап жатыр. Бұл соңғы шыңараулары емес екені анық. Өз қор нарығымызға келелік. Украинадағы жағдай шиеленісе түскен наурыздың бастапқы екі аптасында KASE биржасындағы бағам 14 пайызға төмендеді. Енді тағы бір осындай келеңсіз фактор орын алса, онда бізден де инвесторлар кете бастауы мүмкін. Өйткені Ресей экономикасына деген сенімсіздік барлық дамушы нарықтарға деген сенімсіздікті танытады. Біз Еуразиялық экономикалық кеңістікті құрғалы жатырмыз, демек Ресей экономикасында қылаң берген барлық проблема бізде де орын алатын болады. Келімбетовтің экспортшыларымызды қолдау үшін девальвацияға бардық дегені естеріңізде болар. Демек, бұл қор нарығында ұлттық компаниялар қалай мүмкіндігін жоғалта бастайды, солай жаңадан девальвация бой көрсетіп отырады деген сөз. Біздің экспортымыздың 74 пайызы – көмірсутегі мен минералдық ресурстар. Көмірсутегі экспортының өзі 51 пайызды қамтиды. Сондықтан біз үшін, ең қиын жағдай, халықаралық нарықтағы мұнай бағасының құлауы. Егер биылғы жылдың болжамына келер болсақ, алдын ала Үкімет белгілеген өсім болжамынан төмен болады деп ойлаймын. Мұнай бағасы сақталса да ел экономикасының өсімі болжанғандай алты емес бес пайыз боп қалады. Оған, ең алдымен, Ресей экономикасындағы қазіргі қиын ахуал ықпал ететін болады.

Негізінен, отандық көп сарапшылар Ресей бағытындағы тасымалдың жолы бекітілсе, Қытайға арқа сүйейміз деп есептейді. Бірақ қазір геосаяси тұрғыда бұл жағы да қиындау боп тұр екен.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

– Бүгінгі таңда посткеңестік кеңістікке сыртқы күштердің ықпал етуі белсенді фазаға көшкен. Оған төрт мемлекет қатысып отыр: Ресей, Түркия, Қытай және АҚШ. Бастапқы екі мемлекет аймақтағы супер держава мәртебесін қорғауға барын салуда. Стамбұл түріктілдес халықты біріктіру процесін жеделдетіп, жаңартылған ислам әлемінің жаңа орталығы рөлін қолға алғысы келеді. Ал Мәскеу еуразиялық интеграцияны құруға белсене кірісуде. Өкінішке қарай, Қырымды алу арқылы Ресей Батысты өзімен санасуға мәжбүрлегісі келеді. Себебі Батыс Ресей шекарасына дейін өзінің өмірлік ықпалын арттыруға мүдделі. Соның ішінде Украинаны да өз ықпалына алғысы келеді.

Қытайға келетін болсақ, ол соңғы кездері тек әскери емес, сонымен қатар әлемдегі қаржылық-экономикалық ұлы держава болғысы келетінін ашық білдіріп жүр. Пекин - посткеңестік кеңістіктегі басты ойыншы. Олар Украинаның ауылшаруашылығын дамыту үшін несие бөлген болатын. Қазақстанның да мұнайгаз секторына қатысатын Пекин соңғы кездері ауылшаруашылығына да назар бұра бастаған. Бірақ бұл жайт Вашингтонға да, Мәскеуге де еш ұнамаған. Таяуда Астанада өткен Еуразиялық медиа-форумда АҚШ конгресі өкілдері палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингрич «АҚШ үшін Ресей агрессиясына қарағанда Қытайдың агрессиясы көңілге ұнамсыз» деп мәлімдеген. Мәскеу де өзінің өмірлік геосаяси саласында Қытай белсенділігіне оңайшылықпен жол бере қоймайды. Ірі геосаяси жоба – Кеден одағын, одан кейін Еуразиялық экономикалық одақты құруда Мәскеу, ең алдымен, посткеңестік кеңістегі Қытайдың экономикалық белсенділігіне белгілі бір деңгейде тосқауыл болуды көздейді...




Көрілген: 1013    Пікірлер: 1

жексенбі, 04.05.2014, 15:40

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30