Тоқаев билікке келгелі не өзгерді?

Тоқаев билікке келгелі не өзгерді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі екі жылдан астам уақыт болды. Небәрі екі жыл дегенмен де, осы уақыт аралығында Президент атқарған жұмыс аз емес. Skifnews.kz ақпарттық порталы Мемлекет басшысының өзі бас болып кіріскен маңызды қадамдарын саралап көрген еді.

«Мен Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым...» 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қалауымен президенттіктен бас тартқан еді. Іле халыққа Үндеу жариялап, орнына Қасым-Жомарт Кемелұлын тағайындайтынын ескертті.

«...Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал, әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», - деді ол.

Президент Тоқаев сенім үдесінен шыға білді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Президенті міндетіне 2019 жылдың 20 наурызында кірісіп, 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өткен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын иемденіп, жеңіске жетті. 12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент өзінің саяси платформасы – Қазақстан азаматтарының басты сауалдарына жауап екенін атап өтті.

«Мен ең алдымен, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы, Бес институционалдық реформасы мен мемлекеттің өзге де стратегиялық маңызы бар құжаттарын жүзеге асыру үшін жұмыс жүргіземін. Басқаша айтқанда, Елбасының Стратегиясын іске асыру үшін еңбек етемін. Тұрақты дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амал-әдістер мен жаңа шешімдер керек», деді Президент сол жолы.

Мемлекет басшысы елде өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, іскерлік белсенділікті ынталандырумен, кең ауқымды орта тапты қалыптастырумен, қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғаумен айналысатынын мәлімдеді.

Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең алғашқы Жарлығы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берумен басталды. Одан кейін Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет астана атауын өзгерту ұсыныс-шешімін қабылдады. Бұл егемен елдің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне жасалған қадам еді. Бас қаланың атауын «Нұр-Сұлтан» деп атау, сонымен қатар еліміз көлеміндегі елді мекендердің басты көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаев атын беру шешімі де Елбасына деген құрметтің ерекше қолтаңбасы болып қалды.

Арыстағы жарылыс

2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласында әскери базалардағы оқ-дәрілер жарылды. Дәл сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып, онда эвакуацияланған азаматтармен кездесті. Мемлекет басшысы тұрғындарды шаһар қалпына келтірілетінін, Үкімет барлық жұмыстарға қаражат бөлетінін айтты.

«Дәл осы режимде жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға, ең бастысы - тұрғындарға көмектесу міндеті тапсырылды. Қазір ең бірінші орында адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігі тұруы керек. Екіншісі - көмек көрсету. Бүкіл Қазақстан Арысқа көмектеседі, арнайы қор ашылады. Қала жұртшылығына, ардагерлерге алғыс айтамын. Олар халықпен жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептерін, оқиғаның не үшін болғанын анықтауымыз керек. Қылмыстық іс ашылып, тергеу басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңның бүкіл қатал баптарымен жауапқа тартылады. Келешекте Арыс жарылғыш құрылғылардың бәрінен таза қалаға айналуы керек», деді Президент.

Президенттің тапсырмасымен Арыс қаласындағы қоймалардан оқ-дәрілер шығарылып, 1 тамызға дейін қаладағы барлық бұзылған ғимарат жөнделіп, қалпына келтірілді. Үкіметтік комиссияның бақылауымен жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары сапалы әрі уақтылы орындалды. Арыста 7 634 ғимарат бүлініп, оның 500-ге жуығы толық жарамсыз болып қираған. Олар қайта салынды. Қаланы қалпына келтіруге 56 миллиард теңге жұмсалса, оның ішінде барлық 45 мың тұрғынға өтемақы ретінде 100 000 теңге, сондай-ақ шағын және орта бизнестің 472 субъектісіне 10 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиелер берілді.

Жәкішевке бостандық

Соңғы жылдары елде болған митингілер мен пикеттер арасында саяси тұтқындарға бостандық беруді талап еткендер көп болды. Олардың арасында Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуы белсенділердің бас мақсаты болған еді.

3 наурыз күні Семей қалалық сотының 2010 жылғы жемқорлық бойынша айыптау үкімінен соң түрмеде отырған “Қазатомөнеркәсіптің” бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қанағаттандырды. Ал, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жәкішевтің денсаулық жағдайынан хабардар екенін айтқан болатын. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында:

«Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», – деген болатын. 19 наурызда Жәкішев түрмеден босап шықты.

Алғашқы Жолдау

Президент Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдау жариялап,үш онжылдық ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазқа елі әлемдегі тұрақты және беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Ол сонымен қатар, қазақстандықтардың ортақ міндеті - азаматтардың конструктивті сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру екенін, билік пен қоғамның тұрақты диалогы жолымен ғана қазіргі геосаясаттың контексіне қарай үйлесімді мемлекет құруға болатынын жариялады. Ол үшін азаматтық қоғамды қолдап, нығайтып, оны мемлекетке ортақ ең маңызды талқыға тарту қажет. Дәл осы мақсатта ротациялық қағидатпен жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Құрамына халық алдында беделі артқан, өзіндік көзқарасы мен жеке пікірі қалыптасқан, елдің көкейінде жүрген мәселелерге үнемі басымдық беріп жүрген  азаматтарды тартқан бұл кеңесте бүгінде бірқатар түйткілді мәселелер талқыланып, заңды тұрғыда шешімін тауып келеді.

Кредиттер кешірілді

Қасым-Жомарт Кемелұлының кемелдігін танытқан елдік шешімдерінің бірі – көпбалалы отбасылардың 300 мың теңге көлеміндегі бірреттік несиесін өтеп беруі туралы шешімі болды. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға берілетін АӘК мәселесін шешуге алғашқы қадам жасалды. 2020 жылы бұл мақсатқа 326,9 млрд теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 279,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 46,9 млрд теңге). 2019 жылы АӘК төлеуге 244,2 млрд теңге бөлінген болатын. Осы орайда «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы - ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастағанын да айтпай кетуге болмайды. Жаңа заң жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды көздейді. Педагог  мамандардың айлығы 2020 жылдың қаңтарынан бастап орташа есеппен 25%-ға өсті. Заң нормативті оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендетеді. 2024 жылға дейін бұл заңды жүзеге асыруға 5,4 трлн теңге жұмсалатын болады.

Әкімдер - әлеуметтік желіде

Қасым-Жомарт Тоқаевты жұрт әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы ретінде таниды. Қоғамның өзекті мәселелеріне назар аударып, парақшасында мәлімдеме жасау арқылы бұрынғы Сенат спикері біраз шенеунікке үлгі болған еді. Мемлекет басшысы лауазымына келгеннен бастап ол бұл үлгіні атқарушы биліктен, соның ішінде жергілікті атқарушы басшылардан талап ете бастады. 

«Жусан» операциясы

Тоқаев билікке келгелі ел тарихында орын алған тағы бір елеулі қадам – «Жусан» операциясы болды. «Жусан» арқылы Сириядағы түрлі діни ағым жетегінде кетіп, тоз-тозы шыққан отандастарымыз елге оралды. Президент «Жусан» операциясының соңғы кезеңі аяқталғаны туралы мәлімдемесінде гуманитарлық акция табысты аяқталғанын атап өтті.

«Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды», – деді ол.

Сарсаңға салған коронавирус

Тоқаевтың азаматтық бейнесі Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін тұтас әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясы кезінде айрықша байқалды. 2020 жылы 16 наурызда Президенттің Жарлығымен 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін коронавирустың таралуына байланысты бүкіл елде Төтенше жағдай жарияланған болатын.

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтардың бәріне ең төменгі бір айлық көлемінде - 42 500 теңгеден берілді (бүгінге дейін 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген). Коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық персонал үшін үш ай бойы төленетін жалақыға үстемақы белгіленді. Ең жоғары қауіп тобына – 20 ең төменгі жалақы, жоғары тәуекел тобына - 10 ең төменгі жалақы, орташа тәуекел тобына – 5 ең төменгі жалақы берілетін болды. Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері 2 миллион теңгені, қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімдерді іске асырған. 

«Бұл дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнес үшін қозғаушы күш болғалы тұр. Мұның сабағы есте сақталуы керек. Яғни, жедел шаралардан басқа, жағдай тұрақтанғаннан кейінгі өмірге қатысты жүйелік тәсілдерді әзірлеп, қабылдау қажет. Біз іс жүзінде жаңа жаһандық әлемнің табалдырығында тұрмыз. Ол әлемде Қазақстан өзінің лайықты орнын табуы тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Зейнетақы жинағы

Президент қабылдаған маңызды шешімдердің бірі - зейнетақыға қатысты еді. Бұл жөнінде Президент өзінің алғашқы Жолдауында айтты.

«Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деді Президент.

«Жерді сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын»

Биыл ақпан айында өткен Ұлттық сенім кеңесі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырды. Айта кету керек, 2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған болатын.

«...Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», деген еді Президент. 

Ал, биыл мамыр айында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін көрсетеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста