Психология

"Ң"-ды айта алмау "синдромы" етек алды…

  • "Ң"-ды айта алмау "синдромы" етек алды…

«Осы біз «ң» әрпін қолданыстан өзіміз ысырып жатырмыз-ау. Теледидарға «ң»-ды айта алмайтын тілшілер шыға беретін болды. Оны көрген кейінгі балалар да «ң»-ды біржола ұмытты. Дүйсенбі күні оқушылар арасында өткен «Мұқағали оқуларына» бардым. 3 сағатта сахнаға шығып өлең оқыған тоғыз жастағы ұл-қыздардың басым бөлігі «ң» әрпін айтқан жоқ. Қалалықтарды қойып, бұл күнде ауылдағылар да осы дертті жұқтырғандай. Не істейміз, ағайын? «Ң»-ды қайтсек айтқызамыз?» Белгілі сатирик Қанағат Әбілқайыр осы пікірді әлеуметтік желіге жаза қалып еді, журналистер арасында қызу талқыланды. Жастардың «ң» әрпі бар сөздерді айтпай, қолданыстан мүлде шығара бастағаны балалар газетінің көтеруге тиіс мәселесі ретінде бізге бағытталғандай. «Жанағы, ертен, танертен» деп сөйлейтін, «ң»-ның орнына «н»-ны айтатын балалар көп бүгінде. Бір қызығы, «ң»-ды дыбыстай алмайтындардың көпшілігі мұнысын кемшілік деп мойындамайды екен. Біз балалардың «ң»-ды айтпауының себептері мен «ң»-ды айтып үйренудің жолдарын қарастырып көрген едік…

Біз Республикалық психотерапиялық ғылыми орталықтың дефектолог-логопед маманы Жанна Жұмабайқызымен сөйлестік. Кеңесін тыңдадық. Дефектолог балалардың «н» мен «ң»-ды айта алмауының себебін фонематикалық есту-түсінуі дұрыс қалыптаспағанынан деп түсіндірді.

–6 жасқа дейін бала барлық әріптерді толық қамтып айтып үйренеді. Р-л, ш-с, н-ң, ж-з сынды ұқсас дыбыстарды мектеп жасына жеткен бала дұрыс айта алуы керек. Ал дұрыс дыбыстай алмаған жағдайда баланы мектеп логопедіне көрсету қажет. Дефектолог-логопедтер баламен жұмыс жасап, айта алмай жүрген әріптерін орнына қоямыз. «Н» мен «ң»-ды дыбыстай алмау бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, баланың сөйлеу мүшелерінің құрылысы дұрыс қалыптаспағаннан болады. Яғни, баланың тістерінің қисық шығуы, таңдайының биік орналасуы, жағының дұрыс жұмыс жасамауы, ернінің қалың болуы, тағысын тағылар. Бұл кедергілер баланың әріптерді дұрыс дыбыстауына әсер етеді. Екінші себебі, сөйлеу мүшелерінің қимыл-қозғалысының дұрыс болмауынан. Сөйлегенде еріннің, тілдің қозғалысы қалыпты болмауы, қозғалыстың шектеулі болуы әріптерді дұрыс дыбыстауға кедергі келтіреді. Сөйлегенде тіл бір қалыптан екінші қозғалысқа тынымсыз ауысып, жұмыс істейді. Тілдің белгілі қалыпты ұстап тұруы қиындық көрсе, тілдің қалпы, қызметі баяу, нашар болса баланың сөйлеу тілі анық болмайды. «Н» мен «ң»-ды дыбыстай алмау көбіне тілшіктің қызметіне байланысты. Тілшіктің толық көлемде қимылдамауынан дыбыс мұрын арқылы шығады. Сол кезде ысқырық, ызың (с-ц, ж-з, щ-ц-ч-ц, т.б.) дыбыстар дұрыс шықпайды. Осыған байланысты біз әріптерді дұрыс дыбыстап үйретуге бастайтын түзету жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін баланың бет қимылының бұлшық еттеріне, ерінге, тілге артикуляциялық массаж жасалынады. Тыныс алу және тыныс шығарудың тереңдігін ұлғайтуға арналған жаттығулар істетеміз. Сосын дауыстың қаттылығын, ұзақтығын, модельденуін дамыту жұмыстарын жолға қоямыз. Сөйлеу белсенділігін нығайту, балаға жаңа үндерді үйрету, дыбыстарды түзету және қою жұмыстарын жаттығулар арқылы түсіндіреміз. Мысалы, «ң» мен «н»-ды дыбыстағанда тілдің қалпын балаға ұғындыруымыз керек. «Ң» дегенде тіл ұшы жоғары қарайды, үн мұрыннан шығады. «Н» дегенде тілдің ұшы жоғарғы тістің артына тоқталады. Осыны балаға түсіндіру қажет. Сосын сөздің мағынасын түсіндіреміз. «Мың» деген сан есімді «мын» деп, «мең» деген зат есімді «мен» деп айтудан мағынасы бұзылатынын ұғындырамыз. Осы жұмыстардан кейін бала «н» мен «ң»-ды, жалпы ұқсас дыбыстарды айыра алатын болады. Сөйлеуінде кедергі, ақауы бар балаларды 3-сыныпқа дейін логопед мамандарға көрсетсе, түзеліп кетеді. Ал логопедтің жұмысынан кейін де әріптері дұрыс болмаса, ол баланы сөйлеу кемістіктерін түзейтін арнайы мектептерге берген жөн.

«Ң» дыбысын айта алмайтындардың көпшілігі қаланың балалары дер едім. Үйде, балалабақшада әуелі орысша тіл сындырып, сосын қазақ сыныбына барғандар қазақ тіліне тән дыбыстарды, яғни ә, ғ, қ, ң, ө ,ү, ұ, һ, і дыбыстарын дұрыс айта алмай қиналады. Әуелі орыс тілінде сөйлеп үйренген бала, орыс тілінде ондай дыбыс болмағандықтан, «ң»-ды «н»-мен шатыстырады. Осыдан «аңды – ан», «кеңірдекті – кенірдек», «көлең-кені – көленке» деп сөйлеу дағдысы қалыптасады. Сондай-ақ, қазақша үйренген өзге ұлт өкілдерінде де «ң»-ды айтып үйрену жылдамдығы төмендеу, – дейді дефектолог-логопед Жанна Жұмабайқызы.

Балалардың «ң»-ды айта алмауының тағы бір себебін психолог мамандар еліктеушіліктен деп те түсіндіреді. «Досының не жақындарының «ң»-ды айта алмайтындығы кейбір балаларға кемшілік емес, ерекшелік болып көрінеді. Сөйтіп елден ерекшелену үшін де «ң»-сыз сөйлеуді әдетке айналдырады. Ал ана тілінде дұрыс сөйлей алмайтын «қалалықтарға» еліктеу «ң»-сыз сөйлеуге бастайды екен.

Сіз не дейсіз?




Съезд АҚЫМБЕК, «Қазақ тілінің фонетикасы мен фонологиясы» типтік оқу бағдарламасының авторы: 

«Ң»-ы бар 120 шақты сөзді жаттап алсын

Фонетика тұрғысынан «ң» – тіл арты дыбысы. Әсіресе, «н» мен «г» дыбысы қатар келетін тұста (мысалы, күнге, үнге т.б.) осы дыбыстың пайда болу мүмкіндігі жоғары. «Н» мен «ң»-ды шатыстыру, әсіресе, Шу мен Талас, Ұлытау, Қаратау өңірінің азаматтарында жиі кездеседі. Мен өзім де «ң»-ды айта алмайтындардың бірі едім. Бірақ жаттығулар арқылы түзеп алдым. Кейбір «н» мен «ң»-ды айыра алмайтын балалар мектеп кезінде сол күйі үйрене алмай, университет қабырғасында да қиналып жүреді. Өзім қазақ тілінің оқытушысы болғандықтан ондай балаларға «ң»-ды айтқызуды былайша түсіндіремін.  Ең әуелі «кімнің, ненің?» деген сұрақтарға жауап беретін ілік септігі жайлы айтамын. Ілік септігін сөздерге жалғап үйретемін. Екінші жақ жіктік, тәуелдік жалғау тұлғалары құрамында да «ң» дыбысы бар екенін ұғынды-рамын. Мысалы, сен дәрігерсің, сенің кітабың дегендей. Сосын қазақ тілінде 120 шақты сөздің құрамында «ң» әрпі бар. Олардың ішінде көп қолданылатыны 30 шақты. «Ң»-ы бар сөздерді мықтап жаттап алатын болса, «ң»-ды айта алмау «синдромынан» құтылады.




Асқар НАЙМАНТАЕВ, «Сахна тілі» сабағының ұстазы:

«Ң»-ды айта алмайтынын мойындамайтындар көп

Өнер академиясында «Сахна тілі» сабағынан дәріс беремін. Одан бөлек, Таланттар мектебінде жас дарындарды дайындаймын. Көптеген ата-ана баласының «ң»-ды айта алмауын сақаулық деп санамайды. Кемшілігін түзету үшін біздің қазақты әуелі мойындату керек. Көпшілігі «ң»-ды айта алмайтындарын мойындамайды. Өз обалы өзіне дейін десең, тыңдайтын құлаққа обал. Ертең сол «ң»-ды айта алмайтындар сахнаға, эфирге шығып кетеді. Адам – жалқау. Күнделікті тілдік, физикалық ғылыми жаттығуларды жасаса, үйреніп кетеді. Өнер академиясында сол жаттығуларды істетіп жүріп, біраз баланың тілін түзедім. Жаттығу жасаудан ерінбеу керек. Ең қарапайымы, «ңғашқаш, ңғашқаш» деп айта берсінші.




Жұлдызай ӘЛИЕВА, психолог:

Тілдік кемістігі бар баланы төмендетпеген абзал

Баланың ауыз қуысының, дыбыстау мүшелерінің кемістіктері арнайы мамандардың көмегімен түзеліп кетеді. Ондай балаларды көп жағдайда сыныптары: «Сен пәлен әріптерді айта алмайсың», «Сақаусың», «Кекешсің» деп келемеждеп жатады. Тілдік ақауы бар балалар келекенің ортасында жүреді. Оларға ата-анасының, мұғалімінің, достарының қолдауы қажет. Баланың тілдік кемістігінен өзін төмендетпегені абзал. Өзінің басқа да шығармашылық қабілеттерін ашуына көмектесу керек. Баланың басқа да басымдықтарын көрсетуіне ықпал жасай білгеніміз абзал.

P.S. Шерхан Мұртаза:  «Жарықтық Осекем әулие екен-ау деп ойлаймын. Қазіргі мына заманда «ң» -ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі. «Женістен женіске жете берейік» дейтіндер де бар.  Бұл да бір кем дүние», – деп таусылыпты ілгеріде жазған «Бір кем дүниесінде». «Ң»-ды айта алмайтын балаларға Оспанхан Әубәкіровтің «Ңөңін» күнделікті қайталап оқып шықса да, көмек еді…


ҢӨҢ


Оспанхан ӘУБӘКІРОВ


Бір басымда санасаң,

Өнер,

Білім

Тегіс бар.

Болмайтұғын Бас әріп

Қай жерімде кеміс бар?!

– Бола алмайсың Бас әріп,

Түспе текке азапқа.

«Ң» әрпінен басталар

Бір сөз жоқ қой қазақта.

Деді осында біреулер,

Дәлел айтып бұлжытпас.

(Дәлелді сөз – әлді сөз,

Әлді сөзге кір жұқпас).

– Солай, – десті қалғаны,

Оңай көніп, ойланбай.

«Көне сал», – деп, біреулер

Тамақ беріп қойғандай.

– «Ң» әрпінен басталар,

Сөз бар, – деді «Ң».

Көнбеді.

– Білмесеңдер айтайын,

Оның аты – «Ңөң», – деді.

Айсберг дегенді,

Арғы қазақ «ңөң» деген.

Көктемде көшетін

Өзен мұзын «Сең» деген.

Айтқан сөзім айғақты,

Керегі не мазақтың?!

Өмір бойы зерттедім,

Ана тілін қазақтың.

Зілдей ауыр зілдерді,

«Ңөң» дейді екен бұрындар.

Ал «сең» деген сөзінде

«Жеңіл» деген ұғым бар.

Өң,

Дөң,

Жең,

Мең,

Сең дейді.

Тең,

Таң,

Тоң,

Көң,

Кең дейді.

Ал енді Айсбергті

Бас алсаң да, «нөң», – дейді!

Ойда жоқта осылай,

«Ң» ашты бір жаңалық.

41 әріп бас шайқап,

Тұрып қалды қамалып.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Қарыз сұрап тұрғам жоқ,

Бар десең де еркіңде.

«Ңөң» деген сөз қазақта

Жоқ десең де еркіңде.

Бар десең де дәл содан

Бұзылмайды көркің де!


Қарлыға ИБРАГИМОВА

(«Ұлан», №7 17.02.2015)

zhasorken.kz




Көрілген: 4914    Пікірлер: 1

сейсенбі, 12.05.2015, 14:44

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Мамыр 2015
    Қыздың қулығы
    25 Наурыз 2015
    Әр минутта бақыт бар
    27 Ақпан 2015
    Әже махаббаты
    20 Ақпан 2015
    Мінезіміз қандай?
    3 Ақпан 2015
    Фотосы бар материал Адам неге жылайды?
    30 Қаңтар 2015
    Неліктен жалғызсыз?
    29 Қаңтар 2015
    Адам болу рецепті
    28 Қаңтар 2015
    Темперамент
    27 Қаңтар 2015
    Әке туралы сыр...
    26 Қаңтар 2015
    Фотосы бар материал Мұғалім имиджі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30