Алашты алаңдатқан сауал

Доллардың қымбаттауына орай көтерілген күнделікті тұтыну туарларының бағасын ауыздықтай аламыз ба?



Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Кеше Үкімет басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге күнделікті тұтыну туарларының бағасын бақылауға тапсырма берді. Бағаны негізсіз көтергендерге қатысты қатаң шара қолданылатын болады. Әрине, шет елдерден доллармен сатып әкелінетін кейбір тауарлардың бағасына өзгеріс енуі мүмкін, бірақ олардың бағасы да бақылауда болады. Базбіреулер «бағаны нарық реттейді» деп соғады. Ол дұрыс емес. Ол Маркстің «Капиталында» болған. Бір кездері сол қағидаға сүйенген АҚШ үлкен дағдарысқа ұшыраған. Сонан соң Америка Кейнстің қағидасын пайдаланды. Кейнстің теориясы бойынша бағаны реттеуге мемлекет араласуы тиіс. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлерде «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген жоқ. Осындай сәтті пайдаланып, мол табыс табуды ойлап тұрады. Мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отыр. Демек кәсіпкерлер де соған қарай әрекет етуі тиіс. Бағаның күрт өсуіне Үкіметті кінәлаудың қажеті жоқ. Оны жасап отырғандар – кәсіпкерлер. Ал, кәсіпкерлер дегеніміз – халықтың бір өкілі. Бұл жағдайға адамилық тұрғыдан да қару керек. Біз де қазір жергілікті әкімдік өкілдерімен сауда орындарын аралап жүрміз. Бұдан да қиын кезді бастан өткізгенбіз, бұл жағдайдан да абыроймен шығамыз деп сенемін.




Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Өмірлік тәжірибе көрсетіп келе жатқандай, көтерілген баға ешқашан орнына қайта келген емес. Демек, бұл жолы да солай болары анық. Бәлкім, биліктің іс-қимылынан кейін баға болар-болмас арзандар, бірақ бұрынғы орнына қайта келмейді. Мемлекеттің қозғаушы күші орта тап болатын болса, дәл сол тап – осы жағдайдан ең көп зардап шеккен топ. Несие алғандар қаншама?! Үкімет осы топтың мүддесін қорғауды алдын ала ойластыру керек еді. Енді, сең жүріп кеткен соң оған тосқауыл қоямыз деп әлек. Сең жүрмес үшін алдын ала мұзды жару керек. Оның залалы қанша боларын, сең басылған соң ғана біле аламыз. Нарықты әкімшілік ресурстарды қолдану арқылы реттеу мүмкін емес. Жаңа ғана өзім базардан келдім. Осыдан екі-үш күн алдынғымен салыстырғанда, баға екі есе қымбаттапты. Сатушылар сатып отырған тауар бағасының қымбаттағанын көтере сатушылардан бүгін тауарды екі есе қымбат бағамен алғандығымен түсіндіреді. Кеше барлық сауда орындарының жабылғанын көзіміз көрді. Яғни, бәрі тауар бағасын өзгертті. Үкімет қандай шара қолданса да, енді, баға бұрынғы қалпына қайта келмейді. 




Бакберген ДОСПАНБЕТОВ,
экономист-ғалым:

– Дәл қазір ешбір тауарды қымбаттатуға негіз жоқ. Тіпті, шет елдерден доллармен әкелінген тауарлардың да бағасын өсіру дұрыс емес. Өйткені, бүгінгі қоймада тұрған тауарлар доллар қымбаттағанға дейін әкелінген. Демек бұрынғы бағамен сатылу керек. бақылаушылар осыған назар аударуы тиіс. Ал, бұдан былай долларға әкелінетін тауарлардың бағасын өсіріп жатса, оған түсіністікпен қарауға болады. Ал, өзімізде өндірілетін тауарларға бұл жағдай әсер етпеуі тиіс. Мысалы, ұн бағасы қымбаттамаса, ұннан жасалатын өнімнің бағасын қалай өсіруге болады?! Сондықтан бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге шара қолдану керек. Әкімшілік тетіктерді іске қосу қажет. Бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлердің қара тізімін жасап, оларды мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулардан шеттету керек. Қазір мемлекет барлық кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отыр. Демек, қажет кезінде кәсіпкерлер де мемлекетке, халыққа  қолдау жасауы тиіс.




Көрілген: 1601    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 12.02.2014, 15:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30