Алашты алаңдатқан сауал

Халықтың банктерге деген сенімін арттыру үшін не істеу қажет?



Ербол АЗАНБЕК, PR маманы:

– Сенімді қалай арттырамыздан бұрын, банктерге халықтың сенімі неге азайды, деген сауалға жауап іздеу керек сияқты. Бізде қаржы жүйесі басқа салалар сияқты жаңа қалыптасып келеді. Банк қызметін жаппай тұтыну 2000 жылдары басталды. Несие алуға деген құлшыныс оған дейін соншалықты қарқынды болған жоқ. Ол кезде қаржы нарығы үшін Еуропалық нарық ашық болатын. Кез-келген проблеманы несие алу арқылы шешу қалыпты жағдайға айналды. Тек соңғы кезде ғана халық банктер ұсынатын өнімдерге байыппен қарай бастады. Банктердің көп өнімдерін түсінбейтінін аңғарды. Жақында банктердің бірі жүргізген ұлттық зерттеу көрсеткендей әрбір үшінші қазақстандық өзінің қаржылық сауаттылығын қанағаттанарлықсыз деп бағалаған. Ал, өнімді түсінбеген жерде адамның қателікке жол берері, сосын айналасына сенбей қарайтыны түсінікті. Банктердің қателігі халыққа ақпаратты толыққанды жеткізе алмауында. Әйтпесе банк қызметінің заң аясынан шығуына мүмкіндігі аз. Өйткені қаржы нарығы бізде өз деңгейінде реттеледі, қадағаланады. Банктер мұндай жағдайда ең бірінші өз клиенттерінің қаржылық сауаттылығының артуына үлес қосуы керек. Бұл бойынша бірқатар банктер жұмыс істей бастады. Бұл жаппай сипат алса, халық пен банк арасындағы сенімділік пайда болар еді. Екінші, банк өнімдері бойынша кеңес беру, қаржы өнімдері туралы ақпараттың қолжетімділігі артуы керек. Яғни, адам несие алудан бұрын банктің арнайы маманынан толыққанды кеңес алу, әңгімелесуге жіберілуі керек. Банк қызметкерлері әрбір өнімді пайда, зиянын тәптіштеп түсіндіруі керек. Проблема туындаған жағдайда, кез-келген уақытта кеңес ала-алатын жағдай қалыптасуы керек. Үшінші, онлайн кеңес беру жолға қойылса, сайт арқылы, корпоративтік журнал, БАҚ арқылы, арнайы нұсқаулықтар шығару арқылы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілсе, яғни халыққа әрбір өнім түсінікті болса, онда банктерге деген сенім тағы бір сатыға көтерілер еді.




Бақберген ДОСПАНБЕТОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Жыл өткен сайын банктерден несие алатын халықтың саны артып келеді. Алайда халық өздерінің қалтасындағы артық ақшасын банкке салғысы келмейді. Бұл халықтың банктерге деген сенімінің жоқтығын көрсетеді. Сондықтан банктер халықтың сеніміне кіру үшін әлі де болса дипозиттерінің сыйақы мөлшерін көтеруі керек. Мәселен банк несие берсе 20 пайызбен береді де, дипозиттің сыйақы мөлшерін 10 пайыздан асырмайды. Әзірге еліміздегі банктердің қызметі өздерінің бас пайдасын ойлаудан аспай жатыр. Осыны халық көріп отырғаннан кейін әрине банктерге сенбейді. Сондықтан банктер халық сеніміне лайық болғысы келсе қызмет сапасын өзгертуі керек.




Жанұзақ ӘКІМ, экономист:

– Мәселе тек халықтың сенімінде емес. Банктер халықпен байланысын арттыруы керек. Мәселен халқымыздың тең жартысы ауылдық жерлерде тұрады. Әйтсе де ауылдық жерлеріміз түгілі еліміздің аудандары мен шағын қалаларында банк қызметі қолжетімді емес. Халқымыздың 47 пайызы ауылдарда тұрады. Сол 47 пайыз мүлдем банк қызметіне жүгіне алмайды. Халықтың тең жартысы банк қызметін пайдалана алмай отырғаннан кейін халықтың банктерге деген сенімі жоқтай көрінеді. Халық несие алатын болса міндетті түрде облысқа немесе үлкен қалаларға келуге мәжбүр. Сондықтан банктер халықпен жұмыс істеуді үйренуі керек. Сондай-ақ банктердің несиелік пайызы өте жоғары. Жылдық 15 пайыздан бастап 25 пайызға дейін. Инфляция 7-8 пайыз болса да осы көрсеткіш. Банктер шетелден несиені 2-3 пайызбен алады да, халыққа 25 пайызбен береді. Тоқырау кезеңінде мемлекет банктерге көмектесті, аман алып қалды. Сондықтан мемлекет банктерге несиелік пайызды төмендету туралы міндеттеме жүктеуі керек. Халықтың банкпен жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызуы керек. Сонда банк пен халық арасы жақындайды. Халықтың банктерге деген сенімі артады.




Көрілген: 1849    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 21.04.2014, 15:54

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30