Алашты алаңдатқан сауал

Көлік салығы бойынша қомақты қарыз болғандардың автомобилін тәркілеп, аукцион арқылы сату керек деген пірмен келісесіз бе?



Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:

– Қазақта, «көрпеңе қарап, көсіл» деген сөз бар. Егер салығын төлегің келмесе, онда қымбат көлік мінбе. Міндің екен, уақытында салығын төле. Негізі, көлік салығы, коммуналдық төлем бойынша миллиондап қарыз болып, төлемей жүретіндердің көпшілігі – аухатты адамдар. Олар көліктерін, үйлерін өзге адамдардың атына жаздырып қояды да салықты төлемей жүре береді. Сондықтан ондайлар қарызы барларға қойылған шектеулерден шет қалап отырады. Расымен де, егер бірнеше жыл салық төлемей жүргендердің көлігін тәркілейтін болса, онда нағыз иесі біреудің атына жаздырып қойғам деп алшаң басып жүре алмаушы еді. Көлікті тәркілейтін болса, онда көліктің нағыз иесі залал көреді. Ол көлігінен айырылып қалмас үшін, уақытында салықты төлейтін болады. Сондықтан көлік салығы бойынша қомақты қарыз болғандардың автомобилін тәркілеп, аукцион арқылы сату керек деген пікірді қолдаймын. Мемлекет «осы жылы мынанша салық түседі, одан зейнетақы, жәрдемақы, өтемақы төлеуге осыншасы бөлінеді» деп жоспарлап отырады. Ал, уақытында төленбеген салық біреудің зейнетақысының не мүгедек жанның жәрдемақысының кешігуіне себеп болуы мүмкін. Уақытында салық төлемеу – заң бұзушылық болып табылады. Ал, заңды бұзған адам жазалануы тиіс және барлық азаматтар заң алдында бірдей болуы керек.



Ербол ҚҰТПАНБАЕВ, Алматы облыстық сотының судьясы:

– «Көлік салығы бойынша қомақты қарыз болғандардың автомобилін тәркілеп, аукцион арқылы сату керек деген пірмен келісесіз бе?» деген сұраққа мен жоқ деп жауап берер едім. Себебі автокөлік салығын, оның бюджетке түсіруді қолданыстағы 2010 жылдың 10 желтоқсанда қабылданған ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодексі реттейді. Осы Кодекс талаптарының орындалуын, бақылауын қамтамасыз ететін бірнеше мемлекеттік уәкілетті орган бар. Осы органдардың қызметі көлік салығына берешек тұлғаларға қатысты және қомақты қарызға жеткізбеу бағытында қаншалықты нәтижелі жұмыстар жасалып жатқанына шолу жасауды қажет ететін секілді. Өйткені аталған Салық кодексінде мерзімінде орындалмаған салық қарызын өндіруді қамтамасыз етудің тәсілдер және мәжбүрлеп өндіріп алудың тетіктері нақты көрсетілген. Сондай ақ, ҚР салық заңнамасын бұзғаны үшін өзге де жауаптылық және негізгі салықпен қоса өсімпұл сомасын өндіру мәселелесі де жан-жақты қарастырылған.

Менің пікірімше, заңда нақты көрсетілген шараларды қолданып, еліміздің бюджетін толтыру мақсатында көлік салығын төлемей, қасақана жалтарып жүрген тұлғалардың жауапкершілігін шешу мәселесін қарастырған абзал болар еді. Сонымен қатар, өзімнің судьялық тәжірибем көрсеткендей, көлік салығы бойынша қомақты қарыз болуына себеп болатын тағы бір мәселе бар. Мәселен, жеке тұлғалар өзінің автокөлігін тиісті тіркеуден шығармай бір-біріне сенімхат арқылы сатып, ақырында автокөліктің алғашқы иесі көлік салығы бойынша қарыз екенін білгенде ғана көлікті өз атынан тіркеуден шығарудың амалын іздейді. Сөйтіп қомақты көлік салығы бірнеше жылда жиналады.

Ал жол полиция басқармасының көлікті тіркеу, есепке алу бөлімі автокөліктің өзі, оның техникалық тіркеу куәлігі немесе мемлекетті тіркеу белгісі болғанда ғана есептен шығаратынын негізге алып, көлікті есептен шығарудан бас тартады. Соңында көлік иелері көлікті өз атынан шығарып, салықты алдағы уақытта төлемеу үшін сотқа жүгініп жататын жайттар аз емес. Міне сол кезде берешектердің тиісті талап арызын қарамас бұрын сот алдыңғы жылдарда жиналған қарыздарын төлегені жөнінде мәселе қойып, бюджетке көлік салығын төлеттіретін жағдайлар бізде аз емес.



Илияс ИСАЕВ, экономист:

– Меніңше, көлік салығы бойынша қомақты қарыз болғандардың автомобилін тәркілеп, аукцион арқылы сатудың қажеті жоқ. Себебі, миллиондап қарыз болып жүргендер мінген көліктердің бағасы 100 мың доллардан кем емес, ал ол көлікті ала қоятын адам да табыла қоймайды. Бұл мәселені шешудің өзге де жолдары бар. Мәселен, сот шешім шығарып, жол полициясы салығы төленбеген көлікті пайдалануға шектеу жасап, айып тұрағына қою керек. Көлік салық бойынша қарызы толықтай өтелгенге дейін айып тұрағында тұруы тиіс. Сонан соң көлік иесінің жұмыс орнына қарызды айлығынан ұстап отыру туралы сотшешімін, салық органының нұсқауын жіберу керек. Егер көлік басқа бір зейнеткердің не мүгедек адамның атына жазылған болса, олардың зейнетақысынан, жәрдемақысынан салық қарызын ұстап отыру қажет. Солай етсек, зейнеткер не мүгедек көлік иесіне «не салық қарызын төле, не көлігіңді өз атыңа аударып ал» дері сөзсіз. Онда көлік иесі салықты төлеуге мәжбір болады.



Нұрлан АПАХАЕВ, заңгер:

– Егер бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, қазіргі қолданыстағы заң бойынша борышкердің көлігін тәркілеп, аукцион арқылы сатып, қарызды өндіру мүмкін емес. Өйткені заңда мұндай тәжірибе қарастырылмаған. Көлік салығы бойынша қомақты қарыз болғандардың автомобилін тәркілеп, аукцион арқылы сату үшін алдымен Әкімшілік Кодекстің 48 бабына толықтырулар енгізу қажет. Заңда мысалы, салық бойынша қарыз көлемі 1000 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асқан борышкердің жылжитын не жылжымайтын мүлкін сот шешімімен тәркілеп, сату арқылы қарызды өндіру керек деп көрсетілуі тиіс. Ал, енді азаматтық көзқарас тұрғысынан айтар болсақ, 100-150 мың доллардың көлігін мініп, жылына бір рет 200-300 мың теңге салық төлеуден жалтаратындардың іс-әрекеті жазаға лайық. Сонан соң, сот арқылы салық бойынша қомақты қарызы барларға, борышын өтегенше, көлігін пайдалануға шектеу қою керек. Осылай да, салықты уақытында төлеуге ықпал етуге болады.




Көрілген: 2603    Пікірлер: 0

сейсенбі, 15.04.2014, 16:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30