Өскеменде палау фестивалі өтеді

21 наурыз 2013, 12:46

Өскеменде биыл Әз-Наурыз мерекесі өзгеше кейіпте аталып өтеді. Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевтың айтуынша, Наурыз мейрамы облыс орталығының 16 ықшамауданын толықтай қамтымақ. Қала бойынша мейрам күндері есебіндегі 21-25 наурыз аралығында жиыны 80-ге жуық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Мереке күндері Өскеменнің көшелерінде 50-ден астам киіз үй тігіліп, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналып концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады, қарияларға арнайы дастарқан мәзірі әзірленеді.
Ерекше атап өтер шараның бірі – мереке күні облыс орталығында алғаш рет Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген биікке тартылған арқанмен жүрушілер, сайқымазақтар, балуандар, жануарларды үйретушілер мен отпен ойнаушылардың қатысуымен цирктік шоу-қойылымдар көрсетіледі. Сонымен қатар, осы күні еліміз бойынша теңдесі жоқ палау фестивалі ұйымдастырылып, алаңға келген әрбір адам дәмді палаудан дәм татып, баға беруші ретінде фестивальға да қатыса алады. Осылармен бірге Наурызды мерекелеу шараларына 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, 125 сауда нүктесі қызмет көрсететін болады. Оларда халыққа арналып шығыс тағамдары ұсынылып, бауырсақ пен шай тегін үлестірілетін болады.