Құрбандыққа қабан шалуға бола ма?

16 қараша 2010, 12:35

Құрбандыққа шалынған мал Қиямет күні мүйізі, жүні және тұяқтарымен куәлікке келеді екен. Құрбандықтың қаны жерге тамбай жатып Алла тағала құзырында бір сый орынға барып түседі. Сондықтан құрбандыққа малды шын ниетпен шалу керек деседі.
Бұл күндері қара базарда қой сатушы­лардың қатары көбейіп кетеді. Олардың бағасы да бұл күндері басқа уақытқа қарағанда шарықтап шыға келетіні тағы бар. Дегенмен мал шаламын дегендер ба­ғасына қарамастан алып, құрбан етеді. Осы орайда құрбан шалудың да өз ережелері бар. Егер құрбан шалу ниетінде болсаңыз, бұл жағынан да хабардар болғаныңыз жөн.
Бүгінде ел арасында «құрбандыққа қа­бан шалуға бола ма, ол шошқа емес, еті адал дейтіндер» де шығыпты. Міне, есті­меген елде көп. Осы орайда имамның айтары есте болсын.
Ертай қажы Балахмет, Қостанай қаласындағы Марал ишан мешітінің Хатиб-Имамы:
– Құрбандыққа төрт түлік: қой, ешкі, түйе және қара малдың еркек және ұрғашысы шалына береді. Бұлардан түйе – бес жасқа, қара мал – екі жасқа, қой және ешкі бір жасқа толған болуы талап етіледі. Сондай-ақ денесі қомақты болса алты айлық тоқты да құрбандыққа жарайды. Осы төрт түлік малдан басқа жануарлар құрбандыққа жарамайды. Құрбандықты мал иесі, болмаса сенімді біреу бауыздаса болады. Мал шалынып жатқанда, иесі жанында тұрады. Түйеден өзге мал сол жамбасына жатқызылып, Құбылаға қаратып бауыздалады. Құрбандық еті мәселесіне келер болсақ, бірігіп сойылған түйе және қара мал еті таразыға тартылып, тең бөлінеді. Құрбандық етін мұқтаждарға садақа етіп таратуға да, бала-шағасына алып қалуға да болады. Дегенмен дұрысы – үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаждарға садақа ету, екінші бөлігін туыс, таныс көршілерге беру, ал үшінші бөлігін өз бала-шағасымен жеу.