Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы Ұлы даладан тараған

22 шілде 2020, 14:58

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының халық рухының тағы да бір дүр сілкінуіне, сонымен бірге төл тарихымызды түгендеп, абыройымызды асқақтатуға қосып отырған үлесі зор. Онда: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», - делінген.

Аталған мақалада атқа міну мәдениеті туралы кеңінен айтылғаны белгілі. «Ат – ер қанаты» деп ұғынатын қазақ халқының дүниетанымы мен тұрмыс салтында, күнделікті шаруашылық өмірінде жылқының алар орны зор. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны айтылған. Оған тарихи дәлелдер жеткілікті. Қазақ пен жылқының жақындығы жөнінде көптеп айтылатыны да сондықтан.

Ғалымдар ең алғаш рет жылқы қазіргі Украина жерінде жүгенделген деген пікір қалыптастырған. Алайда бұл жаңалық 1980 жылы еліміздің солтүстігінде Ботай қонысы табылған кезде жоққа шығарылды.
Ботай қонысының табылуы әлем назарын аударған оқиға болғаны талассыз шындық. Осы жерді б.з.д. ІV мыңжылдықта мекен еткен адамдар қамбар ата төлін алғаш рет қолға үйретіп, арбаға жеккені, бие байлап, қымыз ашытқаны археологиялық қазбалар арқылы дәлелденген. Энеолит дәуіріне жататын Ботай тұрағы 20 гектар аумақты алып жатыр. Қоныс шамамен бір ғасырдан артық уақыт өмір сүрген. Археологтар қыш құмыраларды, ыдыс-аяқтарды, жылқының қаңқаларын көптеп кездестірген. Сондай-ақ осы қонысты мекен еткен адамның сүйегі табылды. Дала өркениетінің бастауында тұрған ерекше мәдениетке төрткүл дүниенің қызығушылығы бірде-бір толастаған емес.

  • Зейнолла Самашев, тарихшы-археолог:
    - Үлкен жаңалық жалпы ата-бабаларымыздың , жалпы біздің жеріміздің, еліміздің тарихи дәрежесін, тарихи мәдениетінің жоғары дәрежесін бүкіл әлемге паш ететін ескерткіш. Сондықтан біз енді Ботай мәдениетін мақтаймыз, мақтанамыз. Сондықтан бұл кешенді түрде зерттейтін және өзі бір үлкен тарихи-мәдени кешен ретінде әйгілі. Бұл тарихымыздағы ең бір мықты ұлы ескерткіштеріміздің бірі деп есептейміз.
  • Риат Шони, тілші:
    - Осыдан тура 6 мың жыл бұрын Ботай қонысын мекен еткен көшпенділер алғаш рет асауға ауыздық салып, төрт түліктің төресі – жылқыны қолға үйретті. Содан бастап адамзат тарихында өркениеттің жаңа дамуы басталды.

Тұрақты тапқан археолог Виктор Зайберт. Көшпенділер мәдениетін зерттеп келе жатқанына 38 жыл болды.

  • Виктор Зайберт, археолог:
    - Ботай жеріндегі қазба жұмыстарының бірінші күні 60 мыңға жуық құнды жәдігер таптық. Ғалымдардың зерттеуінше, ботайлықтар өздері өмір сүрген 800 жылда 365 мың жылқы жеген. Жылына 2 адамға Қамбар атаның бір төлінен келген. 6 мың жыл бұрын жылқы жүгенделгеннен кейін құрық, арқан сынды қажетті заттар ойлап табылды. Жылдамдық 6 есеге артты.
    Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп тұруы үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның тұлпар үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сондай-ақ қолындағы қаруын еркін пайдалануына мүмкіндік берді.
    Ұлтымызда ат әбзелдерінің алуан түрі бар. Найман ер, керей ер, қоңырат ер сынды ер тоқымның түр-түрін кезіктіресіз. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар.
  • Талғат Омар, атбегі:
    - Ер тоқымның өзін табиғатқа байланысты жасаған. Мысалы үшін айтайық, оңтүстікте машинаның үстін алып тастайды, ал солтүстікте оны жабу керек қой. Ал үзеңгіге келетін болсақ, темір үзеңгілерді қыстыгүні солтүстік жақтарда қолданбайды. Өйткені темір ызғар тартады. Оны ағаштардан жасайды. Жаздыгүні темір үзеңгілер салады. Оны бір рулық немесе тайпалық дүниеге апарған. Ол қате.

Қазақ төрт түліктің ішінен тек жылқыны ғана жеті қазынаға жатқызған. Себебі жылқы – қазақтың жаны, қазақтың қаны.
Шын мәнінде ұлт тарихы мен ұлттың болашағы халқымыздың қара шаңырағы саналатын ауылдан бастау алатыны белгілі. Ауылдарда осынау салтымыз бен дәстүрлеріміздің салтанат құруы ұлттың болашағына да тікелей әсер етеді. Ал бүгінде ауылдық жерлерде рухымызды қайта түлетіп жатқан ұлттық іс-шараларға жиі-жиі куә болып келеміз. Бұл – барлық өңірлерде іске асырылып отыр, оның ұлттық сипатқа ие болып отырғаны көңіл қуантады.
Тәуелсіздік біздің елге көптеген игіліктерді берді. Бір сөзбен айтқанда, төл тәуелсіздіктің рухындағы осы жылдар аралығында «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанды». Тарихымыз қайта түлеп, елдігімізді әлемге жаңаша қырынан танытуға мол мүмкіндік алдық. Болмысынан ажырамаған халықтың ғана келешегі бар. Бүгінгі таңда елімізде ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Ат спорты, ат ойындары десе, әсіресе, бәйге, көкпар дегенде қаны қызып, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар?! Ауыл-ауылдарда ата-баба рухын ұлықтаған жиындар көбейіп келеді. Бұл – біздің елдігіміз бен ұлттық ерлігіміз саналады.

А.Мұқарам