Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және қоршаған орта

Ауылшаруашылығы жұмыстарына мемлекет қолдауы мен ғалымдардың ақыл-кеңесі тың серпін берді

  • Ауылшаруашылығы жұмыстарына мемлекет қолдауы мен ғалымдардың ақыл-кеңесі тың серпін берді

    Ауылшаруашылығы жұмыстарына мемлекет қолдауы мен ғалымдардың ақыл-кеңесі тың серпін берді

Дүние аты жаман індеттің құрсауына түсіп оқшауланып жатқандықтан, күллі әлемнің күретамырындай болған экономикалық байланыстарға да шектеу қойылды. Әлем елдері сияқты біздің елде де көптеген салалардың даму қарқыны бәсендеп қалды. Шекарасын шегендеп алған мемлекеттер індетпен жеке күресіп, халқының денсаулығын сақтаумен қатар экономикасын да осы дүрбелеңнен аман алып шығудың жолын ойлап, алуан түрлі қадамдарға барып жатыр. Бұл қиын-қыстау кезеңнен елді тарықтырмай алып шығудың жолы ауылшаруашылығын дамытып, жеңіл өнеркәсіпті жандандыру екеніне және оны дамыту үшін ғылымның маңыздылығына әлем халқының көзі жетті. Өйткені шеттен келетін азық-түлік шектеліп қалған алмағайып кезеңде, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алатындай жолды іздестіру керек екені белгілі. Сондықтан көктемгі уақытты дұрыс жоспарлап, қапыда қалмай, жылдам қимылдау керектегі анық. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан айтулы істер баршылық. 

Мемлекет басшысы егілген егіндіктің ауқымына ғана емес, сапасына да ерекше мән беру керектігін мәлімдеген болатын. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерден нақты ақпараттарды ала отырып, шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жағына да көңіл бөлуде. Ал кәсіп пен ғылым ұштасқанда ғана жақсы нәтиже қол жеткізуге болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан ауылшаруашылығы ғалымдары да төтенше жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осындай қиын-қыстау кезеңде шаруаларға ақыл-кеңестерін беруде. Осы мақсатта онлайн конференциялар өткізіп, шаруалармен тікелей жиын өткізу қолға алынған. Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығының ғалымдары шаруаларға әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарын пайдалана отырып жаңалықтарымен бөлісіп, ғылыми тәжірибеден өткен өнімдерін ұсынуда. Онда егістік және өсімдік, күріш, дәнді дақылдар, жеміс-жидек, мақта шаруашылығы және мал шаруашылығы жөнінде шаруаларға маңызды кеңестер айтылады. Ғалымдардың пікіріне сүйеніп жұмыс істеу, қазіргі уақыт талабы. Өйткені бұрын кейбір тұқымдық түрлері сырттан әкелінген болатын. Ал, өз кезегінде оның зиянды жақтарын бағамдай алмай, кейбір отандық емес бидай сорттары жерсініп, өнім бергенше уақыттан ұтылған кездеріміз де бар. Соның кесірінен егіннің пісіп-жетілуін күткен диқандар күздің қара суығына ұрынып, жұмысын тоқтатып, тіпті қар астында қалған өнім жиналмай қалатын жағдайлар кездескен екен.

Осындай олқылықтың орынын толтыру мақсатында мемлекетіміз ауылшаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстардың дамуына жағдай жасауда. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жұмыс жасайтын өндірістердің, шаруашылықтардың саны біртіндеп артып келеді. Өйткені ғылым-білімсіз өркендеуге бет бұра алмайтынымыз анық. Төтенше жағдайдың туындағанына қарамастан ғылыми-зерттеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Кейбір мамандар қалыптасқан барлық ережені қатаң сақтап, егілетін тұқымдардың сұрыптарын дайындауды жалғастыру үстінде.

Бүгінде ғалымдардың онлайн-кеңесіне жүгініп, олардың көрсеткен жолдарымен әрекет етуге ұмытылған шаруалар көптеп саналады. Ғалымдар өздерінің жұмыстарын таныстырып, кәсіпкерлер мазалаған сұрақтарын мамандарға жолдап, маңызды ақпараттар алады. Осы тұрғыда онлайн-кеңестің тиімділігі артып келеді. Кәсіби мамандардың пікірі әрдайым құнды, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын таба бермек.

Жер емген шаруа еңбегі жанып, табан ет, маңдай терімен еккен егіні бітік шығуы үшін ғылыми жаңалықтарға құлақ түруде. Қазіргі таңда әр адам еткен еңбегінің өтеуі қалай боларын алдымен есептейтіні сөзсіз. Сондықтан ғалымдардың зертханаларда көзмайын таусып жылдар бойғы ізденісінің арқасында жеткен жетістіктерін шаруаларға ұсынуы, ауылшаруашылығына тың серпін берері анық. Ауыл еңбеккерлеріне сол өңірдің топырағына жерсіндірілген, ауа-райына бейімделген, мол өнім беретін тұқымдықтар таныстырылып, ұсынылуда. Тұқымды егіп, оны суғару, баптау, жерді қопсытып, тыңайтықыштарды дәл мезгілінде сеуіп отыру тәжірибесі ғылыми жолмен анықталып, шаруашылықтарда сыналғаннан кейін ғана өндіріске жіберіледі. Сол өңірдің топырағына, жер қыртысына, суғару технологиясы мен жауын-шашын мөлшеріне есептеліп жасалынған сорттардың өнімділігі әлдеқайда жоғары болатынын, ғалымдар үнемі насихаттап келеді. Ал, осындай қыруар еңбекпен келген ғылыми жетістіктерді өндіріске еңгізіп, оның барлық тәртібін сақтай отырып жасауды, маман кеңесінсіз жасау мүмкін емес. 

Диқандарға ең алдымен жерге себілер тұқымды дұрыс таңдау керектігі, ғалымдар тарапынан баса айтылуда. Өйткені дұрыс сұрыпталған тұқымнан ғана нәтижелі өнім алынатыны, ол өнімнің сапалы болатынын ұмытпаған жөн дейді мамандар. 

Жалпы қазіргі төтенше жағдай, уақыт үнемдеп қашықтан жұмыс істеудің тиімділігін түбегейлі дәлелдеп берді деуге болады. Бұрындары қаншама уақыт кетіріп, арнайы залдарға жиналып өтетін басқосуларға бір мезетте үйде отырып-ақ қол жеткізуге болатынын түсіндік. Ол біріншіден уақыт пен қаржыны үнемдеуді, екіншіден ғалымдардың кеңестеріне қолжетімділікті арттыра түсті. Бүгінгі таңдағы заманауи технологиялар кез келген қиындықтан шығудың жолын іздеп, кедергінінің өзін тиімділікке ұлсатыруға болатын мүмкіндік беріп отыр. Осындай мүмкіндіктер жұмыстың тиімділігін одан сайын арттыратыны сөзсіз. Ел үкіметі де осы бағыттағы жұмыстарға көп көңіл бөліп, цифрландыру саласын жетілдіре түсуге күш салуда. Осы қарқынмен жұмыс істеп, жасалатын іс-шара дұрыс үйлестірілсе оң нәтижеге кол жеткізуге, карантин тәртібінің кедергі келтірмейтіні екені анық. 

Диқандар қара жердің құйқасы қопарылып, дән себілген сәттен бастап, күздің қара суығына дейін тыным таппайды. Жаңа ғана қылтиған көк өскінді түрлі зиянкестерден қорғап, арамшөптерден дер кезінде арылтып отыру, жауын-шашын ылғалының тиімділігін де арттыра түседі. Мамандар арамшөптерді қадағалап отыру қағидалары, сол жердегі ауа-райы мен топырақтың көктемдегі жағдайына тікелей қатысты екенін алға тартады. Арамшөптерді отауда жұмыс құралдарын қалыптасқан жағдайға қарай пайдалану керек. Абайламаса қолданған құралдың кейбіреуі топырақтың жоғары қабаты құрғап тұрған кезде тозаңдануға кері әсер етуі мүмкін екен. Арамшөптердің өзі сантүрлі болып келетіндіктен онымен күресуде дәлелденген ғылыми негізге сүйеніп, көрсетілген нұсқаулықтарына мән берген жөн. Өйткені олар біріне жақсы әсер еткенмен, басқа түрін жоюға күші жете қоймауы мүмкін. Сонымен қатар, қолданатын мезгілдері де әртүрлі болады. Уақытында жасалмаған жұмысты, еш кеткен еңбек деп есептеу керек. Тіпті дер кезінде, уақыты келгенде қолданылмаған дәрілік заттар өсімдіктің өсуін тежеуі де мүмкін. Міне, қарап тұрсаңыз әр саланың өз қиындығы мен ерекшелігі барына тағы бір көз жеткізесіз. Қарапайым халық дайын өнімді тұтынып отырып, оның қандай ауыр еңбекпен келгеніне мән бере бермеуі мүмкін. Сондықтан әр түйір дән, бір үзім нан адамзат баласы үшін қашан да қадірлі. 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономикаға серпін беру мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасына байланысты ауылшаруашылығы саласын қаржы жағынан қолдау қоры осындай қиын кезде кәсіпкерлердің несиесін жеңілдету үшін біраз іс-шаралар жасағанын осы ретте айта кеткен жөн болар.

Шаруалар өз төлемдерін кейінге шегерту үшін қарыз берген қорға қаржылық жағдайының әлсірегенін анықтайтын құжаттармен қатар өтініш жазып, оны уақыт ұттырмай электрондық почтамен және мессенджермен жолдауына болады. Түскен өтініштерді қор қызметкерлері тексеріп, белгіленген тәртіппен жауап қайтарады. Ауылшаруашылығын қаржылық жағынан қолдау қорының мамандары таратқан мәліметке көз жүгіртсек қазіргі уақытта мыңнан астам кәсіпкерден өтініш түсіп үлгеріпті. Оның жартысынан көбі қабылданып, екі жүз қырық миллион теңге көлеміндегі қаржы мақұлданған. Ал қалған өтінімдер де кезегімен қаралу үстінде екен. Аталмыш қор кәсіпкерлерге қолдау білдіру үшін несиелеу жұмыстарын ары қарай жалғастыра бермек.

Мемлекет пен ғалымдардың қолдауын сезінген ауылшаруашылығы мамандары да төтенше жағдайға қарамастан көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымын Ауыл шаруашылығы министрлігі жіті қадағалап, қажеттіліктерін дер кезінде жеткізіп беріп, барлық жағдайды оңтайландыруға күш салуда. Сол үшін егін егу науқанындағы техникалардың тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету мақсатында және тұқымдықтардың, тыңайтқыштардың, химиялық керек-жарақтардың, жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектердің дер кезінде жеткізіліп тұруына баса мән беріліп облыстарда арнайы жоспарлар жасалды. Карантиндік ауылдардағы бекеттерде егін науқанымен жүрген көліктердің бөгеліп қалмауы қатты қадағалануда. Егіндік алқаптарында жұмыс істеп жатқан мамандардың жүріп-тұруына барлық жағдай қарастырылған. Осындай қарқынды жұмыстың нәтижесі де ауқымды боларына халықтың сенімі зор. Өйткені бірлік бар жерде кез келген жағдайда жеңіске қол жеткізуге болады.

 

Нұрлы Еділов

 




Көрілген: 429    Пікірлер: 0

жұма, 17.04.2020, 22:18

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 02:30
    Судың сұрауы бар!
    10 Желтоқсан 2019
    Ақмоладан ақ тілек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31