Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Көктемгі жұмыстардан дала төсі дүбірге толды

24 сәуір 2020, 20:36

Ауылшаруашылығы адамзат үшін ешуақытта маңызын жойған емес. Сондықтан елімізде ауылшаруашылығын заман ағымына сай ілгері бастыру үшін түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Нақты айтар болсақ Елбасы өз жолдауларында бұл салаға тың серпін беру керектігін үнемі алға тартып, әлем бойынша ауылшаруашылығы өнімдеріне сұраныс өсіп отырған уақытта жаһандық азық-түлік нарығының көшбасшысы болуға ұмтылу керектігіне баса назар аударылып отырды. Егістік алқаптарын ұлғайтып, жаңа технологияларды қолдану арқылы сапалы, мол өнім алуға күш салып, мал шаруашылығын өркендетуге назар аударылды. Елбасы өзінің кезекті жолдауында экологиялық таза өнімдер алуға күш салып, бәсекеге қабілетті болатын брендтер жасауға талпынып, соның нәтижесінде бұл салада жаһандық ойыншыға айналу керектігімізді міндет қылып қойған болатын. Сонымен қатар, жер өңдеу тәсілін дамытып, ғылыми-технологиялық жетістіктерді пайдалана отырып, мал шаруашылығында қалыптасқан дәстүрлерімізді жетілдіруді мақсат тұтқан. Ауқымды экспорттық нарықты игеру жолында қандай азық-түлік өндірісін өркендету керегін айқындап, соған күш салуға баса назар аударылған. Міне осындай қарқынды, жүйелі жұмыстардың арқасында ауылшаруашылығы елімізде ретімен дамып отырды. Көптеген бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген қаржы орнымен игеріліп ауыл тұрғындары мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналасуға кірісті. Ауылда дүниеге келіп, жердің жай-күйін білетін, шаруашылыққа қыры бар азаматтар уақыт көшінен қалып қоймай, кәсіппен айналысуы еліміз үшін де жеке адамдар үшінде өте маңызды мәселе екені анық. Өйткені халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында сапалы, экологиялық жағынан таза өнімдерге сұраныс ешуақытта маңызын жоймайтыны анық. 

Ал бүгінгідей алмағайып кезеңде ауылшаруашылығының маңызы мен қажеттілігі тіптен арта түсті. Төтенше жағдайдан тарықпай шығудың төте жолы ауылшаруашылығын дамытқан үстіне дамыта түсу екеніне әлемнің көзі жетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығына көңіл бөлуді бұрынғыдан да арттырып, қиын уақытта шаруашылықтардың тоқталмай жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалу керек екеніне баса мән берді. Соның арқасында қазір қазақ даласында егін егу науқаны қызу жүріп, дала дүбірге толды. Мал төлдеп, егін егіліп, ауыл еңбеккерлері қарбалас тіршілікпен айналысып жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық өңірлер жіті бақыланып, шаруаларға қажетті тұқымдықтар, тыңайтқыштар, зиянкестерге қарсы қолданылатын химиялық дәрі-дәрмектер, жанар-жағар май, техника бөлшектері жеткізіліп, осындай қажеттіліктерді қамтамасыз ететін жүк көліктері карантин бекеттерінен кедергісіз өтуге жағдай жасалды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлының айтуына қарағанда биыл ауылшаруашылығы дақылдарын егу жиырма екі мллион гектардан астам алқапты қамтымақ. Бұл былтырғы жылғы көлемнен екі жүз отыз сегіз мың гектарға көп. Сәуір айының сегізіндегі мәлімет бойынша бір мың бір жүз қырық екі мың тонна дәнді дақылдың тұқымдығы тексеруге түсіп оның 89 пайызы тексеріліп үлгерген. Ең алдымен астық өнімін көп алу үшін тыңайтқыштың маңызы зор. Қазіргі жағдайда облыстардың жергілікті бюджетінде төрт жүз сексен мың тоннадай тыңайтқышты сатып алатын мүмкіндік бар. Ал, республика бюджетінен 2,8 млрд теңге арнайы бөлініп, оған елу төрт мың тонна тоннадай тыңайтқыш сатып алу жоспарланған. Осы жылы тыңайтқышқа бөлінетін қаржыны көбейту көзделген.

Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты облыстардың барлық мүмкіндіктері сараланып, нақты жұмыстар іске асырылып жатыр. Егіс алқаптарында, жайлымдарда істелініп жатқан ауқымды жұмыстарды айтпағанның өзінде, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін жасалынған жобалар қаншама? Осы ретте былтыр Жамбыл облысында қолға алынған тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаны айта кеткен жөн болар. Бұл пилоттық жоба қазіргі қиын жағдайда да нәтижелі жұмыс істеуін жалғастыруда. Игі жоба арқылы жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығын дамытып, үйінің жанындағы жерлерін жыртып, түрлі өсімдіктер мен дақылдарды егіп мол өнім алуды көздеген ауыл тұрғындары көктемгі жұмысқа биыл да білек сыбана кірісіп кеткен.

Нақты дерек ретінде бірнеше ауылдағы қызу еңбекті мысал ретінде келтіріп өтсек. Атап айтқанда Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылында 1176 аула бар болса, үйдің айналасындағы жерді пайдалану үшін соның 1117 ауласы іске кіріскен. Қазіргі уақытта бұл ауыл тұрғындарының иелегіндегі 155 гектар жер жыртылып, 747 ауланың 20 гектарына пияз, 7 гектарына картоп, 6 гектарына жүгері, 1,15 гектарына сарымсақ егіліпті. Сонымен қатар ауылдағы жалпы құны 16,8 миллион теңге болатын, көлемі 17,6 соттық жерді қамтыған екі жылыжайдың құрылысы жүріп жатыр. Осы ауылдың Саят Ғарифуллаев есімді тұрғыны үйінің жанындағы алты сотық жерге картоп дақылын егіп, оны израильдік ұзақ мерзімді ирригациялық суландыру жүйесі арқылы суғарып, заманауи технология қолдану арқылы мол өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл қазір ауыл тұрғындары жетілген технологияларды қолға ала бастағанының бір көрінісі ғана. Осындай ізденістердің арқасында ауыл халқының біліктілігі артып, болашақта кәсіптерін жетілдіре түседі деген пікірімізді нақтылай түседі. Ауылдың айналасындағы егістікке қолайлы жерлерді тиімді пайдалану үшін жоспар жасалып, биыл 1335 гектарға тарта алқап жыртылып, 1067 гектарға дәнді масақты дақылдар мен көпжылдық шөп егіліпті. Сондай-ақ, ата-бабамыздан қалған кәсіп мал шаруашылығы бұрынғыдан да даму үстінде. Тұрғындардың көпшілігі несиеге алған қаржысына мал сатып алып, ауыл сыртындағы өрісті төрт түлікке толтыруды көздеп отыр. Үй жанындағы және ауылдың айналасындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін, ауылдық аймақта «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 13,3 миллион теңге көлеміндегі қаржы аударылған. Сонымен қатар жобаның төртінші бағыты бойынша 100,7 миллион теңгеге жиырма екі дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникаларын алынған. Осы жобаның бесінші бағыты бойынша ауылдың тағы бір тұрғыны кондитерлік цех ашу үшін өз жобасын ұсынып оған 1,9 миллион теңгеге қаржыландырылған.

Бұл пилоттық жоба енгізілген ауылдардың тағы бірі ретінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Түймекент ауылын да атап өткен жөн болар. Түймекент ауылында бір мың екі жүз аула бар болса, оның бір мың бір жүз қырық ауласы үй жанындағы жерлерді тиімді пайдалануға кірісіп кеткен. Атап айтақанда 132,7 гектар жерге егіс егуді жоспарлаған. Қазіргі уақытта 800 аула 30 гектарға қияр, 27,2 гектарға қызанақ дақылдарын отырғызып үлгерген. Сондай-ақ, жобаның бірінші бағыты бойынша ауылдық округте жалпы құны 2,1 миллон теңгені құрайтын 1,6 соттық жерді қамтыған бір жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Пилоттық жобаның екінші бағыты мал шаруашылығын дамыту саласы бойынша мал өсіру жағы да ойдағыдай дамып келеді. Осы бағыт бойынша 598,7 миллон теңге көлеміндегі қаржы 5344 бас мал сатып алу үшін өтініш білдірген тұрғындарға берілген. Сондықтан бұл бағытағы жұмыстар да тиімді түрде жалғасын тауып жатыр. Ал ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша үш жүз отыз гектар жерге дәнді дақылдар мен көпжылдық шөп егілген. Ол үшін 7886,3 мың теңге қаржы бөлініп, игерілген. Сонымен қатар «Түймекент - 2019» атты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған болатын. Кооператив құру бұл жобаның төртінші бағыты бойынша іске асқан. Құрлыған кооперативке он сегіз дана әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Қазір бұл техникалармен қыруар жұмыстар атқарылып, шаруалардың игілігіне жарап отыр. Ал, жобаның бесінші бағыты ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуға дем беру. Бұл бағытта қазір Түймекентте үш жобаны жүзеге асыру қарастырылып, жұмыстары жасалу үстінде. Бұған 10,8 миллион теңгеге көлеміндегі қаржы бөлінген.

Міне біз тиімді жоба бойынша бір-екі ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға ғана тоқталып өттік. Былтыр осы пилоттық жоба бойынша Жамбыл облысындағы аудандарға қарасты он бір ауыл қамтылған болатын. Бүгінгі таңда бұл жоба бойынша барлық ауылдық округте жұмыс қарқынды жүріп, нәтижелі түрде атқарылуда. Осындай игі істердің ілгері басқанын көргенде «гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген тіркес еріксіз ойға оралады.

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және басқа да жауапты мекемелерге биылғы егістік науқаны мен ауылшаруашылық жұмыстарын сапалы жүргізу жағын қатты қатағалауды тапсырған болатын. Сондықтан министрліктен бастап, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне дейін төтенше жағдайға қарамастан шаруалардың жұмысына тиімді жағдай жасауға бұрынғыдан да көп көңіл бөліп отыр. Облыс басшылары әр өңірдегі жағдайды жіті қадағалап, дайындығын, атқарылуын көзден таса қылмауда. Осындай бірлікпен атқарылған жүйелі істердің арқасында биыл да ауылшаруашылығы жұмыстары ойдағыдай атқарылып, мол өнім алынатынына сенім мол.

 

Нұрлы Еділов